ВЕРНУТЬСЯ

         Сонау жылдары біздің Жәнібекте Ғабдірахим атты ақсақал өмір
сүрді. Кейін зейнетке шыққасын, ержеткен-бойжеткен балаларының соңынан еріп,
облысымыздан тыс жерге көшіп кетті. Қазір ол соғыс ардагерінің бүгінде
бар-жоғынан хабарсызбын.

Міне, сол ағамыз салқамсоқтау болғанымен, ақкөңіл адам еді.
Соғыста сол ағамыз заң бойынша жазаға тартылуы тиіс, бірақ  өмір тұрғысынан алғанда, өзіне қажетті
іс-әрекет жасаған екен...

Етік - соғыстағы әр сарбаздың ең маңызды киімі. Көбіне
көлікпен жүретін немістерге қарағанда, майдангер аталарымыз сол жылдары талай
мыңдаған шақырымды жаяу жүріп өткерді ғой. Сол сарбаздардың бірі- Ғабдірахим
ағамыздың етігі жыртылып қалып, бақайшағы жылтырап жүріпті. Тіпті көктемнің
қара суығында да қыңқ етпепті. Бір шайқастың соңында, оның теңкиіп өліп жатқан
неміс сардарына көзі түседі. Қараса, 
етігі -су жаңа және мықты. Дереу жансыз денеге жабыса кетіп, етікті
шешіп алайын десе, аяққа жабысып қатып қалған. Жансыз аяқты әрі-бері әурелеп,
күші жетпегесін, ойланып, бір жерден балта алып келіпті. Келгенде, аяқты тізеге
дейін шауып алып, көп көзге түспей, блиндажға апарып, қыстырып қояды. Кеште
блиндажда от жағылғанда, аяқ жібігесін, оны лақтырып тастаған да, етікті киіп
алыпты.

Соғыстың қатал да әділ заңы бойынша, өлікке тиіскен адам қатаң жазаға
тартылады. Әйтеуір, Ғабдірахим ағамызды бір Аллаһтың өзі сақтаған сыңайлы...