ВЕРНУТЬСЯ

     Сіріңке
қорабындай   автоклуб  қомы 
ауған  түйедей  қалтылдай 
бастады да, іле сақау кемпірдей 
қақалып, шашалып, жол ернеуіне асыла 
тұрып қалды. Автоклубтың 
қорабында  отырған  бір қора 
жан:  үш сүрбойдақ және  жеті бойжеткен "Желбір-жекенді" желдірте  айтып 
жатқан  кез еді бұл.

            Көбелекше
ұшып-қонып бір орнында байыз таппайтын 
ылдым-жылдым  Жұмабай  алқа-салқасы 
шыққан артқы есікті  кере ашып,
дік секіріп түсті.  Топ қыздың
ортасында  күжірейіп Тілек отыр. Аттың
қылындай қайратты  шашын  әтештің айдарындай  едірейткен, кәртөшке мұрны  қып-қызыл, езуі  жайыла-жайыла 
екі құлақтың түбіне  жетіп
жығылады. Даусы қыздардың 
сыңғырлаған  әдемі  үндерін 
бұзып  тұрғанында шаруасы жоқ,
етіктің  қонышын  айырып 
жатқандай  дарылдағанына  мәз.

            Әнге
мен де шорқақпын, көп қосылмай, тым-тырыс, бар-жоғымды білдірмей, үн-түнсіз
әншілерге  көз  қиығыммен 
ғана  қарап отырам да қоям,  кейде 
әдемі  қиял әлеміне  шомып кеткенімді  өзім де байқамай қаламын.

            -Нарбек,
бері шығып кетші!

Жұмабайдың 
бұйра басы  есік көзінен  қылт көрінді де жоқ болды.

Секіріп 
түстім, күзгі ауа шым-шым салқын, жер демін ішіне тартып тоңазып тұр. Күн
көзін жапқан түнеріңкі  сіреспе
бұлттар  көкжиекті  түгел жаулап алыпты. Түшіркене иығымды  қушита:

            -Не
болды? - дедім.

            -Сұрама,
мына қызықты  қара. - Әдетінше  толқынды 
бұйра шашын  артқа сілке шалқайып
рақаттана  күліп алды.

            -Ий...
Не қыласың, бір жағынан күлетін  де
жай  емес. 

Құдай атқыр 
қыңыр  Қисан бәрімізді төңкеріп
тастай сақтапты.  

            -Ой,  неге, 
жынды  ма  сонша?

            -Ана  Әсемкүлге 
ерегісем  деп...

            -Не-ме-не?.. Қойға  шабар 
көкжалдай  бұрқырап  ежірейіп

 кабинаға 
жетіп  барып,  есігін 
жұлқа  ашсам,  автоклуб 
шофері  Қисан  басын 
рульге  сүйей  мелшиіп 
қалған,  түрі  өліктей 
бозарыңқы.  Әншейінде жүзінен емен-жарқын  күлкі  үзілмейтін  Әсемкүл 
де  тұнжырай  не 
істеймін  деген  шарасыз 
кейіппен  мөлие  қарайды.

            -Әй,  Қисан 
не  болды,  а?

            - ...

            -Мынау  рульді 
бос  қоя  бере 
сап...өлем  деп... - Әсемкүл  сүйір 
иегімен  қасында  отырған 
жігітті  нұсқады.

            -Есалаңсың  ба?

            Күпәйкесінің  омырауынан 
шап  беріп  ұстап, 
жұлып  алдым,  былқ-сылқ 
буынсыз  ботадай  тәлтіректеген 
оны  жыным  қозып, 
сілкідім  кеп.

            -Не  болды 
сонша,  не  басыңа 
күн  туды.  Мына 
машинада  отырған  бүкіл 
ел  ойыншық  па, 
а,  айтшы?  Ақымақ!

Қисанда  өң 
жоқ,  түс  жоқ, 
безерген  қалпы,  тілін 
жұтып  қойғандай,  жақ 
ашпайды.

            -Әсемкүл,  не 
болды,  соншама?

            -Өзі  айтсын.

            - ...

            Қалшылдап  біраз 
тері  сүйрегендей  дырылдатып 
сілкіледім  де  шаршап, 
итеріп  жібере  салдым:

            -Онда  былай 
болсын.  Әсемкүл  сен 
ана  автоклубтың  ішіне 
кір.  Кабинада  мен 
отырайын.  Қит  етіп 
көрсін.  Жұмабай  аналарға 
ештеңе  демей - ақ  қойыңдар!

            Күбіжіктеп  Қисан 
тентек  болған  тоқтыдай 
меңірейіп,  жаныма  жайғасты, 
тыр-тыр  еткізіп,  сол 
меңірейген  қалпы  машинаға 
от  берді.

            Көк желкесінен оңдырмай қойып
кеп қалдым.

            -Өй, есің  дұрыс па? - деп сонда барып тілі кәлимаға
келгені.

            -Жаныңды шығарамын көзіңе қарап айда.
Өлетін болсаң, бізді аман-сау  жеткізіп
сал, сонан соң не істесең  де өзің  біл!

            -Қайда, қалай қарай? - деді
көзі жапақтап.

            -Қарасуға барамыз.

            Саңғұр-сыңғыр еткен  ескі 
автоклуб ыңырана  қозғалып,
күрк-күрк  етіп қойып,  асфальт 
жолға қайта шықты.

Машинамның
есігін,

Айнадай
ғып,

Айнадай
ғып,

Қоймас
па ем...

     Автоклубтағылар еш қамсыз.
Тілектің ақырғаны-ай сонша, 

қыздарға
қосылып  ән айтам  деп кернейдей 
өңеші  жыртылып кетпесе десеңші? 

            - Нарбек, а Нарбек!

            Қисан рульде  келе жатып, шоферларға  тән машықпен темекісін  тұтатты. Атымды  үш-төрт мәрте 
қайталады, енді  мен қитығайын.
"Өлгім келді дейді ғой" далада 
тастай  алмай  жүрген жаны 
болса,  кетсін әрмен  өзімен-өзі. 
Қыршындай жасын қалай қияды. Қызбен 
тіл тауып  сөйлесе  білмесе қайтеміз, бұзаубас сорлы!"

            Зығырданым қайнап, тырсылдап, әзер
шыдап отырмын  тістеніп.

