ВЕРНУТЬСЯ

       Дүниеге ез
келіп те, ер келіп,
Жатар бірдей ақ бесікте тербеліп.
Аңғарылар айырмасы ақыры -
Кетерінде тіл сауырлы жерге еніп.
Ізтай Мәмбетов.
       Әукен
балалы-шағалы болса да, осыншама жасқа келгенімен немере сүйіп көрген шақ еді.
Бас қосқан бір жерлерде өзінен әлдеқайда кіші бір інілері мен келіндері
әлденеге меңзеп «әлгі біздің үйдегі күшік» деп кеуделерімен көрік үрлегенде, құдай
сақтасын, ұшырып жібере жаздап, көкіп отырады. Інілер бұлай болса, аға
дегендерің одан да өткен. Әсіресе Сафа
дейтін ағайынның кездескен сайын, басқа дүние құрып қалғандай:
«Өй, менің немерем бір жас тоғыз айында хат таныған. Төрт жасында менің немерем
Пифагордың кестесін жаттап, шахмат ойынын үйренген. Сол жылы
менің немерем Ишанбай атасын мат жасап, матап тастаған. Ал Жаппар атасы менің
немеремнен жеңіліп қалып ашулаиған» - деп күпсінгенде, үйге сыймай кететінін
қайтерсің! Ол ол ма, мына жақтан «біздің немере» - деп кемпірі Бағдат жанапайласқанда
бар ғой... есіңді шығарады тіпті. Біздің немере де, біздің немере! «Сарт есегін
мақтайды» - дегендей, мына кісілер қартаяйын деген болса керек, отыра қалып
немерелерін мақтайды, - деп әзілдеген болса да, сол әзіл-әңгімелердің бір ұшы өзіне
барып тиетінін білігі оқтау жұтқандай болып отыіратын Әукен үйге келген соң, ал
өз үйінде болса, жұрт тараған соң үлкен баласы Хабайды қасына отырғызып алып,
сұрайтын-ды.
 - Әй, Хабай, жасың
болса отызға жақындап қалды. Осы сенің не ойлағаның бар?
     Хабай саспанды.
Өйткені бұл оған тосын қойылған сұрақ емес. Осындай жиын-тойдан кейін үнемі
қойылып тұратын және мағынасы түсінікті сұрақ.
- Не ойла дейсің. Институтты жаман бітірмедім. Диплом болса
калтада. Енді міне жұмысты да жаман істеп жүргенім жоқ.
-        Жоқ, оныңды
айтпаймын. Келін түсіріп, шешең екеумізге бір жас иіс сүйгізбейсің бе?
-        Ә, асықпасаң,
бәрі де болады.
     Осы «боладыны»
қашан болар екен деп күтумен алаң болып жүргенде, Хабай бір күні үйге бір қызды
ертіп келді де:
-        Ал, папа, ал,
мама, болашақ келіндерің осы кісі. Аты Гүлім, - деп ақ түйенің қарнын жарып
тастамасы бар емес пе.
       Өлгенше қуанған
Әукен мен Сақыш әуелі Гүлім атанған болашақ келінге, содан кейін өзара ұнатқандарын
танытып бір-біріне қарасты. Сол күнгі түнді олар көрер көзбен атырды десе де
болады.
-        Келін бала
сондай сүйкімді екен, - деді сөзге сараңдау Әукен.
      Ал қашанда
ағайын арасы ашылар болса, қиюластырып, жыртықтың бәрін жамап-жасқап жүрер есті
Сақыш:
-        Сүйкімдің не,
уыздай уылжып тұрған, қара торының ішіндегі ең сұлуы ғой. Тіпті ана жоғарғы
ернінің үстіндегі қап-қара меңінің өзі қандай жарасымды. Тек құт болып кірсін
де үйімізге, - деп анықтап қойды.
Әукен қарсы болар ма:
-        Иә, құт болып кірсін
үйімізге, - деп Сақышты қостап жатыр.
      Ал, Гүлім болса,
бұл үйге құт болып кіргені рас. Ең әуелі Гүлімнің әке-шешесі Әбиболла мен Зият
құда-құдағи деп ауыз толтырып айтарлық, жөн-жобаны білетін болымды адамдар
болып шықты. Өз қызын былай қойғанда күйеу баласы Хабай десе ішкен асын жерге
қояды. Ал Әукен, Сақыш дегенде, обалы нешік, жандары жоқ тіпті. Шүкіршілік.
