ВЕРНУТЬСЯ

     Тілім-тілім,

бұжыр-бұжыр денесі,

Сордай боп-боз сойыл жарған төбесі,

Борбас үлек - атасы,

Бопық мая - енесі,

төс табаны отты басса - күймеген,

Тасты басса - қамырдайын илеген,

Қатар қойып отыз інген қайытқан,

Қатар қойып отыз шана сүйреген

Үлек жоғалттым,

кім көрді?

Тас түнектен іздегендей сәулені,

Біздікі де өмір ғой бір әурелі.

Ол қайытар мая да жоқ, әйтпесе,

Оны ұстайтын қайрат та жоқ зәудегі.

Сәл қалғысам...

сығылады қос өкпем,

Жүреді үлек қосақталып есекпен.

Келе түйе кеп қалғандай үстіме,

Шошып тұрам түн ортасы төсектен.

Өтіп бері уілдеген бораннан,

Қышыр-қышыр үн келетін қорамнан.

Мен түйе іздеп жүргенім жоқ, ағайын,

Ашуымды іздеп жүрмін жоғалған.

Көз жазыппын кайратымнан,

ғұрпымнан,

Сене көрме,

Мен емеспін бұл тұрған.

Іш сарайым - жап-жалаңаш,

жүп-жүдеу.

Шыққан тоқты секілдімін қырқымнан.

Жел ұйтқиды
тереземді сабалай,

Боранды іңір,

Тұрмын
жетім баладай,

Арық үлек тобығындай бұлтылдап,

Бұлт ішінде батып-шүміп барады ай