ВЕРНУТЬСЯ

         Көркем шығарманың композициясы туралы сөз қозғағанда, композицияның
өзгешелігі автордың айтайын деген ойына, шығарманың мазмұнына бағынатынын айтып
өттік. Осы мазмұнды айтып беретін көркем шығарманың әртүрлі жақтары (тақырып,
сюжет, образ, табиғат суреті, шығарманың композициясы, т.б.) өзара байланысты
болады. Бұлар көркем шығарманың идеялық мазмұнына негізделінеді.  Мысалы: орыстың алпысыншы-жетпісінші
жылдардағы революцияшыл-демократ жазушыларының көздеген мақсаты:
феодалдық-крепостнойлық, капиталистік құрылыстардың барлық қоймаларын ашып,
қанаушылықты әйгілеп, жұртшылықтың неге қарсы күресу керектігін түсіндіру,
оларға өз әсерлерін тигізу, - міне, осылар болды.

Олардың тақырыбы да,
шығармаларының композициясы да сол мақсаттарына бағынды. Көркем шығарманың
түрлі жақтарының байланысы, оның мазмұнынан шығып отырушылығы, бұл - мәселенің
бір-ақ жағы.   Әр таптың әдебиетінің
өкілі жалғыз бір ғана жазушы емес, әр тап бірнеше жазушыларды шығарады. Бір
таптың жазушылары шындық болмысты өз табының көзқарасымен суреттеп, көркем
әдебиетті құрал етіп, өз табының мүддесін қорғайды.

Мысалға ХVIII-XIX
ғасырдағы қазақ әдебиетінің тарихын алсақ, идеясы жағынан айқындалған екі бағыт
болғандығын көреміз: бірінші бағыттағылар: Бұхар, Дулат, Байтоқ, Жанұзақ,
Шортанбай т.б. екінші бағыттағылар: Махамбет, Шернияз, Алтынсарин, Абай т.б.

Бір бағыттағы
ақындардың творчествосында идеялық жағынан да, өмірді суреттеу әдістерінде де
өзара бір-бірімен жақындықтары бар екенін байқаймыз, ал екі бағытты
қарама-қарсы қойып, салыстырсақ, арасында айырмашылықтың үлкен екенін де көруге
болады. Бұхар, Дулат, Байтоқ, Жанұзақ, Шортанбай тағы басқалар ескі феодал
табының идеясын жырлаушы, ескі салт-сананы қолдаушылар болды. Халыққа
хан-сұлтан, би-феодалдардың ықпалын жүргізуді өз өлеңдерінің өзегі етті. Өз
заманындағы әр алуан өзгерістерге ескіліктің мұнарасынан қарады. Жаңалықпен
байланысты туған кейбір шындықтарды көрмеді. Көре қалса, оларды да сол ескі
көзқарас тұрғысынан көрсетуге тырысты.

Екіншілер, Махамбет,
Алтынсарин, Абай т.б. өз кезіндегі өмірдің басқа жақтарына көңіл бөлді. Халық
көпшілігінің ауыр халін көре білді. Олардың кейбіреулері халықты қанаушыларға
қарсы күреске үндеді, «Ереулі ат мініп, егеулі найза найза ұстауға» шақырды.
Өзінің ащы тіл, улы сөзін езушілерді әшкерелеуге жұмсады. Кейбіреулері
жақсылықты алдан күтті, қазақ елінің келешегі прогрестік мәдени жолмен алға
дамуда, оқу-өнерге қол созу, қараңғылықтың, ескіліктің шырмауынан арылуда,
жаңалыққа ұмтылып, мәдениеті озат елдермен достаса отырып, олардан үйренуде деп
білді.   Махамбет, Алтынсарин, Абай
творчестволарынан біз осыны көреміз.

Бұл айтқандарымыз
жоғарғы аталып өткен әдебиеттегі екі бағыттың әлеуметтік мәні зор ірі мәселелер
жөніндегі идеялық қарама-қарсылықтары десек, тіпті жеке өмір құбылыстарын суреттеулерінің
мазмұнынан да, әдісінен де, оқушыларының ой-сезімдеріне ететін әсерінен де біз
сол қарама-қарсылықты көреміз.  

