ВЕРНУТЬСЯ

    Кешір мені, өлең атты
серігім!

Кешір мені, өнер қуған пері
күн!

Өмір бейне - алып сахна...
Актер көп...

Адамдардың «ойынынан» жерідім.

Қарап тұрсаң: Бірін-бірі арбайды,

жұбатқан боп, бірін-бірі алдайды.

Дүниенің «адды - соқпақ, арты - жар»,

азаншысы қазаншысын қарғайды.

Алтыны көп ар қабағын
бақпайды,

арлы пенде арсыздарға жақпайды.

«Театрдың» салты осылай - безілдеп,

өтірікші өсекшісін мақтайды.

Қарай-қарай төзім бітті, мұң бітті,

ой, арманнан - аспан күпті,
түн күпті;

ойнаймыз деп қилы-қиын
рольді,

жын-періге айналдырдық шындықты.

Көшті талай жанарлардан жанып
түн.

Көрдік бөрін... Бәріне де
қанықпын.

«Орда бұзар отты кезде», апыр-ай,

құдыретін «театрдың» жаңа ұқтым.

Кештеу ұқтым. Көкіректі басты мұң.

Табалады ақылгөй бір «бастығым».

Сезінбек боп «мизансцена сиқырын»,

талқысына түстім ақыр «маскының»...

Кешір мені, өлең атты серігім!

Кешір мені, өнер қуған пері
күн!

Театрды тәңір тұтқан жан едім,

адамдардың «ойынынан» жерідім.

қаңтар, 1980 жыл