ВЕРНУТЬСЯ

     Бір мың тоғыз жүз елу екі - бір мың тоғыз жүз елу үшінші
жылдары біздің көркем әдебиет баспасы сондай қауметсіз болатын.
        Неге екені
белгісіз, тиесілі қалам ақыңды айлап жүріп ала алмайтынсың. Ақша бөлісетін күні
ертемен келіп кезекке тұратынсың. Жасы бар, жасамысы бар бірін-бірі кеудесімен
итеріп кассирге ұмтылған халықты көретінсің.
        Сондай бір
күн. Өлдім-талдым дегенде менің де кезегім жетті-ау! Айнала жұрт қоршауында
қалған кассирша кемпір Кузьмннична терлеп-тепшіп отырған қалпы қалам ақымды
санап қолыма берді. Он сегіз мың сомды будыратып қойныма тықтым да, далаға
шықтым.
        Жармасқан
дос-жарандарға жолда екі жүз сомды шығынға шығарып үйге келдім. Будыраған көп
дүниені әйеліме табыстап жатпаймын ба!?
-        Қанша алдың? -
деп сұрайды Бағдат.
-        Табаны
күректей он сегіз мың сом, - деймін мен кісімсіп. Өйткені ол кездегі он сегіз
мың қазіргі он сегіз мыңнан әсте кем болмайтын. Он сегіз мың - бір жарым кабриолет
«Победа», үш «Москвич» машинасының құны. Бағдат мен әкелген ақшаны олай санады, былай санады. Ақыры
есебіне жете алмады ғой деймін:
-        Мынау он сегіз
мың емес, - деді.
-        Немене, кем
бе?
-        Кем емес,
артық.
-        Артық?..
-        Иә, тұп-тура
он сегіз мыңы...
          Біз енді
қаламақыны екеулеп санадық. Рас екен.
         Жолдағы
шығындарымды қоссам, отыз алты мың сом!
         Алғашқы
күдік: мүмкін алашағымның өзі отыз алты мың шығар?.. Қағыс естіп, теріс түсініп
жүрмейін осы. Сөйтсем де қаламақымның қанша екенін шамалайтын секілдімін. Көз
алдыма жұрт аузында - Кузьминична аталатын, сол себепті бұл күнде аты да жадымнан шығып кеткен
аласа бойлы арық, ақ шашты кішкене кемпір Кузьминична елестеді. Алдына бара
қалсаң, ақшаның түспегенін, ертең тағы да банкқа баратынын, мүмкіндігі болса
алып келетінін айтып асықпай түсіндіріп, кішіпейіл, қамқор, жаны ашығыш
Кузьминична.
        Ертеңіне бар
ақшаны портфельге салдым да бірден баспаның бухгалтериясына бардым...
Отырғандардың бәрінің де қабағы түсіп кеткен. Ал Кузьминична көп жылаған болса
керек, көзі қып-қызыл бұлаудай.
-        Біреу-міреу
қаза болғаннан сау ма? Неге бүйтіп отырсыңдар?
-        Қазадан да
жаман, - деді әйелдердін бірі.
-        Қазадан да
жаман не соншалықты?
-        Он сегіз мың
сом ақшя жоқ. Қузьминична қалай жоғалтты, білмейді. Банктен кем алды ма әлде
осында келген соң біреулерге артық беріп жіберді ме, мүлде беймәлім.
-        Ендеше
жоғалған ақшаларың менде, - деп портфельді аштым.
         Жұрт жадырап жүре
берді. Көзі қып-қызыл Қузьминична кемпір жылағаны ма әлде күлгені, әйтеуір оғаш
сарылдақ дауыспен келіп мойныма асылды да, шөпілдетіп сүйе бастады.
-        Мой милый! Мой
неноглядный! Мой... Мой... Самый... Самый... - Қолы сондай қатты болар ма,
қылқындырып әкетіп барады.
        Жұрт есін
жиып, Кузьминнчнаның көңілі орнына түскеннен кейін істің мән-жайын тексерсек,
ауасы тар кішкене бөлмеде шаршап, шалдығып отырған Кузьминична байғұс жүз
сомдықты елу сом деп қос-қостан санап маған ұстата беріпті.
        Міне содан бері
отыз жылдан артық уақыт өтті, Кузьмннична әлдеқашан дүние салған. Ал мен
болсам, біреуден ілгері, біреуден кейін жүріп жатқан жайым бар. Басқаның
көзінің жасы, мұрнының боғы он сегіз мың сомды сіңіре қалған күнімнің өзінде де
осы күйімнен асып кетпеген болар едім. Рас, бір көйлекті артық, бір костюмді
жұрттан асырыңқырап киермін де. Бірақ онымен қай төбеге шығатын едім? Қай мұратқа жететін едім?
Көйлек жыртылады. Костюм тозады. Алайда арың таза жан болсаң, сол ісіңді
ойлаған сайын жерге кіріп кете жаздап жүрмес пе едің?!
        Періште
болмасам да, алтынды көре тұрып жолдан таймағанымды осы күні мақтана отырып
есіме аламын.