Жанұзақтың «Жәңгір ханның алдында айтқаны» дейтін өлеңінде, ханды асыра
мақтап:

 

Өз тұсыңа қалғанда,

Жарлы байға теңеліп,

Қызы менен жігіті

Қызыл шұғаға бөленіп,

Ием, сенің дәулетіңнің барында,

«Бір» деп атқа мінгеннен

Үкімің жүрді Нарында.

 

Тентегін тыйдың қазақтың

Аға сұлтан тағыңда, - 

десе, Махамбет Жәңгірге:

Хан емессің, қасқырсың,

Қас албасты басқырсың.

Достарың келіп табалап,

Дұшпаның сені басқа ұрсын!

Хан емессің, ылаңсың,

Қара шұбар жылансың.

Хан емессің, аянсың,

Айыр құйрық шаянсың, -

деді. 

Жаңалықтың элементінен ат-тонын ала қашқан Әубәкір самауырмен шай ішудің
өзін үлкен бір құбыжық көріп, мысқыл кекесінмен суреттеп:

Сары жез самауыры тағы шықты,

Машина шүмегі бар бұрамалы.

Сол болды ауруының жаққан емі,

Халықтың, бәрекелді, тапқан емі, -

десе, Алтынсарин:

Өнер, білім бар жұрттар,

Тастан сарай салғызды.

Айшылық алыс жерлерден,

Көзіңді ашып-жұмғанша,

Жылдам хабар алғызды...

Біз де бекер жатпалық,

Осыларға таныспай...

Желкілдеп шыққан жас шөптей,

Жаңа өспірім достарым,

Қатарың кетті-ау, алысқа-ай,

Ұмтылыңыз, қалыспай! -

деп, жастарды өнер-білімге үндеп, жаңалыққа шақырды. Бұл жаңалық,
өнер-білім, халықтың ауыр халін көріп, оны жүрегімен сезіну, өз елінің алға
дамуына бөгет болып отырған жаман мінездерден жұртшылықты бездіріп, ілгері
жетектеу мәселелерін Абай жоғарыдағы Махамбет, Алтынсариндерден де тереңірек
және әр жағынан алып, молырақ қамтыды.

Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол,

Адам болам десеңіз...

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ, -

Бес дұшпаның білсеңіз.

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым ойлап қой, -

Бес асыл іс көнсеңіз.

Елді ел ету мәселесін сөз еткен Абай сөздерінің негізгі ой түйіні осы
өлеңінде деуге болады. Кең мағынасында алғанда, бұл - өз халқын ілгері сүйреп,
алға бастыру ісіне басшы бола аларлық, өткенді емес, келешекті меңзеген келелі
пікір.

Бұл айырмашылықты көркем тілдерінен де көруге болады. Феодалдық бағыттағы
әдебиет өкілдерінің (Бұхар, Байтоқ, Жанұзақ т.б.) сөз образдарын алсақ,
көпшілігі буалдыр, пернелеп, тұспалдап айтылады. Бірінші, бұл олардың өскен
ортасымен байланысты, екінші, олар шығармаларын көпшілікке емес, өз ортасына
лайықтап, соларға түсінікті болуды ғана ойлады.

Ай не болар күннен соң?

Күн не болар айдан соң?

Айналасын жер тұтқан,

Ай да батпас демеңіз.

Айнала ішсе азайып,

Көл суалмас демеңіз.

                                                           (Бұхар)

Бұл тәрізді тұспалдап айтқан, буалдыр афоризмдерге даярлығы барлар ғана
болмаса, кез келген адам түсіне бермейтіндігі мәлім.

Олардың және бір ерекшеліктері - диалект (көбіне хан сарайы маңында
қолданылатын сөздер), дін ұғымымен байланысты атаулар, шет сөздер.

 

Айт десең, ал айтайын

Можабай1 салған жерінен...

Командысы2 қару-жарақты...

Двойной3  жапқан тартпалы

Саксонский4 қақпалы...

Фәрмени5 салған көк ала үй,

Дәулеті артық иемнің.

