ВЕРНУТЬСЯ

        «Айналайын баладан,

Тауып алғам даладан.

Далада бала жата ма,

Ол түсіп қалыпты ғой шанадан», -

Кісісін танымай қап неше көрген,

Біреумен шатастырып кеше келген,

Тендік шал отыратын Шырдабайда

Тербетіп немересін осы өлеңмен.

Шырдабай, сол Шырдабай төбе міне,

Дария жатыр сыймай кемеріне.

Күлетін келін мен ұл: «Қартайды-ау, - деп,

Әйтпесе, тап осы әннің керегі не?».

Қасында - сылдырмақты сырлы бесік,

Теңдік шал жабу сырды, шылбыр есіп.

Бір уақ жоқ іздеген кісідейін

Кететін қырдан асып гүлді кешіп.

Шырдабай, сол Шырдабай төбе міне,

Дария жатыр сыймай кемеріне.

Араға біраз жыл caп келіп тұрмын

Жазылмай қалып кеткен өлеңіме.

Терезе көзіменен қарап елге,

Баяғы үй көрінеді қара дөңде.

Қартым жоқ. Баласы отыр қара сақал,

Тербетіп кішкен ұлын,
салады әнге:

«Айналайын баладан,

Тауып алғам даладан.

Далада бала жата ма-ай,

Ол түсіп қалған шанадан...».