ВЕРНУТЬСЯ

    Югославия астанасы Белградтан қырық шақырым жердегі Крагуебац сондай кішкене қала. Кішкене болса да күні бүгінге дейін даңқы зор. Осы елге келген шетелдіктер бұл қалаға бір соқпай кете алмайды. Себебі —іргесінде жиырма-отыз шақырымдай орамды алып жатқан атақты парк бар. — Скопен паркі. Бізше — Үлкен парк. 
  Скопен паркі жұртты не кереметімен қызықтырады. Кереметімен қызықтырмайды. Басынан өткен қайғысымен, қиын-қыстау заманда көрсеткен ерлігімен тартады жұртты өзіне.
  Крагуебацта жиырма мың халық бар екен. Фашистер басып алғанымен, жау қолына сол жиырма мыңның бірі берілмеген. Немістерге қызмет істейтін ең болмаса бір иті де табылмаған. Сол үшін өшіккен жау қаланың жеті мың адамын сыртқа айдап шығып бір күнде қырып салған. Ауру-сырқау, кәрі-жас, шал-шақпыт демепті, топырлатып ата берген. Бір жерде отыз шақты баланың мәйіті жатыр. — Отызы да бір жылы туған, бір күні мектепке барып, алғашқы рет партаға отырған, бір күні қаза болған бесінші класс мүскіндері. 
  Югославияда мұғалімді профессор дейді екен. Осы бесінші кластың балаларын қатарға тізіп, алдына профессорын шығарып жендеттер талап қойған ғой:
— Немістерге қызмет істейтін болсаңдар, тірі қаласыңдар.
  Сонда профессор бір адым балаларға жақынданты да:
— Тыңдаңдар, балалар, мен дағдылы сабағымды жүргізгелі тұрмын, — деп класта тұрғандай лекциясын оқи бастаған...
  Сол профессор мен оқушылардың мәйіті.
  Енді бір жерде етік майлайтын он төрт жасар бала қабірі. Неміс офицерінің етігін тазалаудан бас тартқаны үшін атылған. Қабір үстінде екіге жарылған адам жүрегін бейнелейтін тас мүсін тұр. Ескерткіш те дәп солай — Талқаны шыққан жүрек — деп аталады. 
  Бір жерде қолын көкке созып тұрған ана бейнесі — Жалбарыну — деп аталса, одан әрі жығылып қалған ананың азасын танытатын қара тас мүсін — Жоқтау — делінген.
  Ал әлгі бесінші класс балаларына қойылған ескерткіш мүлде ерекше: жеті-сегіз метр тұтас базальт тастан қашалған римше бес цифры. Әр қанатында құрбан болған сәбилер бейнесі. Римше бес — бесінші класс дегенді ғана танытып қоймайды. Ол латын тіліндегі Виктория — Жеңіс — деген ұлы сөздің бас әрпі. — Әділеттік қайтсе де зұлымдықты жеңеді.
  Крагуебац қаласының тұрғындары сөйтіп бір кезде өз туыстарының қаны төгілген, қызыл қырғын болған аумақты жерді аялап күтіп паркке айналдырыпты.
  Скопен паркіне ағылып келіп жатқан халықта қисап жоқ. Біреулер дүниежүзілік екінші соғыс жалмаған бақыты мен қуанышын жоқтап келсе, енді біреулер тастан қашалған ғаламат мүсіндерді қызықтап келмек. Ал қазіргі немістер не үшін келеді екен бұл жерге? — Өз қандастары қалдырып кеткен қанды іздерді көрмек үшін бе? Бәлкім, енді қайтып соғыс алапатын болдырмайтын шаралардың сабағын алу үшін келетін шығар? 
  Қайтсе де келеді екен. Скопен паркін ұзақ жүріп аралайды екен. Бірақ топталып келмейді. Жекелеп, жалғыз-жарымдап келеді. Бір жолы әлденеше автобуспен үйіліп төгіліп келген ғой. Крагуебацтың бүгінгі тұрғындары жиналып келіп автобустарын аударып тастаған. Әрине, бүгінгі немістердің түк қиянаты жоғын олар біледі. Білсе де солай еткен. Соғыста фашистер салған жара әлі жазылып болмаған. Мүмкін, бұл күнде тірі қалғандардың көз алдында жеті мың апа-қарындастарынан, аға-іні, ата-аналарынан айрылған Крагуебацтың қазіргі тұрғындары үшін ондай жараның емі де жоқ шығар?
  Немістің атақты жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Ремарк Скопен паркін аралап көрген соң: «Бұл парк неміс ұлтының бетіне түскен қара таңба», — депті. Өз ұлтын жақсы көрген, тарих алдында жауапкершілікті сезінген ұлы неміс қана осылай айта алады.