ВЕРНУТЬСЯ

      Есік алды беткей-ді,

Беткей жақтан көктем әнін тыңдаймын.

Қармен бірге еріп неге кетпейді

Мұң-қайғым.

Артта қалды ақ қыс емес,

қара қыс,

Шыныменен көктем келді, жайнап қыр.

Тереземнің дәл алдында бала құс

Сайрап тұр.

Қара боран,

Қатыгез жел,

Сірі қар,

Кешіп өттік біз бәрін.

Шүкір, әлі таусылмаған түрі бар

Тұз-дәмім.

Аялдай тұр,
аяулы сәт,

Жылы күн,

Мен шығайын шырмауынан түрлі ойдың.

Бар ма, жоқ па енді отыз жыл ғұмырым,

Білмеймін.

Әлі талай жайлауларға қонғым бар,

Келеді әлі қаншама әнді тыңдағым.

Маған неге сонша қатал болдыңдар,

Жылдарым.

Көктем келді дүниені түлетіп,

Жайсаң әлем,

Жауһар аспан,

Жасыл маң.

Бала құсым,
ұшып кетпе пыр етіп

басымнан.