ВЕРНУТЬСЯ

     Менің бала кезімде біздің ауылда Масақтың Әбікейі деген қапсағай денелі үлкен кісі болды. Әбікейдің даусы зор. Қайда болсын дарылдап жер-көкті жаңғырықтырып жүргені. Өзінің өсек-аяң, қулық дегенмен жұмысы жоқ еді. Кісілікке, билікке де таласпайтын. Әйтеуір істе деген жұмысты істеп, өзімен өзі болып жүре беретін. Ал осы секілді ақ көңіл адамда жұрттан жасырар не сыр болмақ? Сөйтсе де Әбікей сыр айтқыш. Топ жұрттың ішінен біреуді — сенде оңаша шаруам бар еді,— деп былай шығарып алатын да жер-көкті жаңғырықтырып әлде бірдемелер жайында айқайлап айта бастайтын. Онысы жақын жердегілерді былай қойғанда ауылдың екінші басындағыларға да естілер еді. Әбікейдің онда шаруасы жоқ. Кетіп бара жатып:
— Имандай сырым бұл, ешкімге тісіңнен шығара көрме! — деп ескертетін-ді.
  Менің бала кезімдегі Әбікей ақсақал міне осындай адам еді. Өткен өмірге көз салсам, жоқтыққа кеткен көп көлеңке-бейнелердің ішінен ірі кескінді ақ сақалды Әбікей тұлғасы белініп шығады да, көңілге нұр себелеп өткендей болады.
— Өзіңнен өзің неге жымиып отырсың? — деп сұрады қызым.
  Бақсам, Әбікей дабырлай сөйлеп әлдекімді оңаша алып бара жатыр екен...