ВЕРНУТЬСЯ

     Жүре берем, еске алсам балаша еріп,

Алаңсыз ек, ол кезде тамаша едік.

Қарашада пісетін бақшамызда

Жалғыз түпті бар еді қараша өрік.

Қараша өрік, о, шіркін, бал татыған,

Көрінбейтін ақ үйдің қалқасынан.

Кем емес-ті қоржынмен Үкәшәдан

Ақ алмадан Әбсемет шал тасыған.

Жалғыз қалды басқанда талай түнек,

Сол өрікті орманға балайтын ек.

Дір-дір етіп жаураса,

бірге жаурап,

Терезеден жабыла қарайтын ек.

...Жаңбыр жауды жер бетін сулап көктен,

Мазаны ап жүр бойда өлең тулап көптен.

Өткен жазда ауылға соққанымда,

Көзім түсті өрікке қурап кеткен.

Енді қайтып білдім де көрмесімді,

Көзім жасы сен жатқан жерге сінді.

Көзге шынды айтатын, өзге сынды,

Сен қайтқалы сездім мен сезбесімді.

Көңілде жел азынап ұйытқыған,

Өтті өмірді жанымен сүйіп қыран.

«Қызғалдақ боп қырлардан көтеріл», - деп,

Жаңбыр болып кей кеште құйып тұрам.

1978 ж.