ВЕРНУТЬСЯ

      Жолдар қашады,

қаладан қалаға caп,

Тартады жан-жаққа таралып.

Оң жақта от сөнген бір ошақ,

Сол жақта бір жердің бары анық.

Қай жолға түсеміз, қаралық.

Қай жаққа бастайсың, тағдырым,

Аңсадым көктемнің жаңбырын.

Сағындым, қайдасың, жан гүлім,

Дала мен қаланы шиырлап,

Қырық жыл қаңғыдым.

Қаңғыдым қасқырдай ұлып ап,

Өзгенің бақытын жұлып ап.

Бұл жолға түскендер,

Із-түзсіз құрымақ.

Мынаусы сыры көп соқпақтар,

Жылап тұр біреуді....

жоқтап тал.

Бұл жолға түскендер,

Маңдайын тоқпақтар.

Жүйкенді жүндей ғып түтетін,

Артында балаң бар күтетін.

Түспеші бұл жолға, бауырым,

Бейітпен бітетін.

Ана жақ арайлы көктемдер,

Мына жақ атамыз

кеткен бел.

Апыр-ай, із салмай кетіпті-ау,

Алдымда өткендер.

Керуендер тоналған,

Мына жол ескірген,

жоғалған.

Шөп басып,

су шайып құрыпты-ау,

Алшақтап қоғамнан.

Жол қайда сағымға сіңетін,

Шалдар жоқ барлығын білетін.

Ескертіп, тоқтатып,

Жаныңда жүретін.

Бұл соқпақ бастайды түнекке,

Мына жол еңбекке, күрекке.

Сан ғасыр халқымның жолдары

Санамда, қанымда, жүректе.

Мына жол келеді,

Мына жол кетеді.

Түсейін, өз жолым қайда екен,

Шиырлап шатастым жетеді.

Алдымда сан тармақ жол жатыр,

Айналма, түзуі... қолда тұр.

Абайла, абайла, абайла,

Ажал ма, алдыңда... жолда тұр.

Адассаң жігітке ол да мін,

О, Алла, пендеңді қолдағын.

Беттедің қай жаққа,

ал өзім

...Мәңгіге апарар жолдамын.