ВЕРНУТЬСЯ

       Өзің болсаң, тамар ма еді жас мына,

Жаңбырлы кеш жібітеді тасты да.

Мен өзімді жазаладым аямай,

Ұзақ тұрып ақ нөсердің астына.

Өзің болсаң, тамар ма еді көз жасым,

Жаңбырлы кеш әдемі сыр қозғасын.

Өткен көктем ұстағаным есімде,

Маған қарай білегінді созғасын.

Оралған-ды мойыныма ақ білек,

Тұрмын енді сыртыңнан тек бақ тілеп.

Сағыныштан құса болған кеудемді,

Аппақ
жаңбыр төпелеумен жатты кеп.

Өзің болсаң, тамар ма еді жас мына,

Жаңбырлы кеш жібітеді тасты да.

Мен өзімді жазаладым аямай,

Ұзақ тұрып ақ нөсердің астына.

Ойға батып караушы ем гүл өңіңе,

Айналдың сен сүйеніш-тірегіме.

Ала шаңға шомылған автобуспен

Шықтық бүкіл класс боп жүгеріге.

Көзімдегі бір мұңды
байқадың ба,

Жалт қарадың сен маған қайтарымда.

Саусақтарың дірілдеп үнсіз тұрдың,

Кеудеңдегі
көлінді шайқадың ба?

Мұндай сәтті тағдырдан сұрамас кім,

Кілттеулі жүректі бұрап аштым.

Су шашып ойнаған топ құрбыңа,

Үнсіз тұрып, үнсіз сен тұра қаштың.

Қос бұрымың арқанда бұлғақтаған,

Қалт жібермей бұл сәтті жырлап қалам.

Сездірместен, ерке қыз, өзіңе де,

Жүрегіңнің дірілін
ұрлап барам.

Қарап тұрмын ақ үйге аспандаған,

Сыр шерткендей кірпіш пен тастар маған.

Мұндай күйді басымнан кешпеген ем,

Бұрын менің көзімнен жас тамбаған.

Айыптама інінді, жарай ма, аға,

Жеткізе алар мұңымды Абай ғана.

Келіп тұрмын өзіңе жырымменен,

Сезінбейсің, ерке қыз, қалай ғана?

Атойлаған жүрегім жар салардай,

Міз бақпайды аппақ үй хан сарайдай.

Біржан сынды кеп тұрмын үйіңе мен,

Сара шығып алдымнан қарсы алардай.

Уақыт бесік сәби жыр тербеледі,

Танытады күні ертең елге мені.

...Сені аңсаған жүректі дір еткізіп,

Терезеңнің қозғалды перделері...

Сөзге тарттым қара көз періштені,

Сауалыма жауап жоқ, келіспеді.

Сені жырлап өтсем деп армандаушы ем,

Өзінді іздеп келгенім теріс пе еді.

Торғай қызы, шаштарың толқынданып.

Таныттың-ау тағы да салқын қалып.

Қолтығымнан ұсташы бірер сәтке,

Бізге қарап құмартып қалсын халық.

Еңсені езіп барады өмір өтіп,

Қалған қаздай жалғызбын теңі кетіп.

Күдігім бар, бақытты боларсың ба,

Бір ақынды елемей еңіретіп.

Өмір сүрсең, сабыр ет,

несіп алда,

Үмітіңнің жібін сен кесіп алма.

Ессіз ғашық болмаса ақындарды,

Есіне адам алған ба есі барда.

Сен кешірме, мен-дағы сұрамаймын,

Кеудемдегі аяулы құралайым.

Қара көз қыз, әйтеуір, бір заманда,

Кірпігіңнен жас болып құламайын.