ВЕРНУТЬСЯ

       Үйрек емес кәлден
ұшқан аспандап,

Көк алалы бұлттардың
легі еді.

Толқын мініп томашадай қасқалдақ,

Екі аяғын ескек етіп келеді.

Кәлден ұшқан
бұлттар емес көкала,

Күн еді ғой ұясына
асыққан.

Көлеңкелер шырмалып қап қоғаға,

Көмек күтіп қол бұлғайды қашықтан.

Қайтам мен де, зеріктім
һәм жалықтым,

Көл де, шөл де - жүрегімде, өзімде.

Бірсін-бірсін сөнеді анау алып күн

Томашадай қасқалдақтың көзінде.

Сүйдім мен Іңір деген пері қызын,

Тәуекел - не ажалым,

He қызығым.

Ақырын жаныма кеп отырады ол,

Жасырып жез тырнағын жеңіне ұзын.

Бозарып мен отырам бозаң қырда,

Пері қыз сіңіп кетіп тозаң-нұрға,

Ұшынан
тырнағының қан сауғалап,

Тырнайды көкжиекті көз алдымда.

Әп-сәтте жалкынданып қыр бөктері,

Қызыл қан көкжиекте дірдектеді.

Мен көрген сұмдық аздай мына өмірде,

Апыр-ау, қаны несі, бұл неткені?

Киеді жадағайын жер қаракөк,

Қайтадан жүгіреді жел бала боп.

Пері қыз жұпар
атып жақындайды,

«Бәрібір сені ұғатын
мен ғана» деп.

Жер тыныш.

Көл орнында.

Сеңгір аман,

Тек жүрек бұлқынады
- шерлі ғалам.

Сүйем мен жез тырнақты дүниені,

Қайт дейсің,

He істе дейсің енді маған?