            - Нарбек, а Нарбек десе!

            -О не! - Зірк ете қалдым.

            -Егер  бар ғой 
Әсемгүлге үйленбесем, онда  маған
күн жоқ!..

            -Ақымақ! Ең жоғары сортты
ақымақсың, білдің бе!?

Индияда  әйелдер қожалық ететін бір тайпа бар
көрінеді, сен  сол тайпада тұруың
керек  еді.

            - Нарбек, білесің бе, ол
мені  сүймейді ғой деймін.

Ол
темекісін құшырлана  үсті-үстіне  сорады. Асфальт жолдың екі беті жып-жылмағай,
ала жаздай қуаңшылық боп, егін шықпай қалған соң, қайта жыртып  тастаған, шаңы бұрқырап жатыр. Сонау көз
ұшында  мұнартқан Суықтөбе  басына тақиядай  қар түсіпті, қыс  та алыс 
емес-ау.

            -Нарбек, мен оған кел
үйленейік  десем "сен жындысың" деп күле береді.

            -Шынында да, сен нағыз барып
тұрған жындысың!

Қисан,
Жұмабай үшеуміз  бір жылғы төл, түйдей
құрдаспыз, үшеуміз де бойдақ, үшеуміз де Армия қатарынан  жаңа келіп, әскери киімімізді жаңа шешкен
бетіміз.  Қисан - автоклуб жүргізішісі,
Жұмабай екеуміздің  автоклуб  меңгерушісі деген дырдай атағымыз бар.
Аудандық газетте: "Ауданда әлі күнге 
дейін  бір халық театры жоқ,
мәдениет бөлімінің меңгерушісі 
Көкеев  айға қарап отыр ма?"
деген  сын мақала  шығып, енді қайтсек те театр құрамыз деп
жанталасып жатқан сәт екен. Бізді бірден артист боласыңдар  деп, жаңа 
құрылып  жатқан  көркемөнерпаздар  үйірмесіне 
қосты да  жіберді.

            Қолы босаса  осы Қисан 
репетиция  жасап  жатқан 
бізге келіп,  басын  күпәйкесіне тығып  алып,бұрышта  үн-түнсіз ойынымызға қарап  тұрады да 
қояды.  Алғашында  ерсілеу 
көрінуші еді, келе-келе  бойымыз
үйреніп, оны тіпті қолбаладай анда-мұнда жұмсайтынды шығардық. Өзі де оған
қуана-қуана  жүгіре жөнеледі ыржиып
қойып. Сырын тез білдік - ол Әсемгүл деген орта 
бойлы, толықтау келген, үнемі ақ жарқын, күліп сөйлейтін  біздің ауылдың  қызына ғашық көрінеді. Қисан болса мың салса
бір баспайтын үндемес, томырайған томар секілді басын бір жағына қисайта
май-май  боп, арса-арсасы  шыққан 
машинасының  астына түсіп жөндеп
кеп жатқаны. Жұмабай  екеуміз оны  "күйеу бала" деп, әрі құрдассынып, момындығын
басынып, әбден илеп алғанбыз.

            Спектакль  дайын 
болды-ау дегенде  Қисанның
машинасына да жан бітіп, пырылдай бастады, режиссер оны машинасымен сұрап
алған. Ол шофер ғана емес:  жүкші,
декоратор. Кейде суфлерлікке  де  жарап кетеді. Біраз ауылдарды аралап,
өнерімізді көрсете  бастадық.

            Сол Қисаным, міне, жанына  үріп ауызға салғандай  ғашық қызын отырғызып  берсек, аузынан сөзі түсіп "өлемін!" деп
қорқытпақ болады ғой. Әй, ақымақ, ақымақ!...

            -Енді  не істеймін, а, Нарбек? Үйдегі ата-апама бүгін  қайтсем 
де сіздерге  келін әкелемін  деп кетіп едім. Олар дайын отыр. Мен масқара  болдым ғой. Бүйткенше өлгенім жақсы еді ғой.

О,
құдірет, томырайған  жанда осыншама
қасарысу қайдан пайда болды? Мәселенің 
басы ашылмай жатып, былжырап жүрген мынау.

            -Әй, күйеу бала болмай кеткір.
Мұны  неге  бізге ертерек айтпадың? Қыз көне  ме, көнбей ме, оны  қайдан білдің? Айналшықтағаныңа  бір ай болды 
бір ауыз  сөз айта  алдың ба?

            - Жоқ.

            -Енді  ол өзі 
жүгіріп кеп, сүйдім-күйдім  демек
пе?

            -Бүгін  айттым ғой.

            -Сонда не деп айттың  қане?

            Ол  тұқылына 
шейін күлге  айналып  кеткен темекісін  лақтырып жіберіп, жаңасын ерніне қыстырды.

            -Әй, көк түтінге  қақалтып өлтіретін болдың ғой, тасташы

андағыңды,
паравозша  боздатпай. Көзіңе  қара, ағаш тасып әкеле  жатқан 
жоқсың. Сонымен  не дедің  қане, айтшы?

            Қоңыздай  домаланған 
автоклуб асфальт  жолдан  шығып, Қарасу ауылына  қарай бұрылды.

            -Нарбек не дейін  оған. Күле берді. Келеке  ететін 
сияқты.

Айттым:
"Кел, Әсемгүл үйленейік" дедім, ол сықылықтап 
пәле қылды. Мен шын  айтып  отырсам... Үйде атам мен папам  қойын сойып, тоқаш пісіріп дайындалып жатса...

            Мына Қисанның  дәмесінің зорын қара,  бүкіл елге "бүгін келіншек әкелемін" деп, жар
сап кетіпті ғой, енді не істерін білмей 
дал. Өзі құнысып, кішірейіп, мүсәпір кейіпте. "Ит маржанды неғылсын",
осында  алып бара  жатқан 
қандай  сезім  бар 
деп  келемеждеп жүрсек...
Қапалы  ойдан  қажалып, шәушиген  беті 
үрпиіп, жылап  жіберуге  шақ тұр.

