ВЕРНУТЬСЯ

     Жолай салып алып, жолай қалдырып кетем деген сары қыз...
жолақысын алмай қойғанымда:

- Арам ойыңыз бар, ә, - деп қолсөмкесінен әмиянымен бірге
суырып алып, аузына салған темекісін бұрқ еткізді.

 Қабағы домбығыңқы,
көзі томпақтау, жүзі сәл сопақша келген сары қыз еш алыс-берісі жоқ болса да,
адамға өз-өзінен жек көре, суық қарайды екен. Бірақ, бөлжіреп пісіп, жарылайын
деп тұрған сары қауындай сопайған түрінде көз тоқтатып, зерлеп қарауға
мәжбүрлейтін өзгеше бір сүйкімділік бар. Әлде менен кемі жиырма-жиырма бес жас
кіші болған соң солай көрінді ме екен деп те ойлап үлгердім соның арасынша.
Төпеп жауған жаңбыр тамшыларын сүрткісі келгендей, ұзынша сүйрік саусақтарымен
терезені іш жағынан сипап-сипап қойды. Бойы аласалау сияқты көрініп еді, ұзынша
саусақтарына таңғалып қарай беріп, омырауының да ерекше бұлтиып шығып тұрғанын
байқап қалдым.

- Еркектердің бәрі ұятсыз, - деді ол күйкентай құсап шақ
етіп, себепсізден-себепсіз ызбарлана қалып.

- Мен сізге ашуланатындай ештеңе дегем жоқ қой, - дедім әлгі
сөзі оғаш естілсе де, құлағыма жаға кеткендей емексіп.

- Кім білсін?!.. - деп кекете күлді ол, өзіне нық сенімді
адамның басқаны менсінбегендегі кекесін күлкісімен. - Жолақы алмасаңыз бай
шығарсыз, ана сорлыға көмектесіңіз.

Арбаға таңылған мүгедек жігіттің қалың жаңбырдың астында
қасымыздан қараң етіп өте бергенін мен де көріп қалғам. Астындағы арбаның биік
дөңгелектерін қимылына көз ілеспей, тез-тез айналдырып, әлдеқайда асығып
барады. Қасынан зулап өте шыққан ақ "Жигули" былш еткізіп, үстіне лай су шашып
кетті. Мүгедек жігіт оған да қараған жоқ, арбасының дөңгелектерін жанұшыра
айналдырып, ұзай берді.

- Оңба-ға-н-н! - деді ол мүгедек жігітке су шашып кеткен
мәшиненің соңынан тесірейе қарап. - Күлсалғышыңыз қайда?

- Сыртқа тастай беріңіз.

- Мен көшені былғамайтын адаммын.

- Ә, онда, міне.

Мен кекете күліп, екі ортадағы күлсалғышты сыр еткізіп суыра
қойдым. Ол жартылай шегілген темекісін күлсалғыштың ішіне саусағын майыстыра
бір мыжып өшіріп, сырт еткізіп қайыра жаба салды. Тізесіндегі сөмкесін қолына
алып, суық жаңбырдан бойы тітіркенгендей иығын қушитып, ырғала бір сырғып,
мәшинеден тез түсіп кетті. Шыққан бетте-ақ жаңбырдың астында қалып, онысына еш
өкінбегенін білдіргісі келгендей, әлде қыр көрсеткендей ме, артына қайырыла
беріп, қолын бір бұлғап қойды. Мен де қолымның ұшын шошайтып, қоштасқан болып,
абдырап отырып қалдым.

Кеш батқанға әлі ерте болса да, айнала қарауытып, жаңбыр
үдей түскен еді.  Кенет, қалың жаңбырдың
арасынан әлгі таныс сұлба қараң ете қалып, қолымды кілттен еріксіз тартып
алдым. Жаңағы мүгедек жігіт қалақтай денесімен итің-итің етіп, төмен қарай қайыра
салып ұрып келеді екен. Байғұс біреуді іздеп жүрген болдыға жорып, жаңбыр
тамшылары сорғалай аққан терезеден үңіле қарап, көзбен ұзатып салдым. Қала
адамдарының мұндай көрініске еті өліп кеткен, ешкім елең қылған жоқ.   

Жаңбырға тасбұршақ араласып, мәшинемнің төбесін тоқырлатып
ұрғылай бастады. Құнжыңдап мәшинемді оталдыра бергенімде, аялдамадағы әлгі
шошайып-шошайып тұрған бес-алты адамға жан бітіп, мойындарын соза-соза қалысты.
Зарықтыра күткен көліктері келіп қалғандай, бір-біріне қарап, қолдарымен
әлденені нұсқап көрсете бастады. Қимылдары әнтек көрініп кетті де, жақтау
айнадан арт жағыма үңіліп мен де қарадым. Төпеп ұрған тасбұршақтың астында
мықшыңдаған жарым сұлба бұлдырай көрінді. Жоғары өткенде де, төмен өткенде де
мән бермеген адамдар енді ғана күдік алғандай елеңдесіп тұр. "Мұнысы несі?" -
деп, мүгедек жігіттің оғаш қылығынан мен де тіксініп қалдым.

