ВЕРНУТЬСЯ

      Теңіздің жағасында жасыл қала,

Жасылдана түсуде, асылдана.

Шулаған адамдардың ортасына,

Сыйғыза алмай қор болдым, басымды, аға.

Көк теңіз табанымда толқып жатты,

Бұл елдің шемен-шерін сол тындапты.

Астында ауыл қалған бұл теңіздің,

Басымды көне тарих солқылдатты.

Толқындар жаға жаққа емінеді,

Құлазыған көңілім егіледі.

Астында бұл теңіздің ауыл қалған,

Бұл жайлы кейінгілер не біледі?

Кемені орай ұшқан шағалалар,

Әлденені ескертті маған олар.

Азаматы аз болса, адам түгіл,

Теңізің де дұшпанға таба болар.

Қадірінді білермін, бағалармын,

Қош, теңіз, дәм жазса егер оралармын.

Дәм жазбаса қайтейін, жер бетінен

Астындағы ауылдай жоғалармын.

1982 ж.