ВЕРНУТЬСЯ

        (Пролог орнына)

       Әлқисса, қара оба түс көріп
жатыр. Түсінде... Аландардың сопақ
бас патшасы Батразд мың қолмен Сарыөзеннің
жағасында отырған сарматтардың ауылына ат
басын тіреген екен дейді. Жыланның өтін алардай жұтынып тұрған сарбаздар мына
ауылдың киіз қарпып, жүн сабап, қымыз
ішіп, құрт жайып, қылшық қосып қыш күйдіріп,
мәре-сәре боп жатқан мамыражай тірлігіне таңдана қарайтындай...

- Сармат көсемі, біз бүгін Томиристің шаңырағына қобыз
тартып, массагеттерді қара қойдай шулатып тayып алмасақ, ертең өзіміз
шабыламыз. Ол қаншық әкесі Спаргионнан
да өткен қу. Сондықтан екеуіміз қазір сенің патшаң
Ларкионға барып, ертеңгі тыныштық үшін бүгін қан кешу керек екенін айтамыз, - дейді Батразд ауыл ағасына.

- Біз - жатырластармыз. Біздің Дала ашылып
келгенге-алақан, жұмылып келгенге - жұдырық. Сенің ниетін арам,
Батразд. Арам ниеттілер менің жерімнен өтпейді. Қайт кейін!

Ауыл ағасының даусы қатқыл шықты.
Батразд сопақ басы кегжең ете қалды:

- Сармат көсемі, Күншығысты уысыңда ұстауға қызықпағаның - Күнбатысты табанға салуға
қарсы болғаның. Мен сені жолымда тұрған кедергі ретінде таптап өтемін. Қатын-бала, кара орманыңды
топырақтың астына қалдырамын да,
Ларкионға барып, сені бір түнде қашып өтіп кетті деймін. Сармат әулеті сендерді
сатқын ретінде мәңгі-бақи қарғап өтеді.

Дәл солай болды. Тұтқиылдан самсай жөнелген сары жебелер
сарматтарды баудай түсірді. Өліктер бір жерге үйіліп, аланның әр сарбазы бір уыстан топырақ тастағанда үлкен қара оба пайда болды. Бір сәт өлі
тыныштық орнай қалды. Тұс-тұсқа Сарыөзенде
отырған сарматтардың,
Томириске сатылып кеткенін жария етуге хабаршылар кетті.

- Жебе... Жебелерді суырып алу керек, - деп
міңгірледі біреу.

Батразд гүр
ете қалды:

- He оттап тұрсың?

- Ларкион сарматтардың денелеріндегі жебені
танып, бұл ауылды кімнің қырғанын көріп қойса,
қайтеміз?

- Қорықпа, - деді Батразд, - бұлардың
салтында моланы казуға да, жаңғыртуға
да болмайды.

Алан арбаларының доңғалағы қара обаның арқасын айғыз-айғыз
тілгілеп бара жатты. ...жо-жоқ... майда қасып, сипап бара жатқан секілді... Қара
оба оянып кетті. Өтіп бара жатқан қос ат жеккен солқылдақ фаэтон екен. Күймедегі
кара көз сотник жігіт те, козлода
отырған көшір шал да үнсіз. Алда - Орынбор қаласы.

 

       1862 жыл. ОРЫНБОР.

ГЕНЕРАЛ-ГУБЕРНАТОР

КРЫЖАНОВСКИЙДІҢ ҚАБЫЛДАУЫ

Сәнді аула.

Терезеден құйылып Нұр,

Күзетші босағада бұйығып тұр.

Қарайды маңдайшадан дала жаққа

Суреті самұрықтың түйіліп бір.

Есіктен жас сотниктің басын көріп,

Генерал тұрды орнынан қасын керіп.

Желкеде самұрық тұр, сәл қозғалсаң,

Жарқ ете түсетіндей жасын болып.