Бұдан артық не тілеуге болады? Осы күні құда-құдағилардың не бір сарттары шығып
жүрген жоқ па. Естімеген елде көп дегендей, бүгін ұлан асыр той жасап,
балаларын қосып, ертеңіне көшеде кездессе амандаспай өтетін де құдалардың
табылып қалатынын естігеніміз бар. Нелер болмайды дейсің бұл дүниеде.
        Баласының
үйленгеніне бір, жақсы келін, жақсы құда-құдағи тапқанына екі қуанып жағасы жайлау
болып жүрген Әукен міне енді үшінші қуанышқа ие болды.
        Жұмыста отырған-ды.
Сақыш телефон шылдыратты.
-        Әй, қайтып
шыдап отырсың? Әлгі Гүлімтайды толғақ қысып, перзентханаға алып кетті ғой.
-        Ал, иә? - дей
берді қуанған Әукен аузына басқа сөз түспей!
-        Не иәсі бар.
Перзентханаға алып кетті деп тұрмын ғой. - Осыдан кейін Сақыштың басқа бір
телефонда басқа біреумен сейлескен даусы шықты.- Сестра, сеспра, бала менің
балам, келін менің келінім. Қуаныш хабарды ең алдымен маған естіртетін бол. Білдің
бе, сүйіншісін өзім берем. Келінімнің әке-шешесі келуге тиісті. Оларға да дым
үндеме. Әуелі маған хабарла.
      Әукен шыдай
алмады.
- Ау, кіммен сөйлесіп жатырсың?
-        Жәй, әшейін...
-        Қалайша жәй
әшейін?.. Сенің келінің болса, олардың жан дегенде жалғыз қызы. Өміріндегі
тұңғыш қызығын неліктен естімеуге тиісті?
      Сақыш құлақ қояр
емес.
       Мен жұмыстан
шыға алатын емеспін. Сен сол жаққа барьш басы-қасында болмайсың ба, - деп әңгіме
тақырыбын кілт бұрды.
     Басқаға тап
қастандығы жоқ, сыралғы әйелінің мына ерсі ісі тұңғыш қуаныштың тұңғыш хабарын жұрт
алдымен өзі естігісі келген, болмашы бір өзімшілдіктен туған, зілсіз қылық
екенін бірден түсінген Әукен мына жәйдан кейін қопаңдап отыра алмады.
       Салып ұрып
перзентханаға барды. Барса, Әбиболла құда мен Зият құдағи сонда жүр. Әлде
қайтеді деген үрейлі мазасыздық па, әйтеуір, Әбиболладан көрі Зият құдағидың
өңі өзгешелеу, салқындау екен. Қылт еткен ой ұшығы: әлгі Сакыштың телефондағы
сөзін естіп ренжіп қалмады ма екен? - болды. Сол түйткулі көңілді басқысы
келген Әукен:
-        Ал, иә, Гүлімтай
қалай? -тдеп сұрады.
-        Біле алмай
аңырып тұрмыз, - деді Знят дағдылы сабырлы қалпында.
Әбиболла шыдамай жатыр.
-        Күтуші
қарындас жаңа ғана шығып, әзірге бәрі де ойдағыдай. Қуанышты өзім шығып
хабарлаймын. Күте тұрыңыздар, - деп кетті.
Әукеннің жүрегі орнына түсейін деді. Әй, Сақыш-ай, жоқ жерде
менің балам, сенің балаң деп алалап... екі ата, екі әженің қайсысы бұрын естісе
де бәрібір емес пе.
      Знят өңі өзгермейді.
-        Сіздер бұл
жерде тұрып не аласыздар. Үйге бара беріңіздер. Хабарды өзім әкелем.
       «Сақыштың қулығы
секілді бірдемелер мына құдағиымда да болғаны-ау», - деп жорыған Әукен енді
тіктеу келіп қалды.
-        Неге бара
береміз? Хабарды осы арада тұрып бәріміз бірге естиміз.
Зият түсіндіріп әлек.
