ВЕРНУТЬСЯ

    Солтүстік Қазақстан облысыныц Преснов ауданында бір кезде
«Тауағаш» дейтін колхоз болған. Тауағаш - бұрынғы Шағалақ самайдың жайлаған
жері. Ал Шағалақ самай дегенің шетінен сері-мырза, шетінен әнші-
күйші, домбырашы келетін ел.
Есіл тасып барады жардан асып,
Жанбыр мен қар жауады араласып.
Шам сөндіріп барайын деген басым,
Ұйықтап, өліп қалыппын қара басып.
Өзім атым Мұратбек, әкем Шүрек,
Бізді қос деп құдайдан еттім тілек.
Осылайша екеуміз болғаннан соң,
Неге бірге бітпеген қолқа-жүрек?! - деп келетін атақты әнді
шығарған Шүрекұлы Мұратбек ақын да осы жерден.
          Мұратбек
дәстүрі жоғалып кеткен жоқ. Ән салып, домбыра тартатын, жыр жырлайтын
өнерпаздардың талайы Тауағаштан кейін де шыққан. Соның бірі - Хасенұлы
Темірғали. Темірғали аса кескінді, келісті келген, сұлу мұртты ақсары кісі еді.
Сылдыраған майда қоңыр даусымен домбыраға қосыла Үкілі Ыбырай әндерін салғанда
тыңдаушысын еріксіз елтітетін-ді. Темірғали неліктен Ыбырай әндерін таңдап
алған? - Таңдан алатын себебі, Үкілі Ыбырай Шақалақ самай еліне жиі барады
екен. Жиі барып, айлап жатып, ән салып, домбыра тартып дүниені сауық-сайранға
айналдырады екен.
       Сауықшыл ел
өнерпаз ақынды тыңдаудан жалықпайды. Жалықпайды емес-ау, қайта хан көтеріп
қарсы алады. Ат мінгізіп, шапан жауып, Үкілісін үйден үйге, қолдан қолға
өткізіп қыдыртады. Егер Ыбырай бір өлеңінде:
Атығай, қарауылды көктей өтіп,
Мен таппадым керейдей жомарт елді, - деп жырласа, сол керей
мырзалығына Шағалақ самай қосқан үлес аз болмаса керек-ті.
      Темірғали он
бес-он алты жасынан бастан ақынның әнін тыңдап, өлеңін жаттап өскен. Керек
десеңіз үкілі атасының айлап қасына еріп жүрген кез де болыпты.
-        Бір жылы
пішенге түскелі жатқан кез еді, - деп бастайтын Темірғали әңгімесін. - Ауылға
Ыбы-екең келді. Дүние бірден көңілденіп сала-берді. Күнде той, күнде думан,
жағалай шақырыс. Сөйтсе де бұл жолы үкілі біздің ауылға көп тұрақтамады. Уақ
елін аралауға шыққанын айтты. Аттанарынан бір күн бұрын шақыра барғанымда:
бала, сен менімен бірге жүресің, - деді.
       Сөзіне, әніне
құмартатын өнерпаз ағаның керек десең атқосшысы болудың өзі біз үшін арман
секілді емес пе. Қуанғаннан жүрегім лүпілдеді. Бірақ күмілжіп қалдым.
-        Қайдам, әкем
жібермейтін шығар?
-        Ол жағын маған
тапсыр.
         Үкілі
Ыбырайдың беделі сұмдық. Дегені екі болмақ емес. Сөйтсе де әкем мені босата
қояр деп ойлаған жоқпын. Себебі жалғызілікті кісі. Үйіміздің бас көтерері де, таянышы
да мен. Мен болмасам, жұмыстың мына қауырт шағында пішен шабылмай қалады. Жоқ,
әкем мені өлсе де босата алмайды.
          Сол күннің
ертеңіне Үкілі Ыбырай біздің үйде болды. Өте көңілді отырды. Әнді де шырқады.
Әзіл-қалжың әңгіменің де тиегін ағытып жіберді. Әлі есімде: өзінің үш-төрт қайтара
көтеріп салатын «Кәусер» әнін шырқап болды да, домбырасын алдына көлденең тастай салып:
-        Әй, Хасен, -
деп әкеме бұрылды.
-     Ләббай, Ыбы-еке?
-        Саған салар
қолқам бар.
-      Қолымыздан
келсе, орындайық. Ыбы-еке...
-      Бір түнгі
сілекейіңді бір айға қиясың маған.
         Әкем сәл мүдіріп
отырып қалды да:
-        Бір түнгі
сілекейді сізге қимасақ, кісілігім қалмас. Қидым-қидым, - деп екі рет
қайталады.
        Мен сөйтіп,
Үкілі Ыбырайдың тапқырлығы арқасында бір ай бойы ақынмен бірге жүріп Уақ елін
араладым.
         Тапқырлық
дегенде... тапқырлықтың бәрі әлгі жалғыз сөзде жатыр. Ал егер - баланды қасыма
қосып бер. Ел көрсін, жер көрсін, деген секілді етіп жәй өтінер болса, жалғызілікті
әкем мына қауырт шақта мені өлсе босатпас еді...
       Үкілі Ыбырай
осындай уытты адам болған.