- Ваше превосходительство, Ішкі Орданы басқару ісіндегі Уақытша Советтің кеңесшісі сотник
Бабажанов шақыртуыңыз бойынша ғұзырыңызға келіп тұр!

- А, Бабажанов... Мұхамед-Салық-Қожа. 1832 жылы туған. Неплюев атындағы кадет корпусының
азиялық бөлімің 1851 жылы үздік
бітірген. Россия Географиялық қоғамының мүше-қызметкері, этнограф. Дұрыс па,
сотник?

- Дәл солай, ваше превосходительство.

- Империяға нақ сіздей адамдар керек. Сіздей ұлдары бар
халықтың қараңғылықта болуы мүмкін емес. Айтпақшы,
сотник мырза, менің алдымдағы губернатор Перовскиймен неге келісе алмадыңыз? Перовский сізді Орынбор шекаралық
комиссиясының шаруашылық картасын жасау ісіне неге қатыстырмады?

- Мен ол кісіге қазақ жерінің шекарасы шартты бекеттермен емес, қазақтың
молаларымен белгіленетінін айттым.

- Демек, помещиктер мен байлар иемденіп алған Еділдің екі беті де
шаруаларға қайтарылуы керек дейсіз ғой. Ойыңыз өте дұрыс, халықты қараңғылықта ұстау
- барып тұрған заңсыздық, ұмытпасам, сіз осы пікірді Иосиф Железнов мырзаның
«Киргизомания» атты мақаласына қарсы «Северная пчелада» жазған аппелиацияңызда
да аңғартқан едіңіз деймін. Мақала маған ұнады. Түсінгенім - сіз қырда
орыс-қазақ мектептерін ашуды қалайсыз. Сіздерде қалай деуші еді әлгі... «әкеден
бала оқ бойы озық туады» деуші ме... Бұл ойды кезінде полковник Бабажанов неге
айтпады екен? Әлбетте, сотник, әлбетте Санкт-Петербургте маған Небольсин,
Потанин, Уәлиханов мырзалар сіз туралы айтқан. Сіздің ғылымдағы табыстарыңыз
үшін тост көтергеніміз де есімде. Сіз Россия Географиялық қоғамының күміс
медаліменен қазақтар арасында тұңғыш наградталған ғалымсыз. Бұл - үлкен құрмет,
Бабажанов мырза. Сонымен бірге сізге үлкен сенім артылған. Сіз - патша
офицерісіз. Фонвизиннің мына сөзі сізге ұнауға тиіс: «Біз аристократтар
емеспіз, адамды түсіне қарап емес, ісіне қарап бағалаймыз». Ісіңізге
адал болыңыз, сотник.

- Ваше превосходительство, жер жөнінде, мектеп жөнінде...

- Ал бұл мәселелерге байланысты біз әлі
ойланамыз. Жақын күндерде мен Ордаға
барамын. Сізді міндетті түрде шақырамыз.

       Соны айтып, губернатор қалт
кідірді,

Сөз бітті, жас офицер жалт бұрылды.

Шашағы эполеттің жалп еткенде,

Шарайна жалт-жұлт
етіп шалт құбылды.

Көңіліне генералдың шоқ түсіріп,

Қара көз сотник жігіт кетті шығып.

Ойланып губернатор тұрып қалды,

Салықтың аз сөзінен көп түсініп.

«Да-а, сөз жоқ, батыл үлан, батыл ұлан,

Көз жазбау керек болды, заты, бұдан.

Қазақта қарғыс атқыр тағы бір ұл

Қағынып туған екен жатырынан...»

 

       1. Жолда

       Ақшатау сұр
төбені гүл төбе ғып,

Бетеге желкілдейді күлтеленіп.

Беткейге шығып кеткен топ қызғалдақ

Бейне бір секем алған үркек елік.

Иланның жапырағы білтеленіп,

Ақ нұрға
түбіт көде түр кенеліп.

Шалқалап Қамыс-Самар бөлек жатыр,

Күткендей аспан жақтан бір төрелік.