 Дәтім шыдамай,
әуестік те бар, терезе әйнегін түсіріп жіберіп, сыртқа мойын создым. Суық
жаңбыр сабалай жөнеліп, сұп-суық тамшылар мойнымнан төмен қарай сорғалап
құйылып кетті. Басымды ішке тартып ала алмай қалдым, арбасын шиқылдатып
қатарласа берген мүгедек жігіт еріксіз кідіртті. Басы жұдырықтай, көзі
алақандай, қалақтай ғана жұқалтаң қара жігіт екен. Шеке тамыры білеуленіп,
мойын сіңірі адырайып, өңі түтіге қарауытып, қан-сөлін ішіне тартып алған.
Қалқайған құлағы мен қасқиған маңдайына тиген тасбұршақ көзге көрініп-ақ
ыршып-ыршып түсіп жатыр. Кенет көзіне көзім түсіп кетіп еді, қызара қанталаған
жанары жалбарынышқа толып, көмек сұрағандай ұмсына бір қарап, жалт берді.

- Әй!.. Әй, жігіт, тоқта! - деп дауыстадым.

Шолтаңдаған тізесінің тұсындағы өндіршектей сорайған
тежегішті шірене тартты. Жаңбыр суы шайған жылтыр асфальтты сыза тоқтады. Мені
желкесімен көріп отырғандай, қимылсыз қата қалды. Үсті-басынан жаңбыр суы
шүмектеп сорғалап тұр. Екі жауырыны болмашы діріл қағады. Етімен ет боп
жабысқан жейдесі қабырғаларын ырсита түскендей. Қыр арқасы пышақтың қырындай.
Мойны ырғайдай. Қылдай арық.

- Әй жігіт!.. Апарып тастайын ба?.. - дедім сенімсіз қылғына
дауыстап.

- Қайда?..

 Дауысы нық естілді.
Мен сасып қалдым. Сұрағын бар күшін салып, әдейі анық айтқандай. Әйтпесе, екі
жауырыны әлі дірілдеп тұр. Аяп, мүсіркегенді ұнатпайтын шығар, сыр бермеген
түрі. Қарсы сұрақ қойып тұрғанын қара. Бекер-ақ ілініскендеймін. Енді кеш.

- Қайда барасыз деймін?.. Апарып тастайын...

- Рахмет... Мен ешқайда бармаймын...

 Тасбұршақ құлағымның
ұшын тыз-тыз еткізді. Шертпек алғандай шекемнен де тырс-тырс ұрады.
Қойын-қонышымды түгел су аралап кетті. Мүгедек жігіт селт етер емес. Жаңбырдың
астында мелшиіп отырған мына отырысына енді мен кінәлі сияқтымын.
Аялдамадағылар да бізге таңырқай қарап тұр. Екі ортада не істерімді білмей,
қыжалат болдым да қалдым.

- Әй, былай шетке шығып тұр. Мәшине қағып кетеді, - дедім
жыным келіп.

 Жалт бұрылып, алайып
қарады. Шынында да, мені кінәлағандай түрі бар. Барлық жеккөрінішін маған
қарата, кірпік қақпай, сүлікше қадалды.

- Ал, бас!.. Жүргіз мәшинеңді! - деді қалш-қалш етіп. - Мен
бағанадан бері өле алмай жүрмін ғой, көрмей отырмысың?!. Мәшиненің астына түсе
алмай жүрмін!.. Мына ит өмірмен қоштаса алмай жүрмін мен!..

 Ол тізесі шолтаңдап,
өзін-өзі жұлқылай бастады. Арбасын аударып тастағысы келіп, оңға-солға теңселіп
аласұрды. Арбасының биік дөңгелектері жерден кезек-кезек көтеріліп, шайқалақтап
кетті. Есікті аша бергенімде, аялдамадағылар шу ете қалды. Арт жақтан қатты
келе жатқан мәшине дауысы естілген. Iле қиқ-шиқ етіп ысқырған дыбыс дәл
құлағымның түбінен шықты. Мүгедек жігіттің арбасын шыр айналдырып, қарсы қарап
тұра қалғанын ғана көріп үлгердім. Асфальтті ысқырта сызып, бұлталақтап келген әппақ
"Мерседес" мәшинемді қапталдай, шақыр еткізіп бір ұрып өтті. Бетімді қалқалап
бұға бергенде, қос доңғалақты арбаның аспанға шырқ айнала ұшып бара жатқанын
ғана көріп қалдым. Сол сәтте әлдене бар салмағымен төбемнен гүрс етіп құлап
түсті. Мәшинемнің төбесі ішке жапырыла майысып, алдыңғы терезенің күл-паршасы
шықты. Кескен томардай шолтиған жарым сұлба капоттың үстінен ақырын сырғып
барып, жерге былш ете қалды.

