ВЕРНУТЬСЯ

       Көкте Тәңірінің қалауымен,

Жерде менің үкіміммен

Жан-жаққа кеткен жаушыларым,

Ел-елге кеткен елшілерім

Ордаға қайтсын!

Батысқа кеткен баһадүрлерім,

Шаһбаз-ойларым - шаһ, әмірлерім,

Түстікке кеткен түмен қиялдар іргелі,

Атыңның басын бұр
кері!

Шығысқа тартқан шын сұлу ойлар, пері-ойлар,

Керуенің бұрып, кері айнал!

Тез жет, қайтсең де,

Солтүстік кеткен сом темір биім, қайт сен де!

Керуленнің аржағынан,

Керең таудың бержағынан

Қарақорымды басып өтіп келген,

Аспан тепкен орманнан асып өтіп келген

Менің Андамның қайтатын
кезі болды.

О, енді қашан келеді мұндай арман күн,

Батасын алып қалыңдар менің Андамның.

Андамның аты - Көктем, заты - бауыр,

Сұрасаң арғы атамыз - ақын ауыл.

Ол емес ара ағайын келер-кетер,

Жауырдың арқасына батып ауыр.

Кербала кепкен арнам толар ма еді,

Тағдырым Анда қылды оған мені.

Қуалап алпыс екі тамырымды,

Көктемнің қаны ағады содан бері.

Ойларым - баһадүрлер, шаһ-әмірлер,

Атам бол, аға-інім бол, қатарым бол.

Нанбаңдар мені өлді деп естісеңдер,

Мәңгіге жалғап кетті сапарымды ол.

Байсыңдар, бағылансыңдар, кедейсіңдер,

Нанбаңдар, нанбағанды не дейсіңдер.

Ар жақта Андасының жұрты бар-ды,

Иеміз солай кетті дегейсіңдер.

Бұл -
менің аспаным емес,

Бұл -
сенің аспаның емес,

Бұл - оның
аспаны.

Бұл аспан
- Хазіреті Шымшықтан тараған,

Алла рахмет назарымен қараған

Шымшықтың ата қонысы,

Асыл туған анадан.

Сенің маңдайыңда жазулы

Шымшық емес екенің.

Ендеше, аспан не теңің?

Кемел қайрат, кенен күш,

Шымшекең деген ерен құс.

Кереге қанатын кең жайып,

Көзбен шолып байтағын,

Аспанды бір күн жауып тастаса қайтесің,

байқағын!