ВЕРНУТЬСЯ

       Аунайсың ба,

мәз болып,

күлесің бе,

Үкілі әлем - өзіңнің үлесіңде.

Құлыншақ ем мен дағы бір кездері,

Өйткені анам тірі еді,

білесің бе?

Шапқыладым,

Шыңдарға шықтым өрлеп,

Бір күні ажал келді де түкті қол боп,

Қабырғамды суырып алды бітеу...

Күлді сосын ыржаңдап «мықты бол» деп

Содан бері,

әйтеуір, бар бір өкпе,

Қолым жаям дәрменсіз мәңгі көкке.

Қабырғамды қайық қып жеткіздім мен

Жан анамның табытын арғы бетке...

Ол тіріде жүрегім тоңар ма еді,

Тоңар ма еді,

гүлдерім солар ма еді.

Бұл ауылға
неге-дүр, құлыншағым,

Сирек келер болдым мен содан бері.

Шапқылай бер әзірге керме көрмей,

Керме бір түн тартылар кәлденеңдей.

...Езілесің,

іздейсің...

сосын барып,

Кетесің ғой қатты боп сен де мендей.