ВЕРНУТЬСЯ

      Аласапыран жылдарды, 

басыңнан талай кешірдің,

Қаншама шаңды жорықты,

санадан сызып өшірдің.

Түркістан ием, біз үшін,

мәңгілік қымбат есімің,

Алаштың алтын бесігі-ай,

мұндасы жетім-жесірдің.

Куәсі болған көнем-ай,

керуен де керуен көшімнің,

Орыста қалған қалалар,

борышта қалған далалар,

Бейжінге тартар күрең жол,

шолтиып қалай кесілдің...

Еңіреп туған талай ер,

елеусіз ғана қап қойды-ау,

Қасқа жолында Қасымның,

ескі жолында Есімнің,

Сынығы еді-ау олар да,

тектіден туған асылдың.

Қазақтың қайғы-мұңдарын,

топырағында жасырдың,

Қайран біздің төрт қақпалы Түркістан,

Қасиетіңе, аяулым,

еңсегей бойлы Есімдей,

Еңкейіп келіп бас ұрдым...

Асылдан да асыл Алашым,

Ақтабан болған
аңырап,

Сығанақ, Сауран,

Құмкент,

құлазып қалған қаңырап.

Көк бөрідейін көп Түрік,

бөлінген кезде жан-жаққа,

Қазаққа қалған киелі,

қастерлі қара шаңырақ.

Нұрға шомылмай бабалар,

жайнамаздарын жаймаған,

Көне бір тарих айналам,

қараймын-дағы ойланам.

Қазақтарымның Намысы,

ғасырлар бойы сақылдап,

Тайқазанымда қайнаған.

Көрген ол қасапханадай,

Отырарымның ойранын,

Баһадүрлерім өткізген,

байрақты алтын тойларын.

Көне кітаптар қастерлі,

заманалардан ап қашқан,

Құл Қожа Ахметтің,

сәулелі сұлу ойларын.

Алақанында Тұранды аялап ұстап уыспен,

Қазағым үшін кетіскен,

жатырлас туған-туыспен.

Бал татып тұрған зәмзәмдай,

суы бар сырлы құдықтан,

Атынан түсіп аңыздай,

Абылай хан да су ішкен.

Ағаларым-ай ардақты,

екі дүниеде сатпаған,

Опасыз дос бар тар жерге,

жебесін сипап сақтаған.

Ағайын аз ба маңымда,

бәйгеге жабы баптаған?

Айналам толы неліктен,

қуыршақ академик пен

жасанды әулие қаптаған.

Солардың бірі жарты күн,

жиреніп жалған дүниеден,

Қылуетке түсіп жатпаған.

Тартылды қанша айдындар,

үйректер ұшып, қаз қонар,

Арын да сатқан азғынға,

бәрібір бәрі аз болар.

Қарайды біздің өмірге,

Әзірет Сұлтан ішінен,

Жәдігер көне жазбалар.

Өзекті жанды бұл өмір,

өліміменен жасқайды,

Өзгеше туған асыл ер,

елімді алға бастайды.

Өркениетке жетсек те,

бабалар жаққан бояулар,

Әлі күн бізге, бауырым,

құпия сырын ашпайды.

Бодан ғып келген кешегі ел,

бір ойын ішке сақтады,

Қап-қара жылан алдында,

ысылдап жатыр шаққалы.

Өзгесін қойшы, қайтейін,

археологтар да аң-таң боп,

Киелі қалам, жасынды,

анықтап әлі таппады.

Жетесіз туған жетім ұл,

жауаптан қашып сырғақтар,

Базарға кетіп аналар,

азайды сәби құндақтар.

Қақтырмай кірпік мазалап,

түнімен ұйқы бермейді,

Жанымды жеген жегідей,

осынау мұнды жұмбақтар.

Көктоғай қайда кешегі,

ғашықтар жетіп алқынған,

Тоғайды қойшы, тәйірі-ай,

артық па ол да халқымнан.

Тереңге тартқан тарихты,

отырып түбі талдармын,

Етекте қалған қазақты,

тағы да тағы алдармын.

Қап қойған арғы жағында,

шекара дейтін сызықтың,

Моласы ғана болмаса,

кешегі өткен шалдардың.

Еңсесін имей ешкімге,

ерлерім өткен төсінен,

Түркістанымның Мысырыңнан несі кем?

Қан тартып келген көп дұшпан,

қара қойдай
шулаған,

Садақтағы
жебесін,

сары алтынға булаған.

Дулығалы батырлар,

тебінгілерін тепсінген.

Түркістан үшін өртенген,

қасқайып тұрып тозақта,

Шүлдірлеген талай жұрт,

бір ата боп біржолата кеп сіңген,

Алшайтып тұрып арғымақ мінген қазаққа!

Сайтан боп түбі кетпесем,

күндер де бір күн өлермін,

Шалқамнан түсіп алдыңа,

ақ кебінменен келермін.

Жатармын мәңгі ұйқыда,

топырағыңа оранып,

Әр көктем сайын ән болып,

құстармен кайта оралып.