Екі аяғым екі пұт тас байлап қойғандай зіл батпан. Орнымнан
қозғала алмай, соқыр адам құсап түртінектей бердім. Қайдан жиналғаны белгісіз,
әйтеуір қараң-құраң еткен адамдар дем арасында көбейіп кетті. Төбенің майысқан
жерінен жаңбыр суы ішке сырқырап құйылып жатыр. Сынған терезенің жақтауынан
қызғылт тамшылар сорғалап тұр. Кенет көпшіліктің арасынан үстінде қызғылт
халаты бар сары қыз көзіме оттай басылды. Бір көзі менде, бір көзі жерде жатқан
мүгедек жігітте, өңі қашып состиып қарап қалыпты. Оның осы тұрысынан-ақ мүгедек
жігітке енді ешқандай көмектің керегі жоқтығын, байғұстың тілеген тілеуіне
жетіп, өліп қалғанын айтқызбай түсіндім. Орнымнан ақырын қозғала беріп, кінәлі
адамдай сары қызға көзімнің астымен ұрлана бір қарап қойдым. "Енді не істер
екен?" дегендей, елден ерек бар назарын маған аударып, қадала қалыпты -
"Оңба-ға-ан-н!"

Сәл саябырсып, сіркіреген жаңбыр болмаса, өмір бір сәт қалт
тоқтап қалғандай еді. Тыныштықты есіктің сықыр еткен дыбысы бұзды. Ақырын
итерген есік әлдебір жұмсақ  затқа барып
тірелді. Оның не зат екенін көрмей-ақ біліп, ішім мұздап кетті. Жартылай
ашылған есіктен суырылып сыртқа шықтым. Тәуір киінген, толықтау келген, түрі
сұстылау, нығыз қара сұр жігіт:

- Мұны танитын біреу бар ма? Мен кіммен сөйлесуім керек? -
деді көзін алартып.

- Бұл бейбақтың ешкімі жоқ... Сұрауы жоқ... - деді топ
арасынан әлдекім қыжырта сөйлеп. - Сенің бақытыңа қарай...

Жұрт қалай тез жиналса, солай тез тарай бастады. Қара
"Мерседестің" иесі де сөйлесетін адам таппай, қолын ызалана бір сілтеді. Анадай
жерде жолға көлденең тұрып қалған мәшинесіне кіріп кетіп, қайтып шықпай қойды.
Ақыры сіркіреген жаңбырдың астында біз үшеуміз-ақ қалдық - жаңа ғана жантәсілім
еткен мүгедек жігіт, өлікті тастап кетуге дәті шыдамаған сары қыз және мен.

- Терезеден бәрін көріп тұрдым, - деді сары қыз қатайып, -
сіз неғып кетпей тұрдыңыз?

- Үйдегілермен ренжісіп кетіп ем. Мына қырсықты қарашы, -
дедім қынжылып.

- Ә, солай ма? Оныңыз бекер болған.

 Сары қыз сәл жұмсарып,
езуіне мысқыл үйірді.  Осы сәтте көшенің
басынан ию-қию дауыс естіліп, тұмсығы мен төбесі жарқ-жұрқ еткен жеделжәрдем
мәшинесі де көрінді. Бір тал, екі тал тырс еткен тамшысы болмаса, жаңбыр да
тоқтаған. Сары қыз суы сорғыған халатының етегін бір бұрап сығып, сілкіп
тастады.

- Мүмкін болса тағы жолығармыз, - дедім мен.

- Өмір ғой, жолықсақ жолығармыз, -  деді сары қыз.

 

 *   *    *

Қала адамдары түнді жақсы көреді. Күндіз шаруаның біткенінен
сенделіп жүргенің көп. Ал түнде, ең бастысы, күндізгідей ию-қию шуыл жоқ.
Адамдар айғайлап сөйлеспейді, дауыстар, күлкілер құмығып естіледі. От айналып
ұшқан жынды көбелектей түнгі жарықтарға да көңілің елтіп тұрады. Әсіресе, ауа
тазарып, қоңырсалқын леп есіп тұратыны керемет.

Осындай мақпал түндерде бір уақ көшеге шығып, сейіл құрып
қайтпасаң, өзіңді-өзің жек көріп кетуің әбден мүмкін. Өйткені біздің
тұрмысымыздың қиындығын, тірлігіміздің ластығын, өміріміздің өңкей бір
көңілсіздігін айтып тауыса алмайсың. Қала адамдары үшін күндізгі өмір мен түнгі
өмірдің осындай көп, кө-өп айырмашылықтары бар.

