ВЕРНУТЬСЯ

        М. деген жолдас
қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтында бізбен қатарлас оқып, елуінші
жылдардың бас кезіңде бітіріп шыққан болатын.
          М.
жатақханада жатады. Қасындағы балалар ұйықтады-ау деген кезде тұрып алып хаттар
жазады. Кімге дейсіз бе? Достарына... мектепте бірге оқыған қыздарға... Әрине
әке-шешесіне жазады ғой.
         Көңілі арманға толы жас жігіт сәлем
хатын: Қадірлі Әке!!! - деп үш леп белгісін қойып бастайды ғой әлбетте. - Қадірлі
әке!!! Қазір түн. Терезе ашық тұр. Самал жел еседі. Аспанда ала бұлт бар. Ай қалықтап
барады. Бозамық сәулесі мені алыс арманға шақырғандай болады. Терезе шынысына
жанасып сыбдырлаған жапырақтар да жүрегімді қытықтайтын секілді. Жұрт шырт ұйқыда. Ал балаң болса, жұмбағы көп мына сырлы түнде ой
ойлап, арманның жетегінде кетіп барады.
          Көп кешікпей
баламнан қашан хабар келер екен деп үздігіп жүрген әкеден хат келеді ғой. Ол
хат мынадай:
- Атаңа лағнет М.! Сен жынданудың қай жағындасың?! Түнің мен
желің не? Қалықтаған ай деген пәлені қайдан шығардың? Жеті қараңғы түнде кім
сені жетектеп барады? Қайда? Ойбай-ау, бұл жақта да ай туады.
Самал жел соғады. Жапырақтар да сыбдырлайды. Түн тыншу болса терезені біз де
ашып тастаймыз. Әлде сен осының бәрін жарты жылдың ішінде ұмытып қалдың ба?
Қалайша ұмытасың? Түрің жаман. Бүйте берсең, бара-бара бізді де ұмытып кетерсің
сен. Түн... самал жел... қалықтаған ай...- деп шалықтай бермей, өзің қалай оқып
жүрсің? Денсаулығың қалай? Ауру-сырқаудан амансың ба? - Соныңды жазбайсың ба!
           Бұл хат сол
кезде бір көшеде көрші орналасқан университет пен институт студенттерінің қалай
екені белгісіз, әйтеуір қолына түсіп, көп уақыт күлкіге тиек болғаны әлі күнге
есімде.
          Жөнін таппай
сөйлеген, кімге не айту керегін білмеген адам жоқ жерде сүрінеді деген осы-ау
тегі.