-        Қазак дәстүрінде
әйел толғатқан үйде еркек қауымы отырмақшы емес қой.
-        Е, біз үйде
отырғанымыз жоқ. Далада жүрміз. Есік, терезелерді бағамыз.
-        Сөйтсе де
ырымға жақсы емес...
      Әбиболла Әукенге
ым жасап, кете берейікті түсіндіріп жатқанша болмады, ақ халатты әйел терезеден
басын қылтитты да:
-        Сүйінші, ұл
бала! - деп дауыстады.
        Әукеннің жетқен жері осы болды.
-        Ал кеттік...
-        Қайда?
-        Біздікіне.
Тойлаймыз...
Зият бұл жерде естілік жасады.
-        Сақыш болса жұмыста.
Біздің үйге барып тойлаймыз.
Қай үйде тойланады, Әукенге оның бәрібір, әйтеуір, тойланса
болды. Атасын осыншама зарықтырып дүниеге жаңа ғана келген нәресте Жәкішевті
қайда
болсын, қайтсе де тойлау керек. Әбиболла үйіне келген сон,
Әукен бірінші болып сөйледі де. Елуден асып барып ата болған Әукен шалқаймағанда
кім шалқаяды енді. «Менің күшігім» дейтін інілер, «менің Типулім бір жас тоғыз
айында хат таныды» деп бөсетін Сафа секілді кейбір аға туыстар көрсін енді.
«Менің күшігім?!», «Менің Типулім!? - Осы жұртта ес деген болсайшы-ей бір. Бір
жас тоғыз ай?! Сол да сөз болып па? Мына Әукеннің немересі ал, тіпті бір жасқа
жетпей-ақ хат таниды. Пифагордың кестесін төрт жасында емес, ал, үш жасқа
келмей жатып-ақ үйреніп алады. Ишанбай, Жаппар секілді аталарын төрт жас емес,
ал тіпті үш жарым жасында-ақ шахматтан ұтып жібереді.
      Сонда ана Сафа
секілді бөспебайлардың күні не болмақ? Ай, бұл қазақ дегенің ертеңгі күнін ойламайды
екен ғой мүлде. Немерелерін үнемі көлденеңдетіп, алға тартып, ызасын келтіріп
жүргендермен Әукен көп жылғы егесті осылай шешті де құда-құдағидың соңынан
ерді.
       Бір кереметі,
«ұл бала!» - дегенді әлгі екі арада естіп үлгірген бе, әлде Гүлімтайдың
перзентханада жатқанына елеңдеп жүргендіктен бе, әйтеуір Әбиболла үйінде жұрт жиналып
отыр екен.
       Немеренің аты
кім болмақ? - деп шу ете түсті.
      Рас екен-ау, құр
«немере, немере» дей бергенше ат қойып, айдар тағу жөн екен-ау.
-        Ал, иә,
немеренің есімін кім деп коямыз?
Бір дауыс шықты.
- Ұлы философ болсын, атын Аристотель қою керек.
-        Олай болса,
Платон деп неге қоймаймыз?
-        Жоқ, Галилей
деу жөн. Кім біледі, ойда жоқта бір керемет жаңалық ашар.
-        Ендеше Коперник
де.
-        Жоқ, ұлы ақын
болсын деп, Пушкин деп азан шақырайық.
-        Олай болса,
Абай деп неге атамасқа?!
-        Сәкен дейік.
-        Бейімбет
болсын.
-        Жоқ, Мұқтар
дұрыс.
-        Жоқ, Сәбит дұрыс.
     Есімдер әуеден
бұршақ жауғандай құйылды. Соның бәрінде де жұрт ұсынысы Әукен мен Әбиболлаға,
Зиятқа барып тіреледі. Осылар қалай қарар екен дегендей.
      Тіпті «кызметте отырған
Сақыш не дейді?» деген де сауалдар туып қалып жатты. Обалы нешік, Әбиболла мен
Зият екеуі сондай сыпайы. Әңгіме соңы өздеріне барып тірелген кезде «ақы иесі
мына Әукен ғой, құданның өзі білсін», - деп салмақты Әукенге салады.