Күмбездеріңді қырандай,

айналып ұшар талмастан,

Дәуірге дәуір ұласып,

шайырға шайыр жалғасқан.

Өмірге келер жаңа ұрпақ,

осы Рухпенен көктейді,

Қайда жүрсем де көкейден,

киелі атың кетпейді.

Бір рет сүрген бұл өмір,

жырлауға сені жетпейді...

Мен жылар болсам, аяулым,

өзің деп қана жылармын,

Мен құлар болсам, аяулым,

өзің деп қана құлармын.

Мен сұрар болсам, аяулым,

өзің деп қана сұрармын.

Аман тұр мәңгі қасқайып,

рухы қайран Тұранның.

Азиядағы Отаны,

қастерлі ұлы Құранның.

Түркістан ием,

тарихы түпсіз тереңім,

Айдындарыңа аққулар қонған ел едің.

Он сегіздерге қанат бітірер ертеңгі,

Өзіңде алғаш өріліп еді өлеңім.

Тұрысың ғажап,

көз салып өткен-кеткенге,

Сәлем де бізден біз көре

алмайтын көктемге.

Алыстан арып ақ ниетіменен

Аллалап,

Ат мінгізесің ақ
таяқ ұстап жеткенге.

Ғазалдарыммен тербесем деумен ғаламды,

Асқақ рухың сиқырлап алған санамды.

Киесі ғажап,

иесі қазақ,

Түркістан,

Топырағыңа тапсырғам ғазиз анамды.

Заңдары қатал өтпелі мынау өмірдің,

Уақыт,

сен де көне шаһардан жеңілдің.

Хақназар ханның ұрпағы түгіл кешегі,

Ғаламатым ғой көзіндей Ақсақ Темірдің.

Оқыдық құран тізерлеп

мұңлы молаға,

Жасаурап жанар қарадық

Ұлы Далаға.

Керіле түсіп алдымнан қашты

қара жол,

Хан Кене кірген

Наурызбайды ертіп
қалаға.

Қаруды білген ұсталар

соққан затынан,

Аруды білген ақ кептер

берген хатынан.

Әз Тәуке ханның

Жеті Жарғысы сөйлейді,

Келмеске кеткен

заманалардың атынан.

Алашым менің,

айбарым,

сұстым,

асқағым,

Бал дәурен заман...

өтті де кетті, қас қағым...

Шіркіндер қалай сезімдерменен ойнайды,

Тұран даламның сөйлетіп асыл тастарын.

Caп түзеп тұрып,

Саураннан кірпіш алдырған,

Далалық ұлы махаббатпенен салдырған.

Көктасты қашап, аспан астында Алашқа,

Бабалар біздің шежіре жазып қалдырған.

О, Түркістан,

шапағат бер,

сабыр бер,

Сары даладан бақыт іздеп сабылды ел.

Сағым басқан қырда жатқан елеусіз,

Мені мұңға батырады қабірлер.

Қабірлерім,

өткен ғасыр,

өткен күн,

Тарихы ол кеше өмірден өткеннің.

Мен қайғысын болмысыммен сезінем,

Иесінің сандықтағы шекпеннің.

Қандай ойға бастамайды мына қыр,

Қабірлерге бәйіт арна, дұға қыл.

Еркектерге жылау қылмыс болса да,

Айдалада ағыл-тегіл жыла бір.

Бәйіт арна,

құрбандық шал, дұға қыл,

Дұға қыл да, жүрегіңмен жыла бір.

Қабірлерге қамқор Ана секілді,

Аруағымды қымтап жатқан мына қыр.

О, Ата жұрт,

шапағат бер, сабыр бер,

Сахарадан бакыт іздеп сабылды ел.

Сағым басқан қырда жатқан елеусіз,

Мені мұңға батырады қабірлер.

Иесі қазақ,

Киесі ғажап!

Даналардың данасы!

Адамы алтын,

Қадамы жарқын,

Түркістанның қаласы.

Астанам едің,

Асқақ ән едің,

Сүйген түркі баласы.

Аруағым сенсің,

Байрағым сенсің,

Түркістанның қаласы!

Қастерлі салты,

Ақ пейіл халқы -

Көзімнің ақ-қарасы!

Даңқымды көкке,

Көтерген Меккем -

Түркістанның қаласы!

Сыймай аққан арнаға түбі өзендей толармын,

Үзілетін жанардан бір тамшы жас болармын.

Мән бердім де бір күні жауларымның сөзіне,

Өзім шығып өзімнен қарап көрдім өзіме.

Денем менің дене емес,

көрмесі екен сырқаттың,

От кешіп кеп көктеген сынығы едім ұрпақтың.

Жоқтық пенен ақындық жағаласып туады,

Күзгі тамшы жүзіңді қайта-қайта жуады.

Кеудемдегі лаулаған сөндіреді өртті кім,

Қаршадайдан қазақ деп келе жатқан дерттімін.

Сағынышпен өтті айлар,

сағынышпен өтті түн,

Бұлың-бұлың бұл күнге жетпеді кім, жетті кім?

Шалқып жатқан арнасы түбі өзендей толармын,

Үзілетін кезіңнен бір тамшы жас болармын.