ВЕРНУТЬСЯ

 

     Ділім - қанағат,

Дінім - табиғат.

Түркі
мақал

 

Тізгін қағар

Ғалайкүм-ассалаума бас қонаққа,

Сонан соң үлкен-кіші,

жас талапқа!

Ниетімді жырға бұрдым,

жүзімді - елге,

Хиссасын Ғайша бибі бастамаққа.

Әуелден құлдық
деймін сөз бергенде,

Сол сөзді алып келдім безбендерге.

Жасымнан айтып жүрген хиссам еді

Осындай отырысқа кез келгенде.

Бері отыр, құдаша
қыз секемі көп,

Зілі жоқ әзіл айтсақ,

өтемі жоқ.

Жақын кел арғы-бергі жат пен жуық,

Алаштың баласының бөтені жоқ.

Бұл өзі
жаңам емес,

ескім еді,

Алыстан жаңғырығып естіледі.

Мақал бар:

«Түлігім - жылқы, түбім - түркі»,

Ал тарттық
сол түркіден көшті бері.

Түркінің табынары -

Көк Тәңірі-ақ,

Түркі кім?

Бізге дерек жетпеді нақ.

Әйтеуір,

тер сасыған тебінгісі

Бір елдің көшіп-қонып өткені хақ.

Бір елдің өткені хақ көшіп-қонып,

Көк селдір,

көркем дала бесік болып.

Әлі ешкім алдымызға жайған емес,

Сол кештің бума-теңін шешіп беріп.

Білесіз,

оралмасқа ол күн кеткен,

Айта алман тарих жазу сертім деп мен.

Баурында қарлы таудың қайнап жатты

Қағанат бөрілі ту желкілдеткен.

Таластың тар колтығы кіл қара тал,

Айналып атты әскерге тырна қатар,

Caп құрды иісі түркі қалың қол боп,

Сән үшін қу жебені сырлап атар.

Қағанат төжі дедік Хантәңірді,

Іргеде асау Құлан қаңтарылды.

Сүткент,

Шаш сүттей ұйып
жарлығына,

Бала боп Баласағүн аңтарылды.

Бас ұрып түргеш-басмыл бұл табынды,

Саудаға Самарқаннан жұрт ағылды.

Ыңыранып керуен тартып

Ұрым, Тибет,

Елпілдеп елші салды

Түрпан, Үнді.

Марқаны санға қоспай мал бітпеген,

Шаншиды мүртын көкке сәндікпенен.

Әрісі - дуана да дуадақтай,

Ұшында аса
таяқ бар құт деген.

Арғы бет...

билік берген батырға кіл,

Түркі үшін алыс та бұл,

жақын да бұл.

Атайық түркі емес деп біз оларды,

Әңгіме атында емес,

затында-дүр.

Ері кеп,

көп майталман алғыры да,

Аз емес ақымағы,

заңды бұ да.

Көк тіреп сол қағанат тұрса керек,

Ортақ боп талай жұрттың тағдырына.

Осал жұрт дей алмаймыз мұны, сірә,

Көп екен ұлтаны
да,

ұлысы да.

Шаһардан шаһар санап жаңылысқан,

Жолаушы шыққан кезде бір ұшына.

Мол тіпті жолбарысы,

бұғысы да,

Жортыпты қорқау қасқыр, ұрысы да.

Тек қана гүлге қонып жеткен дейді

Ұшқан құс батысынан шығысына.

Керуені Шашқа барды,

Қаптан келді,

Пайданы жұптан көрді,

тақтан көрді.

Жамбыны батырлармен жарыса атып,

Орғытқан ор қоян қыз қақпан белді.

Қағады күнде ертемен даңғыраны,

Қақпа алдын қалың әскер шаң қылады.

Қартайды мама ағашта карғып бекер

Қаншама қара мойын арғымағы.

Осы деп бүтіні де, жартысы да,

Таста оны тарихгөйдің талқысына.

Қалыңын қарт тарихтың көктей өтіп,

Тоқталық толық сөздің дәл тұсына.

Тоқталық толық сөздің дәл тұсына,

Және де жалпысы емес, жалқысына.

Лайқат емес делік бұл жиынға

Даулы гәп алды түзу, арты шүбә.

Біз айттық, екі жұрт та барыс дедік,

Барыстар бір-біріне шалыс келіп,

Аңдысып, айбат шегіп тұрмаушы ма ед,

Тайқуды, шегінуді намыс көріп.

Біз айттық екі жұрт та арыстан деп,

Айқаспай арыстандар қалысқан ба ед?!

Әзірге жұлқыласпай
бірақ олар,

Бір-бірін анди тұрсын
алыстан кеп.

Бұл маңды
қилы халық мекендепті,

Жақын да, жат ниетті бөтен де өтті.

Сонымен, қадым түркі заманында

Таласты таласа емген екі ел бопты.

 

Жыландар жыры

Әлқисса, ол заманда Талас жерінде
ордалы жыландар болады екен. Олар
адамдарға, адамдар оларға тимепті. Күндердің күнінде қағанат халқы, «жылан бауырына алтын басып ұйықтайды»
деп, ордаларды ойраңдап, кен қопарып, орнына мал жайып, егін салып, шаһарлар тұрғыза
бастапты. Сөйтіп, бір күні кезек ең соңғы ордаға жетеді. Өрт құшағында аласұрып
жүріп алты құлаш кара жылан, алтын бауыр ана жылан былайша зарлайды:

Кереге бойым жиырылып,

Келте де болды-ау, ой, заман.

Қызыл көз қоңыз шүйлігіп,

Желкеме қонды-ау, ой, заман.

От-жалын шырмап келеді

Торына мықты, ой, заман.

Ордамның асты кен еді,

Сорыма бітті, ой, заман.

Жай басар жампоз серігім

Жайнаған шоққа жығылып,

Керіліп өткен кер інім

Кесірткеге ұқсап жүгіріп;

Ораса нарды құлатқан

Орма тіс апам,

тырбанып,

Кесек те кесек у атқан,

Кез жарым сіңлім шыңғырып

Шұбар да
менің ұлдарым

Шұбырып
бері тығылды.

Аяй гөр, әй, өрт,

қырмағын,

Берейін жұлып тілімді.

Атан да бойлы ақ жалын,

Бір үрпақ қалдыр ордадан,

Көрініп келген көкжалым,

Көмегің болсын сол маған.

Түтінді бір сәт жел түрсе,

Қариды алау тәнімді.

Садақпен атып өлтірсе,

Садақа дер ем жанымды.

Аяғым да жоқ,

қолым жоқ,

Қашайын десек, жолым жоқ.

Ордамыз қалды күңсіген,

Күйелеш қара қорым боп.

Таластың бойы тал еді,

Тал бойым бар-ды әдемі.

Тал түсте келіп өртеген

Адамзат деген аң еді.

Үйімнің алды беткей-ді,

Беткейден түскен өрт дейді.

Осының бәрін жасаған

Адамзат қалай көктейді?!

Заманнан заман жалғасып,

Қағаннан қаған алмасып,

Адам мен Жылан

Таластан

Айырып едік дәм-нәсіп.

Бауырыма бассам алтынды,

Жылуын алдым тоңғасын.

Қорғансыз мына халқымды

Қорласын деп пе ем... cop басым...

Таластың тауы,

аспаны -

Мен ие деді патша-Адам.

Маңайын жалмай бастады,

Керектей тамақ тек соған.

Ығысқан жерім шет дала,

Қуды ғой түре одан да.

Туған жер деген тек қана

Қеректей жалғыз соларға.

Тарылтып қырдың тынысын,

Ұмтылды біздей сорлыға.

Қорғану дейді мұнысын,

ІПабуыл деудің орнына.

Айырып соңғы суымнан,

Бақалы сайды тағы алды.

Қаймығушы еді уымнан,

Уға да тапты амалды.

Ол үшін енді жоқ қайғы,

Басқаның уы,

зәрінен -

Ештеңеден де қорықпайды,

Қорықпаған жаман бәрінен.

Қорықпаған жаман,

қорықпаған,

Қорқыныш жоқта - жоқ өмір.

Тап берген сөтте от маған,

Осылай дедім неге-дүр.

Сездім де сосын лаңды,

Аждаһа-шалға сиынып,

Іліп ап екі жыланды,

Лақтырдым алыс шиіріп.

Қызыл бұлт көкті торлай ма,

Бір жаққа, бәлкім, көшем-ді?

Қос жетім аман болғай да,

...Ей, жарық дүние,

қош енді!..

Қағанатта жылан даусын еститін
жалғыз адам қалған көрінеді. Ол Ғайша
есімді ақын қыз екен. (Археология
және тарих ғылымдарының соңғы жаңалықтарынан түркі дәуірінде Талас шаһарында
будда, христиан, ислам, тіпті заостризм діндері қабат дамып, қатар өмір
сүргенін біліп отырмыз. Түркілер мұның бәрінен де өтті). Біздің кейіпкеріміз -
Ғайша Інжіл, Зәбур, Тәурәт, Құранның ешқайсысын мойындамайтын. Жоқ, сіздер кешірерсіздер,
ол атеист емес еді. Жұрт Ғайшаны білім қаққан адам десе, ол өзін Құдаймын
дейтін. Әсіресе, ата-анасы сиынған ислам дінімен ерекше өш болды. Исламның
түркілер арасында қатты дамығаны сонша, Ғайшаға енді екі-үш жылда әлемді жаулап
алатындай көрінді. Сондықтан кейіпкеріміз «Төрт кітаптан шыққан бір кітап» атты
еңбегін өзінің ана тілі - түркі тілінде мүмкіндігінше тез жазып бітіруге асықты
да, ізінше араб, парсы, қытай, грек тілдеріне аударуды жоспарлады. Ол
асықты. Асыққан себебі әлемді тез құтқару керек

еді. Ғайшаның жоспары бойынша,
еңбектің негізгі баптары мынадай болатын:

1. Мұхаммед
ғалайс-салам ғұзырына

Алла жар айтты түрік қызы мына.

Шан-шараф,

Ізет-үрмет әмәнда оған,

Пенде боп кірмесек те ұжымына.

Пайғамбар талай-талай ғаламда бар,

Ілкісі - сәфиолла Адам болар.

Нұх нәби,

Ғайса,

«Алла жар» - бұл... енді кейінгі жырлаушылардың қосқаны болса керек. Әрине, исламға өш бола тұрып, Ғайша
мұндай тіркесті пайдаланғанына біздің
де күмәніміз бар. Бірақ кім біледі... Сол кездің сөз салты бойынша айтуы да мүмкін-ау деген кұдігіміз тағы бар

 

Мұса,

Тақ Сүлеймен,

Ең соңы Мұхаммедпен
тәмәмдалар.

Ен соңын Мұхаммедпен
тәмәмдарда,

Тіліміз бармайды оны жамандауға.