                                                                            (Жанұзақ)

Бұл үзіндіден біз шет сөздерді, хан сарайында қолданылатын, хан ордасымен
қарым-қатысы барларға ғана түсінікті, көпшілікке ұғымсыз атау не діни, кітап
сөздерін жиі кездестіреміз. «Двойной тартпалы, Саксонский қақпалы» тәрізді
сөздер, түйе қомдаған көшпелі елдердің түсінігінен алыс жатқандығы сөзсіз._______________

1Можабай - межа, шекара, шек
деген орыс сөзінің қазақша бұзып   айтылған
түрі.

2Командысы
- мұнда әскері мағынасында

3Двойной - қос тартпалы. Ол
кезде хан-сұлтандар мінетін қос тартпалы, есігі бар күймелі арба шыққан.

4Саксонский - ағылшынның бір
руы саксондар. Пауеске - күймелі арбаның әуелде сонда жасалынып тарауы мүмкін.

5Фәрмени
- пәрмен, күш, әмір. Құдіретпен салған деген ұғымда.

Байтоқ, Жанұзақ тәрізді феодалдық көзқарастағы ақындарға және бір тән нәрсе
- өмір құбылысын әсірелей суреттеу. Мұның бір себебі - олардың өлеңдері
лирикалық жанрдың бір түрі саналатын одаға жақын, хан-сұлтандарға арналған
мақтау өлеңдер шығаруы болса, екінші себебі - мақтап отырған объектісінің
өмірде шындық негізінің жоқтығы. Сондықтан көпірме сөз, шегінен асыра айтылған
образдар оқушыларының көңілін өмірдің шындығына емес, сағымына аудару. Бұл -
фольклорда кездесетін, ой-сананың сәбилік дәрежесінде, жоққа сенушіліктен туған
әсірелеулер емес, біле тұра, көре тұра, әдейі әсірелей сөйлеу.   

Атаның алмаған қонысын алып,

Әннен сарай салдырған.

Ол салдырған
сарайдың

Айналасы айшылық,

Көлденеңі күншілік,
-

 

дегенде, Байтоқ ақын мақтап отырған
сарайының екі этажды, бірнеше бөлмелі үй екендігін көрмей отырған жоқ, ханды
мақтау үшін ғана айтып отыр.

Егер біз XVIII-XIX
ғасыр әдебиетіндегі бірінші әдеби бағытқа жататын ақындардан осы тәрізді
ерекшелікті және өзара бір-бірімен үндестік, өмір құбылысын суреттеу әдісінде,
тілінде бір-біріне ұқсастықты көрсек, оларға қарсы көзқарастағы екінші әдеби
бағыттың өкілдеріне, демократтық идеяны қолдаушыларға тән ерекшеліктер
алдыңғылардан анағұрлым басқа екендігін көреміз.

Махамбет, Шернияз
өлеңдерінің идеялық мазмұны хан-сұлтан, би-феодалдардың халықты езіп
отырғандығын әшкерелеуге арналса, олардың өлеңдерінің жалпы тілі, сөз образдары
халықтың көпшілігіне түсінікті болуын қажет етті. Олардың сөздерінің мағынасы
тұжырымды, дәл, анық және образдары өмір шындығына сәйкес, жұртшылыққа мейлінше
түсінікті болуына ең алдымен көңіл бөлді. Көпшілікке түсініксіз шет сөз,
диалект, жаргондар олардың өлеңдерінде мейлінше аз кездеседі. Кездесе қалса,
оның белгілі бір себептері болады.

Мысалы:

Бағаналы терек
жарылса,

Бақыраш жамап болар
ма?

Қарағайға қарсы
бұтақ біткенше,

Еменге иір бұтақ
бітсейші,

Қыранға тұғыр
қыларға.

Ханнан қырық
туғанша,

Қарадан бір-ақ
тусайшы,

Халықтың кегін
қусайшы,

Артымыздан біздердің

Ақырып теңдік
сұрарға!

                                                                             (Махамбет)

Бұл үзіндіде жоғарғы ақындардың өлеңдеріндегідей пернелеу де, тұспалдау да,
не диалект, шет сөздер де, өмір құбылысын шегінен шығарып әсірелеу де жоқ.
Өздері жете алмай кеткен ұлы арман, ел мүддесін іске асыру жолындағы күресті
келешектегі жас ұрпақтары жалғастыра беруі керек деген терең ой, келелі пікірді
халыққа түсінікті, күнбе-күн қолданылып жүрген бағаналы терегі, бақырашы,
қарағайы, қыпаны, оған тұғыр жасауға жарайтын иір бұтақты емені арқылы айтып
берген.

