ВЕРНУТЬСЯ

         Біз бүгін әңгіме еткелі тұрған тамаша тұлғаның ұлты орыс
болса да, анасы-қазақ. Яғни, қазаққа жиен. Бір қызығы сол, әлемдегі бүкіл
ұлттардың ішінде тек немістер мен жебірейлер ғана жиенді жиен емес, «Өз
қанымыз» деп бағалайды екен. Әкесінің қай ұлт екенінің маңызды шамалы, тек
неміс немесе жебірей қызының құрсағында жаратылса болғаны. Керек десеңіз,
қанқұйлы соғыс жылдарында нацистер кез келген бейбақтың тек әкесі  немесе анасының неміс болғандығы анықталса,
қамаудан босатып, жеңіл жұмысқа жіберген, онан қалса,әскерінің қатарына да
алған. Ізгіліктің ауылынан қашық мүттайымдардың мұндай қылығы еріксіз таңдандырады...

Сонымен бүгінгі қаһарманымыздың аты-жөні-Плевако Федор
Никифорович. Орыстың атақты заңгері, қорғаушысы, сот шешені. 1842 жылдың 13
сәуірі күні бізбен іргелес Орынбор губерниясының Троицк қаласында дүниеге
келген. 1870 жылы М. Ломоносов атындағы Мәскеу университетінің заң факультетін
бітірген. Содан өмірінің соңына дейін сот үдерімінде қорғаушы болыпты.
Саясаттан да жеріне қоймаған. Орыстың үшінші мемлекеттік Думасына октябристер
партиясынан депутаттыққа сайланыпты.

Былай қарасақ, ол жерлесіміз. Орынбордың бұрынғы қазақ жері,
бүгінде көршілес өңір  екенін ескерсек,
оның анасының қазақ болуы да таңданарлықтай емес. Өйткені қазақ даласын
отарлап, бұғауда ұстаған келімсектерге егер сол елді мекенде әйелдің саны аз
болса, қазақ орамалдыларын даладан ұстап әкеліп, қатындыққа алуына орыс патшасы
өз рұқсатын беріпті. «Қатындыққа» деуіміз де анайылық болмас. Күң ретінде қолға
түскен немесе түрлі  жағдайда сатып
алынған сорлы қазақ қыздары мен келімсектердің арасында ешқандай махаббат
сезімінің атымен болмағандығы өз-өзінен түсінікті. Плеваконың анасы да сондай
бейбақтардың бірі болса керек. Бір айта кетерлік жәйт, келімсектерге қатындыққа
берілген қазақтың қыз-келіншектері мен әйелдері кейін міндетті түрде зорлықпен
шоқындырылып, христиан дініне енгізілген.

Өкініштісі сол, атақты қорғаушының өзі де тірі кезінде анасы
туралы ләм-лим деп ауыз ашпаған сияқты. Сірә, «Бұратананың қызынан тудың» деп,
дереу кемсіте қоятын нәсілшіл шовинистердің мазағына қалудан тайсалды ма, кім
білген?! Бірақ нағашы жұртын мойындап, оған оң көзімен қараған. Біздің болжамымыз-оның
анасы дәу де болса, Кіші жүздің қызы. Ал оның руының Тана не Кете, не Шекті
болғаны бізге әзірге белгісіз. Мүмкін, түптің түбінде ол туралы деректер де
мұрағаттан табылып қалар...

 Бұл жолғы әңгімемізге
қазақтың атақты жиенінің әділдігі мен ізгілігі өзек болмақ. Плевако заңгер
ретінде талай рет қарапайым адамдардың мүддесін ақы-пұлсыз қорғап, сот
үдерімінде жеңіп шыққан. Әрине, оның қалталы байларды да қорғағаны үшін қомақты
ақша алып, шәй-суын артығымен айырғаны еш күмән туғызбайды. Бірақ заңгер көбіне
қорғансыз жандарға араша болғандығымен ғана тарихта қалыпты. Төмендегі оқиға
соның бірі ...

...Өткен ғасырдың басы. Өзі-ауру, өзі-кәрі әрі қайыршы бір
кейуана асхананың ішіне байқатпай кіріп кетіп, бір бөлке нан ұрлап қашады.
Жерден жеті қоян тапқандай елірген әлдекімдер бейбақты ұстап алып, полицияға
тапсырыпты. Асхана қожайынының талабымен кемпір сотқа тартылып, істі болады.
Ұрлығы үшін бес жылға каторғалық жұмысқа кесілуі тиіс. Осы жағдаят құлағына
кездейсоқ шалынған Плевако қорғансыз бишараны іздеп тауып, оны құтқаруға
жан-тәнімен кіріседі...

...Әбден тергеу аяқталып, сот үдерімі басталған. Әдеттегіше
қаралаушы сөз алып, қылмыскерді қатаң жазаға кесуді ұсынады. Міне, өз кезегінде
атақты қорғаушы орнынан тұрып, мәжіліс залындағы қадала қалған сан көздер мен
түрілген құлақтарға қарап, былай дейді:-Мырзалар! Біздің ұлы Ресей қашанда
кешірімді ғой. Таяуда біткен орыс-жапон соғысында генерал Куропаткин өзінің
дарынсыздығы және жалтақтығының кесірінен Манчжурияның қыраттарында, Ляодунь
қаласының түбінде ондаған мың орыс сарбазын жусатып салды. Бірақ оны ұлы Ресей
де , патша ағзам да кешіре салды. Ештеңе етпес, орыс қатындары әлі талайын
туады! Ал сонау Қиыр Шығыстағы Порт-Артур қаласы қандай мықты бекінісіміз еді!
Бекіністің коменданты Стрессель оны жапондар қоршап алғанда, қоянжүректік
танытып, қорғанысты дұрыс ұйымдастырған жоқ. Ержүрек қорғаушылары мен
оқ-дәрісі, қаруы, азық-түлігі мол бола тұрса да, санаулы айлардан соң,
бекіністі жауға берді. Оған да ұлы Ресей қыңқ етпеді. Таяуда бір министріміз
ақша жеп қойып, шатылған-ды, бірақ ол да жазаланбай, оңай құтылды. Сөйте тұрып,
ұлы Ресей ауру, ақшасыз, кәрі, ұрпағы жоқ, жетім әйелдің бір бөлке нан
ұрлағанын кешіре алмайды. Қалайша? Соған тіпті де түсіне алмаймын!- деп, ду қол
шапалақтаудың аясында сөзін аяқтапты атақты қорғаушы. Орнынан тұрып, қызу қол
соққан сот мәжілісіне қатысушылар өз сезімдерін «Масқара!», «Ұят!»,
«Әділеттілік қайда?» деген ұрандарымен білдіріпті. Сот алқасы амалсыздан
кемпірді ақтап жіберуге мәжбүр болған.

Кейін Ф. Плевако түрмеден босатылған кемпірді өз
қамқорлығына алып, паналату үйіне (приют) орналастырып, өле-өлгенше асыраған
екен. Бірақ қаншама әділеттілікті қорғап, жақтаса да, қазақтың танымал жиені
большевиктерге ешқашан іш тартпаған сыңайлы. Өзі заңгер болғандықтан, кез келген
түйіннің тек заң негізінде тарқатылуын қалайтын жанның бұл болмысы ешкімді
таңдандырмайтын шығар. Ол 1909 жылы 5 қаңтарда Мәскеуде қайтыс болды.