Біз, әлгі сары қыз екеуміз де, міне, ішіп отырған
шарабымыздың таусылып қалғанын, енді тағы бір шөлмегін сатып алуымыз керек екенін
сылтауратып көшеге шықтық. Шыққан бетте-ақ өмір әлгі айтқан ауыртпалықтарының
бәрін түн қараңғылығына жасырып, көңілді бір қалпымен көз алдымызға тосыла
қалды. Түнге қарай жеңіл-желпі еркіндеу киініп, көше бойлап қыдырыстап жүрген
үлкендерге, жаздық алаңқайлардағы саңырауқұлақтай қаптаған дөңгелек шатырлардың
астында сусын ішіп, демалып отырған жастарға қарап:

- Жұрттың бәрі көшеге шығып кеткен бе? - дедім күңк етіп.

- Бұлардың бәрі өздеріне-өздері мейрам жасап жүргендер ғой.

Оның жұмбақтау жауабына таңырқап, бетіне үңіле қарадым. Сары
қыз сыңқ етіп күліп жіберді. Жолай салып алып, жолай тастап кетем деген сары
қыз баяғы.

- Сенде түк уайым жоқ сияқты, - дедім тағы.

- Уайымдайтын не бар? - деді ол.

- Жай, әншейін. Өмірді кім қалай түсінеді дегендей.

- Сіз не, мені де адам деп әңгіме айтып келесіз бе?

- О не дегенің? Саған деген көңілім ақ... Әзірге...

- Соқпаңыз өтірікті.

- Шын айтам. Сені ақтап алғым келеді.

- Ақтап алатындай мен кісі өлтіріппін бе?

Ол мұны жәй сөз ретімен айта салды. Дауысында ешқандай зіл
жоқ. Қысқа көйлек киген оның бұлтық-бұлтық мүсініне ары-бері өткендердің бәрі
қарайды. Одан қымсынатын сары қыз емес, жігіттердің сұқтанып қарағанына,
аймалап құшқанына әбден еті үйреніп кеткен тәрізді.

- Темекі әперіңізші, - деді елеусіздеу етіп.

Көше бойына қаз-қатар орнатылған дүңгіршектерді жағалай
келіп, оңашалау тұрған бір кәуапхананың тұсынан шыққанбыз. Көз алдыңда шоққа
қақталып, майы шыжылдай тамшылап, қызылқоңырланып піскен кәуап тәбетіңді ашады.
Өзі қалалық болғанымен, ата-тегі таулық болып келетін жүндес кеуделілердің
пісірген кәуабы тіпті таңдайыңда ериді. Біз тоқтаған кәуапхананың иесі де
таулық екен. Ет қақтаған тірлігіне еңгезердей пошымы жарасып тұр. Кесек-кесек
ет шаншылған істіктерін тез-тез ауыстырады да, қолындағы темір таяқшасымен
көңілдене желпіп-желпіп қояды. Ол желпіген сайын сексеуілдің шоғы да жайнап,
қоздана түседі. Біз кәуап пен сыра сатып алдық.

- Темекіге ақша беріңізші, - деді сары қыз жаңағы өтінішін
ұмыт қалдырғаныма өкпелегендей бұртиып.

Мың теңгелік көк құлақты қолына ұстата бергенімде, бетімнен
шөп еткізіп сүйіп алды.

- Сендерде бәрі ақылы ғой, - дедім мен мырс етіп.

Ол көзінің отын жалт еткізді. Ақсары өңіне қызғылт рең
жүгірді. Жалт еткен ұшқыннан ашу білінді. Бірақ тез сөніп, жабырқап, көз
жанарының тереңіне мұң шөге қалды. Алатын темекісін алып, қайтып келіп қасыма
отырғаннан кейін де жүзінен мұң сейілген жоқ.

- Мен басымнан өткен жағдайымды айтсам, сіздің тамағыңыздан
ас өтпей қалады, - деді ол әлден уақытта күрсініп.

Бір түйір ет соның өзінен-ақ тамағымнан ары өтпей, кептеліп
тұрды да қалды. Қылғынып әрең жұттым.

- Ертектерің көп қой сендердің, - дедім өңімді суытып.

- Ертек емес, - деді ол бір нүктеге қадалып.

- Ох, сенің сүйген жігітің қандай керім еді! Ол да сені
өліп-өшіп сүйетін. Бір-біріңді көрмесеңдер, бір минөт те тұра алмайтынсыңдар.
Сендерден асқан бақытты ешкім жоқ болатын. Араларыңнан қара мысық жүгіріп өтті
де, бәрі бітті. Фильмнің соңы!

- Тәйірі, сол да қайғы болып па екен? Мен оны қайғы деп
есептемеймін. Сүйдің, табыстың, айрылыстың - ол естелік қана. Күнделіктің
аударылған бір парағындай, әлсін-әлсін ақтарып оқып қоясың. Әйтпесе, біреудің
орнын екінші біреу алмастыра алмайды деген мүлдем өтірік. Тек бар өкінетінің -
біреуді жоғалтқаның емес, өткен өміріңді, уақытыңды жоғалтқаның.

