ВЕРНУТЬСЯ

   (Қанапия Дәрібаевқа)

 

   Іні болып жүрсем де бар ақынға, 

Сен артқан сенім ауыр қанатыма.

Сырдағы көп сүлейден дара тұлға,

Армысың, ақын аға - Қанапия!

Неге, неге ұмытам асыл ағам,

Көз көргенді мен қалай жасыра алам.

Ақыл жоқ па,

Аузымда, салым жоқ па,

Ащы алмадай күндерде жасымағам.

Қанша тіл болса Нартай сырнайында,

Сонша бала сыйып ек бір қойынға.

Ақын болмай, алдымен бала болып,

Өксігімді басқанмын Сыр бойында.

Бөлінер деп тағдырым кей баладан,

Ойын қуып жүргенде ойламағам.

Шырқыратып жүректі

шоқтай  өлең

Мені саған әкелді, қайран ағам.

Шәулімшенің шыққандай кеудесіне,

Өрнек іздеп ойыңның пернесіне,

Қысық көзің танытып қияңқылық,

Сен отырдың көк үйдің бөлмесінде!

Ерлік болып өзіңе бұл кіргенім,

Енді қалай боларын шын білмедім.

-  Сізге өлең
әкелдім...

-  ?!

-  Тыңдайсыз ба?

Төрге оза алмай төменде міңгірледім.

Оты ұшқындап -

қос жанар шамдай жанды,

Саусақтары шаш тарап, маңдай шалды...

Екі ұрты бүлкілдеп, көзі алайып:

«Уай, пәлі!» - деп Қанекең айғай салды!

Түймелерін ағытты омыраудың,

Мұндай болмас кәрленсе Қобыландың!

Ұяңдықтан таяқ жеп алғаш рет,

Желкемді мен жақтауға соғып алдым.

-  Не дейсің, әй,

өлең бе,

өлең бе, рас?!

Не ғып тұрсың?!

...әй, бұлар адам болмас...

Ұрлық қылған кісідей...

қой, мөлиме,

Тура қара,

ақынның көзі алдамас!

«Екі келмей кезегім жүрер енді»,-

Көңілімде тәуекел түрегелді.

Екі иықты қомдап ап, айттым мен де,

Авторы жоқ, аты жоқ бір өлеңді.

Отырғанда гулесіп, дуылдасып,

Кірді біреу бөлмеге есік ашып.

-  Бұл не?- деді
қабағы қату кісі,

Тыңдамадық өлеңнің аруағы асып.

Балалықпен бір ісім болды кеміс,

Кейінірек естідім еміс-еміс.

Балаң жырға Қанекең бата беріп,

Қанекеңе редактор берді сөгіс...