ВЕРНУТЬСЯ

   Төбесінен талпынып түскен сәби, ең алдымен еңбектейді. Кейін
қаз-қаз басып, тұсауы кесілген шақта алғашқы қадамын туған жерде жасайды.
Сондықтан да адамзат баласының өмірдегі әліппесі - табиғаттанудан басталады.
«Көк шөпті жұлма, обал болады» деп отыратын үлкен кісілердің
сөзі-«табиғат-ананың қадір-қасиетін бағала» деген өсиет-нақыл екендігін, адам
жасы ұлғайғанда барып бір-ақ білетіндігі қандай өкінішті.

«Суды былғағанша, атаңның сақалын былға» (сөз мәдениетіне
орай бірер сөзін әдейі өзгерттік), «Жері байдың - елі бай» деген
ата-бабаларымыздың ел мен жерді бірдей қорығанынан тәлім алу - жас ұрпақ үшін
басты парыз.

Адамның мінез-құлқының қалыптасуына табиғат құбылыстарының
әсері көп болған.... «Қабағынан қар жауған»- қаталдық, «даладай»- кең көңіл, «бірде
көл, бірде шөл»- құбылмалық, «еменнің бір бұтағындай» - қайсарлық, «жайма-шуақ»-
биязылық, «балауса»- балалық шақ, «түбі көрінген»- саяздық, «қара ормандай» - көптік,
«таңғы шықтай»-мөлдірлік, «ай мен күндей» - сұлулық, «гүлдей»- нәзіктік... тізе
берсеңіз, толып жатыр.

Күздігүні болатын сабаққа дайындалып отыр едім, далаға шығып
кеткен әжем:

- Сырғақ жауып тұр екен,- деп үйге кірді. «Ол не?» деп
сұрауға ұялып, сыртқа жүгіріп шықтым. Сөйтсем... не қар емес, не бұршақ емес,
тарының дәніндей ақ түйіршік маңайды тұмшалап алыпты.

Қазақтың бір шешімге келе алмай, құбылған адамға «не ғып
сырғақси бердің?» деуі, осы бір табиғи құбылысқа қарап айтылса керек.