            Тұла бойым  оның 
мына  кеспірін  көріп 
шымырлап кетті. Ойнаймыз  деп  өртеп 
жіберуіміз  хақ.
- Бұл  Қисанмен 
де адам  құсап  сөйлесіп көрейін, білейін, қолдан  келсе 
көмектесіп жіберген жөн. Мәнжубас 
боп  не істерін  білмей 
екі көзі  ағып  түскен 
сұңқардың  сыңарын  іздегендей 
сұңқылдауын  көрмейсің  бе тілі шығып.

            Қарасу қалың ағашқа көмкерілген
совхоз орталығы, камшымен түртінсең кез келген 
жеріне су  атқылап шығып  жататын сазды жер. Ауылға кірерде түн қанатын
жая бастаған, машина шамын жақты.

            -Қайда барамыз!

            -Шайымхандікіне.

            Шайымхан - театрымыздың белді
әртісі, өзі музыка училищесін биыл  бітірген  домбыра 
да тартады сыңқылдатып, кілең  бір
сыршыл әндерді айтады жүрегіңді 
бұлқынтып. Біздің арамыздағы жеті қыздың ішінде  шашы 
ұзыны - сол. Ұзын шашын  кейде  бір, кейде екі  өріп арқасына бос қоя бере салғанда, шіркін
осы бұрымды  аялап сипаса ғой дейсің
іштен тына көзбен жеп. Мына одыраңдаған Тілек шыркөбелек соны айналсоқтап, жарамсақтанып әлек.
Бүгін сол Шайымханмен бірге  оқып
бітірген  Гүлзәкира деген қыздың туған
күнін  атап өтпекшіміз.  Гүлзәкира - бойы ашаң, ұяң ғана сары қыз,
шашын  иығынан кесіп тастап, бос
тарап  қояды. Сәл қалжыңдап  тиіссең болды 
бетіне қызыл  толқын теуіп,
құлпырып шыға келеді... Жұмабай оған тиісуге құмар: "Гүлзәкира Шаһеризада "Мың бір түнді қашан
бастаймыз" деп көрінген  жерде әзілдеп
әуре.

Жеті
қыз, төрт жігіт ауыл ортасындағы  клубтың
түбіндегі  Шайымханның  қызыл шатырлы 
үйіне сау  ете қалдық.
Қараңғы  тым ерте  түскен, 
аспанды  сындырып  жіберердей 
қалың бұлт  құрсаулап,  батыстан 
сүйекті шағар  ызғырық  еседі.

Біз
топырлап кірісімізбен Шайымханның әкесі сәлемімізді толық алып үлгермей, бәлен
жерге  баруымыз керек еді деп сытылып
шыға берді. Қызы айтып қойса керек, үй 
ішінде дүрілдеп пеш жанып тұр, ортада құрылған үстел үсті тамаққа толы.
Ашқарақтана  дастарханға  қол жүгірте бастадық, бізді  ұмытпаңдар 
дегендей  ортаға екі-үш шөлмек
те  мойнын созып тізіле  қалды.

            Үкілі домбыра қолдан өтіп,
ішке  ел қонған соң ән айтыла бастады.
Үйде аккардеон бар екен, Шайымхан  соны
сызылтып шымыр-шымыр ән салғанда, Тілектің бадырақ көзі  ұясынан шығып кете жаздады.

            -Жұмабай, жүрші ана бөлмеге,
әңгіме бар.

            -Мен қазір, - деп, ол жанында
отырған  Гүлзәкирадан  рұхсат 
сұрағандай бұйра шашын сілке 
орнынан көтерілді.

            Қыздың  бөлмесі 
екені  бірден белгілі, мұнтаздай
жинақы, жалғыз  ағаш кереуеттің  үстінде 
тоқ қаздай  кеудесін  көтерге 
ақ жастыққа  шілтер жауыпты, бір
жақ қабырға  тұтас әнші, артистердің
суреттері, шарайнаның бір жақ бұрышына мойылдай көзі жәудіреп, жаңа жуылған
бүлдіргендей  бүртік еріні енді болмаса
күліп жіберердей  өзінің бейнесін  іліп қойыпты.

            -Не болды, саған? Ауырғаннан
саумысың?

            -Жұмеке, мына Әсемкүл  мен Қисан хикаясын білесің бе? - деп
бар болған жайды алдына жайып салдым. - Кел екеуін  шақырып сөйлесейік, сен  ақынсың ғой, түсіндіріп айт. Дәнекер
керек  сияқты арасына.

            Қашан  да тез 
шешім қабылдайтын  Жұмабай  қызып 
кетті:

            -Қорықпа, бәрі  де ойдағыдай 
болады, - деді нық үнмен:

            - Шақыр бері екеуін!

            Аяғын  еркелей 
басып  сылқым қимылмен
Әсемкүл  кірді 

бірінші,  соңын ала 
сүтін төгіп алған баладай 
жасқаншақтана  Қисаным  көрінді 
сүметіліп:

            -Отырыңдар, - деді Жұмабай  бұйыра.

            -Ал
отырдық, - Әсемкүл күле төр алдындағы құрақ көрпешенің  шетін 
ала тізе бүкті. Топ-толық 
балтыры  түзу, қысқа көйлегінің  астынан 
мені көрдіңдерме дегендей 
жарқырап  тұр. Жалпы  аяғы түзу 
қыз-келіншектер  қысқа көйлек
киеді -ау.

            -Әй, сен де  отыр бері! Мына
қыздың жанына жақында!

            -Ал,
енді сен екеуің құлақ қойып, зерделеріңе салып отырыңдар, - деп  бұйра 
толқынды шашын  Жұмабай  және 
бар сілікті, қалың қабағын 
түйіп,  өте маңызды хабар  айтардай салмақтана  қапты, - "Жақсының жақсылығын айт, нұры
тасысын" демекші, ал енді  Әсемгүл
айналайын, сен  құлақ сал. Мына Нарбек, Қисан үшеуміз ит жейдемізді 
бірге тоздырған ақыреттік құрдаспыз. Бұл өзі  жігіттің ішіндегі төресі. Неге күлесің?
"Алтын басты  әйелден бақыр басты
еркек  артық" деген  бұрынғылардың бағалы  сөзін білесің бе? Жоқ. Онда  күлмей 
сөз тыңда айналайын. Бұл жігіттің 
жүрегінің шұғыласы мына 
бүкіл  планетамызды  жылытып 
жібереді, ғұмырында  ешбір
артық-ауыс сөзі жоқ,  ал  арақ деген бәлекетті ғой татып алмайды. Оны
өзің көріп жүрсің. Жігіттің сұңқары демей көр. Мұндай жандар біреуге берілсе,
жүз процент құлай беріледі.

