ВЕРНУТЬСЯ

     Сан ойлар мені жұлқылап,

сан тарау жолдар шықты алдан,

мазасыз көңіл шырқын ап,

мазаңдау кештер... Ықты арман.

Қиялап бетте мың ғашық -

елігі ерке күндердің,

барады қайда сырласып,

аспанын кешіп түндердің?

Баса алмай желік, аптығын,

шулатып өзен, тоғайды,

тәтті мұң менен шаттық үн

толқып бір, шалқып молайды.

Жастығым ба екен, түс пе
екен,

жалыным ба екен бұл менің,

мен білмес әлде күш пе екен,

сезім бе тылсым білмедім?!

Боз жұлдыз болып арбаған,

тобылғы түсті таңдарда,

тобылғы бұлтты қармаған,

көз тартар әсем заңғар ма?

Әлде бұл - көктем, көк қырда

қоштасып тынған алғашқы ән.

Көк төсін тіліп көп тырна,

Көңілде көші жалғасқан?!

Буыным, жүйкем сарылып,

босаңсып кетіп бір әнге;

тауларға жетер сабылып,

жырларым ба екен бұл әлде?

Бұл әлде ғажап бүркіп ән

өтетін шақ па пернеден?!

Ойымды менің жұлқыған,

бойымды менің кернеген

атылып шығар кермеден,

тағдырымбысың көрмеген?!.

12 желтоқсан, 1969 жыл