      Ал Әукен болса
аталған есімдердің ешқайсысына айдар таға алмай қиналады. Оңай ма, ат адамның
өмір серігі. Тіпті жақсы болсаң өзің өлсең де, болашақ ғасырларға атың қалады.
Сол себепті асықпаған жөн.
      Асықпайтын тағы
бір себепті ол мына жиыннан да түйіп отыр. - Немеренің түп иесі өзі. Олай
болса, Әукенсіз бұл мәселе шешілуі мумкін емес. Тіпті қиналып бара жатса,
нәрестенің ақы иесі атасы ретінде «міне,
мынау атты ұнаттық» - дейді, сонда кім қарсы бола алады
оған? - Ешкім де қарсы бола алмайды. Олай болса шылбырдың ұшы өз қолында
тұрғанда неменеге аптығады?     
        Ат қою қайда
қашар дегенмен, қашып та кетер халге жетті. Ертең келін мен немеренің
перзентханадан шығар күні. Өл, тіріл, қайтсең де ат қоюың керек.
       Жаңа тәртіп
солай. Ал бұлар болса күнде жиналады. Күнде ондаған ат аталады. Біреуі олай
тартады, біреуі былай тартады. Бұл үйде анау есім бел алса, екінші үйде мынау
есім бел алып кетеді. Әркімнің өзі атаған аты өзіне жақсы. Сол таласпен шаршай
бастайды.
        Шаршаған жүрт
«жарайды, жақсы атты ертең тауып қоярмыз», - деп дегеніне жете алмай тарқасады.
       Дәп кеше де
солай болды. Ат қою тағы да ертеңге қалдырылды. Ертең болғанда да, ертеңнің
ертесімен. Әйтпесе кеш қаласың. Дүниеге келгеніне жеті күн болса да әлі ат
қойылмаған атсыз нәресте бүгін түске тармаса перзентханадан шығып үйге келмек.
-        Апырау, мынау
бір сұмдық қызық болды-ау, - деді дағдарған Әукен.- Енді қайттік?
       Орамалмен басын
таңып алып сақинасы ұстап ыңқылдап жатқан Сақыш та дағдарыста.
-        Бас жазылар-ау,
бірақ әдемі атты қайдан таптық енді? - деп қиналды Әукен. Қиналатын рет бар. Дүниеде
не көп? - Шешілмеген мәселе көп. Алынбаған қамалдар бар. Ашылмаған
жаңалықтар... Салынбай жатқан құрылыстар... Адам бақытының ұзақ жолында көлденең
түсіп кес-кестеп жатқан қиындықтарда қисап жоқ. Ал солардың ішінде мына дүниеге
жаңа
келген немереге ат қою - қиынның қиыны екен ғой. Кім білген
оныңды. Жо... жоқ, күлмеңіз. Бұл қиындық жас нәрестенің өз әке-шешесін былай қойғанда,
беделі тең екі атасы мен қайда болсын өз әмірін жүргізе алатын екі әжесі болса,
ағалары, әпкелері болса, тағы-тағы айтса сөзін өткізе алатын туыс жақындары
болса, тіпті шешілмейтін шиеге де айналып кетеді екен.
       Осындай қиындық
болмаса, бұлар неменеге жеті күн бойы сандалады? Еріккендіктен жиналып,
еріккендіктен дүрілдесіп жүр дейсің бе? Шешуі табылмағандықтан жүрген жоқ па?
      Әукен түрегелді.
Күрсілдеп жатқан Сақышқа:
      Қайтсең де тұр
енді. Шегінер жер қалған жоқ. Ана кұда-құдағиды шакырып алайық. Содан кейін
қайтсе де міне немере аты мынадай деп айдар тағамыз да, перзентханаға барамыз, -
деді.
       Сақыш сүйретіліп
тұрғанша телефон шылдыр ете қалды.
-        Ау, иә? Бұл
қайдан? - деп сұрады телефон құлағын көтерген Әукен.- Жамбылдан?.. Кіммін
дейсіз? Нұрғалимын?.. Ал, иә?.. Дүниеге жаңа келген жиеннен туған жиеншардың
нағашысының нағашысымын?.. Ә, түсінікті. Жамбылда нағашымыз бар дегенді естігенмін.
Ал, Нұр-еке, не айтайын деп едіңіз?