            Ойпырмай-ай,
Жұмабай  тоғанды  бұзған 
судай ағытылды дерсің, мен 
оның  мұнша ақпа шешендігіне  таң-тамаша 
қалдым, ара-арасына 
келтіріп,  мақал-мәтел  жүгіртіп, мойны қисайып сүмірейіп
отырған  Қисанды  алты қабат 
аспанның  үстіне  шығарып марапаттағанына  әлгіге 
өзім сұқтандым. Көзі алаңдап, бір қызарып, бір бозарып қара терге  түскен 
Қисанымның  есі шығып кетті.

            -
Мұндай жігіт -
дефицит, қымбат! Сен білесің бе, дүние 
жүзінде әйелдер  еркектерден екі
есе артық екенін. - Енді мынауың артық қой дегендей таңдана қарап едім, дымың  ішіңде болсын деген ишаратпен көзін қысып
қояды. - Ал, енді  осы Қисекең  ақ адал, ақ пейілімен  саған ақ жүрегін  ұсыныпты. Бала жастан әлдилеп келген  ақжарма  
сезімін,  атойлаған сел ойын, жан
дүниесін түгел  күмбірлеткен  сырын 
түгелімен саған бағыштапты. Бұл әлемде 
назары  тек қана  саған ауыпты, көзі саған түсіпті, тек қана
саған! Сен Әсемкүл, оның  қос қолдай
созған қолын қақпай, қабыл ал, мұндай 
жігіт  ешуақта  еш жерден табылмайды. Мұның  саған тәңірдей  табынып, 
құдіреттей құлшынып,  бөбектей
сені әлдилеп өтеріне біз куә, мына 
қамар  түн,  бейқұт 
жастығымыз кепіл! Әй, Қисан, солай ғой?

            Ділмәрсіген  Жұмабайдың 
қызыл сөзінен  ештеңе ұға
қоймаған  Қисан  басын 
бұлғаң еткізді де, 
сасқалақтап  шүмек-шүмек тер
көмген  маңдайын  жеңімен 
сүрткіштеді.

- Ал айналайын, Қисан! Мына үріп
ауызға  салғандай үлбіреген  қаздың  қауырсынындай 
Әсемкүл  біздің қарындасымыз.
Көзіміздің ағы мен қарасындай мәпелеп, тұмсықтыға шоқытпай, қанаттыға
қақтырмай, періштедей  бекзаттығына  тәнті боп, қашанда  ақ бөбек 
талантына  қол соғып,  қолдан қайыр келгенше  қамқор боп жүреміз. Көңілі дариядай шалқар,
мінезі  жібектей есілген, төрт құбыласы
түгел,  мұндай перизатты  үкілеп 
қолына қондыру  әрбір жігіттің
арманы емес пе, шіркін!... - деп,  осыны  айтқанда 
Қисан  басын  кекжите 
көтеріп, көзі ағараң  ете қалды,
мынау  не деп тұр дегендей. - Өзі  Жапарқұл  атамның 
тұла бойын жарып шыққан  тұңғышы,
өзенінің тұнығы, қуанышының алды. Бұл қыз құтты болып, соңынан ерген  он шақты іні-қарындастары  және 
бар. Жапекең деген бүкіл 
колхоздың  маңдай алды  бесаспап 
механизаторы, ширек  ғасыр темір
тұлпар  тізгіндеген  заманымыздың 
ері, қаһарманы. - Жұмабайдың
тілінен бал тамып,  суша сапырып бара
жатқанын ішім сезіп, қылп ете қалдым. Шешесі қандай десеңші, шіркін!  Ата-анасынан 
асып туған асыл жан - Әсемкүл 
міне,  гүл дәурен  жастық шағында  мына 
біздей  ағаларының  аялы 
қамқорлығымен  айдай  тасып,  күндей 
күлімдеп,  қызғалдақтай  құлпырып 
жүріп жатыр.

            Осы
жерге  келгенде  Әсемкүл 
мырсыңдап, жылап-ақ жібергені.  Мен шошып кеттім, арты пәлеге апарып соқтырмаса? Жұмабайдың ойына ештеңе
кіріп шығар емес, қаперіне де алмай, ары қарай көсіле жөнелді. Бауырын жазған
жүйріктей Әсемкүлді жер-көкке сыйдырмай  әспеттейді.
Әбден  иін қандыра  мақтап-мақтап  алды да 
кесіп салды:

            -Ал,
Әсемкүл, айналайын, сенің  жомарт  жүрегің 
мен дарқан  сұлулығыңа  біз кәміл сенеміз. Қане,  мына Қисанға 
қолыңды ұсын! Қисан сен де әкел жомарт қолыңды!- деді  де, Жұмабай Қисанның  желді 
күнгі кепкен  жапырақтай  қалтыраған 
күс-күс  май сіңген қолын  домбыра 
шертуге  ғана  жаратылған 
топ-толық  ақ борықтай
Әсемгүлдің  білегінің үстіне қойды. -
Ал, екеуің 
ғұмыр бойы  бақытты болыңдар,
айналайын! Алдарыңнан ақ күн тусын! Ау, 
мына екеуі  де  жылап отыр ғой. Дұрыс, қуанышты көзден жас
шықпаса жүрегі жыламайтын, көзіне жас алмайтын, сезім  атаулыдан мақұрым көртас
жаннан  аулақ қылсын де. Ал Қисан,
сен  енді уәде бер: "Мына біздің аяулы
қарындасымызды  осы періштедей
күйінде  бүкіл өмір бойы гүл-гүл жайнатып
өткізем, қабағына  кірбің, көңіліне  қыжыл, жүрегіне дақ түсірмеймін" деп. Қане, қайтала. - Қисан  жыламсыраған күйі  Жұмабайдың 
айтқанын  қайталап шықты.

Әсемкүл 
сөз қадірін  ұғады-ау, күлімсіреп,  елжіреп  балқып отыр. Жұмабайдың айтқанын мен де сеніп
қалғандаймын, осыншама  тас жібітер  сұңғыла 
шешендік  қалай  сыйып жүрген 
ішіне, япырым-ау?