Алтынсарин мен Абай ағартушылық идеясының туын биікке көтерумен қатар,
шығармаларының халықтығын, көпшілікке түсініктілігін, жаңа жағдайға, өз кезіне
сәйкес түрде дамыту мәселесін алдыңғылардан (Махамбет, Шернияз) гөрі де
тереңдете түседі.

Сөйтіп, XVIII-XIX ғасыр қазақ әдебиетінде екі түрлі әдеби бағыт болды
дегенде, жоғарғы айтылғандар тәрізді, олардың әрі идеялық көзқарасы, әрі өмір
құбылысын суреттеудегі тіл, композиция, тақырып, сюжет тағы басқа жақтарындағы
айқын айырмашылықтарды негіз етеміз. Әдеби стиль - әдеби методтың тууының да
негізі солар болмақ.

Әдеби стиль немесе әдеби метод бір күнде не бір жылда пайда бола салмайды.
Әуелі ағым, бағыт дәрежесінде болып басталады да, кейін дами, өсе келе әдеби
стиль әдеби метод1  дәрежесіне
көтеріледі.

Біз  XVIII-XIX ғасырлардағы әдебиет
бағыты дегенде, әдебиетіміздің (қазақ әдебиеті) даму процесін әдеби стиль2
методқа айнала бастау ұғымында айтып отырмыз.

Әдеби стиль өзгермейтін тас боп қатып қалған нәрсе емес. Қоғамдағы таптың
өзгерген жағдайына, оның әр дәуірдегі күрес-тартыстарының кезеңдеріне бағыныңқы

түрде
стиль де өзгеріп отырады. Қоғамдағы жаңа тап өзімен бірге жаңа мазмұн, жаңа
мүдде, жаңаша құралған ой-сезімдерді ала келеді. Жаңа мазмұн, әдебиет өзіне
лайық түр, үлгі туғызады.

Бірақ жаңа таптың ақын, жазушылары өз табының мүддесін жырлау үшін сол
мүддеге лайықты, сәйкес түрді тез тауып ала қоймайды. Олар әуелгі әзірде өзіне
жат, суреттеу құралдарын пайдаланады да, өз табының мақсаттарына толық дәл
келетін түрді бірте-бірте жасайды. Мысал үшін ерте кездегі жұмысшы ақынның бірі
Благовтың «Жат жерден» деген өлеңін алалық:_____________

1Метод
(грекше - methodos) - зерттеу, зерттеудің әдісі, принцип.

2
Стиль(грекше - stilos) бір жазушының өзіне тән идеялық-көркемдік ерекшелігі
(«стиль - адам») немесе бірнеше ақын, жазушылардың шығармаларында кездесетін
идеялық-көркемдік бірлік, жақындықтарын да бұрын стиль, әдеби стиль деп
атайтын. Қазір бұл ұғымда әдеби метод қолданылады.

Қиыр шетке, тіршілік,             
Мен көрген күн сізге жат.

Қашанға мені айдадың?              Сендер үйде  өз еркің,

Көрермін
қашан мен сені,                       
Туғанмен бірге көңіл шат.

Қош
иіс, бақша, бау-бағым?                    
Жүрекке қайғы, қаңғырған

Көлеңке
қою, үнсіз шу -                            Шетте жалғыз мен ғана.

Есітермін,
қашан тоғайым!                         Сендерден хабар береді

Құлпырған кең далама               Күбірлеп ескен жел ғана,

Ұмытпас ойдың толқынды, -   Түсімде
ғана сендермен

Оралтам қашан орайын              Кездесем қалың тоғайда,

Жастық тәтті өмірде,                  Таныс дауыс сыңғырлап,

Бірге
өскен тату достарым,                         Үн беред кейде тоғайға.

