ВЕРНУТЬСЯ

      Қызығына елітсем де көктемнің,

Қуаныштан қайғыны мен көп көрдім,

Сыртқы көзге бір міні жоқ бойында,

Екіжүзді адамдарды жек көрдім.

Оңашада қаққан сәтте арқадан,

Бала түгіл, алданады қарт одан.

Сырлас жаның екіжүзді боп шықса,

Ұтылғандай күй кешесің картадан.

О, адамдар,

сарапқа сал,

салыстыр,

Сыртқы әлемнен

жан дүниесі алыс тұр,

Дос қылғанша екіжүзді адаммен,

Құдай, мені

жауларыммен табыстыр.

Талай-талай көрсем де керемет күн,

Қасиетін кезінде елемеппін.

Елім анау артымда бұлдыраған,

Жел айдаған қаңбақпын, ебелекпін.

Жанар мынау жапақтап жасаураған,

Heгe керек ұлылық жасау маған.

Жындарынан айырылған бақсыдайын,

Кейде осындай болады асау балаң.

Ақ сағымға жетем деп қуған едім,

Көз жасыммен жүзімді жуған едім.

Қарайламай кетті деп аландама,

Қайта оралам өзіңе, туған елім.

1984 ж.