ВЕРНУТЬСЯ

       Игілік қой нұрын құйған санама,

Асау жылдар, бәрін бүгін сарала.

Ерлігіңді естен кетпес осынау,

Түркістаның ұмытпайды, жан аға.

Арайланып ата берсін ақ таңдар,

Аламанда бәйге бермей шапқандар.

Бұл қазақта көп емес қой, жарқыным,

Жалғыз келіп мешіт салып жатқандар.

Талай жайсаң ізсіз-түзсіз жоғалды,

Ойлай берем, жаза берем соларды.

Бабалардың асқақтатып рухын,

Жан Өс-ағам туған жерге оралды.

Екі қызың - қыратта өскен екі елік,

Қос қанатың - екі ұлды айтып кетелік.

Өскенбайдай ер нағашым оралды,

Игіліктің мәртебесін көтеріп.

Көздің жасы, бүгін ғана құрғадың,

Местің ерке бұлақтарын жырладың.

Атасы мен анасының қасында,

Мәңгілікке ұйықтап кеткен Біржаның.

Шексіз сүйдің туған жердің ағашын,

Терең білдің азаматтың бағасын.

Осы көктем шақырғанда менімен,

Қарауылға бірге барған нағашым.

Арайланып алтын таңы атқан жер,

Өскенбайдай ардақтымды тапқан бел.

Кешегі өткен ағайынды жігіттер -

Құлатай мен Байкенжелер жатқан жер.

Әжелердің екі иығы талған жер,

Әкем күйеу болып кеше барған жер.

Қалғып кеткен намысымды ояттың,

Менің сәби балалығым қалған бел.

Мені бүгін тебіренттің, тербеттің,

Бабайқорған, Игілікте ер жеттім.

Өткен өмір нағашы жұрт толқытып,

Ақ жаңбырдай жырларымды селдеттің.

Өтебике келін болып түскен жер,

Бұлағының анам суын ішкен жер.

Мені өмірге алып келген бір қызың,

Жауғаштылар аттан мәңгі түспендер!

Балалықты енді тастайық,

Естісін сүйдім жардың мен.

Қара жолдарда қасқайып,

Қайғыммен жалғыз қалдым

Көңілге қамзау болмады,

Сағыныш хаты жеткенмен.

Тірлікке көңіл толмады,

Сендерден ұзап кеткенмен.

Жолдарға жолдар жалғасты,

Кездесті жандар достасқан.

Ал мынау қыр ғой алғашқы,

Махаббатыммен қоштасқан.

Ыза жер баспас жасқанған,

Килікпес жерге киліктім.

Топастар елді басқарған,

Жек көріп кеттім билікті.

Ауырлау дертін сол күздің,

Көрерсің өзің саралап.

Көз жасы ұяң сол қыздың,

Жанымды кеткен жаралап.

Көнбеді көңіл қақпайға,

Қаншама мұңға киліктім.

Ақындар бақыт таппай ма,

Сойылын соқпай биліктің.

Жырларымды оқып белеңге,

Қайғыммен өтіп барамын.

Елеусіз келіп өлеңге,

Елеусіз кетіп қаламын.