Арым кешіп жүгірдім – Табанымды сыдырдым!.. Тікен кіріп өкшеме – Тызақтадым – бүліндім!.. Шағыл кешіп жүгірдім – Батып-шығып, жығылдым!.. Құлық* жағып отырып – Табаныма үңілдім... Тауға қарай жүгірдім- Өкпем өшіп, сүріндім! Тас біткеннің табанға – Бататынын ұғындым... «Тай жегендей – талабым» - Бір тынымсыз баламын!.. Тарсылдаумен табаным – Қашан тыным табамын?.. Кімге шаттық әкелдім?.. Кімге бақыт әпердім?.. Бар болғаны, әзірге, Бақытымын әкемнің!.. Білмей өмір дерегін – Таппай жанның керегін... «Жетемін,-деп, - арманға- Жүгірумен келемін! 1965 ж.______________________________________Құлық* - құм жәндігі. «Табанына құлық жаққан бала – жүйрік болады» деген ұғым бар.
- 133 просмотра