ВЕРНУТЬСЯ

       Ей, алдамшы дүние,

жағаласқан,

арбасқан,

Әлі есімде аяулы,

аппақ сезім,

алғашқы ән.

Нарық мерген соңымда

садағына жармасқан,

Құтылмадым бүгінгі камытынан тірліктің,

Қасқыры едім даланың екі-үш рет

қар басқан.

Жырларымды бір жан жоқ

дәл өзімдей түсінген,

Дүние қуған топасқа

ыза болам ішімнен.

Оқи қалсаң бір өлең ақылды тұр жасап ап,

Отырады алдыңда ойға шомған пішінмен.

Ақ қайыңға мұңлылау екі ғашық баратын,

Гүл аңқыған беткейде,

жұлдыз аққан қара түн.

Сырымды айтсам, босаған кемшілігім емес ол,

Жыр оқыған сол сәтім әлсіздігім болатын.

Мәңгілікке беттеген жырым дұрыс бағытта,

Ит пен құстан көп қалған

қайран көңіл, жабықпа.

Ал сен мені сұрқия сұрағыңмен кағытпа.

Оқымайтын қазақтар бар ғұмыры бірге өткен,

Өлендерім тұтқын боп қалар кітап табытта.

Рельстер тәрізді таптаурынды бағыттар,

Соны соқпақ не керек,

дайын жолмен ағып қал.

Қос өкпеден қысады, алқымымда қос қолы,

Рухымды киелі босатпайды табыттар.

Өткізбейді халқыма

шенеуніктер сұрланған,

Дүние теріс айналды тоқалдайын тұлданған.

Ай айналып, жыл жылжып,

тықылымен сағаттың

Қайран менің аяулы алтын кезім ұрланған.

Толқын-толқын ұрпақты

тарих сүзіп байқамақ,

Бұрынырақ өткеннің

соңғы сәтін қайталап.

Біз де кете барармыз, қимай сұлу дүниені,

Төбемізге шалқайған жарық күнде ай қадап.