Қыз бен жігітті 
оңаша  тастап,  ауызғы 
бөлмеге  шыққанымызда  бәрі 
не боды  дегендей айтып тұрған
әнді  кілт үзе,  бізге аңтарыла  қарап қалып еді, Жұмабай:

            -Екі жастың болашағы  үшін, парлай
ұшқан қос аққу  үшін! - деп асабалығын
одан әрмен жалғастырып әкетті. Ол қандай бір той-томалақ болмасын  өзі басқарып 
әкетеді.

            Өз
досыма өзім сұқтандым:  көр де тұр,  бұл ма бұл ғаламды  таңдай қақтыратын  үлкен ақын болады, бүкіл ел бас иер көсем де
шығады бұдан. Қара тілі тас идірер не деген 
тұңғиық тереңдік!  Бұйра шашы
желбіреп,  қолын сермей  емін-еркін жадырай, жазыла  сөйлеп кеп бергенде  еріксіз 
бас шайқайсың, тіл-көзден аман болсын деп.

            Қызарған Тілегім өңкей қыздың ортасында 
сопайып  жалғыз қалып,  біраз сілтесе керек,  тілі күрмеліп,  сөзі 
балдұр-бұлдыр, бұзыла бастапты. Оның бар әңгімесі - арақ төңірегінде.
Қазір  де езуінен  көбігі бұрқырап, сөзге қонақ  бермей: "Әсемханның үйінде он төрт  шиша  ақаңды
ішкенімізде" деп 
көйітіп отыр. Гүлзәкираның  жанына
жайғасқан  Жұмабай лып-лып  қызарған 
қызға  бірдеңелерді  өжеттене  дәлелдейді, анау  сынық езу 
тартып,  мақұлдаған  пішінмен басын изей береді.

            Сәлден  соң ішім пысты, қараптан қарап көңілім
құлазыды. Мынау айран-асыр 
қуаныштан  есі кетіп  отырған 
құрбы-құрдастарымның  ернеуінен
аса лықылдай  төгілген тоқ күлкілері,
уыты  жайылған арақтан  есіріктене бірін-бірі марапаттап,
жарамсақтана бастауы;  осындай ас та төк
ас ішіп,  аяқ босатар, ешбір қызу-жылуы
жоқ дарылдақ сөздер құрғақ талқан  жегендей  тез шығарып 
жіберетіні,  безіндіретіні  бар.

            Кеудемді  мұң 
қабыздап,  сан тарау  жүйесіз 
ой шырмауына түсіп, құлазып кеттім: осындай  алқалы 
топ түгелімен  жасарып,
жайнап  жатқан  той-думанда 
көңілсіз  кеспір  кешетін 
ежелгі әдетім. Басқаларға  қосылып
кете  алмай, тура солар  сенің жон арқаңда өкшелерін батырып, билеп
жүргендей хал кешесің: жабырқау  кейіппен
сүлесоқ отыру; жүрегіңді сығымдар  қиял
қанатына сүңгітеді, нені, нені 
аңсап,  құлдырай көксейтініңді
өзің де аңғара алмай, жеке,
бүкіл  әлемнен  оңаша 
қалуды  тілейсің-ау.

            Ақырын
сусып далаға шықтым.

            Тұнжыр  түннің 
де  жемір ойлар тұтқынынан  босата 
алар қауқары  жоқ, мелшиген күйі.
Жаңбыр да емес қар да емес,
жылбысқы  суық тамшылар  денеге 
желімдей  жабысып су боп сіңіп
жатыр. "Қарашаның   басы
қар  болса, бүкіл қыс бойы зар болар"
деген Әпежек ақынның  өлеңі бар.

            Ескі
күздік  пальтомның  жағасын 
көтеріп,  құнжиып алып, жан баласы
жоқ қараңғы көшемен  арлы-бері  сенделіп 
жүрдім де қойдым. Қар аралас мұздай жаңбыр  бетіме 
біз  сұққылағандай  қадалады, 
әп-сәтте  тоңып  шыға келдім. "Оу, мен неге, неге сонша
таусыламын? Әскерден келгенім жаңа, жиырмадан ғой жаңа астым, төрт мүшем
түгел  сау, не жетіспейді соншама?"

            ...
Ауыл-ауылды  аралағанымызға, міне,
аптадан асты, алғашқыдай  емес, жүрегіміз  орнығып, ысылып қалдық. Табысымыз да жаман
емес тәрізді, көргеннің бәрі мақтап 
жатқаны. Ертең жексенбі болғандықтан 
Қанағат деген 
мұртты режиссер 
бәрімізге бір күндік демалыс берген.

            Үлбіреген  он сегіз-жиырманың  арасындағы 
қыздар  шетінен  суырылған 
өнерпаз: бәрі күмбірлетіп күй тартады, 
ән салғанда  бірінен-бірі өтеді.
Әсіресе бұрымы  тоқпақтай  бұратылған - 
Шайымхан!  Үні қандай  жағымды, табиғи  ұяңдығы 
бәрі -бәрі  жарасады-ақ. Ал, көзі
ше? Жаңа ғана жуып ашылғандай 
дөп-дөңгелек, боталап тұрғаны. Тілек өліп-өшіп ғашық, онысын білдірем
деп  масқарасы  шығып 
жүргені.  Өзім ше?.. Жалпы мен де ұнатам деу  тым арзан
шығар, құлай жақсы көріп қалыппын 
ғой.  Сонда  оған 
мен  де ғашықпын ба?  Одыраңдаған Тілектен, көре сап көзінің  сұғын қадайтын  бар еркек 
кіндіктен  қызғанам іштей.  Иә, иә, мен де  ғашық екенмін ғой, тек  сырттай 
сыр бергім  келмейді,  іштей 
күйіп жанып,  өзегіме өрт түсіріп
жүр. Осыны өзім мойындамай, мойындағым да келмей,  алты қабат сауытпен бұл сезімді қаптап,
тұншықтырып сыр алдырмай  жүріппін-ау.

            "Шайымхан,
ғашықпын саған!"

            Өз
ойымнан өзім шошып селк ете қалдым. Сөзімді 
біреу-міреу  естіп қоймады ма
десем тырс еткен жан жоқ, анадай жердегі 
клубтан "Шала-вала, шала-вала..." деген 
шала бүлінген  құтырма  музыка 
естіледі.