Санаға, әнге бас иген.                 Күн болар досқа бас қосар

Ерікті,
тірі, дос-жарым, -                             Жанды ортаға салармын,

Қоштасқан
сағатты ұмытып,                        Сәулетіне
туған жер,

Айырылған күндерді                  Бақытты көзбен

                          еске алмай,                                            қарармын, -

Араңа келіп аңсаған                     Сенімім жалғыз осы үміт.

Көрсем өмір қосқанын!               Қайғыға үміт көнбейді,

Сендер менен бақытты,              Қиялдың шаттық жалыны

                                                                      
Жүрегімде сөнбейді, -                      

дейді.

Благов бұл өлеңінде өзінің басында болған күйін жыр етеді. Бірақ өлең
дворян ақындарының «Достарыма сәлемдеме» деген өлеңдерінің түрімен жазылған.
Бұл кезде осы сықылды өлеңдерді орыстың дворян ақындары өте жиі жазды. Өйткені
дворян жастары өз араларында достықты жақсы сақтауға тырысты. Бұл достыққа
тірек болған нәрсе: олардың негізгі тілектерінің бірлігі, бір жүріп шаттану,
көңілді ойын-сауықпен өткізу, пікір алысу, бірігіп өлең жазу сияқты болушы еді.
Өлеңмен жазылған не қайғылы, не қуанышты сәлемдемелердің түрі сол ортаға дәл
келуші еді.

Благов олардың тек қана түрін алып қоймайды, барлық тіл құрылыстарын да
алады. Бұл мысалдың өзінен-ақ басқа таптың суреттеу құралымен ақынға өз табының
идеясын, өз мүддесін айтып берудің қаншама қиындығы анық көрінеді. Бұл өлеңнің
авторы - адам төзе алмастай мұқтаждыққа кездесіп, соның салдарынан бір үзім нан
іздеп өзінің туған деревнясын тастап, қалаға келіп, фабрикаға қызметке кірген
жұмысшы. Бірақ авторы көрсетілмесе, онда бұның қандай адам екендігін өлеңнен
біле алмас едік, тіпті, өлеңнің ішіндегі:

Көрермін қашан мен сені,

Қош иіс бақша, бау-бағым? -

деген
жері жұмыс ретімен не жаугершілікте достарынан айырылысқан дворян жастарының
өлеңдеріне жақын келеді. Бұл өлеңде фабрикаға жұмыс үшін келген кедей
жастарының тұрмысының қиындық жағдайы туралы ештеңе де айтылмайды.

 Қош иіс бақша, бау-бағым, -

дегені
деревнядан гөрі, дворянның бау, бақшалы әдемі үйлерін көбірек еске түсіреді.

Әрбір жаңа тап, өзінен бұрынғы таптың мұрасын пайдалана отырып, біртіндеп
өзінің суреттеу құралдарын бір жүйеге салады. Әрбір жаңа стиль - метод - басқа
стильден төмендегілер арқылы айырылады.

1)     
Өмірге жаңа көзқарас,
жаңаша дүниетанушылық;

2)     
Суреттеу үшін өмірдің жаңа,
басқаша бір жағын таңдап алып, ескі тақырыпты жаңаша көрсету;

3)     
Дүниеге жаңа көзқарасты
айтып беру үшін суреттеу құралының жаңа жүйесін табу;

4)     
Әдебиет мұраларына жаңа
қатынас, жаңа көзқарас.

Стильдің
түр боп стиль қатарына кіруі әдебиет мәселелерін теориялық тексеру арқылы жолға
салумен тығыз байланысты. Искусствоны тану жөнінде әр тап өз пікірін ұсынады.
Бұл жөніндегі екінші таптың пікірімен күресті тек көркем шығармалардың
айналасында жүргізіп қоймайды, сын мәселесі жөнінде де күрес ашады.

Бұл айтқанымыз түсінікті болу үшін толығырақ зерттелген орыс әдебиетінен
мысал келтірелік:

ХІХ ғасырдың 20-30 жылдарында Россиядағы дворяндардың ішінен алдыңғы
қатардағылар крепостнойлық правоға қарсы шықты. Бұл дворяндар патшаны жоялық
демесе де, оның өкімін тежемек болды. Россиядағы крепостнойлық құрылысты
өзгертіп, шаруаларды сол кездегі француз шаруаларындай етіп крепостнойлықтан
босатуға тырысты және Россияға қарағанда анағұрлым алдағы Европа мәдениетін
Россияда да жасауды арман етті. Бұл қозғалыстың жоғарғы сатыға жеткен түрі 1825
жылғы декабристер көтерілісі болды.

