ВЕРНУТЬСЯ

          ...Қайран, кері оралмас, өткен ғасырдың алпысыншы жылдары.
Көңіл жайлау, заман тыныш, ел тоқ еді-ау. Сірә, 1967 жылдың қыркүйек айының май
тоңғысыз жылы күндерінің бірі болса керек. Біз сол кезде білім алған
Жәнібектегі Т.Жароков атындағы орта мектепте кенеттен оқушылар мен
мұғалімдердің жиыны өтті. Жиынды ашып, сөз сөйлеген мектеп директоры (бүгінде
марқұм)Талип Әжіханов  алпауыт
мемлекет-АҚШ-тың сонау алыстағы шағын ел-Вьетнамға басқыншылық соғыс жүргізіп
жатқанын, бейбіт жандардың қырғынға ұшырағанын айыптады. Әрине, АҚШ
империализмінің қанқұйлы қарақшылығына балалық жан -дүниемізбен қарсы
болғанымыз да рас. Жиын соңында сөйлеушілер:"Хо Ши Мин жолдас басшылық еткен
вьетнам халқының ерлік күресінің толық жеңіспен аяқталатынына сенеміз" деп
сөздерін  аяқтады. Сонан соң, оқушылар
мен мұғалімдер: "Тарт қолыңды, Вьетнамнан !"деп, бірауыздан ұран тастады...

...Вьетнам, Вьетнам. Сонау ұлы Азияның бір қиырында жатқан,
қазақ үшін мүлдем жұмбақ елдің 60- жылдары әлемдік саясаттың күн тәртібінен
түспегенін бүгінде біреу білер, біреу білмес. Бүкіл дүние жүзінде АҚШ-ты айыптаған
шерулер үздіксіз өтіп жатты. Жәнібекте сол жылдары теледидар болмаса да, радио
дегенің күні-түні сұңқылдап тұрды. Қосып қалсаң, қазақша, орысша хабарлардың толассыз
ағыны: "Бүгін Францияның Президенті Шарль де Голль АҚШ-тың Вьетнамдағы
"жиіркенішті" (қазір Ирактағы қанды қырғын 
да  осылай айтыла бастады)  соғысын үзілді-кесілді қатаң айыптады...",
"Оңтүстік Вьетнамның ержүрек 
партизандары соңғы күндері 32 американ басқыншысының көзін жойды",
"Вьетнам зымыраншылары атып түсірген жат жерлік әуе құзғындарының саны кеше
1500-ден асты"....Таңды" Вьетнаммен "атырып», кешті "Вьетнаммен" батырамыз. Сол
кездегі идеологиялық насихаттың, саяси тәрбиенің құдіреті қандай  десеңізші?!...

 Иә, бүгінде
Оңтүстік-Шығыс Азияның ең ірі елінің бірінен саналатын, экономикасы қалыпты
дамып келе жатқан Вьетнам елінің өткен ғасырда көрген құқайы, төгілген қаны мен
көз жасы телегей теңіз. Ұлттық намысы мықты (шіркін-ай, осындай қасиетті
қазаққа неге бермеген?!), Отаншылдық сезімі 
лаулап жанған, өте ұйымшыл, ел басына күн туғанда бір жағадан бас, бір
жеңнен қол шығарған вьетнам халқына тарихтың тәлкегімен өткен ғасырда жеріне
басып кірген, озбырлығы мен өктемдігі жөнінен бірінен бірі кем түспейтін үш
дұшпанмен қару қағыстыруға тура келген-ді. Он тоғызыншы ғасырдың аяғында-ақ отарлық
бұғауға түсіп, француздарға басыбайлы болған Вьетнам жеріне 1941 жылы жапон
әскерлері  лап   қойды. Оларды 1945 жылы  түріп айдап шығып еді, француздар қайта
оралды. 1946 жылы басталған  ұлт-азаттық
соғысы 1954 жылы басқыншылардың Дьенвьенфу түбіндегі масқара жеңілісімен  аяқталды. Бірақ ел екіге бөлінді,
солтүстігі-коммунистік, оңтүстігі-капиталистік болып. Алайда оңтүстіктегі
қуыршақ мемлекетті сылтау етіп, енді  АҚШ
Вьетнамның ішкі істеріне тұмсығын тыға бастады. Ақыры ол 1965 жылы АҚШ-тың тек
Вьетнам ғана емес, Лаос, Камбоджа елдеріне де қарсы ашықтан ашық басқыншылық
соғысына ұласты. Міне, осындай аласапыран шақтарда ел тізгінін Хо Ши Мин
ұстаған-ды...

Әлемнің ең алпауыт елімен ашықтан ашық айқасқа түскен
қаһарман ұлттың, халықтың басшысы Хо Ши Мин қандай адам болатын? Сырт көзге өте
қарапайым, үстінен ұлттық киімі түспейтін, бір қарағанда қазақтың сонау
дәуірдегі шоқша сақалды, ізгі қарттарына қатты ұқсайтын ол шын мәнісінде елінің
лайықты, ресми әрі рухани көсемі еді. Оның қайтпас қайсар саяси қайраткер,
көреген басшы болуына буырқанған бұрынғы өмірбаяны себепкер сыңайлы...