Дегендей күннің көзін бүркемелік,

Бұлт кетті жаңбыр-жасын бүрке келіп.

Оқыста көкке қарап қатып қапты,

Оқшау тас мандай терін сүрте беріп.

Қыр керім,

қырдан ескен жел де керім,

Пай-пай-пай,

неткен байтақ жер дегенің!

Фаэтон қос ат жеккен келеді ағып,

Бұтаға
сабалатып дөңгелегін.

Даланың қытықтайды мақпал лебі,

Ал көшір, кақ делбені,

қақ делбені.

Ой-қырды бүктеп басып, бір аттасын

Орданың екі бірдей қақпан белі.

Астында от тұяқтың
шаң аунасын,

Орғысын, қақпан белдер танаурасын.

Сауысқан үркіп ұшсын жолдан ауып,

Сабалап сарықауленнің сабау басын.

«Аты еді бүл күйімнің «Балбырауын»,

Жол шығып Орынбордан даңғырауын»,

Қоңырбас қоштаған боп қозғалады

Көшірдің «қайран жастық, қалдың-ауын».

Көлеңке шөп бетімен сырғақтайды,

Сырғақтап, бел-белесті бірге аттайды.

Күймеде сары ала иін Салық төре

Сазарып үнсіз отыр, тіл қатпайды.

Сазарып үнсіз отыр, тіл катпайды,

Жол ұзақ. Бекет алыс, күн батпайды.

Төренің төңкерілген жанарында

Бар сынды жасырынған жұмбақ қайғы.

Фаэтон жұмсақ тербеп, шайқалады,

Сансыз ой...

Қайтсе жаны жай табады.

Күлімдеп көз алдында губернатор,

Санада жаңғырады қайта бәрі...

- «Сіздей ұлдары бар халықтың қараңғылықта
калуы мүмкін емес.

- Заңсыздыққа жол
жоқ.

- Адамды түсіне
қарап емес, ісіне қарап бағалаймыз...»

Әділдік, айналайын бар екенсің,

Сен енді нұрмен
жуып дала төсін,

Шыңға алып шыныменен шығасың ба

Қазақтың көп адасқан қара көшін?

Шыңға алып шыныменен шығасың ба,

Қолымыз жетер ме екен шын асылға?

Адал сүт емген біреу ақыр түбі

Келуі керек еді, расында.

Беу, дүние, қолдан жасап құдайларды,

Адамның өзі неге былай қалды.

Айтты екен қалай ғана Перовский

Зәр шашқан әрбір сөзі мына ойларды:

«Өнер-білім не керек түк ұқпасқа,

Малға салғын, жонынан тіліп таспа.

Жұртына ие бола алмай жүрген елдің

Ұлт болуы
не теңі - қырып таста!

Қырып таста -

дініңе өтпеді ме?

Қуып таста -

Мешітке беттеді ме?

Зорла,

алда -

қалай да тіліңді енгіз

Кеңсесіне, үйіне, мектебіне.

Дін деген не -

етке кеп қонған шыбын.

Тіл дегенің немене -

алдамшы ұғым.

Шыбын ұғым ертең-ақ кетеді ұшып,

Жалғыз сәті секілді жалғаншының». -

Самал жұтып арда өскен, бұлақты емген,

Мен сол Тілдің өшпеуін мұрат көргем.

Мен сол Тілдің қасынан мұжық көргем

Жалғыз соқа арқалап жылап келген.

Залалсыз ғой - қарсы алдық зайырлы ел боп,

Мүсәпір ғой - жөн дедік қайыр бермек.

Көреді екен бейшара бұл дүниені

Дәдем Қорқыт айтатын дайын көр деп.

Кері кеткен жан екен, тегі, ісі оңбай,

Жері бөлек демедік, елі шалғай.

Tap заманда табысқан туысқанмен

He көрінді кең жерде келісе алмай.

Көлік бердік, туыстық келісіммен,

Жер де бердік бабаның тері сіңген.