Сарп етіп күш-қайратын

Һәм
дарынын,

Ғаламат сарай соқты ол адамдарға.

Іргеде Әбілһаят - күміс бұлақ,

Маңайы - жайлы мекен,

тыныш тұрақ.

Ғаламат сол сарайдың іргетасы

Әу баста қаланбаған дұрыс бірақ.

Кешпейді мұт-мұсылман мүмкін мені,

Кеңкелес шатып жүр деп шіркін нені.

Бұзбасақ
қисық үйді бүгін бірақ,

Үстіңе құлауы хақ бір күндері.

  2. Түркі еместер мен түркілер қазір қыл көпірдің үстінде тұр. Соғыс бүгін бастала ма, ертең бастала
ма - ешкім білмейді. Бір қызығы, мұнда
да, онда да ертеңім не болады деп жүрген халық жоқ. Бәрінің мақсаты - алу, алу, ала беру, жинай беру. Кімнен алып жатыр,
неге алып жатыр - бірінің қаперіне кірсеші. Мұхаммед жасаған діннен қайран
кетті. He істеу керек? Абзалы, анық қатесін білу һәм жөндеу-дүр.

Мұхаммед
ғалайс-салам ғұзырына

Алла жар айтты
түрік қызы мына.

Шан-шараф,

Ізет-құрмет
әмәндә оған,

Пенде боп кірмесек те ұжымына.

Сиынып анам өсті,

атам өсті.

Демек, бұл
мен үшін де жат емес-ті.

Барлық дін жасаушылар секілді, әттең,

Ол дағы бір-ақ жерден қателесті.

Бір саны артық кейде жүзден делік,

Қатесін сұрасаңыз сіздер келіп:

Алланы өз қолымен
жасады да ол,

Алысқа алып кетті бізден бөліп.

Бқл жайды
айтпасақ та,

ел біледі,

Мұхаммед -
фәлсафада ердің ері.

Жеті қат кең аспанның ар жағында

Алланың мекені деп сендіреді.

Біз айтсақ

еліміз бар,

жеріміз бар,

Тұрмасын
көктен Құдай төгіп ызғар.

Тіршілік біз білетін Жерде әзірге,

Ол енді Жерге түссін дегіміз бар.

Біз айтсақ,

демеңіздер келемеж бұл,

Тойдырды көкте жүрген жоқ елес құр.

Сол үшін, Мұхаммедше

Адамдардан

Алланы бөлек ұстау жөн емес-дүр.

Парықта жасап жүрген ісіңді, кел,

Кел, кәні,

ойынды өлше,

күшіңді көр.

Адамдар,

сендер,

сендер - Құдайсыңдар.

Кез жетті енді осылай түсіндірер.

Ғарыштың керегі жоқ,

жырақтың да,

Көкте емес,

Тәңір үшін тұрақ
- мұнда.

Біз айтсақ,

адам қанша -

Құдай сонша.

Себебі

Адам - Құдай бір-ақ тұлға.

Демек, жер бетінде канша адам
болса,

Құдайлар да сонша.

 

         Әрбір адам өзін Құдай тәрізді жалғызбын деп есептесе, жоқ нәрсеге сеніп,
сырттан көмек сұрамай, бәрін өзі жасар еді. Ал Құдайдың ісінде әділетсіздік
болмайды. Сонда Құдайдың жасайтын істерінің бәрін (тіршілікке нәр беру -
жаңарту, жасарту, өсіру, қанағат-нысаппен жұмыс істеу, т.б ) Адам «өз жұмысым,
өз міндетім» деп ұғар еді де, жанды-жансыз табиғатты, жалпы қоршаған ортаны
балаларым, пенделерім деп танып, олардың қателіктерін, қиянаттарын жөндеп,
тезге салып, үйрете жүріп, үйрене түсер еді, жетілдіре жүріп, жетіле түсер еді,
себебі ол - Құдай. Әзірейіл, Жебірейіл, Мәкейіл, Ысрафыл - жалпы періште
атаулының керегі жоқ. Егер Адам - Құдай қателессе, оны ешкімнің көмегінсіз өзі
жөндейді. Жасаған күнәсі жөндеуге келмесе, өмірден өз еркімен аттанып кету шарт. Қиямет-қайым деп сол күнді атаймыз. Жалпы, ақыр-заман болады деу өтірік. Әркімнің өз
ақырзаманы болады деу қисынды. Соның
үшін, біз елімді ақ шейіт және жанықас деп екіге бөлуге қарсымыз. Барлық
өлгендер - ақ шейітер. Себебі
адам дегеніміздің өзі - Құдай.

 

  Адам - жыртқыш!

Себебі

Құдайларға пенде болып келеді.

Жер де,

Ауа да Тәңірдікі дейді олар,

Тәңір суы,

Тәңір асы жегені.

Туғаннан-ақ кесіп-пішіп борышын,

Құдай өзі шектеп қойған өрісін.

Торда ұстаған арыстан ол мысалы,

Әрі ашқарақ,

әрі ашушаң сол үшін.

Құласа да,

Бір Құдайдан көреді,

Жыласа да,

Бір Құдайдан көреді

(Неткен сорлы ел еді?).

Құдаймын деп сезінсе егер ол өзін,

Құдайға ұқсап сыйлар еді өзін де,

Адам - Құдай себебі.

 

       Мешітке, шіркеуге, пүтханаға барып мінәжат ету, жалбарыну, тілек тілеу
күнәдан тазартпайды.

Ол - өтірік. Адам - Құдайлар бір-біріне сену керек. Өйткені бәрі тең. Адам
күнәдан өзі тазаруға тиіс. Себебі ол - Құдай.

0сы кітапты оқьш шыққан адам өзін Құдаймын деп есептеп, дүниеге жаңа көзбен
қарауға тиіс. Себебі ол - Құдай.

Ғайша қанша ойланса да, жүзінші тұжырымды таба алмады. «Жүзге жеткізу шарт
емес» деп өзін өзі жұбатса да, еңбегіне ең басты бап жетпей тұрғандай көрінеді.
Сол ой бүгін-ертең, тіпті осы қазір келе қалатын секілді алаң көңіл боп ұзақ
жүрді. Ақыры, жүз деген санды еңбектің ең соңына қаздитып қадап қойды да,
жанына: «Оқушым, мұны сен айт!» деп жазды. Көңілі онымен де тынбады. Ей, менің құрметті
оқырманым һәм тыңдарманым, бұл әңгімені осы арада үзелік те, сөз басына қайта
оралайық. Әлқисса, ана жылан зарын жүрегімен естіген Ғайша ойланды:

Алып келіп айқасты ғаріптермен,

Күтіп пе едім осыны халықтан мен.

Әлі Құдай болған жоқ,

өкінішті-ақ,

Адам Адам болудан жалыққанмен.

Аспан деген -

Адамның шаңырағы,

Жер менен Су -

меншікті малы,

наны.

Өз жиһазын талай ма жат мүлкіндей,

Өз жиһазы еді ғой бәрі дағы.

Қайда бастап барады қабарған күн,

Кімді сөгіп,

кімді енді жамандармын.

Түмен жылан өлген жоқ,

өртенген
жоқ,

Түсіп кетті ішіне адамдардың.

Орда жылан, от қойсаң мекеніне,

Өліп жатып,

тіріліп кетеді де,

Ой-пейіліне көшеді өлтіргеннің,

Бір де бірі қалмастан көтеріле.

Болмады ғой болмаспен белдескенің,

Жылан көшті жұртынан,

сен көшпедің.

Сыртың - Адам болғанда,

ішің - жылан,

He болады ертеңің,

жерлестерім?

     Сол кезде Ғайшаның Алмас атты ер
жетіп қалған інісі бар екен. Сол
інісі ой құшағында отырған
апасына келіп айтып жатыр:

- Жаным апа,

жан апа,

Маған құлақ сал, апа.

Қаған айтыс өткізбек

Дүйсенбі күн таң ата.

Батыс тұсы
- Баршынкент,

Шығыс тұсы
- Баба ата.

Тағы айтайын,

тағы, апа,

Күллі ақындар жиналмақ

Күншілік жер Арыстан,

Айшылық жер алыстан,

Өзгент,

Сауран,

Барысхан.

Өлең сөзге келгенде,

Өңкей бөрі,

арыстан,

Теке тірес күтіп тұр

Тек күштілер алысқан.

Апа, соған бар сана,

Алқа топты жар сана,

Кереметі-ай деп жүрсін

Келген халық тамсана.

Алыс-жақын баршаға

Хабар айтып жар сала,

Қаған отыр көміліп

Мауыт,

шұға,

паршаға.

Оң қолында - он алтын,

Сол қолында - сом алтын,

Бәйгеме деп ал сана.

Үйде азық таусылды,

Қалта түбі - қадақ үн,

Қатқан наны табаның

Жетер дейсің қаншаға?

 

        АВТОРДАН:

      Осы жерде біз айтысқа аз ғана сипаттама бере кеткенді жөн көріп отырмыз.
Жапон халқы үшін Фудзияма тауының маңызы қандай болса, о баста түркілер үшін
айтыс сондай еді. Ел кейін «айтыс ұсақтап кетті» деп жүрді. Ұсақтап кеткен
айтыс па, жоқ ақындар ма? Ғайшаның ақын досы Мәстекбай «Төрт кітаптан шыққан
бір кітапты» оқып, «тілі жақсы екен» деп мақтады. Өзге ештеңе айтқан жоқ. Тек
сөз соңында: «Ғайша, сен байқа, Қаған Мұхаммедті сынаған тұстарыңды оқып, «мені
айтып отыр» деп ойлап қалмасын. Заман қиын боп кетті ғой өзі», - деп сақтандырады.
Әрине, шығарманың жауы сақтану екенін Мәстекбай білетін, бірақ мойындамайтын. Ғайша
осының бәрі адам өзінің Құдай екенін ұқпағандықтан деп білді. Айтыстың әуел
бастағы мәнін жоғалтқанына Қаған да күйінуші еді. Күйінетіні - шындықты біле
алмай дал болатын. Сол кездегі барлық ел билеушілер секілді ол да (бүгінгі тілмен
айтқанда) артистіктің шегіне жеткен жан еді. Саудагердің киімін киіп, сақал-мұртын,
өңін өзгертіп, өзі де талай рет сайысқа түсті. Ылғи да сөз жүйесін бұрып әкеліп
Қағанға тірегенмен, ақын біткен «Қағанатқа нұр берген, тілсіздерге тіл берген»
дегеннің төңірегінен шықпай діңкелететін. Осы жолы да Ғайшамен айтысуға өзі
шықты. Өкінішке орай, айтыстың толық нұсқасы сақталмаған. Бірақ біз «Прогресс»
совхозының сиыршысы Қарахан Чижиков (Чижиков - Шұжық шалдың баласы деп ұғыңыз)
ілгерідегі «Қыз бен жігіт айтысы екен» деп, той-томалақта «Ай, Сартайым,
Сартайым» атты әннің әуенімен айтатын мына өлеңдерді сол айтыстың үзінділері
деп ойлаймыз.