- Сен білмейсің бе, өмірде тым шыншыл болуға болмайтынын.
Сенің айтып отырған әңгімең қыз баланың әңгімесіне ұқсамайды. Сезімді өлтіруге
бола ма? Сендердің сезімталдықтарың қайда осы?

- Сезімтал, әсершіл болған соң ғой, осы жүріске тап
болғаным. Қыздардың әлсіздігін сіздер көп пайдаланып кетесіздер. Менің соған
ызам келеді.

- Қой, жылағалы отырмысың?

- Жоқ, жыламаймын...

Ол көзі балбұлдап барып, іле тез қатуланып алды. Бірақ, бұл
күйі де ұзаққа бармады. Күрсінді, мұңайды, ойланып қасын керді, содан соң демін
терең алып, тағы күрсінді.

Көпір үстіндегі дүңгіршектен тағы бір шөлмек шарап алып іштік.
Спирт қосып, қолдан жасаған шарап па, әйтеуір, ащылау көрінді. Буынымыз босап,
біраз қызыңқырап та қалған сияқтымыз. Түн ортасынан ауып, көшелер тынышталып,
қаланың қалың ұйқыға бас қойғанымен еш шаруамыз жоқ.

- Біз бәрібір жақсы адамдар емеспіз, - деймін мен
теңселіңкіреп.

- Жо-жоқ, сіздің өміріңіз бөлек қой, - дейді ол шарап
қызуымен алабұртып.

- Сен қызықсың, - деймін мен. - Екеуміздің не айырмамыз бар?
Екеуміз күнәға бірге баттық емес пе?

- Жоқ, күнәға бірдей батқанмен, еркекті ешкім сөкпейді. Сіз
жақсы азаматсыз. Бұл өмірден көретін қызығыңыз да көп әлі. Ал мен су түбіне
кетіп барамын. Сіз түсінесіз бе, мен күннен-күнге көрер қызығым таусылып, су
түбіне кетіп барамын.

- Сен не айтып кеттің, өзі?..

- Рас қой, бәрі де рас. Біз қазір керек адамдар мен керексіз
адамдар болып екіге бөлінеміз. Сенбесеңіз, мен қазір ана көпірден секіріп
кетейінші, ешкім де жыламайды. Өйткені маған ешкімнің ісі түсіп тұрған жоқ.
Егер мен жігіт болсам, бәрі де басқаша болар еді.

- Кім білсін, айтып тұрғаның рас та шығар. Мен сені олай
емес деп алдаусыратпай-ақ қояйын. "Өмірден өз орныңды іздемейсің бе?" десем де,
арзан ақыл айтқандай болар едім. Бірақ бүйтіп өзіңді өзің құрдымға тастап
жіберуге де болмайды ғой.

- Басқа менің қолымнан не келеді? Табиғат бізді әлсіз етіп
жаратқан. Біз әншейін... жемтікпіз!

Ол ащы мысқылмен мырс етіп күлді. Мен ештеңе дей алғамын
жоқ. Айтып келе жатқанының бәрі шын. Қазір адамдардың арасында бәсеке күшті.
Кейде біз ауызға іліккенді жұлып алып қалу үшін жанталасатын жыртқыш аңдарға да
ұқсап кетеміз. Тіпті, әйел мен еркек деген ұғым да жойылып бара жатқан сияқты.
Оның орнын әлді мен әлсіз деген ұғым басқан. Сондықтан да адамдарды ешқашан
бәсекелестіруге болмайды. Бәсекеге түсті бітті, олар адамдық қалпын жоғалтады.

Мен осының бәрін айтып түсіндіргім келген. Сөйтіп енді
оқтала бергенімде, ол ып-ыстық алақанымен аузымды баса қойды. Менің не
айтатыным оған белгілі. Өйткені ол мұның бәрін өз басынан өткерген. Ол бәрін
біледі, бәрін де түсінеді. Менен әлдеқайда терең түсінеді. Әйтпесе, көпірден
секіріп кетсем қайтеді деп айтпас еді.

Мен оның қолын қағып жібердім.

- Сен жаңа шындықты айттың.

Ол тіксініп бетіме қарады.

- Сіз қызып қалдыңыз-ау деймін.

Мен масаңдау қалпыммен ежірейіп, сұқ саусағымды шошайттым.

- Есіңде болсын, шындықты айта беруге болмайды. Тіпті,
аузыңа да алма. Өмір бір басқа, шындық бір басқа. Шындықтан қорқу керек.

- Ал менің өтірік айтып, жалған өмір сүргім келмесе ше?

- Сен не, шындықтан қорықпаймын деп тұрмысың?

- Қорықсаңыз сіз қорқыңыз, мен қорықпаймын!

Қараңғыда ай сәулесімен шағылысқандай отты көздерінен бір
ұшқын жалт ете қалды.

- Онда... Онда сен енді тоқтама. Ақыр ешкімге керегің жоқ
екен. Өтірік айтып, жалған өмір сүріп қайтесің?!. - дедім қатуланып.

