ВЕРНУТЬСЯ

          Төрайымның пікірінше, ит-жер бетінде қалған ең соңғы
«періште»...- Бұл дүниеде,-дейді ол,- үш үй жануары- жылқы, ит және мысық қана
адамға мейлінше жақын. Соның ішінде ит адамды қасы-қабағынан таниды, қалайда
иесінің көңілінен шығуға тырысады. Адамның мінез-құлқын «зерттеп», соған
барынша шебер бейімделетін «психолог». Қалтқысыз адалдығын айтпағанның өзінде.
Сірә,  немістің танымал философы
Шопенгауэр:«Адамдарды неғұрлым көбірек білген сайын, иттерді солғұрлым жақсы
көремін» деп, бекер айтпаса керек...-

Тәкаппарлығы бар жылқы мен кербез мысықтан гөрі адамға жақын
болғандықтан, ит қанша кешірімді болса да, сатқындықтан қатты зардап шегеді
екен. Тіпті ауырып та қалатынға ұқсайды. Міне, осы жерден қала мен ауылдағы
бұралқы иттердің мәселесі өз-өзінен көлбеңдеп шыға келеді...- Бұралқы иттер мен
мысықтар- әуелде иелері болған, адамдар уақытша оларды қызықтап,  кейін қаңғытып жіберген хайуандар. Үйлерінде
басы артық болып, далаға тасталған күшіктер мен мәулендер де солардың
қатарынан.  Оларды көше бойында қуып
ұстап, жұрт көзінше, әсіресе балалардың алдында атып өлтіру, меніңше,
жауыздық,-дейді төрайым, - Аталған қиындықтан шығудың төте жолы- бұралқы
жануарларды бір жерде жинап, оларды толық ұрықсыздандыру (стерилизация) және
ауруларын емдеп, күтіп, қамап ұстау...

Иә, қай дінде де, қай қоғамда да үй жануарларын ермек ету,
оларды панасыз қалдыру қатаң айыпталады. Керек десеңіз, бейкүнә хайуанға
жасалған сатқындықтың да зауалы бар...

Сонымен бұл ұйымда 1,5 мың адам мүшелікте тұрады. Әрбір ұйым
мүшесінің бір-бірден иті бар. Оның ішінде иттердің қандай түрі жоқ десеңізші?!
Қазақтың алабайы мен тазысынан бастап, немістің қасқыр итіне (овчарка) дейін
табылады. Оны аз десеңіз, мопс пен «Жібек айдаһары» деп аталатын иттің тым  сирек кездесетін түрін де ұстайтындар бар.
Йоркшир терьері мен қытайдың чау-чау түрлерін де соның қатарына қосыңыз...

Итті қайда ұстаған дұрыс, үйде ме, аулада ма? Әрине, бұл
жөнінде төрайым басын ашып, ештеңе айтқан жоқ. Біздіңше, қанша дегенмен де
иттің орыны-аула. Үйде ит ұстайтындардың қиыншылықтары басынан асады. Қолқаны
қапқан мүңкіген иіс өз алдына, жануардың мезгілсіз үруі немесе есік алдында
тұмылдырықсыз жүруі, әсіресе көп қабатты үйде оның иесі мен көршілері, өзге
адамдармен қарым-қатынасында болмай қоймайтын келіспеушіліктер туғызары сөзсіз.
«Ит иттігін істемей ме», қашанда?!...

Міне, осы жағдаяттар облыстық бөлімшенің жылына бір рет
өтетін жиналысында кеңінен сөз болып жүр. Мәселен, ит иелерінің биыл қаңтар
айында өткен мәжілісінде үй жануарын үйрету (дрессировка) мен тамақтандыру,
ұстау ережелерін сақтау және шетелге 
қалай алып шығу мәселелері қаралыпты. Одан кейін мамыр айында иттердің
көрмесінде жоғарыда айтылған мәселелерді талқылау өз жалғасын тауыпты.
Айтпақшы, көрмеге еліміз бен көршілес Ресейдің Орынбор, Самара, тағы басқа
қалаларынан келген 170 ит қатыстырылыпты.Көрмеде кинологтар мен ит ұстаушылар
бір-бірімен тәжірибе алмасып, өзара жануарлар ауыстырып, танысып оңбай қалыпты.
Бір қызығы сол, көрме өткеннен кейін, Интернетте соған  қатысты мәскеулік кинологтардың қызығушылық
танытқан сайттары пайда болса керек...

- Сөз жоқ,-дейді Т.Кальянова,- қалада бізге есепке тұрмаған
ит те, оны ұстаушылар да көп. Біз әрине, олардың осында келіп есепке тұруын,
тіпті болмаса, өзінің иелігіндегі иті мен мысығын қалай ұстау, күту және емдеу,
алдын ала сақтандыру шаралары туралы ақыл- кеңес алуын қалар едік. Мынадай бір
жағдаят. Көптеген қожайындар үйінде басы артық ит немесе мысық болуына қарсы. Мұндайда
не істеуге болады? Оның шешімі әлемде баяғыда-ақ табылған. Егер ит немесе
мысыққа құны 2,5 мың теңге тұратын арнаулы ота жасатсаңыз, ол түпкілікті
ұрықсызданады. 10 түйірі  200 теңге
тұратын дәрі мен бір егілімі 800 теңге болатын егудің де жануардың оңтайсыз
өсіп-өнуін көпке дейін тежелтеді. Міне, екінің бірі осылай жасаса, далаға
лақтырылған, панасыз күшік пен мысықтың саны мүлдем азайып, олар бұралқылардың
қатарын толықтырмас еді...

Несі бар, орынды уәж. Ал бұл қоғамның да мұқтаждығы жоқ
емес. Қаржының үнемі қат екенін айтпағанның өзінде, ықшам кеңсеге, жануарларды
үйрету (дрессировка) алаңына, көрме өткізу үшін аумақты орынға ділгер. Бір айта
кетерлік жәйт, иттердің көрмесіне кіріп- шығу тегін болыпты. Сондықтан шығар,
оған тек иттің иелері, балалар мен жастар ғана емес, тіпті үй жануарларына
немқұрайлы жандар да қатысып, ықылас танытқан. Мұншама келушінің қомақты
боларын Т. Юрийқызы да күтпепті...-Жерлестерімнің біздің қоғамның жұмысына
деген мұндай көңіл бөлуінеризамын,-дейді ол,- Мүмкіндікті пайдаланып, осы жерде
демеушілерім: жеке кәсіпкерлер Юрий Пантелеев, ерлі-зайыпты Сергей және Ольга
Мищенколарға, «Күзет» КМС-ына алғыс айтқым келеді. Өз еріктерімен көмек беріп
жүрген оқушыларға да  жылы ниеттен басқа
білдірерім жоқ. Біздің ісіміз де, жұмысымыз да тек ізгілікке арналған және
келешекте де сол мақсаттан айнымаймыз...