ВЕРНУТЬСЯ

        Баяғы өткен заманда емес,

Дін мұсылман аманда емес,

Жиделі-Байсын жерінде емес,

Қоңыраттың елінде емес,

Бір алып айдаһар болыпты.

Жер деген - алма аумаған

(Сол кезде-ақ бар, ә, бұл ұғым).

Алманы сорып дәу Маран,

Жұтады екен шырынын.

Жұтқанын сосын құсыпты,

Көл-дария етіп маңайын.

Сол көлге қарай ұшыпты

Адамзат деген ағайын.

Қайтеді ұшпай,

су керек!

Бұлақ жоқ басқа ол маңда.

Ішкені елдің у десек,

У ішкен халық оңған ба?

Ол уақта атом жоқ әлі,

Газ да жоқ тұрған
жалаңдап.

Тазартып ішкен болады,

Қайнатып,

сүзіп,

амалдап.

Жайдақ бір атқа - құйысқан,

Әйтеуір, өлмеу қамы да.

Қалың жұрт шөптей ұйысқан,

Сирейді шөптей тағы да.

Күле де алмай еркінше,

Жылай да алмай еркінше,

Жайы бар жүрген кыбырлап.

Маран - жылан пірі.

Айдаһарды егер өлтірсе,

Өздері шәлден қырылмақ.

Амалы мұның бар шығар

Деуменен не бір жаужүрек,

Арықтап өлді сан шұбар,

Алпамыс біткен мәужіреп.

Табам деп сен де серт етші,

He істеу керек?

Жұрт дауда.

...Осыны айтып ертекші,

Кетеді енді ұйықтауға...