ВЕРНУТЬСЯ

       Ой, Кеңсай, мен қайтейін биігіңді,

Басыңа қап-қара бұлт үйірілді.

Теңселтіп нән кемені барады алып

Қара су есік алды иірімді.

Нән кеме гауһар-маржан толған іші,

Бағасыз жез бен мыста болмады ісі.

Тік жүріп, тік құлаған сені көрдім,

Қазақы қара сөздің жолбарысы.

Жолбарыс жоны жалпақ жотадайын,

Айналып ақырғы рет өт, ағайын.

Келеден ақ бас нарды бөліп бердік,

Боздатып боз даланы ботадайын.

Ақ бас нар жүруші едік көш басы деп,

Шын сөз-ау жалған деген қоспасы жоқ.

Алаштың ары сынды аға кетті,

Біз қалдық сынған есік, топсасы жоқ.