ВЕРНУТЬСЯ

      Кейде ашына
айтылатын, кейде асыра айтылатын өткен ғасырдағы отызыншы жылдардың зобалаңы  нағашыма да ызғарын тигізе жаздапты. Әйтеуір,
Аллаһтың жарылқағаны шығар, іс насырға шаппай, «бесігінде» буынған екен. Ал
кейде «асыра айтылатын» дейтініміз, бәріне бірдей И. Сталинді айыптай беру
әділдік емес. Әліпті «таяқ» деп білмейтін, аты-қазақ, заты-мазақ, асыра
сілтеуші «шолақ белсенділер» мен кәдімгі сатқындардың іс-әрекетін қайда
қоямыз?! Әлі күнге дейін «Соларды қозғап қайтеміз?!» деп,  сұрқия кезеңдегі сатқындық  туралы сөз болса, бет-моншағы үзілетіндер
арамызда кездесіп қалады. Оның қасында Франция мен Норге елі маршал Пэтен,
Бискуп Квислинг сияқты іштен шыққан «шұбар жыландарына» нақты бағасын баяғыда
берсе керек...

... Марқұм нағашы атамыз Меңжан Текебаев азамат соғысының
отты жылдарында қазақтың бірінші үлгілі атты әскер полкында болып, қызылдар
жағында соғысқан. Ал 1937 жылы Орда ауданындағы ұжымшардың бірінде партком
хатшысы міндетін атқарыпты. Алайда түрлі деңгейдегі жиналыстарда тыныш отырмай,
әкімқараларды сынай беретін көрінеді. Соның қайтарымы ма әлде басқа себептен
бе, кім білген, бір күні аупарткомның бюро отырысында коммунист М. Текебаевтың
мәселесі қаралып, партиядан шығарылған. Тағылған айып:«Партияның сара жолына
адал емес. Ағасы алашордашыларға тілектес болып, Кеңес өкіметіне қарсы
болған»...

  Сол қиын-қыстау
заманның жазылмаған заңы бойынша, партиядан шығарылған адам көп ұзамай
тұтқындалып, атышулы НКВД-ның абақтысына қамалуы тиіс. Жағдайды жедел аңғарған
Меңжанның інісі Әпен дереу пойызға отырып, Мәскеуден бір-ақ шықты. 1929 жылы
Орынбор қаласындағы медициналық техникумды (бүгінгі Орал медициналық колледжі)
бітірген, екі тілге жүйрік Әпен нағашымыз қалай амалын тапқаны белгісіз, сол
кездегі  Кеңес өкіметі мен партия
басшыларының бірі Е. Ярославскийдің қабылдауына кіреді. Қабылдау бір сағатқа
созылса керек. Нағашымыз туған ағасының Кеңес өкіметін азамат соғысы жылдарында
қанын төгіп қорғағанын айтып, оған тағылған айыптың жала екендігін көрсетеді.
Бәрін мұқият тыңдаған Е. Ярославский:-Сөзіңіз нақты да дәлелді. Біз жазықсыз
жанның жазалануына жол бермейміз. Сіз елге жеткенше, ағаңызға партия
билеті  қайтарылып беріледі. Әрі ағаттық
жасағандарға тиісті шара қолданылады,- депті. Оған алғысын жаудырып, елге шұғыл
оралса, жоғары айтқандай, ағасынан кешірім сұрап, партбилетін өзіне табыс етіпті...

Ағасы Ерен жайында. Ол 1917 жылға дейін Қажытархан қаласынан
техникум бітіріп, жер маманы (землемер) болып шыққан, Бөкей Ордасының сол
замандағы оқығандарының бірі екен. Мейлінше білімді де парасатты болғандықтан,
шала сауатты, шолақ белсенділердің Кеңес өкіметін іштей ұнатпаған. Сондықтан
алашордашыларға да іш тартқаны анық. Әйтеуір, өмірден ерте кетіп, ажалдың өзі
қуғын-сүргіннен сақтапты...

Енді Емельян Ярославскийге келсек. Ол  кезіндегі Кеңес Одағының танымал басшыларының
бірі. Академик, тарихшы, «Тарихи журналдың» редакторы. СОКП ОК-інің жанындағы
ПҚБ (партиялық бақылау комиссиясы) мүшесі және КСРО ОАК-інің құрамында болған.
СОКП  8-18 сиездерінің делегаты. 1943
жылы қайтыс болып, Кремль қабырғасында жерленген.