- Неге?!. - Ол есін оқыс жинап алғандай болды. - Сіз!..
Сіз!.. Неге өйтіп айтасыз маған?!. Сіз!.. Сіз!.. 

- Тап солай!..

Сары қыз бетіме тесіле қарап тұрды да, бар күшімен кеудемнен
итеріп кеп жіберді. Мен шалқалап барып, бойымды әзер түзеп алдым. Ол менен
көзін ала беріп, көпір жаққа жалт қарады.

- Секірсем секіре салам!.. Маған бәрібір!.. - деді торсиған
ернін көгереңдей тістелеп.

Ол кенет көпірге қарай тұра жүгірді. Мен қапелімде табаным
жерге жабысып қалғандай, тұрған орнымнан қозғала алмай қалдым. Ол болса, аяғы
аяғына жұқпай, құстай ұшып барады. Сол беті тоқтамастан көпірдің биік темір
жақтауынан секіріп кететін түрі бар.

- Тоқта!.. Тұра тұр!.. Мені түсінбей қалдың!.. Тоқта
деймін!.. - деп жанұшыра айғайлап ұмтылған мен әлденеге шалынып, омақаса
құладым.

Қайтып орнымнан тұрып болғанша, ол көпірдің шетіне ілігіп те
қалып еді. Осы сәтте көпірдің үстіндегі жаңа біз шарап сатып алған дүңгіршектің
темір есігі қаңғырлай ашылып, іштен серейген бір жігіт шыға келді. Өзінен
жалтара қашқан Бикенді екі аттатпай қуып жетіп, білегінен шап берді де, белінен
орай құшақтай алып, жерден тік көтеріп әкетті. Мен тапырақтай жүгіріп жеткенде,
иығына тыпырлатып лақша өңгеріп алған қыздың екі жұдырығымен арқасынан төпелеп
ұрғанын маса шаққан құрлы көрмей:

- Олжа!.. Олжа менікі!.. - деп тістері ақсиып, ыржия күліп
тұрды.

- Қазір олжа үшін өмір сүретін уақыт!.. Олжа сенікі, ал!.. -
дедім мен әлі де өз-өзіме келе алмай қалш-қалш етіп.

- Жібер мені!.. Жіберіңдер!.. Өңкей малғұн!.. - деп долдана
айғайлады сары қыз.

- Малғұн дейді! Кім малғұн?!. Мен бе малғұн?!. Біз екеуміз
де малғұнбыз ба?!. Ха-ха-ха-ха!...

Ана жігіт одан сайын екілене қарқ-қарқ күлді. "Неғып мелшиіп
тұрсың?" дегендей, мені де шынтағымен түртіп жіберді. Жаңа ғана үрей мен ашудан
қалшылдап тұрған мен де қыздың көпірден секіріп кетпей, аман қалғанына
қуанғандай екі иығым селкілдеп, епетейсіз ықылықтап күле бастадым. Көмейімнен
жылаған мен күлгеннің арасындағы сүйкімсіз бір дауыс лекілдеп шығып, қызды
қайыра тартып алмақ болып, дәрменсіз жарбаң-жарбаң етемін. Ана жігіт те ұзын
қолын кеудеме тіреп, айнала қашып жүр.

- Олжа... Олжа менікі!..

 

* * *

Тылтиған лыпасы төсі мен мықынын ғана жапқан сереңдей ұзын
бойлы бойжеткен ақ сазандай жарқ етіп, бар денесімен айрап-жайрап, мәшине
жарығына тосыла қалған. Түн қараңғылығын сұққылаған жарық білектей бұрымын
алдына тастап, ұзын етек көйлегімен тәнін тобығына дейін жасыра құпиялап,
өп-өтірік қылымси қалған қара қызға қарай аунап түсті. Жанары мөлтеңдеген қара
қызға да көп бөгелмей, қараңғылық құшағын тімтіне аралап барып, жол шетіндегі
көк майсада иіріліп отырған бір топ қыздың үстіне сау етіп құйылды. Жартылай
жалаңаш тәндері ағараң-ағараң еткен қыздар бір-біріне ұйлығыса тығылысып, торға
түскен балықтардай шүпірлесе қалды.

Сол жақ бүйірі мен төбесінің майысқан жерлері түзетіліп,
қайта сырланған ақ "Жигули" жаңа мәшинедей жұтынып шыға келген. Мәшине астыма
тиген бетте өткендегі оқиғадан кейін көз жаздырып кеткен сары қызды іздеп
шыққан бетім болатын бұл. Айналамның бәрінен безіп, жалғызсырап жүргенде жан
сырымды түсінетін біреуді тауып, тас қараңғы түнекте медеу тұтар бір үміт
жібінің ұшынан ұстағандай едім. Енді оны да жоғалтып алып, арадағы аз күнді
көңілім байыз таппай, алағызумен өткізгем. Бағанадан бері көріп келе жатқан
қыздардың ішінен оны кездестірмегеніме әрі алаңдап, әрі қуанып та келе жатқан
сияқтымын. "Бұл көшеде емес, басқа бір жерде, басқа бір бұрышта кездессе екен"
деп тілеймін іштей.

