ВЕРНУТЬСЯ

        Мына жолдар барады ағып көктемге,

Ешқашан да оралмайды ол өткенге.

Жете сала өте шығар жазды іздеп,

Мұратына біздей ол да жеткен бе?

Құлақ түріп бұлақтардың назына,

Құлақ түріп аққулар мен қазына.

Күзге қарай басталады сапары,

Жеткеннен соң қызығы көп жазына.

Күзге жетер жапырағы сарғайған,

Сағыныштан үзілердей талмайды ән.

Ары қарай қысты іздеп жан-жақтан,

Тарау-тарау жол шығады шалғайдан.

Аппақ қарға оранғандай шартарап,

Көктемдегі аманатты арқалап.

Қысқа жетер сақылдаған аязы,

Күзден қашқан қара жолдар анталап.

Қыстан кейін көктемді іздеп жол шығар,

Ырыздығы жолаушының мол шығар.

Төрт мезгілден тұратұғын, аяулым,

Бұл өмірдің бар қызығы сол шығар.

Бес күн тірлік...

жеткізбейді мұраттар,

Анталайды шешімі жоқ сұрақтар.

Адамдарды әлдеқайда асыққан,

Алып қалып жатыр мұңлы қыраттар.

Жұмбақ сесті сезінесің моладан,

Ей, жолаушы, абайлап жүр, бол аман.

Алып қалып жатыр, әне біртіндеп,

Адамдарды ақ кебінмен ораған.

Өмір солай...

кімге бүгін сын тағам,

Айту үшін мені осында жұмсаған.

Жақсы менен жайсаңын да кешегі,

Төмпешік қып топырақпен қымтаған.

Бар ғұмыры тұратын махаббаттан,

Махаббат пен аяулы шапағаттан.

Әбіш ақын, Әбіш дос, Әбіш құрдас,

Қарғыба мен Базардай қатар аққан.

Өмір жолы бірде жаз...

болар ақпан,

Қозы бақтық, қашпадық қол орақтан.

Тарбағатай тауларын бір айналып,

Ақсуатты өзенсің орап аққан.

Бірге болды жарымыз аялаған,

Қиын кезде құшағын саялаған.

Қырық тоғыз көктем, жаз өтті бастан,

Ақын ғой деп біздерді аямаған.

Жер апшысын қуырып тітіреген,

Елің отыр өзіңнен күтіп өлең.

Ана сүтін ембестен туа салып,

Ауыздандың түйенің сүтіменен.

Жеріміз кем біздердің артық кеткен,

Сыйлаған жоқ бақытты жарытып көктем.

Өлеңдегі сезімтал, шыдамдылық,

«Жершілдігің» түйеге тартып кеткен.

Аман-есен той тойлап жатқан бақыт,

Бір белестен асатын шақты андатып.

Ақ борандай жырларың соға берсін,

Келген ақын дүниеге ақпандатып.

Сан сырласқан туған жер, жылғасымен,

Бөлек шапқан бір өзің бір ғасыр ең!

Тарбағатай төсінде Шалторыдай,

Аламанға ат қосқан құрдасым ең.

Жаралғандай жырларың көрік нұрдан,

Шайқалмасын шаңырақ берік кұрған.

Қырық тоғыз жол жатыр соңымызда,

Қарсы алайық көктемді келіп тұрған.