Торайлары томпаңдап тез оңалды,

Екі Ресей бар дедім мен ішімнен.

Бірі меңдей күтеді
теңдік таңын,

Бірі жайпап келеді жер ғып бәрін.

Діннен, Тілден тумайды Достық деген,

Достык Ділден туады - енді ұққаным.

Маймыл да емес, жер де емес, шыны, біздер

Ділден пайда болғанбыз, біліңіздер.

Діл туының астына жиналамыз,

Біріміз шөл болсақ та, біріміз көл...

...Фаэтон жұмсақ тербеп, шайқалады,

Сансыз ой... қайтсе жаны жай табады?

Күлімдеп көз алдында губернатор,

Санада жаңғырады қайта бәрі...

Мықынын соқпақ қиған миялы дөң,

Әрі асса, түйетайлы қия кілең.

Орданың қоңыраулы қос күреңі

Келеді ошақ қазып тұяғымен.

Қылаң жол - қылыш ізі кеткен осып,

Етекте кара қорым көп төбешік.

Бүк түсіп, теріс қарап жатыр үнсіз,

Қалғандай бір-біріне өкпелесіп.

Орыны жерошақтың үңгір көрдей,

Үңгір көр, «өу» деп қалсаң, күңгірлердей.

Жылтырап суық
жүзді сынған қылыш

Болғанын бір сұмдықтың білдіргендей.

Болғанын бір сұмдықтың білдірді анык,

Сур жебе қу сүйекте тұрды ырғалып.

Қалқанға қара қарға саңғып ұшты,

Сауыттың
шығыршығы сылдыр қағып.

Мынау не: шаңырақ па, босаға ма?

Құр жатыр бос кеттім деп қосақ ара.

Шыбығын солқылдатып фаэтонның,

Ат басын тежеді шал осы арада.

Түсе қап, топырақты құшты айқара,

Қайырып «хулһалласын» үш қайтара.

Отырды көкжиекке қадап көзін,

Өңінен әлем-жәлем сұс байқала.

Қарады ол ағыл-тегіл жылап көкке,

Тамшылар жатты узіліп құрақ-көкке.

Бас шайқап, «керек емес» дегенді айтты,

Жас мырза жүгінген-ді дұға етпекке...

- Ақсақал, бұл
не қорым?

- Ақсақал, бұл жерде не болған?

- Оны әкеңнен сұрағаның
жөн еді.

- Исатай -
Махамбет қырғыны болды ғой...

- Heгe Құран
оқытпайсыз?

- Сенің дүғаң
қабыл болмайды. Сен Қалқожаның баласысың!

- Болса ше?

- Қой қасқырға
бәрібір сенбейді.

- Қасқыр...

«Иә, солай, қасқырмын мен, қасқырмын мен,

Көзімді қанмен жуып аштым бірден.

Емшегін енесінің турап тастап,

Қозының миын шағып тасқа ұрдым мен.

Ми деген ақ зат екен буы атылған,

Бас деген сүйек екен уатылған.

Шәлдесем, үріп ішіп, шайқап төктім,

Қанды қақ қараматау суатымнан.

Сол милар төбе болып жатыр, әні,

Жұп-жұмсақ
қан сіңген соң топырағы.

Шөліркеп қалмасын деп қасқырларым,

Қара жел қанды қақты сапырады.

Жоқ!

Жетті!

Енді мұны көрсетпесін,

Өлтірсін, мейлі мені бөлшектесін.

Емшектен ерте айрылған жетім үшін,

Сендерге атылам мен, емшектесім.

Ызадан азу тісің сақылдасын,

Біз солай атыламыз, атылғасын.

Жатырда өлгендердің кегі үшін деп,

Ауызды салам саған, жатырласым».

Фаэтон жұмсақ тербеп, шайқалады:

Сансыз ой...

Қайтсе жаны жай табады?

Сарыөзен жақын қалды деп хабарлап,

Самалын сөйлетеді сай табаны.