 

Қыз (Ғайша):

Керме, керме, керме өлең,

Керіп тартшы кәлденең,

Тұяқ
біткен сүрінсін,

Тізе біткен бүгілсін,

Заман, заман, заманды айт,

Заман құлы Адамды айт,

Қағанатты айт,

Қағанды айт,

Күндіз-түні жау күткен,

Гүжілдескен,

әуліккен

Қала сырты қамалды айт.

Шораларды тең көріп,

Шора еместі кем көріп,

Олай шаптың - жөн дедік,

Былай шаптың - жөн дедік.

Қайқы қылыш - қара
өлең,

Анаған да сермедік,

Мынаған да сермедік.

Қош, өткенге салауат,

Мен білейін шамаңды,

Ал кәне, жамандашы Қағанды.

Жігіт (Каған):

Ал айт десең, айтайын,

Қаратаудың басынан

Қайырайын өлеңді.

Алатаудың тасынан

Айырайын өлеңді.

Мен жөнімді айтайын,

Таңдап жолдың алысын,

Талай жорттым ар үшін.

Таудың тарпаң тағысын,

Толғай салып бұғалық,

Тоқтатқаным тағы шын.

Қарағай шаптым,

тал емес,

Ақ найзама caп үшін,

Қорқақ жігіт өсте ме?!

Іленің
бойы нар қамыс,

Нар қамыста жолбарыс,

Жаратқан сәтін салған күн,

Жалаң колмен барғанмын,

Барып, терісін ішікке алғанмын.

Қорқақ жігіт өсте ме?!

Көрген емен Қағанды,

Білген емен Қағанды,

He деп сөгем,

ақыл бер,

Танымайтын адамды?

Қыз (Ғайша):

Пай, пай, жігіт, пай, жігіт,

Бес қаруы сай жігіт.

Атан дедің,

ат дедің,

Әрі кеттің жебелеп.

Қара дедің,

ақ дедің,

Айта алмадың шегелеп.

Тану үшін Қағанды

Халқын білу жетпей ме,

Өзін білу не керек?

Жігіт (Каған):

Мен, мен деймін,

мен деймін,

Халқын айтсам, өрлеймін.

Итаяғы күмістен,

Ит жабуы пүліштен,

Дәулетіне бір құлдық!

Мұнарасына бұлт қонған,

Шаһарына жұрт толған

Сәулетіне бір құлдық!

Састы қаһар-кәрінен

Түркі еместің
бектері,

Ұрысарға келгенде,

Ұрым да одан өтпеді.

Жиырма төрт баулы түркіңіз

Алдынан кесе өтпеді,

Жер-әлемде дәл мұндай

Күшті халық жоқ, тегі.

Қыз
(Ғайша):

Білдім, жігіт, шамаңды,

Сен қорықсаң, үндеме,

Мен айтайын Қағанды.

Түркі жұрты әу
баста

Алақандай арал-ды,

Таққа
Қаған мінген соң,

Айласы бар мекерлік,

Ақылы бар жетерлік,

Кеңге салды қамалды,

Қырық шаһарды каратып,

Жиырма төрт елді тағы алды.

Қырды қырып,

ойды орып,

Бәрінен күшті болсам деп,

Аш бөрідей жаланды.

Әр Мұсаға
бірақ та

Бір перғауын табылар,

Арғы бетті
жалмаған

Түркі еместің ханы
бар.

Сүңгі найза біз болсақ,

Қырлы найза ол болар,

Екі бүркіт шайқасса,

Қара халық - қарға-дүр

Қар үстінде жорғалар.

Жақын да болса,

жат болып,

Жұп та
болса,

тақ болып,

Қашық түр ғой екі жақ.

Жол тұйыққа
тіреліп,

Үрейленіп үдеріп,

Сасып тұр
ғой екі жақ.

Айтып-айтпай, не керек,

Бәрінен өзім күшті болсам деген

Қағаныңның ниеті жат!

Жігіт (Қаған):

Дана дейді ақынды ел,

Жат бол мейлі,

жақын бол -

Жол тұйыққа
тірелді,

Үрейленді үдерді.

He істе дейсің Қағанға,

Ал айташым, ақыл бер!

Қыз (Ғайша):

Оя шапқан мен болсам,

Қия шапқан сен едің,

Қорқақтарға қор болған,

Есіл менің өлеңім!

Сөзім - шығын сендейге,

Өзіне айтам Қағанның

He істеудің керегін.

Солай деп орынынан тұрады қыз,

Шудағы нар қамыстың шұбары қыз.

Шапанын шешіп жатты ақын жігіт:

- Қарындас,

жол сіздікі...

кінәлі біз.

«Қарындас,

жол сіздікі...

кінәлі
біз...»

Ел у-шу: «Қанбай қалды құмарымыз».

Жігіттің ішіп-жеген көздерінен

Бір гәпті аңдап қалды қырағы қыз.

Бір гәпті қырағы қыз аңдап қалды,

Сол гәпте зіл-батпандай салмақ бар-ды.

Толкын-жұрт сазан-қызды алып кетті,

Қаба алмай,

«қап, әттең» деп қармақ қалды.

Қаба алмай, «қап, әттең» деп қармақ қалды,

«Бибілеп» аңқау кемпір аруақтанды.

«Бала ойын, бақсы зікір неме керек», -

Соны айтып сақ сауысқан шал баптанды.

Жете алмай бөйге малдың есебіне,

Жегжаттар

(мархабаты өсе, міне)

Ырым деп ырғап тиеп кетіп жатты

Тайына,

тайлағына,

есегіне.

Ұмтылды көсемі де,

есері де,

Алтынның жартысы емес,

кесегіне.

Таратар шебер олжа,

шешен сауға,

Жалғыз қыз - шебері де,

шешені де.

Сөздің де мойтабы бар,

өткірі бар,

Оқушым, мұнда мағына көп-ті ұғынар.

Өлеңді мән
деп емес,

сән деп білу

Болған ба ол кезде де деп күліп ал.

Көзіммен көрмесем де барып оны,

Айтайын, жүгіртпей-ақ ары-бері.

Мақтаншыл,

ағайыншыл

һәм айғайшыл,

Түркі де өзіміздей халық еді.

Сыпаттап сөз көбейтпен туысын әр,

Айттық біз,

Алмас атты інісі бар.

Табалық сол інісін топ ішінен,

Демелік көп баланың бірі шығар.

Сорлы апа,

бауыр десе,

жай таба ма,

Қайда іні -

Қара,

қара,

қайта қара.

Дорбаны алтын толған бұлғақтатып,

Барады бала тартып майханаға.

Жеңгелер бая-шая «жетпегірлеп»,

«Қарашы, түк қалдырмай кеткенін!» -деп,

Шығады майханадан мас дауыстар,

Ән салған «жерде - түркі, көкте - күн» деп.

     Әлқисса, айтыс өтіп, базар
тарайды. Қүндер өтіп жатады. Қағанның ханышасы қанша жылдан бері сал ауру екен. Жұрт көзіне көрінбей, қараңғы бөлмеде
жатқандықтан, шөлмектей боп ағарып кеткен сол ханша еріне тіл қатады:

- Ай, пірім, мен енді жылан боламын, - дейді.

- Уай, қосағым, неге олай дедің?

 - Пірім, сенің халқың өртеген ордалы жылан түсіме кіріп: «Ханша, сенің бауырың суық, өңің
боп-боз, босаға бойлы боз жыланға ұқсайсың»
деді. «Уай, Мәлике-Маран, жылан пірі,
мен науқас адаммын, неге бұлай мазақтадың?» дедім
мен. «Жылан бауырына алтын басып ұйықтайды.
Сен де алтынның ішінде ұйықтайсың. Күндердің күнінде алтыныңа
қызыққан бір қыз төсегіңнен аударып тастап, орныңа өзі жатады. Алтынды жердің
жауы көп деген, сөйтіп, сен ол қыз
үшін де, ерің үшін де жыланға айналасың» деді- Ай, пірім, сен менің бөлмеме келгенде шапанынды, мәсіңді шешіп келетін едің, бүгін базар
киіміңмен кірдің. Мен ойлап
жатырмын, ордалы жылан айтқан «күндердің күні» таяп қалған екен деп.

    - Уай, қосағым, сен олай деме! - Қаған солай деп айтуын айтса да ойланды.

Мәлике-Маран дейді жылан пірі,

Мен дағы жылан болып шығам түбі.

Жылжыдым бауырым төсеп от үстімен,

Жұрт етем деумен өңшең бұралқыны.

Ханыша жыламады,

күлмеді де,

Тәркі оған үлде менен бүлде міне.

Аллам-ай,

сүймеймін ғой,

сүймеймін ғой,

Бұл байғүс
соны бүгін білгені ме?

Қарайтын паң жымиып төсін кере,

Қалыпты-ау тулақтай боп есіл дене.

Көрсетпей жұрт көзіне қаншама жыл,

Жасырдым сал екенін не үшін?

Heгe?

Шақырды арман алыс,

мақсат әрі,

Кім менің арманымды ақсатады.

«Көкте - күн, жерде - түркі қағанаты»,

Тек қана шықсын дедім жақсы атағы.

Ел болам емен-жарқын еркін күлген,

Сол болды өзіме айтқан сертім бірден.

Түркі үшін тұншықтырдым
қанша ойымды,

қаншама сезімімді өлтірдім мен.

Ал бүгін алтын қолым күл көседі...

Жетім қыз Ғайша емес пе бұл кешегі.

Ғайша емес,

осы пәле көктен түскен,

Апыр-ай,
сайтан болып жүрмесе еді?

Кетті үнсіз, қайырылып қарай-қарай,

Өкінді әлде айтып қап абайламай.

Кім екен ол қаншықты айтақтаған,

Үреді Қаған жайлы қалай-қалай?

Көзінен өткізсем бе керегенің,

Тұрса ғой
дар алдында,

көрер едім.

Бұл пәле бірде алыстан,

бірде таяп,

Кетпейді көз алдымнан неге менің.

Белгісіз сүйінгені,

бүлінгені,

Еріні ханышаның дірілдеді.

- Ұмытып қалыпсың
ғой сүюді де,

Ғашықсың,

ғашықсың сен, пірім, - деді.

Ханыша қиналған да жоқ қысылып,

(Әйелдер аз біледі, көп түсініп).

- Тәйт әрі!

Бұл не
сөз?!- деп Қаған сол сәт,

Есікті тарс ұрды
да кетті шығып.

