ВЕРНУТЬСЯ

       Бүгінде біздің қоғамда ұстаз беделі мүлдем төмендеп кетті.
Бұрын көзге елене бермейтін экономист, бухгалтер, заңгер, банкир мамандықтары,
әсіресе жалақылары қазіргі жастардың жатса да, тұрса да арман еткен, мақсат
тұтқан межелеріне айналды. Мұнайшы, газ өндіруші кәсіптерін айтпағанның өзінде.
Оның қасында адамзаттың мәңгілік тәрбиешісі мен ұстазы- мұғалімдік жәутеңдеген
жетім баланың күйін кешуде десек, асыра айтпаспыз. Нәтижесінде облыс ақыны, «ҚР
білім беру ісінің үздігі», ардақты ұстаз Үзілдік Елеубайқызы айтқанындай: « ...
мектепте өте жақсы оқыған, зерделі балалар мұғалім болуға тиіс еді, енді
керісінше, мектепті үздік бітіргендер тәуір айлық алатын мүмкіндігі бар
мамандық таңдайды да, өмірінде қазақ тілінен талдау жасап көрмеген, көркем
әдебиеттен хабары жоқтар мұғалім болатын болды». Әрине, бұл қалыпты жағдай
емес...

Мұғалім беделінің жоғары болмауының мынадай түйінді себептері
бар. Ең бірінші- жалақының төмендігі. Мемлекеттің жыл сайын болар-болмас қана
жалақыны өсіруін, соны аңдып  тұрғандай,
іле-шала көтерілетін бағаның өсімі дереу «жұтып қояды». Алыстағы
алпауыт-Американы айтып, аузымызды ауыртпайық, мына жанымыздағы Қытайда әрбір
ұстаз алатын айлық жалақының (кемінде мың долларға жуық) мөлшеріне жеткізбесе
де, оқытушының еңбегіне қомақты қаржы төлемей, мұғалімнің жағдайы оңалмайды.
Екіншіден, мемлекет тарапынан жүйелі (қазіргідей оқта-текте және барлық жерде
бірдей емес) коммунальдық жеңілдіктер (газ, су, электр төлемінен, қызметтік
немесе тегін пәтер,т.б.) берілсе, нұр үстіне нұр. Мұғалім тұрмысын түзеп
алғаннан кейін, оны ісіндегі керексіз қырсық- қағазбастылықтан арылту қажет.
Тағы да Үзілдік замандасымыз айтқандай: «... біз бала оқытып шаршамаймыз, қағаз
жазамыз деп діңкелейміз. Әр мұғалімнің өз жеке папкасы, әр оқушының үлгіріміне
байланысты папка, ай сайын папка, тоқсан сайын папка...». Расында да, соның
бәрі неге керек? Соншама қағаздың әрине, ұстазға қажеті шамалы, нақты істі тек
толтырылған хаттамамен бағалайтын шенеуніктер үшін болмаса?!.Үшіншіден, сан
алуан саяси  науқандар мен мерекелік
шаралар кезінде түрлі деңгейдегі лауазымды тұлғаларға  «қолбала» болу да - мұғалімдердің маңдайынан
бір арылмайтын «соры». Шапқылаумен жүрген ұстаздың балаға білім мен тәрбие беру
былай тұрсын, жұбайы мен балаларына (олардың басым көпшілігі- әйелдер) қарауға
мұршасы келмейді...

«Тәрбие» демекші, бүгінде, 
қандай ма болсын, сатыдағы жиындар мен бас қосуларда тәрбие жұмысы тіпті
де ауызға алынбайды. Әл- Фараби бабамыз қауіп еткеніндей, «тәрбиесіз берілген
білімнің қатерлі екенін» ескеріп жатқан ешкім жоқ. «Ұлттық тәрбие» десек,
жер-жердегі батысшыл, орысшыл шенеуніктер мен жекелеген мұғалімдер зәре-құты
қалмай шошиды, ал «Валентин күнін» мерекелеуге келгенде, бәрі ат-тонын ала
жүгіреді. Түк те рухани тәрбие алмаған оқушының қоғамға қарсы қылықтарға үйір
келіп, зымиян мақсат көздеген түрлі діни ұйымдардың жетегінде кететін
жағдайларына сонда қалай таңырқауға болады? Әдетте қасиетті ислам дінін
«құбыжық» көретін әлдебіреулердің мектептерде кейде өзге дін секталары
өкілдерінің жүретінін қалайша «байқамай» қалуы мүмкін?!... «...Тәрбие беру
жағын ақсатып алғандаймыз» деп, ағынан жарылған ұстаз Үзілдік Елеубайқызының
пайымдауында осындай ащы ақиқат жатыр...

