ВЕРНУТЬСЯ

   Колхоздарды ірілендіру науқаны басталғанда, «Жаңатаң»
аулындағы бастауыш мектеп жабылып қалды. Елдің көбі он екі шақырым жердегі жаңа
орталыққа көшіп, ескі жұртта құлазып қалып кеткен төрт-бес үйдің бірі - біздікі.
Сол кезде мен бірінші класқа бардым. Орталыққа ертелетіп келіп, бәсіре тайымды
әкемнің кенже інісі Ораздың қорасына қалдырамыз. Көкем үнемі жұмыста. Үміт
жеңешем үйелмелі-сүйелмелі үш баламен үйде. Мен сабақтан шығысымен қуырдақ,
шайын әзірлеп күтіп отырады. Мінезі өткір, әзілқой жеңешем мені «тентегім»
дейтін. Әжеме арқа сүйеп өскендіктен бе, шалдуарлау едім. Өзімнің дегенім
болмаса, кейде шектен шығып кетемін... Бір күні Серік, Жұмагелді деген кластас
достарымды ертіп үйге келсем, көкем де бір топ қонағымен келіп, ас ішіп жатыр
екен. Жеңешем  қасымдағы  балаларды 
көріп,  қысылып  қалды.

- Ойбу, бұрын есік ашпаған меймандар келіпті ғой,
төрлетіңдер,- деп бәйек болып, есі шықты.- Мен қазір тездетіп қуырдақ қуыра
қояйын.

- Үйде дайын тамақ жоқ па?- дедім тіксініп.

- Ей, неғып тұрып кеттің? Шай құйсаңшы?- деп бір жағынан
көкем күңкілдеді.

Жеңешемнің ақ құба жүзі дуылдап қоя берді. Көкеме бір, маған
бір қарап сасқалақтап, ақыры шайнекке жармасты.

Әжемнің баласы болып жер басып жүргенде, мұндай
қорланбаспын! Серік пен Жұмагелді не төрге озарын, не дастарқан басына тізе
бүгерлерін білмей состиып тұр.

Ас үйдің бір жағы шошала-тұғын. Екі көзімнен жас парлап
соған кірдім. Алдымен қолыма ілінгені әнеукүнгі қасапта сатып алған екі қос
қазы болды. Мені көріп көкем шайға шашалып қалды. Екі ұрты қомпылдап көкем
бірдеңе дегелі жатыр еді, жеңешем басын шайқаған соң, жым болып, қоя қойды.

-  Мен жемеген, менен
аяған тамағыңды ит жесін! - деп айналдырған қазыларды табаққа төніп үймелеп
жатқан қонақтардың басынан асыра лақтырып, ашық тұрған сыртқы есіктен бір-ақ
аттым. Серік пен Жұмагелді «бәлесінен аулақ» дегендей тайып тұрды.

- Тентегім-ау,- деп жеңешем соңымнан ұмтыла беріп еді, қолын
қағып, ағыл-тегіл еңіреп, көкемнің алдында жатқан тоқпан жілікті ала салып,
үйдің терезесіне қарай жібердім. Күл-паршасы шыққан әйнек сынықтары...

Тайымды  жетектеп
ауладан шыға бергенде, көкемнің:

-  Қап, қап! Ойбай-ау,
ит әкетті!- деген баж-баж еткен даусы естілді.

Үйге келісімен болған оқиғаны (әрине, өсіріңкіретіп) әжеме
айтып ем:

- О, несі-ей, кенжемді жылатқаны?! Ораз бен Үмітті ме,
осыдан бір келер, бәлемдер, сазайын сонда тартқызармын,- деп ол кісі де шала
бүлінді.

Көкемнің үйіне содан кейін жоламай кеттім. Екі-үш рет Үміт
жеңешем мені мектепке іздеп келді. Көзіне түспей тығылып қалып жүрдім. Бірақ
қанша қашқақтасам да, ақыры ұсталып тындым.

Бір күні сабақтан шықсам, есік алдында күтіп тұр екен.

- Тентегім-ау,- деп бас салып құшақтай алды. Бұлқынып ем,
жібермеді.

-Тайыңды тұсап жіберіпсің ғой. Бағана көкең әкеп қораға
байлап қойған,- деген соң   барып еріксіз
көндім.

- Әнеукүнгі достарың қайда? Үйге ертіп жүр. Сендерге арнайы
мәнті пісірдім.

Жеңешем екеуміз осылай татуласқанбыз. Мұны естіп әжем қатты
қуанды.

- Айналайын, Үмітжаным,- деп еміренді әжем.- Дүниеде
ағайын-туыстың бірлігіне не жетсін!