ВЕРНУТЬСЯ

   Үлкен әпкем Қарлығаш менен он жас үлкен болатын. Жұмысқа
пысық, елгезек, әрі бауырмал-тұғын. Әсіресе мені сондай жақсы көруші еді. Бала
кезімде көп ауырғандікі ме, үйкүшік болып өстім. Оның үстіне әлжуаз едім.
Жүргенімнен жатқаным көп. Сәл қыңқылдасам болды, әпкем ішкен асын жерге қойып,
маған үйіріледі.

- Қай жерің ауырады? Басың ба? Келші, арқама отыр.

Әжемнен кейін мені көп арқалаған адам - Қарлығаш. Мең-зең
сүлесоқ қалпымды көргенде, жылап жібере жаздайтын. Мектептен келісімен тамағын
да ішпестен мені арқасына салып өзен жағасына алып барады. Хош иісті гүлдер,
сайраған құстың үні, су сылдыры бастапқыда біртүрлі қызық көрініп, елегізіп
отырсам да, біраздан соң көңілім құлазып, өң мен түстің арасында ауыр бір күйге
түсіп, жатып қаламын. Сол кезде Қарлығаштың көзінен жас моншақтап қоя береді.

- Тұршы. Тұра қойшы. Жата берген бала сырқатынан жазылмайды.
Тым болмаса, атама (әкемізді ата дейтінбіз) жаның ашысыншы. Бізді қойшы, сен...
ол кісінің жалғыз ұлысың ғой. Тұршы!..

Тұрғым келеді-ау, тұра алмаймын. Басым айналады. Қарлығаш
ерінбейді. Ел көзінен оңаша жерге әкеп, жетектеп жүргізуге тырысады. Әпкем
қайсар еді. Митьканың иті болмаса, ешкімнен қорықпайды. Неміс овчаркасының
тұқымы, тұрқы биік көк иттен бала түгіл, үлкендердің өзі ығып жүретін.

Бір күні Қарлығаш мені өздері суға шомылатын көлшікке алып
барды. Жайпауыт жаға құжынаған бала.

- Суға түсесің бе?- деді әпкем.

Басымды изедім. Менің жейдемді шешкені сол еді, балалар шу
ете түсті.

- Митьканың иті келе жатыр!

Көз ұшында ағып келе жатқан қара ноқатты көріп, балалардың
бәрі ұбап-шұбап арғы жағаға қашты. Әпкем сасқалақтады.

- Енді қайттік?!- деді абыржып.

Қызыл тілі салақтап, аузын ақситып, құлағын жылмитқан
тайыншадай ит зуылдап келіп қалды. Зәрем ұшып, жылап жібердім. Көк иттің
ырылынан жүрегім атқақтай соғып, құлағым тас бітті.

- Қайт!- деді Қарлығаш айғайлап.- Қайт кейін! Әпкем мені
тастап қашқан жоқ. Көк ит пен менің аралығымда тұрған кішкентай Қарлығаштың
өмірдегі арқа сүйер панам екендігін мен сонда түсіндім. Митьканың иті қаршадай
қыздан неге сескенгенін біле алмай, кейбіреулердің басы қатты. Сол оқиға әлі
жадымда. Көк ит ырылдап біраз тұрды да, бізге тиісуге батпай, жөніне кеткен.
Денесі тас түйін боп ширығып тұрған Қарлығаш кенет жылап қоя берді...

- Қауып ала ма деп қорыққаным-ай,- деді ол өксіп.

Қайран, әпкем менің!