Хо Ши Мин (оның шын есімі Нгуен Тат Тхань, ал әлемге тек
бүркеншік , партиялық атымен белгілі болған) 1890 жылы туған елінің ең бір
түкпіріндегі ауылында дүниеге келген. Ауыл мұғалімінің баласы. Жасынан білімге
құштар болса керек. Хюэ қаласында колледж бітіріп, француз тілін жете меңгеріп
шыққан. Жас шағынан саяси күреске араласып, бар күш- жігерін француз
отаршылдарына қарсы күреске арнады. Тынымсыз қудалаудан бас сауғалап, 1911 жылы
елінен кетуге мәжбүр болды.Оны француз отаршылдары сыртынан өлім жазасына
кесіпті. Қалтасында  көк  тиыны 
да  жоқ  жас күрескер жан сақтау үшін кемеде аспаздың
көмекшісі, аспаз болып та жұмыс та істеген. Сонан белі қайыса жүріп, жүкші де
болса керек. Ақыры теңізші болып, кемелерде айлар бойы қара жерден көз жазып,
мұхитта жүзіп жүрді. Осындай қиыншылықтар оның жігерін жасыту былай тұрсын,
ұстаның көрігіне салынып, шыңдалған болат қылыштай оның еркі мен қайратын жанып
шықты.

Ол есейген шағында 1934-1938 жылдары Мәскеуде оқыпты. Содан
1941 жылы еліне оралып, халқының жапон басқыншылары мен француз отаршылдарына
қарсы күресін басқарды. Жапония 1945 жылы 2 қыркүйекте жеңіліп, одақтастардың
алдында тізе бүкті. Ал Вьетнам соның алдында ғана тәуелсіздігін жариялап, жаңа
өмір құруға кіріскен-ді. Міне, сол елдің алғашында Үкіметбасы, кейін Елбасы
және Еңбек партиясының хатшысы міндеттерін өмірден  озғанша , яғни 1969 жылдың 3 қыркүйегіне
дейін атқарған.Сөйтіп 79 жасында о дүниелік болыпты.

Хо Ши Мин көзі тірісінде аты аңызға айналып, соңына көпке
өнеге боларлық естеліктер қалдырған жан. Әрине, оның бәрі бұл адамның
атаққұмарлығынан емес, өзінің бар кісілік болмысынан туындаған секілді. Өйткені
атақ , даңқ, дәреже Хо Ши Мин үшін ешқандай маңызы жоқ  дүние көрінген, тіпті ол жөнінде ойлануға да
уақыты болмаса керек...

Дау жоқ, АҚШ секілді әлемге әмір ретінде қараған алпауыт
елге алғашында Вьетнамды құртып жіберу түкке тұрғысыз болып  көрінген. Басқыншылар не істемеді?! Жүздеген
мың тонна оқ-дәрі, бомба, снарядты аяусыз төкті. Напальм мен күйдіргіш бомбалар
төгіп, талай жандардың обалына қалды.Ондаған мың тонна химиялық улы заттар
қолданып, елдің өсімдік (әсіресе партизандар мен босқындар паналаған тропикалык
ну орманды) дүниесін түп-тамырымен құртып жіберуге тырысты. Адамзатқа қарсы
және әскери қылмыстар жасап, жазықсыз қанша жанды қырып-жойғаны өз алдына...

...1968 жылы 16 наурызда американдықтар Оңтүстік Вьетнамдағы
Сонгми қауымына кенеттен шабуыл жасап, бір сәтте қорғансыз 500 қатын,
бала-шаға, қарт-кемпірді қырып салды. Үйлерді өртеп, мал мен егістікті жойып
жіберді. Мұның өзі тек осы ел ғана емес, бүкіл әлемнің ашу-ызасын туғызған
болатын. Ресми АҚШ бұл қылмысты және сол елде балаларды өлтіруге "маманданған"
лейтенант Коллидің жауыздығын мойындаудан үзілді-кесілді бас тартты...

Әрине, ұлтының басына түскен осындай қайғы-қасірет пен азап
ел көсемінің жанын, жүрегін талай ауыртты ғой. Сонда да ол халқын күреске
жұмылдыра және шақыра отырып, ешқашан да өшпенділікті аузына алған жоқ. АҚШ-тың
ресми билігінің саясаты үшін бүкіл қарапайым американдықтарды жазғыруға
болмайтынын жұртына ерінбей-жалықпай түсіндірумен болған-ды. Ұлы Отан соғысында
"Немісті өлтір!" деп, ұран тастаған біздің еліміздегі кейбір жазушылардай,
көзсіз, шексіз өшпенділікке үндеп көрген емес. Оның адами парасатының бір қыры
осындай.

Билік-қашанда өткір қылыштың жүзіндей қиып түсетін ауыр
қызмет. Оның сынынан екінің бірі өте алмайды. Хо Ши Мин болса, осы сыннан
қиналмай өткен санаулы тарихи тұлғалардың бірінен саналады. Ол билік басында
тұрғанда, талай рет төңірегіндегі  кейбір
жарамсақтар   лауазымдық жалақысын көтеру
немесе мемлекеттік қамтуды онан әрі кеңейту жөнінде мәселе көтерген екен. Бірақ
соның бәріне салиқалы саясаткер жан-тәнімен қарсы шыққан. Тіпті ол жөнінде
ауызға алуға тиым салыпты. Өзіне қандай ма болсын, артықшылықтар жасауға қарсы
болған жанның шетелдегі жасырын валюта есепшоттары болмағандығы өз-өзінен
түсінікті. И.В.Сталиннің  мүлдем болмаған
"есепшоттарын"  іздеп,  әуреге түскен жалақор біреулердің іс-әрекеті
осы орайда еріксіз есіңе түседі...