     Сол мезет төсектегі ханыша
жиырыла түсіп, жыланға айналып сала
берді. Қаған боп-боз боп бүрісіп жатқан жіңішке
жыланға қайырылып бір қарады да, есік алдында тұрған екі күзетшіге иек қақты. «Ешкімге көрсетпей, көміп тастандар!» дегенді айтқызбай ұққан екі құл іске кірісті.

Майхана

Көңілі алай-дүлей күпті болып,

Әлқисса, Қаған үйден шықты делік.

Ілесті бұл
да міне

жаяулатып,

Ағылған майханаға жұртты көріп.

Тастап кет ақылыңды,

сезіммен кел,

Сезіммен келе алмасаң,

өзіңнен көр.

Майхана дуылдайды, шуылдайды,

Көр, Қаған,

көр бәрін де,

көзіңмен көр.

Тастап кет жаманыңды,

жақсыңмен кел,

Тасып кел,

құмартып кел,

нәпсіңмен кел.

Жаңа өскін,

жас қауымың міне осында,

Жаныңыз бір рақат тапсын,

көр,

көр.

Жеке қыз,

жұмыр байтал тойнақы қыз,

Жеп-жеңіл ақтиін қыз,

ойнақы
қыз.

Жемсауы ақтиіннің бүлкілдейді,

Жем тастап тойдырыңыз,

тойлатыңыз.

Қыз да емес,

тиін де емес,

тұнған бір ән,

Тәж-дәулет,

тәркі дүние құрбан бұған.

Әукесі салбыраған құлтекедей

Әуейі қара сақал тұрды орнынан

Беттейді шымылдыққа
олар әні,

Әлдекім бір күрсініп,

дем алады.

Қос сұлба
қосылады...

жоғалады...

Ұзайды бір
айғыр топ,

оралады,

Айқай-шу, түтін,

түтін көк алалы,

Домалап біреу жатыр аяқ асты,

Мысалы миқұрт тоқты қорадағы

Айғырды ақталаса -

азбан болар,

Жігітті құмар алса -

азған болар.

Азбан да,

азған да бар осы топта,

Бұл топта
өзіне көр қазған да бар.

Егдедей еңкіш тартқан есіл інің,

Қөңіліңнің жоқ секілді хошы бүгін.

Жаман қой қартаяды ісегінде,

Соншама жүнжігені несі мұның?

Бұлаңы лаң сынды түлкі қыздың,

Осы ма келешегі жұртымыздың.

«Көкте - күн, жерде - түркі»...

...Қайдам,

қайдам,

Сықпыты мынау болса түркіміздің?!

Жүректі бір жау артық мына мыңнан,

Жау түгіл,

ит қорқа ма бұларыңнан?!

Құшақтап құлдан
туған кіл тексізді,

Шыққанша ішсем бе әлде құмарымнан

Сөйтіп бір жанға медет тапсам бетен...

Күнәға доңыздайын батсам ба екен?!

Жоқ әлде доңыздарды тізіп қойып,

Бастарын бір-біреулеп шапсам ба екен?

Жапалақ ұрпақ
емес қыран елге,

Қырған жөн!

He жаза бар бұдан өңге?!

Ғайшаны осы жерден іздедім-ау,

Есуас болғам шығар, сірә, мен де.

Қым-қуыт,

айқай-ұйқай

шаң-шұң
еткен,

Қағанды көре салып қарсы беттен,

Жылан көз қара бала жүрді бері,

Өзгені қағып-соғып,

паңсып,

өктем.

- Кімсің сен?

Кімді іздедің,

нені іздедің?

Немене-ей,

тіл-құлақсыз доңыз ба едің?!

Тұтығып Қаған әрең тіл ката алды:

- Ғайша ақын...

Іздегенім со қыз менің!

- Ха-ха-ха,

адасыпсың сен, ендеше,

Келмейді біздің топқа ол өлмесе.

Ал егер қыз керексе,

бері жүргін,

Айт бірақ теңгең барын берер неше?

- Жо-жо-жоқ...

- Кәне, созғын пұлыңды алға! -

Өтеді көзі өңменнен сұғынғанда.

- Алдыңда сол
Ғайшаның інісі түр,

He керек,

сөйлес өзің,

Тілің бар ма?

- Мен Қаған...

- He дейсің-ей,

сен бе Қаған?

- А-ха-ха-ха-ха-ха-ха,

өл де маған!

Айт кәні,

сопымысың,

ұрымысың,

Жоқ әлде жансызбысың жол қараған?

Жымқырып кетпекпісің елдің мүлкін,

Ата жау Түркі еместен
келдің мүмкін?..

- Ұр итті!

- Teп ішіне!

- Жабыл!

- Жабыл!

- Қолына талдап жұлып
бергін мұртын.

Ата жау,

алдарыңда Түркі емесі,

Белгілі Түркі емесің
жұрт емесі.

- Соғыспақ біздің
елмен күшті осы ғой,

Құрбандық бүгін тағы бір төресі.

Тұрсын ба
есірткі ішкен топ қаймығып,

Қағанды теуіп кетті доптай қылып.

- Түркімін,

түркімін мен...

- Тыңдамағын!

- Тоқташы-ей, не
дейді өзі?

- Оттайды қырт!

- Оттайды!

- Teп,

домалат!

- Жүгір,

жүгір!

Естіді кара жігіт күбірді бұл:

- Түркімін,

Ер Күлтегін зәузәтімін...

- Ол кім ед?

- Ит біліп пе,

Кідір,

кідір!

Кіл бұзық
әрі айналып өте берді,

Бөлініп қара жігіт жеке келді.

- Кәне, түр,

кім ол сенің Күлтегінің?

- Күлтегін...

- Тепші басқа!

- Жетер еңді!

Айызы қанбай қалған ұрысқа әлі,

Айғыр топ дабырласып жылыстады:

- Ғайшадан сұрай
салшы,

ол кім екен?

- Қағанның шығар,
бәлкім, туысқаны.

Түн.

Түн.

Қап-қара түн ...

 

Күлтегін мен Қаған

Қаған:

Қағанаттан мият кетті,

Қара орманнан ұят кетті,

Қағаныңнан қайрат кетті,

Ақ ордадан айбат кетті,

Уа, Күлтегін
баба,

медет бер!

Сен түйірлеп жинадың,

Түркі қағанат болды.

Мен үйірлеп жинадым,

Түркі қара бақ
болды,

Басқа жаманат қонды.

Сен таспен ұрып алдың,

Қарық боп,

кенелдің әман.

Мен аспен ұрып алдым,

Бірақ не көрдім одан?

Сен дұшпанды көбейттің,

Досың табынды,

құлап.

Мен іргені кеңейттім,

Тынысым тарылды бірақ.

Сен отырған елді көшірдің,

Оңдырдың.

Мен көшіп жүрген елді қондырдым,

Қор қылдым.

Сен бар нәрсені жоқ еттің,

Керсендеп зәмзәм
ішті кедейлерің.

Мен жоқ нәрсені бар еттім,

Көбеймедім.

Сен тарихыңды тасқа ойдың,

Мәңгі боп қалдың.

Мен ілімге бас қойдым,

Мәңгі боп
қалдым.

Күлтегін:

Бәрекелде,

бәрекелде,

Беу, айта түс,

тоқтама,

тоқтама сен!

Өлмепті ғой,

әлі де бар екен де,

Ұлы Қаған түркіде жоқ па десем.

Сен алдап та алдың,

тартып та алдың -

Түркіге қостың.

Сен бәрін қарпып қалдың -

Түркіге қостың.

Сен бірден іріні үйреттің -

Құлы қосылмады.

Сен түркінің тілін үйреттің -

Ділі қосылмады.

Тұрдың да қасында төніп

Жолда құлаған күреңнің,

Сол қолыңмен басын көтеріп,

Оң қолыңмен орып жібердің.

Сен ілімге бас қойдың,

Сөге алмаймын ол үшін сені, тегі.

Мен тарихымды тасқа ойдым,

Себебі тас өзге емес,

Менікі еді.

Сен аспен ұрдың,

Ол рас,

Пір тұтпады
ел бірақ та неге сені,

Себебі ол сенің асың емес еді.

Қорыққандар мен үріккендер досың болып,

Күш қосылды,

Дей алман қосылды ерік.

Өз әкесі бар ұлды
жетім санап,

Әке болғың келеді тосын келіп.

Жүректерді жаулайтын жол бар деп ем,

Сен іргені кеңейттің қорғанменен.

Жалған тарих әдемі шынжыр сынды,

Тез үзілер,

әдемі болғанменен.

Heгe бердің бұлдасаң
көмегіңді,

Тек төр жаққа сүйрейсің неге еліңді?

«Қор болма» деп жазғанмын тасқа өсиет,

«Зор болу» деп оқыпсың сен онымды.

Тұманды күн самғаған қыран едім,

Жете алмаған жерім көп мына менің.

Қөшкен елді қондырдың - мұның да шын,

Өзі қонуы керек-ті бірақ оның.

Түркі үшін деп төсектен безіндің де,

Ақылға ердің.

Ұмытылды сезім мүлде.

Сен қорладың өзгенің бәрін, бәрін,

Сорлағаның сол, балам, өзіңнің де.

Кдған:

Көнеді ұлы бәріне -

He жай тапсын,

Шығып кетсін жаны не.

Ей, мынау жарылып кеткір жүректі

Паршалай түсші әлі де,

Түркіні халық етем деп,

Ұшырап
түркі кәріне,

Жатайын жапан далада,

Қу қарға қонып тәніме.

Күлтегін:

Түркімін дейсің,

сенейін,

Шиырып атқан кенейің

Асықты шілдей шашып тұр,

Балпаңдай басып кедейің,

Асырып байдан мерейін,

Ағын да судай тасып тұр.

Түркімін дейсің,

сенейін.

Май жемейді екен қонағың,

Ет жемейді екен барағың.

Іргеңді көрдім -

жарадың,

Ішіңе қарай келейін.

Түркінің жеті белгісін

Түгендеп берші, Қағаным.

Қаған:

Күлтегін:

Бірінші белгісі

Үш тілі болатын:

ана тілі,

дос тілі,

дұшпан тілі.

Дұшпан тілі - жау келіп қысқан күні,

Өзің жауға барғанда,

не болмаса,

Тіл табасың күштімен күшті арқылы.

Ал сен, кәні,

не дейсің осы ұғымға?

Қосылмау да еркіңде,

Қосылу да -

Жауын сыйлай білмеген бірақ, балам,

Қадіріне жетпейді досының да.

Жан аяспас доспысың,

бөтенбісің,

Кемелмісің,

кембісің,

не теңбісің -

Ер екеніңді білейін,

тілін үйрен,

Тілін білмей,

діліне жетермісің.

Өз тілімде таумен де теңестім мен,

Өз тілімде данамен кеңестім мен.

Ана тілің - өзің ол!

Жадыңа тұт
-

Зор да,

Қор да емессің сен ешкімнен.