Әркім-әркім мен іздеген сары қызға ұқсап кеткендей көрінеді
де, жүрегім ине сұғып алғандай шым-шым ете қалады. Сүйді дейтін сүйген де емес,
жүрді дейтін жүрген де емес, бұл неғылған ынтызарлық екенін өзім де
түсінбеймін. Оны мына жүрген ортасынан ажыратып алсам, ол ел қатарлы жұмыс
істеп, адам болып кетсе деген күлкілі бір қиял басымда шырқ айналады. Неғылса
да, әйтеуір, сары қызға бір жақсылық жасағым келеді, ол жақсылығыма бұл
қарындас зәру ме, зәру емес пе, бір Құдайым білсін. "Еш жан ауыртпай, кез
келген жерге итеріп тастап кете беретін сұрауы жоқ қыз ғой" деген жеңілтек
ойдың да келгені рас. Бірақ ол ой одан әрі иектей алмай, сол арада-ақ бұралқы
иттей қыңсылап қала берген.

Мәшине жарығы көше қиылысындағы темекі тістеген салт аттының
суретіне тіреліп тоқтады. Бұл жерде де бір тілерсектері бүгіле, жалаңаш
тізелерін көрсетіп, темекілерін бұрқыратып үш қыз тұр. Бір қарағанда көп-көрім,
талдырмаш келген әдемі қыздар. Тура түскен мәшине жарығымен жанарлары жақұттай
жалт-жұлт ете қалды. Біреуі ғана бетін сәл көлегейлегендей болды, қалған екеуі
міз баққан жоқ. Бірақ қаланың тікбақай қыздарына ұқсамайды, үстілеріне қолға
іліккендерін іле салғаны көрініп тұр.

Әлдекім тықылдатып тереземді қағып, бейқам отырған мені селк
еткізді. Сырттан төне қарап тұрған бойжеткеннің дөңгелек жүзі ағараң етіп,
саусақтарындағы алтын-күміс жүзіктер жылт-жылт ойнады. Сөйткенше болған жоқ,
есікті лып еткізіп ашып, екі алмасы салбырай еңкейіп, кеудесін алға тастай ішке
сұғынды.

- Мен ұнамаймын ба сізге? - деп буалдыр түтінді
сақиналандыра үрлеп кеп жіберді.

- Жоқ, мен өзімше жүрмін, - дедім мен түтінді өзіне қарай
кері үрлеп.

- Ә-ә, солай ма? - деді ол еркелей қылымсып. - Қызық екен
сіздікі. Дегенмен арам ойыңыз да жоқ емес шығар.

- Жайымша отырған менікі неге арам ой болады, қасыма келген
сенікі неге арам ой емес? - дедім мен кекете мырс етіп күліп.

- Ақшам жоқ десеңізші одан да, - деп анау табан астында
түсін суытып ала қойды.

- Менің ақшамның бар-жоғынан саған келіп-кетер ештеңе жоқ, -
дедім мен де шытынай қалып.

- Өй, сараң неме! Енді неге келдің, мұнда? Ауру шығарсың
мүмкін, тегін кино көруге келген? - деп ол екі алмасы салбыраған кеудесін
мәшинеден суырып алды. Артынан өндіршегімді соза:

- Қарындас, сен мені түсінбей қалдың. Мен сендерге келгем
жоқ. Бір танысымды іздеп жүрмін, - дегенімше болған жоқ, ол бар дауысымен шар
етіп айғай салды.

- Қыздар, мынау бізді суретке түсіріп жүр!..

Жол шетінде топталып отырған қыздар жау тигендей шу ете
қалды. Орындарынан өре тұрып, бізге қарай жапыр-жұпыр қозғалды. Қараң-құраң
сұлбалар тез көбейіп, жан-жақтан тапыр-тұпыр аяқ дыбысы естілді. Есікті
жібермей ұстап тұрған жаңағы қыз:

- Қалай екен, ә?!. Бұтыңа жіберіп қойған жоқпысың? - деді
сайқалдана күліп.

Мен әлі де мына жағдайдың шын-өтірігін ажырата алмай, аңырып
отыра бергем. Кеспелтек ағаш алдыңғы әйнекке дүрс етіп тигенде барып ес жидым.
Маңдайша терезе шытыр етіп, айқыш-ұйқыш шытынап кетті.

- Мәшиненің астына түсейін демесең, кет әрі! - деп зекідім
ана қызға.

