ВЕРНУТЬСЯ

      Көктем сайын сабын су көпіргенмен,

Өткен өтті,

амал не өкінгенмен.

Сүлгі менен сабын ап жуынуға,

Өтетінмін кішкене көпірден мен.

Артта қалды жастығым, сүйіс, жалын,

Шабыт атты домбыра жиі ұстарым.

Мерекеде сыйлады маған бір қыз

Суреті бар сыртында иіс сабын.

Жатқа білем сол аймақ, суын, атын,

Қара шалдар белбеуін буынатын...

Сол қыздайын мен де аппақ боламын деп,

Қара бала сабынмен жуынатын.

Мен үмітін сол қыздың ақтадым ба,

Кейін жазған жырымды жаттадың ба?

Терең суға сабыным түсіп кетті,

Көктем айы жуынып жатқанымда.

Құтқармақ боп жүгіргем,

шырқырағам,

Суды кешсем өн бойым зырқыраған.

Дүниеқорын қаршадай баланың деп,

Бүкіл ауыл қарап тұр жұрты маған.

Тарихы бар сол арық...

ел есінде,

Апарайын, сол жерді көресің бе?

Сабынды да жыр етіп деп жүрсің бе,

Қаланып тұр дүкеннің сөресінде.

Сырлас болдық соқпақпен көнбес қиын,

Көтерілді кеудемде сөнбес құйын.

Маған қымбат көрінген сол сабынның

Сендер үшін бағасы он бес тиын...