ВЕРНУТЬСЯ

       Бір мың тоғыз
жүз елу үшінші жылы сентябрь айында Алматы облысы Ұзынағаш селосында ауыл шаруашылық
көрмесі ашылды. Сол көрмеде биология ғылымының кандидаты Әубәкір Әлікеев деген жігітпен таныстым. Ол ВАСХНИЛ-дың
қазақ филиалында жұмыс істейді екен. Мені сол филиалдың осы Ұзынағаш төңірегіндегі
экспериментальді базасына алып барды.
        Отырғызылған
ағаштарды көрдік. Тау беткейінде егілетін егіннің жағдайымен таныстық. Қазақ
филиалының негізін қалаған атақты ғалым, ер кеңіл азамат Кәрім Мыңбаев туралы
әңгіме шертістік. Ақыры тауды өрлей отырып Үш Қоңыр жайлауына да көтерілгенбіз. Әрине, малдың
төменге түсіп кеткен кезі болғандықтан жайлау қаңырап бос жатыр. Сөйтсе де бір
кезде Мұхтар Әуезов тебірене суреттеген, сол сурет арқылы көңілге жұмақтай
болып ұялап қалған жайлаудың тасы мен топырағын, шөбі мен суын қызықтадым. Кереметі
- әлдеқашан күз түссе де көкпеңбек болып жатқан осы бір тау төбесіндегі кең
алқаптың кез келген жері тұнып тұрған тұмалар. Айқыш-ұйқыш түсіп ағып жатқан
бұлақтар Абай жырлаған шыбынсыз жаз орнаған осы бір атырапта мал дегенің екі-үш
айдың ішінде құлпырып шыға келеді екен. Рахаттана дем алып, кереметтей бой
жазып, сергіп, бесін кезінде біз төмен түстік. Біресе қиялап шыңға тартып,
біресе құлдырап еңістеп кететін тау жолы.
      Әубәкір алда,
мен оқ бойы кейін келе жатқанмын. Кенет: астымдағы атым осқырынып қалды да жалт
берді. Мен ұшып түсе жаздадым. Әйтеуір құдай сақтады. Неге үрікті екен жануар
деп жан-жағыма көз салсам, жол үстінде оқушылардың көк сиясы секілді қызғылт
реңкті бір жылан маған қарап шиыршық атып, ысылдап тұр. Құласам, үстіне барып
жалп етерім хақ. Сол ойдан зәрем ұшты ма, білмеймін, әйтеуір аттан түстім де
алыстан баспалап, тас лақтыра бастадым.
      Жылан
қозғалмады. Иіріліп алып, қалақша басын маған бұрған қалпы тілін сүйреңдетіп,
келсең кел деп тұрғандай. Бірақ жақындаған жоқпын. Көп сермелген тас қойсын ба,
ақыры тік тұрған жылан сылқ ете түсті де тарқатыла берді... Содан кейін
денесінің әр жері бір дір етіп барып қимылсыз қалды. Мен атыма міндім де
ұзаңқырап кеткен жолдасыма қарай жөнеле бердім.
       Жүріп келем.
Ойлап келем: жыланның бар жазығы - менің жолымды кесіп өткені. Айбат шексе,
жасаған шабуылы емес, көрсеткен қарсылығы ғана. Олай болса, неге өңмендедім?
Оның каруы - уы болса, сенің қаруың - қолың. Батыр болсаң жекпе-жекке шық.
Әйтпесе өз жолымен кетіп бара жатқан тіршілік иесінде не шаруаң бар еді? Ол жан
екеш жәндік бола тұрып, өлімді қасқайып тұрып қарсы алды. Ал сен болсаң?..
...Айтуға аузың бармайды...