ВЕРНУТЬСЯ

      Атағы жоқ,

Шатағы көп кезім-ді,

Түсінбеді ел мына мендей кежірді.

Қиялымда жүрдім ылғи ат мініп,

Жоңышқаға қарауыл ғып өзімді.

Қаймықсын жұрт,

Қағытуға бата алмай,

Алшаң-алшаң басу үшін атандай,

Сельсоветке хатшы болсам дедім мен,

Аға сұлтан
болсам деген Шоқандай.

Бүл не өзі, асау
ой ма арынды,

Даңқ құмарлық
еді десем кәдімгі?

Біліп тұрып,

Ұғып тұрып сан рет,

Ұшырдым
мен қолға конған бағымды.

Атағы жоқ,

Шатағы көп кезім-ді,

Түсінбеді ел мына мендей кежірді.

Бола алмадым қарауыл да, хатшы да,

Кеттім шығып, іздеймін деп Өзімді.

Қырық күн шілде.

Жоңышқалық.

Кең дала.

Тыныштықты бұзатұғын жел ғана.

Қарауылсың, не болмаса хатшысың...

Мұндай
арман болған жоқ па сенде, аға?