ХІХ ғасырдың 60 жылдарынан кейін Россия енді қайырылмастай болып
капиталистік даму жолына түсті. Бұл кезде капитализм даму жолы қай жолға түсу
керек: америкалық (ірі помещик жер қожаларын революциялық жолдармен жою) жолға
түсу ме немесе прустық (помещиктік шаруашылықты капиталистік шаруашылық
жағдайына жайлап бейімдей беру жолы) жолға түсу ме? - деген мәселе қойылды. Бұл
мәселенің маңында күрес, тартыс өте қызу түрде жүрді.

60 жылдар прустық даму жолды жақтаушылар мен америкалық жолды  жақтаушы екі топтың күресі кезінде,
революцияшыл-демократтардың әдеби стилі - 
методы жарыққа шықты. Демократияшы методтың өкілдері Салтыков-Щедрин,
Чернышевский болды. Ақындардың ішіндегі ең ірісі Некрасов еді. Олармен
бағыттас, бір таптың тілегіне атсалысып күресуші ақын, жазушылар да көп болды.
Сын жүзінде әдебиеттің бұл жолын дәлелдеуші және қорғаушылар Чернышевский,
Добролюбов болды. 

60 жылдардағы революцияшыл-демократ әдебиет методының ерекшелігі өмірді
сырламай, қанаушылық, кедейлік, топастық, мәдениетсіздік сықылды жаман жақтарды
көрсете суреттеу еді. Мұны біз Некрасов, Салтыков-Щедрин, Чернышевский тағы
басқа жазушылардан да таба аламыз.

Бұлай суреттеу ескіні жойсақ деген революцияшыл идеямен нық байланысты еді.
Революцияшыл-демократ жағындағы жазушылар феодалдық-крепостнойлық құрылысты
және оған байланысты нәрсенің барлығымен күрес ашты. Олар әдебиетті өз
идеяларын тарату үшін үгіт, насихат құралы деп қарады. Әдебиет арқылы
оқушылардың ой-санасына әсер етуге тырысты. Бұл туралы көбірек айтқан әсіресе
Чернышевский болды. Чернышевский: «Өмірді аудырмай суреттеп, көзге елестету
деген - искусствоның жалпы ерекше белгісінің бірі. Искусствоның мәні де осында.
Кейде искусстволық шығармалардың басқаша да мәні бар. Ол - өмірді жай ғана
түсіндірушілік; көбінесе искусстволық шығармалар өмір құбылыстары туралы үкім
мағынасында болады», - деді. 

Салтыков-Щедрин өзінің көркем шығармаларын «Әдебиет зерттеуі» деп атады.
Және әдебиет еңбегін күнделік оқиғаларға дұрыс баға беру деп түсінді.
Чернышевский романын оқушыларға, өмірдің таныс емес жағын (саналы жаңа қатынас,
жаңа тұрмыс баспалдағы үшін күресуші жаңа адамдардың күресін) көрсету
мақсатымен жазды. Тіпті романның атын «Не істеу керек?» деп қойды. Некрасовтың
өлеңін алсақ, үстемдік етуші қоғам құрылысын мінеу, сөгу екенін көреміз.

Өз мақсаттарына тез жету, өмірді түсіндіру, оның жаман, теріс жағын
қаралау, үкім шығару үшін революцияшыл-демократ жазушылар шығармаларына
публицистика сөздерін көп кіргізді. Олар шығармаларын көпшілік оқушыларға  түсінікті және оқуға әлі келе алатын болу
үшін (Некрасов) қаладағы жай халықтың, шаруаның, газет мақаласының тілдерін
пайдаланды. Орыс дворян жазушылары ұнатпайтын, тік, жарма сөздерді қолданудан
да тайсалмады.