Екінші белгісі

Үш серігі болатын:

қылышы,

қобызы,

шақпағы.

Қайсысы артық?

Қылышы болар, бәлкім,

Ата жауға білінер содан нарқың.

Бірақ қылыш сөз алса,

отың сөніп,

Қобыз болып боздайды бодан халқың.

Қобыз болар жақыны күміс үнді,

Күміс үнмен ұйытқан
ұлысыңды.

Жетім ғой ол бірақ та,

кімге керек

Отың сөніп,

тот басса қылышыңды.

Дерт-шеменің -

мұң-қайғың,

құмар,

күлкің.

Күлкің тарап,

Қылышың сынар бір күн.

Мына қапас жалғанда ең жарығы,

Ең сыйлысы шақпағы шығар, мүмкін.

От-Ананың қолының табы осында,

Жан жылуы,

үміті тағы осында.

От басына ән керек,

қорған керек,

Сен де, әйтпесе, сөнген бір шаласың да.

 «Артық та емес, кем
де емес үш қоңырым»

Үш қоңырым

аспаннан түспеді, ұлым.

Үш айдынның үстінде айнала ұшқан,

Ей, кім ұғар түркінің Құс көңілін.

Үшінші белгісі

Үш түймесі болатын:

тамағында,

жүрегінде,

кіндігінде.

Бірінші анау түймесі немене еді?

«Көк Тәңірі, қолдай гөр,

жебе мені!

Ac арамы болады,

сөз арамы,

Тамағыма берікпін» дегені еді.

Уай, өзің бір байқап карадың ба,

Текенің де түйме бар тамағында.

Бірақ жеуге келгенде, оның үшін,

Адалың да бір пәлек,

арамың да.

Қош, екінші түймесі немене еді?

Көк Тәңірі, қолдай гөр,

жебе мені!

«Тамағымнан өтсе де, серт түймем бар,

Жүрегіме жетпейді» дегені еді.

Қош!

Үшінші түймесі немене еді?

«Көк Төңірі қолдай гөр,

жебе мені!

«Жүрегімнен өтсе де,

серт түймем бар,

Ұрпағыма
кетпейді» дегені еді?

Төртінші белгісі не еді?

Өлетініңді ұмытпа,

Қара бол,

хан бол сен мейлі,

Батасың бір күн тұныққа...

Ол жақтан ешкім келмейді.

Ол жақтан ешкім келмейді,

Ол деген басқа,

бөтен ел.

Рухың ғана өлмейді,

Кеудеңнен ұшып кетеді ол.

Тәрк етіп қара моланы,

Ұшады
рухың самғай бір.

Самғай бір барып қонады

Жәндікке,

аңға қандай-дүр.

Ол, бәлкім, жылан,

қарға-ды,

Жоқ, жыртқыш

тіпті арам ол.

Біреуін тандап ал дағы,

Үйінде бағып-қаға гөр.

Атаның салған жолы бар,

Сол жолмен сен де өрлегін.

Біреу аз десең, онын ал, -

Он аңға өмір бергенің.

Жатам деп тыныш моламда,

Түркілер нені қорғады?

Мейірімің құйсаң -

сол аңға

Рухың зәрлі болғаны.

Мәңгілік аспан тұр
мына

Бәріне соның куә боп.

Зәрлі ме рухың,

Нұрлы ма?

Балаңа қалмақ мұра боп.

«Қош» деген сәтте өмірге,

Рухың солай көшеді.

Төртінші белгі:

төріңде

Қандай аң жатыр? -

Осы еді!

Бесінші белгі қандай-ды ?

Даланың еркін өр елі

Бөрідей жауды қоршаған.

Түркінің түбі бөрі еді,

Бөрілі байрақ - ол содан.

Бөрілі байрақ - ол содан,

Тең еді бізге жарлықпен.

Тегін ұмытар болса адам,

Несі артық оның жәндіктен.

Аспанның асты жерім деп,

Жасымаушы еді біздің ел.

Бөлтірікті ұстап тегім деп,

Асыраушы еді біздің ел.

Рухы көшер аңы бар -

Төр дедік оның
мекені.

Бөлтірік баба тағы бар,

Тату боп өссе екеуі.

Түркіге лайық көшелі

Бесінші белгі осы еді.

Алтыншы белгі қандай-ды?

Түркіде тағы салт бар-ды

Ұстанар түгел дос-туыс.

Ес білген кезден баптар-ды

Екі әбзел,

екі ат,

қос қылыш.

«Анда үшін!» дейтін біреуін,

Тигізбей тегі басқаға.

Айтатын сосын тілеуін:

«Андамды жауға тастама!»

Анда үшін баптап қыранды,

Қуанды

ол арқар алған күн.

Өз аты өлсе,

жұбанды

Аман деп аты андамның.

Қызығатындай тамам көп,

Қос жүйрік,

қос ер тең өспек.

Анданың ұлын балам деп,

Бауырына басар емес пе ед?

Шақалақ кезде алмас па ед

Қереге көзінен өткізіп,

Шығарып
кейін салмас па ед

Есікке бойын жеткізіп.

Түркіге лайық көшелі

Алтыншы белгі осы еді.

Жетінші белгі қандай-ды ?

Адам боп туып-өстің бе?

Осы бір шыңға жет, ерім.

Жетінші белгі...

ешкім де

Айтпайды оның не екенін.

Кенелтер нұрға
кең қырды,

Түнектен кейін арай бар.

Табам деп соңғы белгімді,

Тарлауыт асты талайлар.

Шындык па ол?

Әлде жалған ба?

Бір бұлдыр
зат бар тұмандай,

Өледі адам арманда,

He екенін оның біле алмай.

Сол арман болды менде де,

Жүзгенмін қарсы ағысқа.

Адамның өзі Жерде де,

Тәңірі - Көкте,

ғарышта.

Ұмтылдық Көкке қанша біз,

Жұмбағын танып-білместен.

Тәңірі де бір кез,

Нансаңыз,

Бала екен жетім қырда өскен.

Көп мұңға толып көкірек,

Тау асып,

тарлау сайға кеп,

Жылайды екен жетімек,

Жетінші белгі қайда деп?

Айтады жыр ғып ел мұны,

Бір күні бала дөп түсіп,

Тауыпты соңғы белгіні,

Кетіпті содан көкке ұшып.

Көрдім-ақ
деген бәрін де,

Таба алмай кетті нешеме ер.

Айналмақ бірден Тәңірге,

Кім тапса оны, -

деседі ел.

Нөсерлер қанша төгеді,

Бұл ойпаң
дүние толған жоқ.

Адамның өзі себебі

Әлі өзін танып болған жоқ...

Қаған:

Көз емес,

көзім көр болды,

Көкірегіме шер қонды.

Іздемей келдім неге мен

Көмулі жатқан көмбемді?!

Жеті белгіні түгелдей

Сақтаңдар деймін елге енді.

Күлтегін:

Түгел сақтау енді мүмкін емес.

Қаған:

Heгe?

Күлтегін:

Көш ұзап алыс кеткен соң,

Ескі жұртқа кеп қонар кім?

Үстінен өтіп моламның,

Сен дағы көш боп жол алдың.

Ол түркі менен бүл түркі

Басқа жұрт мүлде.

Өйткені

Заманы басқа олардың.

Қаған:

He істе дейсіз сонда?

Күлтегін:

Бағың ба,

жоқ сорың ба?

Халық - сенің қолыңда.

Торқа да сол,

тобыр да.

Өткен күнге қызықпа,

Өз қайғысы өзіне

Жетуші еді оның да.

Сен іздедің көнеңді,

Білгенімді мен айттым.

Қапа болар едің ғой,

Көрсетпесем төбемді.

Келер күнің не дейді,

Соны тында сен енді!

Қаған:

Өткен күн мен келешек,

Екі араны жол қылдым, баба.

Саңылау жоқ мен шығар,

Уа, шаршадым,

болдырдым, баба.

Бос сөз екен жұмағы,

Қайда барсам,

тозақ бар, баба.

Өлтіріп кет,

әйтпесе,

Құтқар мені азаптан, баба.

Күлтегін:

Адам азаптан өзі құтылар болар!

Қаған:

Мен қайтайын райдан,

Мен қорқайын құдайдан.

Асып кеткен екем деп,

Тізгінімді бердім ал,

Жерімді алсын жер құмар.

Алсын шөл мен көлімді,

Ел ғып алсын елімді.

Теңдік алсын,

Уа, алсын.

Бақ керек пе -

оны алсын.

Сонда ұрыс қала ма,

Сонда тыныштала ма?

Мынау тауың,

өзенің,

Ей, келешек, сен де кел,

Мынау сенің өз елің,

Мынау атамекенің.

Мен де ертең кетемін,

Сонда да осы халыққа

Бір нәрсе бар жетпейтін,

Кім айтады не екенін?

Күлтегін:

Уай, не дейін саған, балам?

Оны мен де таба алмағам,

Оны мен де таба алмағам.

 

Ғайша мен Мұхамед
Пайғамбар

Ғайша:

Мұхамед ғалайс-салам ғұзырына

Алла жар айтты түрік қызы мына.

Шан-шараф,

Ізет-құрмет
әманда оған,

Пенде боп кірмесек те ұжымына...

Мұхамед Пайғамбар:

Соқтыңыз-ау тұсымнан
кеп

Қаңтардағы боранша.

Дінде менің ісім бар ма ед,

Адам құдай
бола алса.

Қинағанда cop ғасыр кеп,

Жалаң аяқ тастақпен,

Адам хайуан болмасын деп,

Алланы алып қашпап па ем.

Жерді тастап,

көкке келдім,

Сеніп мәңгі өмірге.

Мен болмасын деп пе екенмін

Адамдарға,

тегінде.

Қалтырайды қаралы кок,

Жылай ма,

жоқ құлай ма?

Кім ойлаған

шабады деп,

Адам азса, Құдайға.

Ғайша:

Адам азды,

Хош делік.

Кәне, қандай қайран бар?

Заман тозды,

Хош делік.

Кінәлі кім, Пайғамбар?

Түссін Алла көгінен,

Көрсін жұртын
жарықтық.

Исламның қолымен

От көсеуден жалықтық.

От көсеуден жалықтық,

Қанға толып жанары,

Қара орманын табыт кып,

Қағанатын мола ғып,

Халық қайда барады?

Мұхаммед Пайғамбар:

Сене гөр деп, асылы, біз

Жалынбаймыз жатқа аса.

Басқа дінге бас ұрыңыз,

Дін ислам жақпаса.

Кімге жақса, іздер мені,

Өтемек боп борышын.

Өзіме аян,

сізден гөрі,

Бітпей қалған көп ісім.

Жазбады екен неге маған

Кетуді елді бүтіндеп.

Пайғамбарлар өледі әман

He қарыз,

He күпір боп.