            Жылбысқы  жауын 
енді  қиыршық  қарға 
айналып төгіліп жатыр 
үсті-үстіне. Басымды  сілкіп кеп
қап едім бөріктей  жиналып қалған  қар парша-паршасы  шығып, жан-жаққа  ұшып кетті. Күліп жібердім.

            Айналайын
ақша қар, алғашқы  сезім!..

            -Нарбек! На-а-арбе-ек!

            Сызыла шыққан қыз даусы  мені шақырады үй жақтан.  Шайымхан 
ғой  мынау маған  келе жатқан. Өрттей 

қызарғанымды
тас қараңғы түн  байқатпады, жүрегім    түмп-түмп. Қарыс  жер 
қадам басып жүре алсамшы, состиып тұрдым да қойдым. Әне жеделдете басып,
желбегей  жамылған  пальтосына 
қаусырына түсіп жаныма келді.

-
Қайда жүрсің, Нарбек? Бәрі сені іздеп жатыр. Жүр, тамақ дайын болды.- Еркінси
қолымнан ұстай алды, алақаны ып-ыстық, үйдегі 
жайма-шуақ  леп еседі. - Туу,
жаурап қапсың  ғой.

            - Клубта ... би екен...

            - Ә, ә, бізді  менсінбей, қыз іздеп жүрмін де?

Мұрнымнан  құртым 
түсіп,  таңдайым  құрғап, міңгірледім де қалдым.  Міне, 
армандай  болған қыз жанымда, қар
жапалақтаған  қараңғы  көшеде 
екеу-ақпыз. Осылай  қол
ұстасқан  күйі  мына 
қара  жерді  ақ шағала 
қар  асығыс  қымтап жатқан сәтте, дәл осылай  кете 
берсек, жүре берсек қой 
шіркін,  жүре берсек.

            Биылғы ерте жауған алғашқы қар  мың-миллион әп-әдемі  түйіршіктерін 
қалқыта ойнатып төгіп тұр-ау, төгіп тұр. 
Бейне екеумізге  ақжол тілеген
шашу  дерсің.

            -Жұмабай қызық жігіт, ә? -
деп,  бір қойды Шайымхан. Іле  сыңғыр-сыңғыр күліп жіберсін. - Қандай ғана қыз бұйырар  екен оған?

            - Кім білсін? - иығымды  қиқаң 
еткіздім.

            -Ой, өркөкіректеу-ау сенің  досың осы, а? Жалпы ақынның бәрі осындай бола
ма?

            -Қайдан білейін?

            Жүрегім зырқ ете қалды, бұл
неге Жұмабайды сұрағыштап қалды. Бір құпия гәп болмасын де, Жұмабай  бар қыздың 
еркетотай  серісі,  ешқайсысына 
ен тақпай, менсінбеген күйі, тәкаппар 
жүреді. "Мен ғашық болатын  қыз
дүниеге  келген жоқ әлі" дейтін ойын  ашық айтып. Ал, мына қыз не дейді сонда?

            Шырт етіп бұлданып үйге бұрылдым.
Есіктен кірген соң қыз пальтомды өзі шешіп:

            -Туу, әбден су бопсың ғой, үйге
кіре ғой. Жұмабай досың  сенсіз
дастарханға  отырмаймыз  деп әлек салды. Қызық өзі, ә? - деп  сыңқ етіп, жүрегімді шабақтап  және күлді.

            - Мыналар  қайда 
жүр, ей!- деп алая қарады Тілек. Шайымхан екеуміз шашымыз
су-су боп қатар кіргенде.

            -Қыздар ән  салыңдаршы,- дедім кеседегі ыстық шайды үрлей
ішіп.

            -Ауыл иесінің  алты ауызы болады...

            -Қане баста...

            Шайымхан көп  сұратқан жоқ, домбыраға қол созды. Құлағым бітеліп қалғандай әудем
сәттен  кейін  ғана тарс ашылды.

 

            Ауылдың маңын айналып,

            Қаңқылдап қаздар өтеді.

            Мен жүрмін мұнда ойланып,

            Бір хабар берсең нетеді?

 

            Мен әскерде  жүргенде 
шыққан,  естімеген  мұңлы ән, мұңлық жүректің  тебіренген сыры.  Неге алып-ұшқан  шын ғашықтар 
көбіне  бөлінген  қауындай 
қақ айырылып,  тек  мұң ғана 
қалдырып кетеді. Неге?..

            Әне қылдырықтай  бұраң бел Орынкүл де ақшыл  реңі бұзылып, қиял әлемін кешіп барады,
әнеугүні ғана  әскерге шығарып салған
бозбаланы  ойлап  отыр-ау, сірә да.

            Домбыра Шайымханнан  Орынкүлге 
өтті. Осы кішкентай  нәзік  қызда 
күмбір-күмбір  үн қалай тұнып тұр.
Гүлзәкира болса томпақ  бетіне  қызыл далап жаққандай  көзінің 
астымен  Жұмабайға  анда-мұнда 
қарап қойып, Ғарифолланың термесін 
төкті.

            -Жігіттер айтсын кезекті  соларға берейік.

            Үшеуміз  де домбыра 
тарта білмейтін  ноқаймыз,
мәдениет бөлімінде  жүрген 
кездейсоқ жандармыз ғой әншейін. 
Пұшайман боп, көзбен  жер шұқыдық.
Жалтақтап Жұмайбайға телмірдік, ол кере қарс ақ маңдайын жапқан бұйра шашын
сілкіп тастап, сөз алды дерсің...

            -Мен бүкіл жігіттер әулеті
атынан...

            -Өлең оқисың, - деп қыздар шу
ете түсті.