-        Ең алдымен
айтарым: ана менің жиеншарымның бауы берік болсын!
-        Айтқаныңыз
келсін, Нұреке.
-        Атын кім
қойдыңыздар?
       Сол жағына
ұяттымыз, Нұреке. Жеті күн болды, бір пәтуаға келе алмай шатасып жатқаи жәйіміз
бар, - деп Әукен ағынан жарылды.
Нұрғали деген кісіге керегі де осы болса керек, телефондағы
дауыс саңқылдап, көтеріле шықты.
-        Ендеше
жиеншардың атын өзім қоям.
      «Қырықтың бірі
қыдыр», деген мәтелді жақсы білетін Әукен қуанып қалды. Жеті күн сандалғанда,
кім біледі, құдайдан құдай болып жақсы атты осы мына шал тауып кетпесіне кім
кепіл.
-        Ал қойыңыз.
-        Жоқ, мен бұлай
жәй қоя салмаймын.
-        Енді қалай
қоясыз?
-        Ақысына...
-      Ақысы не сонда?
-        Мен аруақты
адаммын. Мен атын қойған баладардың кейін айы оңынан, жұлдызы солынан, күні
жарқырап алдынан шығатын болады...
Ырым-жырым дегенге Әукеи сене бермейтін еді. Сөйтсе де
елуден асканда көрген немере жөнінде мынадай жарым ырысқа тең жақсы сөз айтылып
жатса теріс пе...
-        Сөзіңізге
құлдық? - деді атсыз немеренің атасы.
-        Көргенді
жердің азаматысың ғой, өзім де шоши қоймас деп жорып едім, - деді телефондағы
Нұрғали даусы. - Атын қоям... ат мінгізесің, шапан жабасың.
      Жеті күннен бері
басы қатқан Әукен немере үшін тіпті мына салмақтан да сескенген жоқ. Тек азан
шақырып қояр аты көңілден шықса болды.
-        Оныңыз атам
қазақтцң дәстүрі ғой, қайда қашып құтыламыз. Атаңыз!
-        Атасам... мен
атасам бар ғой, Ешкібай деп азан шақырамын.
Әукен шошып түсті.
-        О, ақсақал,
оныңыз болмайды. Жиырма бірінші ғасырдың қарсаңында туған баланы атам заманғы
Ешкібай, ІІІөпшібай, Қойшыбай деу ұят. Жаңа ат керек.
-        Жаңа ат керек
пе? Олай болса, Совхозбек, не Колхозбек деп қоясың.
-        Жоқ, оныңыз да
болмайды.
-      Болмаса, Тракторбай, Комбайнбек, Машинабай
деген де есімдерім бар.
-        Бұларыңыз
ауылда туған балаларға лайық есімдер ғой, - деп жалтарды Әукен.
-        Ендеше қаланың
зәулім үйлеріне ыңғайлап Зәулімбек деп немесе тас көшелеріне ыңғайлап
Асфальтбек деп те ат қоя аламын.
-        Жо... жоқ
болмайды.
Телефондағы дауыс қатулы шықты.
-        Әй, сонда неге
болмайды?
-        Болмайтыны -
ерсі естіледі сондай.
-        Біреуі ескі,
біреуі ерсі... Ау, кұда, сен өзің ескіге ғана қарсы ма десем, жаңаның өзін де
құлқың сүйіп ұната бермейтін адам болып шықтың ғой. Жуырда бір ауданның білдей
бір басшысының баласына Картопбай деп ат қойдым. Сен секілді «ескі», «жаңа»
деген жоқ. Ат мінгізіп, рахметін айтты.
      Көмекейіне
қатқылдау сөз келіп қалған Әукен ашуын зорға басты. Шынында да алыста жатқан
құданың құдасымен телефон арқылы жанжалдасып жатуға болмайды ғой. Ұят. «Енді не
деп жауап берсем екен?» - деп дағдарып тұр еді, сөзді ыңқылдап, күрсілдеп жүрсе
де Сақыш тауып кетті.
-        Е, ондай атты
өзіміздің атай да қоймай ма? - деп ауылдағы Әукен әкесінің інісін еске салды.