Жолжелкен жоқ қараған малшы болып,

«Малшыға» ит ошаған қарсы қонып,

Сабағы сайсағыздың төртқырланды,

Қайқайып қатынөрме қамшы болып.

Шыққандай қараңғыдан жарыққа кеп,

Жадырап сала берді Салық кенет.

Келеді танауларын желге тосып,

Қос күрең сал жүріске салып бөлек.

Бөрі есте... мына жерде асық атты,

Мынау сол қызға ұнайтын
шашыратқы.

Қанша гүл қайта гүлдеп одан бері,

Сарыөзен қаншама рет тасып ақты.

«Сарыөзен, бесігісіз түздегі елдің,

Біз қонақ, ақ бесігім, сізге кем күн.

Жараға ем жапырағын бақалақтың

Жар салып жалаң аяқ іздеген күн

Есімде,

Есімде әлі қаздар әні,

Жаныма, соны ойласам, жаз қонады.

Қан мен тер қатар келіп құйылған соң,

Қазақтың
тұшы суы аз болады.

Сен болсаң, қуаныштан
жаралғандай,

Ағасын бір арнамен тарамдалмай.

Жарасын бала күннің жазды уақыт,

Бұл күнде,
білесің бе, жарам қандай?»

Мөлдіреп «Қамыс-Самар», «Қыран күткен»,

«Рас» деп бас шүлғиды раң біткен.

«Сол Салық осы екен ғой» деген сынды,

Құлқайыр мойнын созды құмарлықпен.

Қазтамақ үпілдекті «маңдайлым» деп,

Жел әлек «маңдайлыны» алдаймын деп.

Бұрымын тарқатып ап, өре алмай тұр,

Құртқашаш қалампырдан қалмаймын деп.

Шөлқарбыз жантақтарды қармай гүлдеп,

Көсікке кыр көрсетті балдаймын деп.

Қояншөп бүға қалды айғайды естіп,

«Япыр-ау, басқа төнді қандай күн» деп.

Бұ не
айқай?

- Әй, қайтындар, малғүн
кілең!

- Жоқ, сен қайт!

Таптатпаймын шалғынды мен!.. -

Жөнелді фаэтонды қияс тартып,

Бұрылып оң жақтағы жалбыр күрең.

Сарыөзен - саумал ауа, таза қоныс,

Шалғыны ат жүргізбес ғажап өріс.

«Өріс» деп өжендеген бір тобырды

Қуып жүр шошақ мылтық казак-орыс.

Бұл тобыр
- қара қазақ, сары мұжық,

Атанған «аулақтағы ел», «тағы», «бұзық».

Қамшысын бүктеп ұстап тұмақты шал,

Тепсіне айқайлайды қаны қызып:

- Уа, тоқта!

- А ну прочь!

- Қайтар малды!

- Тап қылды Құдай қайдан сайтандарды?!

Ысылдап үйіріледі
ұзын бишік,

Сөйлетпей қамшы ұстаған майталманды.

- Әй, қырғыз,
заңға жүгін, ерегеспе,

Тұрғаның ақ патшаның жері емес пе? -

Сарыөзен екі ортада алқынады,

Араша сұрағандай төбелеске.

Жайына шалғысы қап, құрығы қап,

Көп тобыр бірі тұрып, бірі құлап,

Жүгірді фаэтонды жас мырзаға,

Арызын жеткізбек боп бұрынырақ:

- Мұныкі, сотник
мырза, караңғылық.

- Кәдімгі
жөнсіз-заңсыз надан қылық.

- Жо-жо-жоқ,
мәртебелім, зорлық қой бұл.

- Салықжан, мұңым
тыңда, наламды ұғып.

Мәнісін
айқай-шудың жаңа ұққандай,

Қарады Сарыөзенге Салық барлай.

Төгілтіп бір қара шал сөз бастады,

Пұшпағын
сары местің ағытқандай:

- Мединеде Мұхаммед,

Түркістанда Қожа Ахмет,

Самарқанда Сеид Ахмет,

Бұхарада
Шеих Ахмет!