            -Жо-жоқ, мен бүкіл жігіттер
атынан қыздар атаулыға ренжулімін. Иә, иә, қатты өкпелімін. -
Тамақ күткен
балапандардай ауыздарын ашып қалған қыздарға сұстана біршолып қарап шықты да
зор дауысымен ойының жібін сабақтады.- Мен көкейімде қордаланған ойымды айтып
отырмын. Неге бүгінгі қыздар арасында махаббатына, сезіміне болаттай берік
қыздар жоқ. Неге? Қыз Жібегіміз қайда, Ақ Баяндай жан туа ма енді? Қыз Құртқа
сынды асыл жар, Қарашаштай данагөй аналар шығатын қыздар қайда деймін-ау? Мен
мыналарға өлердей ренжулімін: шолтақ ойлы шошақайларға, тұрлаусыз тұрақсыздарға, бетімен кеткен тастүлейлерге.
Махаббаттың ақ туын кірлетпей, әрбір  қыз
ақ шымылдығын пәк күйінде аттауы керек. -Ол тершіген маңдайын қалтасынан қыры сынбаған
жап-жаңа, тап-таза ақ қағаздай беторамалын алып сүртті де, бір бокал минералды
суды демалмастан  сілкіп ішіп салды. - Ал
бірақ жаным, қыздар, бүгін мен ерекше толқып отырмын. Мына есіктің ар жағында
қос аққу ұлы өмірге парлап ұшып барады. Ал, енді ай дидарлы қыздар, сендер Қыз
Жібектің лайықты сіңлілері болады деп ойлаймын. Сол ықыласымның дәлелі ретінде
ақ маңдайларыңнан бір-бір сүйемін,-деді."Рұқсат етіңіздер" деп сызылмады, кесіп
айтты да, бәрінің
маңдайынан шөпілдетіп шықты. Жігіт еріні қойсын ба, қыздар қызараңдап, гүлдеп
сала берді, әсіресе Гүлзәкира толып-болып отыр мейманасы асып.

            -Ал енді, бір өлең оқып
беремін.

Қыздар
жағы гу ете түсті. Жұмабай аулымыздағы танымал ақын, анда-мұнда аудандық газетке өлендері шығып
тұрады және тек махаббат жөнінде ғана жазатынын қайтерсің.

Кеудесін
қодырайта көтеріп, басын әнтек шалқайтты, тамағын кенеді.

Бір
ару қыз арамызда елден ерек,

Жүруші
ед төңірегін гүлге бөлеп,

Сол
қызға бәріміз де ғашық болдық

Үйірілдік,
алып-ұшып боп көбелек...

Өзегіме
у тамызып жібергендей, өн бойым дір ете қалды. «Мә-ә, мына ешбір қызды көзіне
шөпек құрлы ілмейтін сал-сері Жұмабай да ғашық екен ғой, кімге арнады десеңші
сонда, кімге? Әрине, бәріміздің қолымыз жетпей жүрген Шайымханға да: Іштен
тынып, жан адамға білдірмей, құпиялап жүрген сырын қарашы». Бірақ неге екенін
қайдам, менен басқа бәрі бұл өлеңді Гүлзәкираға 
арнаған деп ұқты, ол болса ду-ду қызарып, орамалының желбіршегін
саусағына орап, тарқатып, күлімсіреп қана отыр.

Өлеңін
оқып біткенде сатырлата қол соғылды. Жұмабай Шайымхан жаққа жалт қарады,
жүрегім тағы да шым ете түсті. Жалт қараған сәтте көзінің құрығында маздаған
отты көрдім.

Шайымхан
күлімсіреп шай
ұсынады.

            -Ау, ана екеуін аштан қатырдық
қой, тамаққа шақырайық.

Қисан
мен Әсемкүл бұрышта жарасып әңгімелесіп тұр екен.

            -Ал, Қисан кеттік, аттың басын
ауылға тарт,-деді Жұмабай.

            -Тамақ ішіп алсын да.

            Арада бір сағат өтер-өтпесе автоклуб
ішін дүңгірлетіп, өлең-жырымызды шалқыта айтып, Ұзынағаш  қайдасың деп желпінген көңілмен тартып кеттік.

            Кабинада Қисан екеуміз баяғы. Қар
үдей түскен. Ыз-ыз етіп тозығы жеткен машина кеудесін әзер сүйреді. Қисаным
мәз, газды бажылдата мықшыңдай басады, оған қарап жатқан машинасы жоқ, қияңқы
жабы аттай сәл-сәл селкілдеп қалады да, қиқ-биқ деп, баяғы әуеніне түседі.

            Елдер қалай тез шешімге келеді.
Міне, мынау да аяқ астынан өз тағдырын шешіп отыр, өмірде бір-ақ рет
қайталанатын нәрсе ғой. Әбден бір-біріне құлай сенгенде ғана, сезімге әбден
бөленіп, шынайы берілгенде ғана...Айтпақшы осы Қисан қалыңдығының сыр-қырын түгел
біле ме екен, өзі?

            Ыржиып, темекісін боратып отырған
оның ойында дәнеңе жоқ, жағасы жайлауда. Дәл қазір сұрауым керек, әйтпесе кеш
болар.

            -Қисеке, Әсемкүлдің барлық жағдайын
білесің ғой,-деп жұқаладым.

            -Нені?

            -Анаусын...әлгі біреулер... басына
орамал салған дей ме?

            - Е-е, оны жаңа өзі айтты, бұрын
да  сыртынан естігем. Тойға бармай ма бір
құрбысымен. Сөйтсе, біреулер алып қашыпты... Бір күн, бір түн, көнбепті... басына
салған орамалын жұлып тастапты да, кетіп қапты.

            -Сен соны кейін қоңырсытып әңгіме
ғып жүрме.

            -Ой, қойшы, соны...

            -Ой, сенің бағың бар екен, осындай
алтын құстай қызды қолға түсіріп.

            Ол кеңқ-кеңқ, рақаттана күліп алды.

            - Жаңа Жұмабай аққу деп еді, сен
алтын құс дейсің...

            Бүкіл ағаш біткен ақ кигендей, Ұзынағаш
ауылы қарға шомылып, әппақ шымылдық тұтып қарсы алды. Көше бойы жым жырт, ел
қалың ұйқының құшағында. Автоклуб Қисанның үйінің көк қақпасын тірей тоқтады.
Жұмабай секіріп түсіп:

            -Біз сүйінші сұрай қояйық, жүр
Нарбек! - деді.

Ата-анасы
жүрегі жарыла қуанар, мұндай ұлан тойға жеткен де бар, жетпеген де бар
дегендей...Бала өсіргендегі ең үлкен қуаныш осы емес пе? Әскерден келгелі шешем
де: "Бір күн ауру,бір күн саумын, басыңды қусырсаңшы қарағым, тезірек" деп кеп
отырғаны. Ол оңай ғой деймісің, кімге үйленерсің? Кімге?