Әукен жанып сала берді. Телефон құлағын аузына тақай ұстап:
-        Ақсақал,
ат-шапанды былай-ақ киерсіз. Атыңызды қоя алмаймыз бірақ. Өйткені ауылда жасы
тоқсанға келген, сізден әлде қайда үлкен әкеміз бар. Есімі Сықан. Өзіңіздің
құдаңыз. Сол қариямыздан хабар күтіп отырмыз, - деді байсалды түрде.
Ашулы Нұрғали, «олай болса...» - деп күмілжіңкіреп қалды.
     Нұрекеңнен
Сақыштың арқасында осылай жол тауып құтылған Әукен телефонды - «уһ»,- деп қоя
беріп тағы бір ой сап етті де шошып түсті. Ал ауылда тек жатқан Сықаң шын хабар
салып шөберемнің атын «аяғы майлы,
жолды болсын деп «Майлыаяқ» деп немесе «Жолдыаяқ» - деп қоям
десе, не деп қарсыласасың? Не болмаса, ырымға жақсы деп Итбай, Күшікбай болсын
деді.
      Сонда ше? Тәуба.
Құдай тағала Сықаң ақсақалға таупық берсін де, әйтпеген күнде әке сыйлап, шеше
сыйлап өскен Әукен қарсыласа алар ма! Осы ойынан шошыған әлі де атсыз немеренің
атасы: әй, Сақыш, шәйіңді тез-
дет, - дегенше болмады, телефоң тағы шылдыр етті.
-        Бұл Зият құдағи
болар, кеше осы кезде хабарласармын деген, - деді ас үй жақта жүрген Сақыш.
       Әукеннің
телефон құлағын кетеруге жүрегі дауаламайтын секілді. Қызық жәй: осы Әукен мына
немере дүниеге келгелі өзгеріп бара жатыр ма қалай өзі? Қорықпайтын еді, міне
енді жүрексінетінді шығарды. Бұрын өжеттікке, батырлыққа келгенде, сұрама
тіпті, Әукен сондай ойсаң болатын-ды. Ағайын-туғандар мен жанашыр достар кейде
оның осы бір өжеттігін міні деп қарап ақыл да айтып қоятын. Тік мінезсің, ойына
келгенді жасырмай айтып тастайсың, - деп тезге салмақшы. Мұндай мінінің
барлығын Әукеннің өзі де мойындайды.
       Міне жиырма бес
жылдан асты, Әукен бір ірі құрылыс мекемесінде орынбасар болып істеп келеді.
Өзімен қызметтестердің ішінде академик болып та, министр болып та кеткендері
бар. Ал бұл болса, сол баяғы, орынбасар қалпы. Бір қызығы, оны «білімі жоқ,
іске ұйтқы бола алмайды, ұйымдастыру қабілеті жетпейді, жұмысына шорқақ», - деп
тіпті дұшпаны да айыптай алмайды.
      Пәленің бәрі
әлгі бір бірбеттілікте, тура мінезділікте жатыр. Тура мінез дегенде, кім
білген, оның да түр-түрі болады екен ғой. Бір тура мінез бар қарамағындағыларға
келгенде кекірейіп амандаспай қояды екен, не болмаса дүниені көпіріктей иіріп,
бетің бар, жүзің бар демейді, аюдай ақырып, екі аяғыңды бір етікке тығады екен
де, ал өзінен жоғарыға келгенде құрдай жорғалап алдына түседі де «дұрыс», «жөн
айтасыз», «қате бізден», «жөндейміз», «пәлен-еке», «түген-еке», - деп маймаңдай
жөнеледі екен.
       Ал, Әукеннің тік мінезділігі мүлде бөлек. Ол
өз қарамағындағыларға сондай сыпайы. - Сіз, біз. Ал жоғарғы жақтағыларға
келгенде құдайдың берген мына мінезін көрмейсің бе, бетің бар, жүзің бар
демейді, ойындағысын төгеді де салады. Әлгі ағайын-туғандар айтқанда тік мінез
болсаң бол, бірақ өзіңше болма, жұрт қатарлы бол деп үйретеді ғой баяғы. Әукен
болса көнбейді: қалай жаралдым, солай өтем. Өтірік көлгірситін жәйім
жоқ мына елуден асқанда. Сөз осы. Сөйткен батырың немерелі
болғалы тіпті құдағиымен сөйлесуге де сескенеді. Жоқ, сескенгені емес,
сыйлағаны ғой. Құданың құдіретімен, осы мына Зият құдағиын Әукеннің кей ретте осыдан
екі жыл бұрын дүние салған өз анасы Балайға ұқсатып қалатын да кезі бар.
