ВЕРНУТЬСЯ

Қонысбай Тәуірбекұлы
(1905-1969)

 Семіз Найман елінің Меңдеке (лақап аты Төбет)
табынан шыққан, батыр-жырау Айдос Бәйімбетұлының ұрпағы. Есте сақтау қабілеті
ел ішіне аңыз боп тарап кеткен құйма-құлақ шежіреші болатын.

Байдрахман
Әбжан-Ысқақұлы (1905 жылы туған)

Семей облысы, Таскескен ауданы «Қарақол»
совхозының тұрғыны. Тобағұлдың аталас туысы. Аякөз өңірінен шыққан ақындардың
мұраларын жатқа айтатын қазіргі көзі тірі ақсақалдардың бірегейі. Арқа, Жетісу
бойындағы елдердің шежіресін терең біледі. Қазақ Мемлекеттік университетінің
ғылыми экспедициясына 12 әдеби мұраның көзін тауып берген. «Аякөз»
тарихи-мәдени қоғамының құрметті мүшесі. Ұлы Отан соғысының ардагері.

Уәп Байшашев
(1914-1984)

Аякөздік тарихшы. Ұлы Отан соғысының қаһарманы.
Қазақстанға аты танымал ұстаз еді. Уәп ағаның үлкен бір арманы - Аякөз өңірінің
тарихи-қоғамдық мәдени мұрасын зерттеу болатын. Тобағұл Мұсабайұлы туралы
таңсықтық әріптесі Дінмұхамед Жантасов екеуі алғаш рет мақала жариялады.

Дінмұхамед
Жантасов (1916 жылы туған)

Семей облысы, Аякөз ауданы, «Таңсық» совхозының
тұрғыны. Қарт ұстаз. Семіз Найман елінің Меңлібай табынан тарайтын Тінібек
(лақап аты Қарауыз) руынан шыққан аталас туысы Уәп Байшашев екеуі Тобағұл ақын
туралы алғаш рет оқырмандарға ой салды. Дінмұхамед ақсақалдың ең үлкен еңбегі -
Тобағұл Мұсабайұлының патша түрмесіндегі суретін іздеп табуы.

Төлеубек
Жұмабекұлы (1942 жылы туған)

Семей облысы, Жарма ауданы, «Бірінші май»
совхозының тұрғыны. Тобағұл өлеңдерінің қолжазбасын 1983 жылы баспа орнына
беруші.

Тәукебай
Исабекұлы (1889-1967)

Қазіргі Семей облысы, Үржар ауданы, «Красный
дозор» колхозының бөлімшесі, Тасарық ауылында дүниеге келген. Семіз Найман
елінің Жанғұлы табынан тарайтын Ақбелбеу руының тарихи жырлар мен шежіреге
жүйрік ақсақал еді. ХVІІІ ғасырда өмір сүрген батыр жырау Айдос Бәйімбетұлы мен
Тобағұл ақынның толғау, жырларын насихаттап өткен. Тәукебайдың шығармалары
ақынның өзі мен қызы қайтыс болғаннан кейін жоғалып кеткен.

Есенсары
Құнанбайұлы (1895-1961)

 Қазақтың белгілі айтыс ақыны, Әсет Найманбайұлының
шәкірттерінің бірі. Шығармалары Қазақстанның Ғылыми академиясының қолжазба
қорында сақтаулы тұр. «Тобағұл батыр» деген дастан жазған. Әйгілі Бөдес
батырдың ұрпағы.

Темір Боқбасарұлы
(1896-1985)

Семіз Найман елінің Меңлібай табынан тарайтын
Тоққожа руынан. Тобағұл көтерілісіне қатысушыларды өз көзімен көрген. «Қоштасу»
жырындағы оқиғалардың куәгері. Туып-өскен жері қазіргі Таскескен ауданы.

Кәрібай Дүтбайұлы
(1890-1983)

Жаныбек-Бөдес елінің айтулы шежірешілерінің бірі.
Аякөз өңіріндегі тарихи оқиғалардың көзі тірі куәгері болған. 1918 жылы
құрылған «Торы ала атты Алаш» полкінің сарбазы. Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Тобағұл өлеңдерін қағазға түсіріп, кейінгі ұрпаққа аманат еткен.

Кәрім Сеңкібайұлы
(1903-1985)

Семіз Найман елінің Меңлібай табынан тарайтын
Тоққожа руынан. Көзі ашық, сауатты адам болған. Бала кезінен Тобағұлдың
Сібірден жазған өлең-хаттарын домбыраға салып, ел ішінде көп айтқан. Ұлы Отан
соғысына қатысушы. Тұтқында болып, Англиядан Отанына оралғанда лагерьде азап
көрген. Рухани тоқыраудың теперішінен жарыққа шықпай қалған талантты ақын еді.
Кезінде Кәрім ақсақалдың өлеңдерін естіген белгілі жазушы Сапарғали Бегалин:
«Шын ақын екенсің!» - деп разылық білдірген.

Бәтен Тобағұлқызы
(1907 жылы туған)

Ақынның туған қызы. Семей облысы, Таскескен
селосында тұрады. Қазақ Мемлекеттік университетінің ғылыми экспедициясы Бәтен
апаның естеліктерін таспаға жазып алды. Байдрахман Әбжан-Ысқақұлы мен Бәтен апа
- «Мұрагер» кинокомпаниясы түсірген «Тобағұл ақын» деректі фильмінің
кеңесшілері.

Қажықан
Жетібайұлы (1906 жылы туған)

Семей облысы, Аякөз ауданы, «Таңсық» совхозының
тұрғыны. Сүйегі Семіз Найман елінің Жанғұлы табынан тарайтын Қазыбек-Көрпе
руынан. Адық ақынның мұраларын Қазақ Мемлекеттік университетінің ғылыми
экспедициясына тапсырушы. Тобағұл өлеңдеріне жазылған түсініктемелерді талдап
айтып беруші Қажықан ақсақал.