Ол есікті құлаштай серпіп, сарт жапты. Шытынаған терезеден
ентелей төнген қыздар жұмырықтарын түйіп, мәшинені дүрсілдетіп ұрғылай бастады.
Тізесі жалтыраған шынашақтай тәлтиген біреуі капоттың үстіне секіріп шығып,
өкшесімен аяусыз түйгіштей жөнелді. Шаштары дудырап, білектерін сыбанып,
көкайылданып алған. Біреулері мәшинені аударып тастағысы келіп, ары-бері
шайқақтата итеріп жатыр. Осы сәтте әлдеқайдан от лап ете қалып, ашына
айғайлаған бір қыз лаулап жанған күртешені мәшиненің үстіне лақтырып жіберді.
Мәшинені төмпештеп, тепкілеп жатқан қыздар шу етіп, кері серпілді. Аяқ-қолым
бірдей қимылдап, газды түбіне дейін ышқынта бастым. Мәшине тұрған жерінен
дөңгелектері ши-иқ етіп барып, ытқып кетті. Жақтау айнадан артыма бір қарап
үлгердім. Лаулаған от асфальттың үстіне сырғып түсіп қалды. Кенет әлдене қыр
желкемнен қараң еткендей көрініп кетті де,  еріксіз қайта жалт қарадым. Қай тесіктен кіріп
алғанын қайдам, артқы орындықта қылтиып сары қыз отыр. Бір-бірімізді үндеспей
түсініп, екеуден екеу сопайып, көше ағысына түсіп кете бардық. 

Сол үндеспеген қалпы ел тоқтаса тоқтап, ел жүрсе жүріп әлі
келеміз, әлі келеміз. Ол шаршаған ба, басы жақтау терезеге тие жаздап, қалғып-шұлғып
отыр. Мен бір қараңғы, бір жарықта, әрі төпеп тұрған жаңбырдың түрі мынау,
біреуді қағып кетпейін деп, жолға үңіле түсем. Өстіп қиқалақтап келе жатқанда
мәшине шоқалаң етіп...

...жолай салып алып, жолай тастап кетем деген сары қыз селк
етіп ұйқысын ашып алды. Ұзынша сүйріктей саусақтарымен буланған терезені іштен
оймыштай сүрткілеп, беті сопая сыртқа үңілді. Содан соң:

- Аға, мен кеп қалдым. Осыннан тоқтай салыңыз, - деді
сырттағы ауа райындай жабырқау түрмен салқын ғана.- Аспанның түбі тесіліп
кеткен бе, не пәле тегі?!

- Су боп қалмасын деп тоқтағам. Ақша төлемей-ақ қой,- дедім
мен де салғырт қана.- Темекі алатын жер жоқ па мына маңайда?

- Оны темекі шегетін біреуден сұрасаңызшы...

Қызық, адамға өз-өзінен жақтырмай, жек көре суық қарайды
екен. Бірақ, сопайған жүзінде, әлде жас болған соң ба, көз тоқтатып, зерлеп
қарауға мәжбүрлейтіндей уылжыған сүйкімді бір рең бар. Тіпті деймін-ау, менің
өз жолымнан бұрылып, оны үйіне әкеліп тастағаным да міндет сияқты қорынып
қалдым. Сары қыз мәшинеден аяғын сыртқа тастай сырғып түсті де, артына жүре
беріп барып бұрылды.

- Ой, ағай, рахмет сізге,- деген дауысы құлағыма қалың
жаңбырдың астынан тұншыға жетті.

Соның өзіне біртүрлі ішім жылып қалды. Бұл бейтаныс,
бейкүнә, тап-таза қыз туралы бағанадан бері неге жаман ойлап келгенімді өзім де
түсінгем жоқ. Сірә, жаңа жезөкшелер тұратын көшемен жүріп өткеніміздің де әсері
шығар, кім білген.

Сары қыз артына тағы бір қайырылып, «неге жүрмей тұрсыз,
байқаңыз» дегендей ымдап, жол жақты нұсқады. Елең етіп қарағанда көрдім,
қоларбаға таңылған бір мүгедек жігіт қалақтай денесімен итің-итің етіп,
ерсілі-қарсылы ағылған мәшинелермен жарыса зырғып барады екен. «Әй-үй» дегенше
болған жоқ, арбасын әлдеқайда асығып, басқа көліктерден оза зулап, жұлдыздай
аққан әппақ «Мерседестің» астына қарай жұлқа бұрып кеп жіберді. Арбасын шыр
айналдырып, қарсы қарап тұра қалғанын анық көрдім. Асфальтті ысқырта сызып,
бұлталақтап келген әппақ «Мерседес» мәшинемді қапталдай, шақыр еткізіп бір ұрып
өтті. Бетімді қалқалап бұға бергенде, қос доңғалақты арбаның аспанға шырқ
айнала ұшып бара жатқанын ғана аңдап қалдым. Іле әлдене бар салмағымен төбемнен
гүрс етіп құлап түсті. Мәшинемнің төбесі ішке жапырыла майысып, алдыңғы
терезенің күл-паршасы шықты. Кескен томардай шолтиған жарым сұлба капоттың
үстінен ақырын сырғып барып, жерге былш ете қалды. Оқиға сөйтіп басынан қайта
басталды...