Келгенінше мен де шамам,

Создым сіздей көкке қол.

Ештеңеге сенбесе Адам,

Адамдықтан кетпек ол.

Бірде шаттық,

Қилы-қилы жол баса,

Жыламас та,

күлмес те еді,

Дүние жалған болмаса.

Күнін күнге жалғайды әман

Арман,

үміт,

сенім деп.

Өзін өзі алдайды Адам,

Соны айтамыз өмір деп.

Мен де алдағам,

әм алданғам,

Жыртып шындық пердесін.

Өліп барып Аман қалғам,

Өтірікке сенгесін.

Дұрыс деді Аллам (мықтым),

Бұрыс деуге қорықтым.

Сосынғы аты жалғандыктың

Шындық екен, соны ұқтым.

Содан соң-ақ жыр ғып мұны,

Еріп кетті қалың жұрт.

Ғайша:

Менің дінім -

шындық діні.

Менің ділім -

әділдік.

Айқын мақсат -

табынғаным,

Аулақ
енді, кіл елес.

Мұхаммед Пайғамбар:

Кешіріңіз, ханым,

ханым,

О, сіздікі дін емес.

Шабыт дейді мұндай халді,

Беу, ақынның жүрегі!

Ал ислам шынға айналды,

Ол себебі дін еді.

Сіз сол діннен көп арыға,

Көп арыға сермейсіз.

Адам Құдай боларына

Өзіңіз де сенбейсіз.

Адам-Құдай әділ ісін

Мен де, шіркін, көрер ме ем,

Айтыңызшы, Тәңір үшін,

Сенбейсіз ғой.

Ғайша:

Сенем мен!

Мұхамед Пайғамбар:

Сіз сенгенмен,

шалғай ғалам -

Жер менен көк арасы.

He мәжуси нанбайды оған,

He мұсылман
баласы.

Ғайса үмбетін берекелі

He яхуда кез келген,

He күшпенен жоқ етеді,

He ақылды сөздермен.

Ғайша:

Мен ұмтылған
жарықта анау

Бір перде бар түн құрған.

Пайғамбарлар жалықпады-ау

Бірін бірі құртудан.

Бірін бірі жықты қанша,

Құртып,

өртеп,

Жер ғып не.

Бар етпей ме мықты болса,

Жоқ ету де ерлік пе?

Жер шетіне тұрмыз
келіп,

Ұғар болсақ, тегі, біз.

Шығар жолды бірге ізделік,

Пайғамбарым, келіңіз.

Адам отқа беттеп, әні,

Өртенуге бекінді.

Өзін өзі жеп барады

Құтырған құрт секілді.

Қинадыңыз мұнша мені,

Зар-мұңымды тыңдамай.

Басқа ұқпаса бір сәрі еді,

Сіз де ұқпайсыз,

бұл қалай?

Өз сапарым оңбай қойды,

Түзелмеген көш көрдім.

Бір кем дүние...

толмай қойды,

Толмай қойды,

не істермін?

Мен ақтарған көн кітап мың,

Әуре боппын терлеп құр.

Тоқсан
тоғыз жолды таптым,

Тек бір соқпақ кем боп тұр.

100-ші тұжырым?

100-ші тұжырым?

Мұхамед Пайғамбар:

Алла есімін аяладым,

Қайталадым жатарда.

Өзімді өзім аямадым

Сол бір ұлы сапарда.

Соттап та алдым,

ақтап та алдым,

Ашылсын деп ел бағы.

Тоқсан тоғыз ат тапқанмын

Бір Аллаға мен дағы.

Илансаңыз,

міне шыным,

Таба алмадым іздеп түк.

Кем боп қалды бір есімі,

Бірі кем дүние,

біз кеттік.

Жүзінші аты болды қиын,

Жасырайын мен несін.

Соңғы соқпақ,

соңғы түйін.

Ол не түйін?

Ол не есім?

Уа, не дейін саған, балам,

Оны мен де таба алмағам,

Оны ешкім де таба алмаған...

Ғайша:

Ғайша одан кейін өз еңбегіне
«Жалқы мен жалпы» атты жаңа трактат
қосуды жоспарлады.

Жалқы - әлем (Барлық жерде -
Аспан бір, Ауа бір Жер де бір, От та
бір, Су да бір). (Өз
өлеңінен).

Ал жалпы дегені - Адамдар. Оның сұмдық кейінгі өмірін мүлде өзгертіп
жіберген осы түс болды. Басқаша айтқанда, адамдарды жалпы деп қабылдасақ,
олардың бәрі әлем туралы бір түсінікке келуі шарт екен. Өйткені әлем
жалқы ғой. Тәңірім-ау, сонда мұның Мұхамедтен
не айырмашылығы болғаны? Мұнан шығады - әлемде ешқандай дін
болмауы керек пе? Ол үшін қайтадан тағы, жабайы болмақ керек. Ол мүмкін емес. He істемек ләзім? «Төрт
кітаптан шыққан бір кітаптың» әр
бөлімінің тұсын қарсы дәлелдермен толтырып шыққан мезет өзін керемет бақытты
сезінді. Бірақ бұл да барлық бақыттылық секілді алдамшы
қуаныш еді. Ғайша сол мезет өзінің
дүниеге кең түсінікпен қарауға шамасы
келмейтінін ұқты. Адамдарға жақсылық жасаймын деудің өзі жамандыққа тең екен
деді іштей. Осы күнге дейінгі өмірі босқа өтіпті. Түркідегі ең дарынсыз ақын бұл екен де, ең мықты ақын
Мәстекбай екен-ау. Мәсекең баршаға түсінікті:

Парсы,

Ұрым,

Мысыр бардым,

Шамды көрдім,

Бәрінен айбыны асқан біздің елдің.

           Керемет емес пе? Оны малшы да,
жалшы да, патша да, имам да оқиды. Ал мұның жазғандарын кейде
өзі де ұқпай қалады. «Төрт кітаптан шыққан бір кітапты» енді ешкімге

көрсетпеуге тырысты. Ол туралы
әңгіме айтпауға Құран ұстап ант
берді. Масқара, Қаған Адам-Құдай
туралы естісе, мұны дереу тас боранның астында өлтіруге бұйрық бермей ме.

Адам-Құдай... He деген сандырақ!
Қарғыс атсын сендерді, көп кітаптар. Қайдағы
бәлеге қайдан тап қылдыңдар өзі.

0 Алла, кешіре гөр күнәһәр пендеңді. Қайттым
райдан. Мен де сенің құлыңмын, Мұхамедтің үмбетімін, шаһарлардың достымын,
ділім - құлдық, тілім - күңдік. Ана жылы парсы жақтан келген дәруіштің базарда жыланмен
ойнап отырып, күн ұзақ қайталай беретін: «Охири ин китаби - пеиш китаби дигара
аст» - деген өлеңі ойына түсті. Қандай кітаптың? О, Алла, Алла, Алла...

Жыландар жыры

Әлқисса, ендігі сөзді жыландардан
естіңіз. Баяғы ана жыланның айласымен
аман қалған екі жетім - екі жылан күн
жүріп, түн жүріп, неше қиын жол жүріп, кепкен қайыстай куарып, кенезесі кеуіп бұралып
шаһарға қайта оралады. Түн ішінде жарығы жанып тұрған жалғыз үй Ғайшаның үйі
еді.

Мынау сол үйдің терезіне өрмелеп
келіп, әлгі екеуінің жылағаны екен
дейді:

- Зауал да демей, не дейік, апа,

Күміс те бастар шорланды-ау.

Көйлегіміз шешіп берейік, апа,

Біз түсетұғын жол бар ма-ау?!

Есігінді ашшы,

қонайық, апа,

Есіміз кетіп келгенде.

Екі бұрымың болайық, апа,

Екі де бірдей шерменде.

Екі жетімнің зары бар, апа,

Нәр татқан жоқпыз күн ұзын.

Екі сырға ғып тағып ал, апа,

Нан берші бірақ бір үзім.

Айташағымыз тағы бар, апа,

Көп жүрдік
есік сығалап.

Бір кітаптың аяғы

Бір
кітаптың басы-дүр.

(парсы)

Екі білезік салып ал, апа,

Екі қолыңа мүбәрәк!

Таластың бойы тастақ еді, апа,

Тастай боп келді нәубеті.

Бақыты қара қасқа ма еді, апа,

Мәлике-Маран әулеті.

Айдын күн бізге қараңғыға тең,

Атаның жұрты арандай.

Жылан болып неге жаралдық екен,

Құрбақа болып жаралмай.

Туған жерменен мәңгілікке енді

Қош айтыспаққа оқталып,

Таластан өттік талдырып белді,

Түркіеместерді бетке алып.

Ұйылысқан
орда астан да кестен,

Суда да,

ойда,

қырда да.

Маранның елі аспанға көшкен

Болды ғой дедік мұнда да.

Көре caп бізді ұмтылды
Кетпен,

Көмбе жүр міне көмбелеп.

Қара құс,

шәулі жұлқынды
көктен,

Несібем менің жерде деп.

Томпалаң қағып торсықтай толып,

Саршұнақ
күлді қағына.

Сасық тышқандай, борсықтай болып,

Тап берді бізге жабыла.

Көзіме тышқан көрінбеуші еді,

Беу, дүние-ай,

жәләп
екенсің.

Кетпен мен күрек егін деуші еді,

Көмбешіл бопты,

не етерсің?

Жаһаннан асқан сәні бар екен,

Жұтынған пәле,

жұрт емес.

Жалғыз-ақ айтар әні бар екен:

«Көкте - Күн, жерде - Түркі емес».

Екі бұрымың болайық, апа,

Екі де бірдей шерменде.

Есігіңді ашшы,

қонайық, апа,

Есіміз кетіп келгенде.

Жыландар соны айтып ішке ене бермек еді, бір
әулетті қол құйрықтарынан ұстап сыртқа лақтырып жіберді. Бұл майханадан келген
Алмас еді. Ғайша айтты:

- Ай, інім, сен кім боп барасың, - деді.

- Мен жылан болғым келеді, - деді Алмас, - жылан боп
Таластан сусып өтіп, арғы бетке барамын. Барып, түркі еместерді түгел
қырып тастағым келеді.

- Ай, інім, сен олай деме. Түркі еместер де өзіміз секілді адамдар ғой.

- Олар адамдар емес.

- Енді кімдер?

- Олар - түркі еместер.

- Бәрін қырып тастаймын дейсің. Одан соң не
болады?

- Одан соң ба? Білмеймін. Қойшы, басымды
ауыртпашы. Ұйқым келіп тұр.