Революцияшыл-демократиялық әдебиет стилінің осы өзгешеліктеріне оларға
қарсы таптың сыншылары шабуыл жасады, мықтап сынға алды. Дворян жазушылары мен
сыншылары бұлар искусствоға жатпайды деп айғайлады. Ол шабуылдардың көпшілігі
өмірді сырламай, шындығын суреттеу, олардың көзқарастарының революцияшылдығы,
суреттелген көрініс, тілінің «өрескелдігі» тағы осындайларын мінеу болды.

Дворянның Фет деген ақыны Некрасовқа қарсы тұрды. Фет Некрасовтың өлеңінің
қара бұқара халық мүддесі үшін қызмет етуіне шабуыл жасады. «Халықтың дөкір
тілімен неге жазады», - деді.  Фет өзінің
поэзиясымен халық мүддесі үшін, революцияшыл шаруалардың мүддесі үшін қызмет
еткен жоқ, ол помещик табының мүддесі үшін жұмыс етті.

Бұлар (Феттер) демократ жазушыларды сынға алды дедік. Енді өздері қалай
жазушы еді, соған келелік.

Дворян жазушылары революцияшыл-демократ жазушыларына қарсы шықты. Сол
кездегі болған өмір құрылысын жақсы етіп, мақтап көрсетті. Сол қоғам
құрылысының берік болуын, помещик үстемдігін, дінді, әйелді күң қатарында
ұстаған ескі семьяны жырлады. Шындық болмыстың көмескі жақтарынан қашып,
жекелік өмірді жазды. Олар «таза искусство» деген теорияны ұсынды. «Искусство
тек қана әдемілік үшін керек», - деді.

Бұл келтірген мысалдардан әдебиет методының тап күресінде өсетінін және
оның тап күресінің құралы екендігін көреміз.

Пролетариат табының тарих сахнасына шығуымен қатар, әдебиетте өз алдына
пролетариаттың методы шықты. Россияда бұл стильдің өз алдына түр болуы ХІХ
ғасырдың 90 жылдары деп айтуға болады. Пролетариат әдебиетінің өкілі,
революцияшыл ірі жазушы Максим Горький болды. Пролетариат әдеби методының ерекшелігі
- капиталдық қоғамның негізіне қарсылық, социалистік қоғам құрылысы үшін күрес,
адамды социалистік санада тәрбиелеу т.б.

Пролетариат әдебиеті адамды таптың өкілі етіп суреттейді. Қоғамдық дамудың
қозғалыс күштерінің дәл өзін көрсетеді. Пролетариат әдебиеті тек аз адамдарға
ғана сусын болатын әдебиет емес, ол - миллиондаған еңбекші жұртшылығының сусыны
болатын әдебиет.

 Бір алуан жазушылардың әдеби стилінің - методының бірыңғайлығы жеке
жазушылардың өздеріне тән ерекшеліктерін жоққа шығармайды. Бір әдеби методқа
жататын жазушы, ақындардың шығармалық әдістерінің негізі біреу-ақ болса да,
әрқайсысын жеке алып қарасақ, әркімнің өзіне тән ерекшеліктері болатындығын
көреміз. Стиль деген сөз - екінші ұғымында - әр жазушының өзіне тән
шығармашылық ерекшелігі.

Бұл
ерекшеліктер сюжет, композиция, тіл, сөз, сөйлем құрылыстарында айқындалады.
Шығармасына желі етіп алған оқиғасын қалай суреттеу әдісінен белгілі болады.
Біреу - лирик, екіншісі - эпик, үшіншісі - юморист, төртіншісі - сатирик.

Жалпы
алғанда, бір стильге1 жататын Некрасов пен Салтыков-Щедриннің
бір-бірінен өзінше өзгешеліктері болғаны сияқты, Грибоедев пен Рылеевтің де
өзара ерекшеліктері болған.

Абай
мен Махамбет екеуі де халық ақыны. Бірақ екеуінің де өзінше суреттеу әдісі бар.
Абай, негізінде, сатирик. Махамбет сатирик емес. Феодалдық көзқарастағы ақындар
әдеби бір стильге жатады. Бірақ Мұрат пен Шортанбайдың суреттеу әдістерінде
өзара басқашалықтары бар.

Бірақ
олардың шығармаларында өзара айырмалары болғанмен, белгілі бір таптың жазушысы
болғандықтан, олардың шындық болмысқа жалпы көзқарасы бір. Өмірге өз табының
көзқарасымен қарайды. Сондықтан бірнеше жазушылардың суреттеу жүйелерінің түрі
бір болады.

