ВЕРНУТЬСЯ

      Жазушылар одағының барында айнала отырған жігіттерді аузына қаратып Ахтанов Тахауи әңгіме айтып отыр:
— Рульде өзіммін. Медеу бетке шықтым да, Кіші Алматы өзенінің арғы бетіне өтейін деп келсем, ағаш көпірдің төсеніш тақтайлары алынып тасталған... Алдымда аралары ат шаптырым, бой-бой болып көпір арқалықтары жатыр. Енді не істеу керек? Машинадан шықтым. Үңіле қарап екі бөренеге көңіл аударғаным.
  Шамасы ара қашықтығы машина доңғалақтарының ара қашықтығына шамалас секілді. Менің көз мелшерім қате кетпейді ғой. Жіп алып өлшесем, тура болды да шықты. Ендігі міндет — машина доңғалақтарын арқалықтарға дөп түсіру. Кейін шегініп барып туралап салдым ғой.
  Қасымдағылар қарап тұрды. Алдыңғы екі доңғалақ арқалыққа дұрыс іліккенін көрмесем де бірден сездім: өйткені екеуі де бірдей көтерілді. Ендігі қиындық — артқы доңғалақтардың да осылай ілігуі. Газды беріңкіреп жылжыта-жылжыта артқы доңғалақтардың да тұп-тура келгенін тағы да бірдей көтерілгенінен сездім де газды беріп келіп жібергенім. Машинам зыр етіп арғы бетке шыға келді... Шіркін шеберлікте шек дегенің болмайды екен ғой! 
  Не болар екен деп демін ішінен алып, тынып қалған жұрт дуылдаса жөнелді:
— Жазатайым болып тайып кете ме деп зәрем ұшып отырды.
— Е, Тахаңның машина айдағаны бүгін ғана ма еді?!
  Жұрт осылай дүрілдесті. Ішіндегі шүбәлісі мен ғана. Өйткені Тахауидың машинаны қалай айдайтынын жақсы білем. Ғабиден Мұстафиннің жаңа сатып алған машинасын ашық тұрған гаражға кіргізе алмай екі сағат айналысқанын көрген жұрт аңызға айналдырып айтатын-ды. — Апырау, өз машинасын бұл шіркін қалай айдап жүргені?! Екі сағат өзінің де зықысы шықты. Менің де зықымды шығарды, — деп Ғабиденнің қайран қалып, басын шайқап отырғанын талай рет көргенмін. Сөйткен Тахауи қалайша акробат болып кеткен? Кейін Медеу жаққа бара жатып Тахауи көпірі есіме түсіп бұрылмаймын ба... келсем, ескіріп, шіри бастаған тақтайлардың алынып тасталғаны рас екен. Бірақ ырсиып жатқан көпір арқалықтары жоқ. Себебі тақтай қосқабатталып төселген. Алынған соның үстіңгі қабаты. Мен көзімді жұмып алып әрі де өттім, бері де өттім. Былқ етер көпір жоқ. Сөйтіп машина жүргізуге келгенде менің шеберлігімде де шек болмай шықты. Содан бері достар арасында ол көпір — Тахауи көпірі атанып кеткен-ді.