Әлқисса, Ғайша ойланды: «Қой, болмас, мен Қағанға барайын.
«Халық бұзылса, Қағаным бар, Қаған бұзылса, не амалым бар?» деген. Адамнан Құдай
жасауға әрекет етпесе болмас» деді. Сөйтіп, қыз ертесіне Қағанға келеді. Келсе,
орданың алды опыр-топыр. Жүзім баудың астындағы биік айванда аузы басын ақ
дәкемен тұмшалап алып Қаған отыр. Сырт қараған кісі: «Шіркін, кірпияз ғой,
шаң-тозаң, иіс-қоңыстан денесін таза ұстайды» деп сүйсінетіндей. Анығы -
өткенде шайханада жеген таяқтан ісіп кеткен бет-аузын жасырып отыр.Ортадағы
мама ағашта аяқ-қолы байлаулы бір жігіт тұр.

- Халайық, - деді Қаған, - мынау тұрған түркі еместің
тыңшысы кеше түнде ұсталды. Алдарыңда ата жау, бұған не жаза лайық?

- Дарға асылсын!

- Отқа өртелсін!

- Мәңгүрт етіп жіберелік!

- Ақтап тастайық!

- Қазыққа отырғызалық!

Елдің у-шуы басылған сәт, Ғайша ортаға шығып, малын
жерге тастады:

- Датым бар, Қаған, дат, Қаған!

Естіртіп айтам баршаға.

Өлеңін түркі жаттаған

Ғайшаға құлақ сал сана.

Бұйрығың
қайтып ал сана,

Келеге түскен кер үлек,

Келген де жерің тар саға,

Тосырқап
қалмай, желіп өт.

Асфаһан қылыш,

ақ қылыш,

Аспандамағын, бірәдәр.

Абыройыңа жат бұл
іс,

Қыныңа қайта кіре қал!

Адырнасында аза бар,

Қорамсағында қаза бар.

Қара бір садақ,

қан садақ,

Бүгілген белің жаза қал.

Тұлан бет ашу, тұра тұр,

Саған да
қазір бұрылам.

Тұсалып
қалған түл Ақыл,

Тұлыбыңа келіп ыңыран.

Лұқпан Хакім - ақылдым,

Еңсегей бойлы ер Қаған,

Алдыңда тұрған пақырдың

Құл басын қиып бер маған!

Ілеспеп еді жорға сан,

Соқпаққа келдім жолай тар.

Бір құлға татыр болмасам,

Қағанат халқы оны айтар.

      Сол сәт ағашқа байлаулы тұрған
тұтқын жігіт жыланға айналып,
ширатыла қалды. Жұрт шу ете түсіпті. «Ойбай-ау, Ғайша мына жыланды не етпек?
Әсте, бұл қыз ақылдан адасқан шығар». Сонда жылан-жігіт айтты, былай деді:

- Ажал қолын бұлғады,

Жаббар Ием, қолдашы.

Жан-жағымды шырмады

Жыландардың ордасы.

Қабағына мұз қонып,

Жалаңдаған жалдап кіл,

Қысыр жылан қыз болып,

Қызыл тілмен арбап тұр.

Аруақ аттап қойдым ба,

Басты ібіліс денемді.

Жылан-қыздың қойнында

Тұншығам
ба мен енді?

Кірпігін де қақпайды ол,

Қатыны ма ең жаһыл

(О, Жаратқан,

сақтай гөр,

Мені жылан деп жатыр).

Лапылдайды от міне,

Әл-дәрменім
қалмады.

Сайтан болып кетті ме

Ата-баба аруағы.

Зәмзәм суы
секілді,

Қаным құйып көнекке,

Отқа қақтап етімді,

Ортаға
алып жемек пе?

Толды маңым жыланға,

Өмір, саған не дейін?

Жем болғанша бұларға,

Өртеніп-ақ
өлейін.

 

  АВТОРДАН:

     Әрине, сіз, құрметті оқырман, осыдан кейін Қаған мен Ғайша тіл қатысып,
әңгімелесер деп күтулісіз. Біз де солай болуын қалағанбыз. Бірақ, хиссаның біз
білетін нұсқасында ол екеуі табыспайды. Сондықтан халық сөзіне қиянат жасағымыз
келмей отыр. Хисса айтады: «Ол заманда ел билеушілер мен ақындардың
таным-түсінігі екі басқа болған. Тіпті, керек десеңіз олардың тұратын үйлері де,
тұрмыс-жағдайлары да екі бөлек еді!» деп...

Ал енді бұл тұжырымға ғылыми дәйектеме іздесеңіз біз төмендегі еңбекке
сілтеме жасаймыз: Н. қаласының Орталық кіптаханасы сирек қолжазбалар қорының
ДСП («Для служебного пользования» деген сөз) бөлімі. Моисей Абрамович
Қойбағаров. «Мы - тюрки». 26-28-бет-тер: «Біздің түркі халықтары үшін дүниедегі
ең ауыр азап - от та, су да, жұт та,
дозақ та емес - бағынышты болу. Әрбір түркінің өз Құдайы өзінде. Әлі күнге дейін олардың ұрпақтары Көк
пен Құдайды, Құдай мен ел басқарушыларды шатастырып ала береді. Сондықтан дұшпандар
үшін оларды жаулап алу қай кезде де аса қиынға түспеген». Мен сіздерді
сендіргім келеді: Қойбағар немересі, Абрам баласы ешқашан қателеспейді. Сонымен,
құрметті оқырмандар һәм тыңдармандар, Қаған мен Ғайшаның әңгімесін екі бөлек
айтқанды жөн көріп отырмыз.

Қаған

       Ей, түркі жұрты, сен жетім едің.
Егер менің көзім тайса болды, әпербақан бөрілер сені талап жейтіндей еді. Сен аянышты едің, аянышты едің һәм
аяулы едің. Мен өмірде ешкімді сүйе алмадым, бірақ сені сүйдім. Сөйтсем, шын
жетім мен екенмін. Сөйтсем, нағыз аянышты адам мен екенмін. Аяныштының
бәрі-бәрі аяулы емес, әттең... Е-е-һ-ей, адамдар, айтыңдаршы, мен не істеуім
керек? Сорлы болдым ғой мен. Ақылдан адастым ғой мен. Халқыма
күшім келетін емес, өзіме де күшім келетін емес. Құмыраға салып ұстап келген
жын біткен өріп сыртқа шығып, әлемді
кезіп жүр.

...Аяулым!

Білесің бе,
менің өмірімде сәтсіздіктер өте көп болды. Әке-шешеден ерте қалдым. Ерте есеюге тура келді. Ешкімнің көмегінсіз есеюге тура келді.
Өзім тырбандым. Өзім тырыстым. Өмір мені қаталдықты жеңе білуге үйретті. Ал жұрт
болса... бұл жолы болғыш, бақытты адам деп ойлайды. Талай-талай талықсып жатқан
кездерде сені ойласам, бойымды жиып алушы едім. Сені сүйе түсу үшін, сағына
түсу үшін жорықтарға шықтым. Кенезем кеуіп оралғанда кәусарыңнан бір сімірсем,
кунақ аттай дүр сілкіндім. Жаным менің, жаным Қағанатым! Сен
білесің бе соны? Менде ешкім жоқ-ты.
Тек сен бар едің. Аяныштым
менің, кішкентай ғана қорғансызым! Мен сені қызғанам. Бәрінен қызғанам. Бір ән бар еді ғой. Тура менің көкейімдегі
саған айтар сөзімді дөл тапқан:

- Сәл алыс ұзасаң, лағыл ән,

Қуарған жалаңаш түздеймін.

Жанымда жүрсең де сағынам,

Қасымда болсаң да іздеймін.

   Есіңде ме, жұрт мені «кішіге
айналайыны, үлкенге ізеті жоқ, ән мен
өлеңді жек көретін безбүйрек адам» деп жүрді. Қазір де «Қағанымыз қатал» деген сыпсың бар. Жоқ, олар қателеседі.
Мен сен туралы әндерді тек оңашада ғана тыңдаймын. Бұл әлемде тек Мен, Сен жөне
Ән ғана бар... Ән тыңдап жатып сені ойлаймын, жаным. Осы жұрт менің кей-кейде
ағыл-тегіл, боз бұлау болып жылайтынымды біле ме екен өзі? Содан кейін бойымды
тез жинап алам... Еһ, нәзіктігімді әлсіздігім деп ұғьш, сұрлана түсіппін.
Әл-күшті қолдан жасап алуға болады екен, қайран менің қамсыз, қарекетсіз сол
нәзіктігім... Ол менен мәңгілікке көшіп кетті. Мені тастап кетті.

* * *

     Менде дос жоқ. Дос жоқ менде.
Бәрі алдамшы, өткінші. Бірақ нағыз
дос сен барсың! Мені алдамайтын, сатпайтың, түсінетін, жүрегі нәзік, көңілі бай, адал дос, есебі жоқ шын дос сен барсың өмірде. Әзірге
біз жолыққан жоқпыз. Сен
кімсің? Мүмкін, жанымда жүрген шығарсың? Бас уәзір, ол
сен бе? Жоқ, сенің есіл-дертің атақ-лауазым.
Таққа отырғың келеді. Мүмкін отырарсың да. Бірақ сен елді басқара алмайсың. Өйткені өз пайдаңды қабат ойлайсың. Сорлы, бейшарасың сен! Heгe
алдым сені сарайға, таскенедей
жабысқақ неме? Ертең қуып жіберсем бе
екен осы? Дүниеде өзінің шамасын білмейтіндер қауіпті. Әскер басы, сенбісің менің шын досым? Жоқ, сен жауызсың. Айтқанды
ғана істейсің.Өзің ойлай алмайсың. Бүліншілік жасаған өз қандастарыңды қынадай қырдың-ау, өткен
желтоқсанда. Ұлысың жоқ екеніне қандай сенсем, ұят-арыңның жоқ екеніне де
сондай сендім. Қағанаттың түстігінде жатқан парсы тілдес шағын тайпалардың
көсемі Абдулрашид, сен бе менің шын досым? Сен білімдісің, біліктісің, бірақ
қусың. Тегің жат, түбің бөлек екенін ешқашан ұмытпайсың. Сен ұмытпағанда, мен ұмытам
ба? «Сіздің арқаңызда егінді де, малды да, шаһарды да өзіміз атқара алатын
дәрежеге жеттік» деп көпшік тастайсың. Ол көпшіктің астарында не
барын біз білеміз. Сенің шын сөзің:
«Халқий бузург халқий маңда нөмефамад». Мен айтам, үлкен халықтардың кішіге жасаған жақсылығы ешқашан алдынан
шыққан емес. Түркіні балта секілді топас, қатал халық деп, өз еліңді әріден
келе жатқан мәдениеттің мұрагерлері дегің келеді. Әлсіз халықтардың өткенді
аңсай беретін әдеті. Ана жылы желтоқсанда «жерімізге Ұлы Керуен жолының
сарайлары мен сардобаларын салдырмаймыз» деп бүліншілік жасаған «иттеріңді» мен
ұмытқам жоқ. Құл тулап есік сындырмайды. Бұл - бір. Екіншіден, құралды жер құрбандықсыз
болады деп кім айтты саған? Бұл жолда түркінің жоғалтқаны аз ба еді? Өмір
сүргің келеді екен, өзіме ұқса. Менің көкірегім - кең сарай, ол сарайға маған
қарсы ниеттерден өзгенің бәрі сыяды. Сен мені тыңда! Сенің жерің
жоқ, елің де жоқ. Түркі Қағанаты бар.
Ұлы Қағанат. Солай болған, қазір де солай және
солай бола бермек. Бұл менің
тіршілікте ұстар тізгінім, өле
кетсем, ертеңге аманатым. Уай, Алла!
He боп кетті бұл заман?!