Саспайтындығы, қабақ шытып, ашуланбайтындығы, сөзді бір ырғақпен бипаздап сөйлейтіндігі,
өз дегенін орындата білетіндігі, құдай-ау, айна қатесіз аумай қалған-ау, аумай
қалған. Иманды болғыр марқұм Балай ана да керемет кісі еді ғой. «Әукенжан сөйтсейші,
Әукенжан бүйтсейші», - деп үнемі жөн үйретуден жалықпайтын-ды. Және әманда
қазақы жөнді жөнімен үйретіп отыратын. Келіні Сақышқа ашуланғанда да бар
айтары: «мына жынды...» еді. Онысы Сақышқа майдай жағатын. Өйткені осы бір
одағай сөздің арғы жағында елге қоғам үлкен ананың бала мен келінге деген,
немерелерге, ағайын-туысқа деген сүйіспеншілік-мейірімге толы үлкен жүрегі
соғып тұратын еді.
       Зият құдағи да
сондай, түла бойынан кісілік пен достық, татулық есіп тұрған, өзі де өзгені
сыйлай білетін, өзін де өзгеге сыйлата білетін, жолынан жығылмайтын, жөн-жобаға
жүйрік абзал, көшелі әйел. Әукен құдағиының
осы қасиетін жақсы біледі. Және де бір қызығы, Әукеннің осы
білетіндігінен Зияттың өзі де хабардар. Ара қатынасты тамыршыдай дәп басып
бағалай алатын құдағи: саған немере болса, маған бөтен бе, менің де немерем.
Олай болса немеренің аты - бәленше. Айттым бітті, кестім үзілді десе... Оны
мына жақта Сақыш қоштап, жә, құдағидың дегені болсын, - деп құдағиына қосыла
кетсе, әне кереметтің кер тайлағы сонда болады. Шынын айту керек, Әукен телефон
құлағын осы ретте жүрексіне көтерді.
-        Әле, мен
тыңдап тұрмын...
       Дес бергенде телефондағы
құдағи емес, құданың өзі болып шықты. Әукен жадырап сала берді.
-        Ә, Әбеке,
қалайсыздар? -
-        Жақсымыз.
Өздеріңіз ше?
-        Жақсымыз....
Ал, балаға ат таптыңыздар ма?
-        Жоқ. Өздеріңіз
ше?
-        Жоқ, біз де
таппадық.
-        Апырау, енді
қайттық? Қызық болды ғой, мынау бір...
-        Иә, қызық
болды, - деп Әбиболла дағдара қостайды құдасын.
-        Ойластырамыз
деп жүргенде немереміз перзентханадан атсыз шығып жүрсе қайтеміз?
-        Иә, сонысы да
бар екен-ау... Енді не істедік? Қалай десең де, Әукен де, Әбиболла да естияр
адамдар ғой, ойласа кеп қапиядан жол тапты.
        Бәрі жиналып
ағайын-туған болып перзентханаға ертерек барады. Нәресте аты сол жерде аталады
да метрикаға жазылады... Осы тоқтамға келген Әукен мен Сақыш жайласа отырып
шәйін ішті. Содан кейін туған-туыстарға хабар салып, немересінін перзептханадан
шығатынын жариялады. Содан кейін жуынып, таранып барын киіп, байлауышын салып
дегендей
мына елуден асып кеткен шағында дүниеге келген тұңғыш
немересін, әзірге атсыз немересін қарсы алуға перзентханаға келді. Келсе,
Әбиболла құда мен Зият құдағи сол жерде жүр екен. Тағы да белгілі сауалдар:
-        Ал, немерені
не деп атайтын болдық? - деп сұрады істің екінші ұшындағы суыртпақты әманда
біреуге ұсына сөйлейтін Әбиболла.
-        Біз Сақыш
екеуміз ақылдаса келіп Сәкен болсын деген ұйғарындыға келдік, - деді Әукен.
