ВЕРНУТЬСЯ

       Туған үй. Ақ түн. Ақ түнім аппақ сезімдей,

Отырмын үнсіз баяғы бала кезімдей.

Мені туған жыл жабысқан дерті меңдетіп,

Төргі бөлмеде дөңбекшиді анам көз ілмей.

Жаңарған бәрі, жасарған ойың-қырың да,

Маған да енді өзгеру керек, шынында.

Қырық иір көше сымдай боп шыға келіпті,

Уақыт шіркін қаққан-ау шаңын мұның да.

Туған ауылға мінеки тағы оралдым,

Дәм-тұзы
тартса, әлі де талай
соғармын.

Талай мықты ақын шығады әлі бұл елден,

Мықты болмауға хақы жоқ, тегі, олардың.

Анкеталары танытып бір-бір күштіні,

Лаулайды өрттей алысқа түсіп ұшқыны.

Сауатсыз шалдың баласы емес ол мендей,

Жазбайды енді мен болып ескі-құсқыны.

Мұңы да
басқа, заманы басқа болғасын,

Жыры да басқа,

Толғасын, солар толғасын.

Ескі ұғым
ғой деп есіркеп, мүмкін, отырар

Есенғалидың тазысы менен жорғасын.

Жазбайды олар ат жалы, атан қомында,

Тарланбоздарым тартады шаң қап соңында.

Өмір ұзақ қой, түседі жолы оның да

Шалдарым жатқан қойтасы бөлек қорымға.

Шаршатқан сәтте
сапарлар, жолдар, вахталар,

Шалдың баласы жазған кітапты ақтарар.

Арланар, мүмкін, ауылдас еді деуге де,

Мүмкін, мақтанар...