Мынадай мінез-құлықтық (психологиялық) ахуал. «Біз де бала
болғанбыз» дегендей, оқушылық шағымызда елдің ұстазға деген көзқарасы түзу еді.
Мұғалімді баланың көзінше сыртынан жамандау немесе оның өзіне барып, байбалам
салу дегенді көрмеппіз де, естімеппіз де. (Сірә, сол заманның адамдары шетінен
жайсаң болған ба, кім білген?!). Тіпті өзіміз де жекелеген мұғалімдеріміздің
пенделік «әлсіздіктерін» көрсек те, білсек те, көрмегендей түр білдіргеніміз
рас. Ал қазір қит етсе, мұғалімге тіл тигізу, оны «өгей баласындай» сыбау, екі
айналса, байбалам салу, соттасуға дейін бару- қалыпты жағдайға айналған
сыңайлы. Шіркін, сондай кейбір ата-аналар ұстазды сыйламаудың түбі қандай
боларын біле ме, екен?! Демек, Абай атамыздың сөзін сәл өзгертіп айтсақ, қоғамда
ұстазға деген «діл түзелмей», құрмет қалыптаспай, алға баса қоюымыз қиын...

Мектепке ер-азаматтарды қайтару жәйі де- айта-айта жауыр
болған тақырып. Мектептегі тәртіптің босаңдығы,тәрбиенің төмендігі мұғалімдер
құрамында парасатты да білімді азаматтардың аздығынан немесе болмауынан
туындайды. Түйін тағы да келіп, жалақының аздығына, тұрмыстың күрделілігіне
келіп тіреледі. Ер-азаматтарға жалақыны сәл көтеріңкі төлесе, ұстаздар қатарын
лайықты адамдардың, әсіресе жастардың ұдайы толықтырары сөзсіз. Меніңше, ұлдар
мен қыздарды бір-бірінен бөлек оқыту идеясын «жерлеуге» де әлі ерте. Мұндай
мектептер сирек те болса (мәселен, көршілес Ресейде) бар және аталған
мектептердің ұл мен қызға сапалы білім берумен қатар, оларды келешекте жақсы
азамат және жұбай, әке, бойжеткен болса, жар және ана ретінде тәрбиелеп
шығаруға берері мол. Көршілес Ресейдің тағы бір ұтымды тұсы - мұнда кез келген
ұстаздың мектепте 25 жыл бойы үздіксіз еңбек еткеннен кейін зейнетке шығуға да,
әрі қарай жұмысын жалғастыруға да құқы бар. Ал бізде еңбек өтілін есептеу енді
қолға алынса, жоғарыдағы жеңілдікті ұстаздар қауымы армандай да
алмайды.Зейнетке шығудың да - ер адамға 63 пен әйелге- 58 жас белгіленгенін
ескерсек, көршілеріміздің оны «Марқұмдарға арналған зейнетақы» деп, келеке
жасауына қынжылуға бола ма?!...

Облыстық білім басқармасынан алынған деректерге сүйенсек,
қазір облысымызда 18992 ұстаз еңбек етеді. Соның 14318-інің жоғары білімі бар,
мұның өзі ұстаздар құрамының 75,4 пайызын құрайды.Мұғалімдердің басым көпшілігі
- 40 жастан асқандар. Ана жылы бұрынғы білім министрі Шәмшә Беркімбаева:
«Мұғалімдер қартайып барады» деп дабыл қақса, қаққандай, олардың арасында  жастардың үлесінің қомақты болғаны
қажет-ақ....