ВЕРНУТЬСЯ

       Біз қала
шетіндегі қыратқа көтеріліп келеміз. Қаладағы 
ең әдемі  үйлер осы жаққа
салынған. Бұл жерден қарасаң, төмендегі қала құмырсқаның илеуі сияқтанып
құж-құж қайнап жатады. Қашан көрсең де, үстінен кілкіген газ бен түтін арылған
емес.

            - Қала
кірлеп кетті, ә, - деді жанымдағы мипаз жігіт.

            - Түтіннен
кеңсірігің ашиды, - дедім мен.

            Біз бір үш
қабатты үлкен үйдің қасынан өтіп бара жатқанбыз. Мәрмәр таспен шегенделген,
шыбын тайып жығылатындай жып-жылтыр.

            - Бұл бір
атақты ұрының үйі. Өзі түрмеге отырып шыққан, - деді серігім.

            - Білем
ғой, - дедім мен.

            Келесі
үйдің де сырты сиыр жалағандай жалтырап тұр. Қабырғасына жапсарлас салынған
биік мұнарасы бар. Төбесін  қынатүкті
қызыл қыштаспен жапқан.

            - Бұл -
осындағы  түрме бастығының үйі, - деді
серігім.

            - Білем
ғой, - дедім мен.

            Одан
кейінгі үйдің жұмыртқадай аппақтығы сонша, 
бірінші рет көрген адам қайран қалып, есін жия алмай селтиіп тұрып қалар
еді. Егер халықтың жағдайы жақсы болса, мұндай үйлермен мақтануымызға әбден
болады.

            - Бұл үйде
зейнетақы қорының бастығы тұрады, - деді серігім.

            - Білем
ғой, - дедім мен.

            Ал мынау
қорығы қызыл қыштан өріліп, қабырғасы ұлутаспен қапталып, төбесі күмбезделіп
жабылған төрт қабатты биік үйде қаламыздың бас молдасы тұрады.

            - Молда
мешітке баруды қойды, намазын осында оқиды, - деді серігім.

            - Білем
ғой, - дедім мен.

            Алдымыздан
оймақтай бір үйшік көрінді.  Бұл күтушіге
берілген уақытша баспана. Үйшіктің оң жақ жапсарында сырғымалы көк қақпа бар.
Көк қақпадан ішке өтсеңіз, гүлді-гүлді құмтас төселген жол бар. Осы жолмен
қырық қадам жүрсеңіз, дәл маңдай алдыңызда көк тіреген бір зәулім үй бар. Бұл
зәулім үйдің қып-қызыл есігі, қоп-қоңыр терезесі, көкпеңбек шатыры бар.

            - Бұл үйде
бас салықшы тұрады, - деді серігім.

            - Білем
ғой, - дедім мен.

            - Қала
кірлеп кетті, ә, - деді серігім тағы да төменгі жаққа еріне мойын бұрып.

            - Қала
кірлеп кетті дегенше, қара халық кірлеп кетті десеңші, - дедім мен.

            - Өй, сен
өзі қалай-қалай сөйлейсің өзі? - деді серігім.

            - Ал
екеуміз тезек домалатып келе жатқан қоңызға ұқсаймыз, - дедім мен.

            - Е, онда
дұрыс екен. Қоңыздікі таза еңбек қой, - деді серігім.

Мен күліп жібердім. Байқайсыз ба, біз осы
қайраткер-саясаткеріміз түгел, шынында да, сиырдың жаппасын домалатып жүрген
қоңызға ұқсап келеміз. Сөйте тұра: «Былғанса анау былғанған шығар, біз
былғанғамыз жоқ, жанымыз кірлеген жоқ, мұнтаздай тап-тазамыз», - дейміз.

Апыр-ай, тезек домалатқан қоңыз қайдан таза болушы еді.