Мыңға жалғыз тұра
алған

Ғерат тауда Раббан.

Отыз үш мың сахаба

От кешуге ел үшін

Пайғамбардан сұранған.

Сен солардың ақтығы,

Сейітзада қожамсың,

Дінислам аманда

Кім өзіңнен оза алсын.

Жарыла көштік - жау алды,

Бөліне көштік- бөрі алды.

Саяқ жүріп таяқ жеп,

Сарыөзеннен айрылдық,

Медеу тұтар
не қалды?

Дәулеткерей ағамыз,

Ғайбат айтты демесін,

Бір ай түгіл, бір жылда

Көрсетпейді төбесін .

Сұлу торы ат секілді,

Онда барса - оған жақ,

Мұнда келсе - бұған жақ

Алдиярым Меңешім.

Тобыр ноғай - тозған қаз,

Toп қарғаға жем болып,

Ғұзырыңа
келіп тұр,

Сүйенері сен болып.

- Ех, өнер, қазақы өнер, есіл өнер,

Алса ғой түзу бағыт көшің егер,

Тұтқасын
ұстар ең-ау дүниенің,

Әзірге жетімсің сен, кешіре гөр.

Шабылдың төреге еріп ер арқалап,

Сабылдың қожаға еріп тері арқалап.

Еділдей еркін ағып кете алмадың,

Еділдей екпіні бар өнер-талап.

Жайықтай жары биік көне арнасың,

Жайығым, сол аз арнаң жоғалмасын.

Өзінің топырағында өседі гүл,

Гүлдердің топырағы тоналмасын.

Иінде иірім тартып шыр айналып,

Сарыөзен бұлқынады
лайланып.

Еріксіз екі жақты жіпсіз матап,

Ортада жас офицер тұр ойланып.

Меңеш - Жәңгірден кейін

Ішкі Орданы
басқарған Меңдігерей Бөкейханов.

Toп жыңғыл
телміреді тораңғылға,

Салық тұр тораңғыл боп топ алдында.

- Ақсақал,

Жер сіздікі, - деді ол міне, -

Дауы жоқ құдайдың
да, қоғамның да.

- Ә, Құдай бар
екен ғой! Хақ тағала-ай,

Ұшырды-ау
періштесін аққа қарай.

- Нұр жаусын,
мәртебелім!

- Е, әрине,

Азамат сатсын елін жатқа қалай?

- Қожеке-ай,

Сен келмесең, кім біледі...

Мақтауға қандай, шіркін, қырдың елі.

- Білеміз біз де
заңды,

Байқа, сотник, -

Атаман аттың басын бұрды кері.

Атаман азу тісін қайрап кекті,

Ішіне бір сұмдықты байлап кетті.

Аждаһа зәрін емес,

Зілін тастап,

Айналып соғамын деп

Айбат шекті.

Қызарып Сарыөзеннің жарқабағы,

Батыс жақ бауырдай боп қанталады.

Жағада қалтыраған жалғыз ауыл,

Ортаға ап жас мырзаны қолқалады:

- Деген ғой асық
деме, сақа шығар,

Қарағым, қолың беріп, батасын ал.

Келеді бүгін бізге Сабыр бақсы,

Аузында алпыс жынның атасы бар.

Жап-жарық Ай аппақ нұр төккен алап,

Шоқиды шөмелелер көкке қарап.

Мұжықтың кепесінде гармонь сөйлеп,

Зарлы әуен нар қамысты кетті аралап.

От тілі сүйреңдеді ошақтағы,

Есіктен қос қуаныш қоса аттады.

Көшір шал бір өлеңді айта жүріп,

Төртеден қос күреңді босатты, әні:

«Таласты кедей, жарлы Сарыөзенге,

Ағын су - екі жағы жар өзенге.

Барды да қожа Салық қайрат етті

Пайдасы неше күйдің бар өзенге!»