        Әбиболла құда
сен не дейсің дегендей Зият кұдағиға қарады. Зият құдағи қайдам, өздерің
біліңдер дегендей шырай танытты. Соны аңғарған Әбиболла:
-        Жақсы, болса
болсын. Сәкен деген жақсы ат, - деді.
Жеті күн бойы сандалтқан аттың жоқ жерде оңай шешілгеніне
соншалықты қуанған Әукен сумкаға салып әкелген шампанды тарс еткізді.
-        Ал, олай
болса, жарық дуниеге келген жаңа Сәкен үшін!
Қаумалаған жұрт шулап кетті:
-        Сәкен үшін!..
-        Сәкеннің
жарқын болашағы үшін!..
Осы кезде жайлап перзентхана есігі ашылды да әуелі бала
көтерген ақ халатты әйел, одан кейін сәл жүдеңкіреп бозаң тартқан келіні Гүлім,
артында Сәкенжанның әкесі Хабай көрінді. Айту солай болды ма, әйтеуір, ақ
халатты келіншек жаза басқан жоқ, тура келіп жөргекке тас боп оралған жан иесін
Әукенге ұстата берді:
-        Ал, атасы,
Дәулетіңіздің бауы берік болсын!
-        Жоқ, Сәкен
деңіз, - деп түзетті Әукен немересін қолына алып жатып.
-        Міне, метрикаңыз.
Немереңіздің аты - Дәулет.
-        Дәулет? Дәулет
деп атап жүрген кім немеремді? - деп Әукен келініне қарады.
      Мына жеті күн
ішінде соншалықты таралып, жүдеу тартып қалған Гүлім сәл жымиып күйеуіне бұрылды.
-        Хабай солай
деді ғой.
       Хабай шешесіне
бұрылды.
-        Мамам айтқан
секілді ме еді, қалай еді?
      Сақыш әлденені
есіне алғандай Зият құдағиына қарады:
-        Зия-еке, осы
сіз Дәулет болсын деп бірдеме деген секілді едіңіз-ау?..
Зият сасқан жоқ. Әбиболлаға бұрылды да:
-        Қашан еді, осы
сен Әукен құданың аузынан Дәулет болсын деген бір сөз шықты демеп пе едің анада?
- деп сұрана үн қатты.
       Бір мінезді
Әукен құдасының алдын орады.
-        Дәулет деген ат
айтпақ түгіл, түсіме де енген емес.
-        Ана бір күні
сөз еткенбіз Дәулетті. Ұмытып қалған боларсың, тегі, - деді құдасы жымия күліп.
      Сөйтіп, ойда
жоқта - Дәулет - айналып келіп Әукеннің өзі қойған ат болып шыға келді.
       Бір қулықтың
жүріп кеткенін Әукен енді түсінді. Бірдеме дейін деп келе жатыр еді. Қолындағы
тас-түйін боп оралған жұдырықтай ғана жан иесі «мен мұндамын» - дегендей ыңырсып
дыбыс берді де, аяғымен тебініп қойды. Әукен шыдай алмады, нәрестенің бетін жапқан
шілтерді көтерді. «Жоқ нәрсеге таласпаңдар, адамдар!» - дегендей дүниеге жеті
күн бұрын келсе де,
өз атына енді ғана ие болған қызылшақа Дәулет аузын ашып,
жыларман реңкте бетін тыржитты. Ата сезімі енді оянған Әукен: жақсы, адам
қулығы осы жаңа туған нәрсстеге ат қоюдан әрі аспасын, - деп күбірледі де жас
шарананы: «Дәулетім менің!» - деп искей берді. Анталаған ағайындар да «Дәулет!
Дәулет!» - деп нәрестеге үңіле бастады.
          Ия, бұл
нәресте әзірге екі үйдің ғана дәулеті. Өсе келе, азамат бола келе, мүмкін,
бүкіл елдің де дәулеті болып кететін шығар, кім біліпті оны. Өйткені дүниені
таңдандырған не бір ойшыл даналар мен ел қамын жеген кемеңгер көсемдер де әу
баста жөргекте осылай жатып іңгәлап, осылай жатып бетін тыржитпады деп ешкім де
айта алмақшы емес қой...