Мен жалғызбын. Құдай да мендей
жалғыз емес шығар. Өлетін
болдым. Құрысын, бір жақтарға қаңғып кетсем бе екен, а? Құрысын
бәрі де, біттім, таусылдым. Ғайша ше?
Ғайша... Айтыста мені жеңді. Жеңілмеуге де
болар еді, бірақ жеңілдім. Айта түссе екен деп едім. Елі қурмағыр айқайлап, дабыра ғып әкетті. Әй, біздей дарақы халық жоқ шығар әлемде. Барып тұрған
дарақысың ғой, қайран түркі... Бәрі есімде, бәрі көз алдымда...
Шапанымды шешіп бердім... саусақтары дір ете қалды. Көзін тайдырып әкетті. Осы мен сол Ғайшаға
ғашық емеспін бе? Heгe күндіз-түні
ойымнан бір кетпейді? Қағанат туралы
ойланатыны көрініп тұр. He
ойлайды екен? Маған риза емес. Мен,
немене, сол халыққа болмасын деп жүрмін бе? Халық халық емес, сайтан болып
кеткен жоқ па? Барып сөйлессем
бе? Жоқ, өзі келсін! Қаған басыммен
қаршадай қызға барып...

* * *

      Түркі еместердің қашан ұрыс бастайтынын білмеймін. Жансыздардың хабары әр түрлі. Менің соғысқа құмартып жүрген
нем бар? Жау халық иек астында тұр... Жоқ, жау халық, дос халық деген болмайды.
Оларды жау не дос деп біледі һәм бөліседі. Жарайды-ақ, не істеу керек? Адамдар...
Мен мүмкін болғанша оларды жамандық атаулыдан, соғыс біткеннен алысқа алып
кеткім келді. Сөйтсем, мұнымен зұлымдыққа өзімді де, өзгелерді де жақындата
түсіппін. Ей, дүние, шет-шегің бар ма сенің? Бірақ оның шет-шегі неге болуға
тиіс. Қағанатты таратпақ керек пе? Әркім өзінше өмір сүрсін.
Білгенін істесін. «Ағайындар, түсінбедім, бұл не заман? Досым - дұшпан, мұсылман - кәпір, жер -дозақ, аспан- гүрзі, енді қайда барам» деген мағына беретін өлең.

Жыландар жыры немесе қара нәпсі

Әлқисса, күндер өтті, айлар
өтті... Баяғы екі жылан Ғайшаның
үйіне қайта келіп, тағы да жылайды:

- Құлағың салшы, жан апа,

Талансыз бейбақ екенбіз.

Түнімен жүріп, таң ата,

Түркі емеске жеттік екеуіміз.

Самсаған өлік айнала,

Баға көр сөздің ақырын.

Қап-қара жалау байлаған

Қағанның көрдік шатырын.

Тараған дейді бір індет,

Арты оның «Қара нәпсі»-дүр.

Әр жерде шыбын-шыбын боп,

Көмусіз жатыр жақсы кіл.

Құдайым басқа салмағай,

Бір сәтте дене бұзылып,

Адамның басы алмадай

Түседі дейді үзіліп.

Саршұнақ сарып сырыққа,

Сауысқан қонып кұрыққа,

Сансыз көп түмен тышқаннан

Қалмапты құмда құлық та.

Жағасы бүтін ел таппай,

Жайлауы жасыл жер таппай,

Мүрдеге түнеп,

қан кешіп,

Мүдірдік талай жол таппай.

Қалалар қайран моладай,

Қан сасып жатыр дала бай.

Асқабаққа ұқсап домалап,

Жайраған бастар жағалай.

        Әлкисса, Ғайша мына хабарды
естіген мезетте есіне ен
бірінші «Төрт кітаптан шыққан бір кітап» түсті. Сосын Қағанды ойлады. Ана жолғы айтыстағыдай күлімсірей
қарап тұрып: «Ғайша, кітабыңа жетпей тұрған жүзінші тұжырымды енді таптың»
дегендей болды. Безгек қысқандай қалтырап жүріп екі жыланды ақ матаға орап,
сандығының түбіне салды:

- Ұқпадым заман тұспалын,

Түсім бе мынау,

өңім бе?

Кереге қанат құстарым

Шөл қысып өлді көгінде.

Күн ашық кезде бораған

Дауылға шара жоқ менде.

Түркіге тиген зобалаң

Түркі емеске де
өткен бе?

Сен біздің халді сұрама,

Қалдым ғой жалғыз мен ұлып.

Алмасжан өлді жұмада,

Кеудеден басы бөлініп.

«Апажан, жылан, жылан» деп,

Айқайлап жатып кетті өліп.

Алладан пәрмен шығар деп,

Арулап көмдік көп болып.

Қайтейін дүние, обал-ақ,

Жемтікке құзғын кенелді.

Кеудеден басы домалап,

Керемет ұлдар
көп өлді.

Заман да

заман,

заман-ай,

Бұлағай мен алағай,

Қай жаққа безіп барасың,

Алды-артыңа бір қарамай!

Қорқамын, заман, түсіңнен,

Сарайлар жатыр обадай.

Қағанатты орып түсірген

«Қара нәпсінің» орағы-ай.

Бәсіре тайды күзедім,

Күзедім емес,

тұл
қылдым.

Аспанға көзім сүземін,

Қайырын бер деп қырғынның.

Cap тасқа салдым сапыны,

Білместен обал-сауабын.

Арыстан-жұртым,

ақыры,

Тышқаннан келді-ау зауалың.

Арыстан елім,

ер елім,

Етіңе құзғын тойды ғой.

Құдай бола ма деп едім,

Құл бауың түспей қойды ғой.

Қырылармысың,

сұмдық-ау,

«Қара нәпсінің» өтінде,

Қолында емес қыл бұрау,

Қыл бұрау сенің ниетіңде.

Қолыңда емес қыл бұрау,

Соны ойлап жаным езілед.

He деген ұзақ түн мынау,

Таң атса екен тезірек.

Жасампаз ерлер,

жақсы үлдар,

Жалбарынайын жылай кеп.

Құл болып ұйықтап
жатсыңдар,

        Ояныңдаршы Құдай боп, - деп жылап-жылап, шаршап-талып ұйықтап кетеді. Ертесіне караса, үйдің іші өріп жүрген
тышқандар. Қала құлаққа ұрған танадай жым-жырт. Терезеден сыртқа көз салса,
базар жақтан қоржын көтерген біреу шығып, бері келе жатыр екен. Таныды. Мәстекбай
ақын. Кеннет оның да басы ұшып кетті. Ғайша «Алла-ай!» деп бетін басты. Көзін
ашканда көргені - бассыз кеуде, екі басты қоржын... Қоржынның аузынан
үлкенді-кішілі алтын кесектер ақтарылып жатады.

Әлқисса, Ғайша сандық түбінде серейіп жатқан екі жыланды алып, екі емшегіне
орап, бауырына басып жатып жылайды, жылайды да жырлайды:

Бақ тайды бізден толайым,

Ақырет - зауал кезі кеп.

Қос анарыма орайын,

Жылыныңдаршы
тезірек.

Тарасын менің денеме

Сүр болып келген уың бар.

Шықты ғой тышқан төбеге,

Қуыңдар кәне,

қуыңдар.

Аз десең мұны,

өтінем,

Екі көзімді алыңдар.

Tүpe бір
тиіп шетінен,

Тышқанға ойран салыңдар.

Ініне қайта тығыңдар

Қаумалап жүрген жыртқышты.

Бәрін ал,

тіпті жырымды ал! -

Соны айтып Ғайша сылқ түсті.

Сылқ түсті,

бітіп қалды дем,

Ақырет сәті келді оның.

Оянған жылан алдымен

Шағады көзі көргенін.

Деген жоқ оған берсек дем,

Дел -сал боп бір сәт бөгелді.

Жазылып түсіп емшектен,

Қос жылан сусып жөнелді.

Торыша дүние тозаңды

Тұнып тұр еді сілті боп.

Көре caп
екі тажалды,

Тышқандар қашты
дүркіреп...

Сөз қаңтару

    Адамзат ойының нашар дамығаны
сонша - олар тек болған соғыстардың
ғана тарихын  жазады, ал болмай қалған соғыстар қаншама?
Олар туралы біз білмейміз.

Жыландар жыры

Осылай жетіп піскен толғағына,

Сол соғыс болды ма,

жоқ, болмады ма,

Ел мен жер не күн кешті,

Қаған қайтті?!

Қайтадан мамыр заман орнады ма?

He болды «Қара нәпсі» зобалаңы?

Айтпайды хисса бірақ одан әрі.

Бүгінде...

түбін қусаң - түркі шығар,

Көп ел жүр мекен етіп сол араны.

Біз дағы сол халықтың біріміз
деп,

Күпіндік мақтан тұтар іріні іздеп.

Кең жаһан -

кемел тарих соқпағы әне,

Бір шалға тіреледі түбіміз кеп.

Аулақпыз атасы арзан
болжамдардан,

Жұртында әр ғасырдың олжаң
қалған.

Жамиғат,

біздің тарих - алтын шынжыр,

Әр жерден жиі үзіліп,

көп жалғанған.

Әдет кой,

кеш таниды ел көсемді,

«Ғайшадай дана бізге келмес
енді!» -

Екі жақ күмбез салған дейді кейін,

Мен өзім көргенім жоқ ол кешенді.

Түркіден түгел жұртқа жеткен
тарап

Ескіні жаңғыртуға еткем талап.

Көргендер көзіменен бізден гөрі

Мәндірек жырлап жатса -

бек мархабат!

Жүгіртіп жүйрік тілді әрбір ізге,

Сау басты сан қилы ойға салдыңыз
де. -

Жыршыға не десең де ықтиярың,

Осындай бір әңгіме бар-ды бізде.

Сөз десең шерді толық таратпаған,

Нәйеті - бір кітабың парақтаған.

Хиссасын Ғайша бибі біз бітірдік,

Саламат-сау болыңыз!

Тәмәм. Тәмәм.

    Жылан жылы Сарыөзекте, Аралда, Семейде, Қызылордада, Алматыда қағазга
түсті.