Мысал
үшін қазақ совет поэзиясының ірі өкілдері Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Сәбиттерді
алсақ - бәрі де социалистік реализм методының-стилінің өкілдері. Бірақ олардың
әрқайсысының өзіне тән, басқаларда жоқ, ерекшеліктері бар. Мұны олардың
стильдік (екінші мағынасындағы) ерекшелігі дейміз. 

Сәкен
қазақ совет поэзиясына жаңа тыныс (интонация), жаңаша ырғақ, жаңаша түр енгізді
және көпшілік өлеңдерінде соны берік сақтап, белгілі бір жүйеге айналдырды. (Ол
туралы VI бөлімде айтылды)    

_______________

1Соңғы
кездегі әдебиеттердің көпшілігінде «стиль» жеке жазушылардың өзіне тән
ерекшелігі мағынасында қолданылады.

Бейімбет қазақтың
ескі поэзиясындағы юморлық әдісті жаңа идеялық мазмұнға сәйкес ілгерілетіп
дамыта түсті. Қарапайым жай сөздердің өзін шебер қиюластыруы, ирония, сарказмды
іскерлікпен пайдалану арқылы өмір құбылысын көркем бейнелеп, Мырқымбай тәрізді
ауыл еңбекшісінің өлмес образын жасады.

Ілияс өлеңдеріне
инверсия, үздік образдар тән. Өзіне шейінгі поэзияда болмаған сөз образы
(теңеу, эпитет, метафора, метонимия), жаңаша құрған сөз тіркестері Ілияс
өлеңдерінде жиі ұшырайды.

Сәбит өзінің
творчестволық өсу жолдарының әсіресе соңғы кездерінде өлеңді мазмұнға құруға,
сөйлемде ойға қатысы жоқ сөз болмау керектігіне, өлеңнің тақпақтап айтуға
лайықталуына көп көңіл бөлді. Және оны өзінің өлеңдерінің бір ерекшелігі
есебінде берік ұстап қалды.

Осы тәрізді ерекшелікті
біз таза қара сөзбен айналысатын жазушылардан да көреміз.

Қай елдің әдебиет тарихын алсақ та, әдебиетінің даму жолдарында жеке
жазушылардың үлкен мәні болғанын көреміз. Орыстың даңқты халық ақыны А.С.Пушкин
орыс әдебиетін және әдебиет тілін жасаушы боп саналады. Оның «Евгений Онегин»
атты романын ұлы сыншы Белинский: «Орыс өмірінің энциклопедиясы», - деп атаған.

Халық ақыны Абай да,
біздің жағдайда, қазақтың жазба әдебиетін, әдеби тілін жасаушы, қазақ әдебиетін
тақырып жағынан, түр жағынан байытқан қазақ оқушыларын батыс, орыс
әдебиеттерімен таныстырып, Пушкин, Лермонтов сықылды данышпан ақындардың
шығармаларын қазақ даласына бірінші таратушы ақын болды.

Революцияның
дауылпазы, пролетариат әдебиетінің ұлы жазушысы А.М.Горький совет әдебиетінің өсіп,
ержетуінде, совет әдебиетінің методы социалистік реализм қанатын кең жайып,
оның буржуазиялық әдебиетпен күрес тартысында және оқушыларын жауына қарсы,
социалистік санада тәрбиелеуде үлкен еңбек сіңірді.

Қазақ совет
әдебиетінің тарихын алсақ, Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов, Б.Майлин, Ілияс
Жансүгіров, лениндік сыйлықтың лауреаты М.Әуезов, драматург, жазушы
Ғ.Мүсіреповтердің қазіргі әдебиетіміздің ержетіп, барлық жанрынан да төрт аяғын
тең басқан профессионалдық дәрежеге дейін көтерілуінде рөлдері аз емес.

Міне, осы келтірген
фактілеріміздің бәрі де әдебиеттің даму жолдарында, тап күресі және тәрбие
жөнінде жеке жазушылардың үлкен мәні барлығын дәлелдейді. Әдебиет даму жолдарын
тексергенде, бұларды естен шығармау керек.