            -Сүйінші!...

            Есікті ұрып, терезені
шерткілеп жатырмыз. Әзер  дегенде  шам жағылды, ар жақтан
қақырынып-түкірінген кісінің  дыбысы
естілді, шырт етіп ілгек, одан кейін шырт бұралып кілті ашылды.

Өй,
атаңның көрі... құдайдың  күні боздап  тұр ғой,- деген иығына шапан жамылған  серейген ұзын шал шықты.

            -Боздаған осы жеті түнде сендер
неғып қаңғып  жүрсіңдер.

"Ел
жатса да енекем жатпайды" демекші... - деп келе 
жатқанда  сөзін бітірмей
қосарлана:

            -Ата, сүйінші! Сүйінші, келін
әкелдік сізге, - дедік.

            -А-а? Не тантып тұр ай
мыналарың? А-а?

Шал
құлағының мүкісі бар-ау деген  оймен
қайта айқай салдық.

            -Сүйінші ата,  келін әкелдік сізге!

            -О,тоба... "Біреуге  мал қайғы, біреуге жан қайғы"  демекші, мына біреулерің не дейді, - даусы жарықшақтанып
бұзылып шықты. - Кемпір, әй, кемпір! Өй, өлігіңді ғана көрейін, Қатпыш! Тұр,
қане! О, құдай... Өлігіңді ғана 
көрейін  ей, Қисан, - деп  анадай жерде сүметіліп тұрған оған айқай салсын.
- Әй, әкеңнің  көрі.. саған  кім қатын  
ал деді, а? "Қатын алам десең, бір құшақ отын  артық ал" дегенді білесің бе? Құдайдың зарын айтпадым ба, мал жина,
ақша жина деп.  Несіне секіресің, айлығың
жетпіс-ақ сом, ол өзіңнің ішіп - жеміңнен 
артылмайды. Көк тиын  пайдаңды
көрмедік қой, тегі. Ойбай-ау, "Қара жерге қар түскенде  келін түсірмес болар"  дегенді білмейсің бе?  Әй, 
осының  дені  дұрыс емес 
деп едім ғой.

            -Не боп қалды, шал-ау,-деп, үйден
күйкентайдай  кемпір шықты орамалын  жүре тартып.

- "Жаманның айтқаны келмей, сандырағы келеді" демекші, сен сандырақтап...

            -Апа, келін әкелдік сүйінші!..

            -Көтек, о несі, тағы?

Кемпір
өзі кішкентай болғанымен даусы зор, еркек порымды үнмен  гүжілдейді. 
Бейне жылан ұстап алғандай,  ол да
шошып кетті. Қара тастай қатып мелшидік те қалдық. Мыналары несі? Қақ маңдайдан
шоқпармен салып  жібергендей есеңгіреп,
тасып келген  көңіліміз  су сепкендей 
басылды.  Ойбай-ау, о заманда бұ
заман  босағасына  әкелген келінді  үйіне кіргізбеген бұл қандай ата-ана?

            - Ал, ата келінді  әкелеміз. Апа сіз орамал дайындаңыз.

            -«Ақылы  жоқтың екі аяғына  зор келеді» демекші, мен  бұл делқұлыға 
қатын ал деген  жоқпын.  Ақша жисын, пайда тапсын. «Малды жан  қоңды»- деген...

            Шал шақшиды, суырдікіндей  даусы түнгі ауада шақ- шақ етеді. Кемпір де жуан даусымен
бақырып ап  жөнелсін, көкайыл  ұрысқақтығын көрсетіп. Екеуі  Қисанды жан алқымға  алып, әптер-тәптерін  шығарды. Бізді  шаншып қойған 
қурай құрлы елең қылар емес.

            -Ата, көп сөзді
доғарыңыздар.  Келінді түсірейік машинадан,-деген
Жұмабайды да тыйып тастады.

            -Әй, тақылдамай, жоғалшы әрмен.
Сендерді  итім шақырды ма? «Ұрының  жолдасы өзіне лайық» демекші... - Осы
жерде  Жұмабай  да шарт 
кетті.

            -Ешкіні сақалына қарап сыйламайды,
ақсақал. Мақалдамай,

келініңізді  үйге түсіресіз бе, жоқ әлде...

            -Немене? Мына  күшік қорқытады ғой. Шалыма тиіспей

аулақ
кетіңдер  қане! Бұл  жетімекке 
кім қатын ал депті! - деп  кемпір
шаптығып шыға келді.

            -Хайуанда да мейірім  болады ғой сіздер адам  емес

екенсіздер,
білдіңіздер ме?

            - «Жаманның жүрген жері өрт болады»
демекші... - деп, келе жатқан шалға 
Жұмабай дүрсе қоя берді.

            -Ата, мақал мен сақалды саудаға  салмаңыз. Келінді түсіресіз бе  жоқ па?

            -Жоқ! Пұл жинасын деген жоқпын ба?
«Пұлсыз адам, құнсыз» деген. Қай жетіскен-ей, бұған тием деп қалған, шіркін?

            -Өлемін онда! - деп Қисан өкіріп
шыға келді үстіндегі  костюмінің бар
түймесін бытыр-бытыр  үзіп,
жейдесінің  омырауын қақ айырып. - өлем!
Қарабет бодым-ау, масқара бодым. Өлем! Бүйтіп тірі жүргенше!..

            Жұлқынып  долырған 
Қисан есік алдында бір-біріне жапсарлас салған үстін  бопыраған қамыспен  жапқан қораларға  күйіне жүгірді. Ол да  қораға 
кірді,  біз де қуып жеттік.

            -Қисан, айналайын,  қойшы. Жүр, біздікіне  түсір! Апам мен үйленеді деп  орамалы мен шымылдығын дайындап  отыр. Жүрші кеттік!

            Қисан  мына бір ашу-ызадан, өзегін  өрттей 
өртеген  күйініш наладан, масқара  халден 
қор болдым-ау деп, қорсылдап жылар дегем... Жо-жоқ, көзінде түйір тамшы
жоқ, қанын ішіне  тартып сазарып, бүкіл
денесі  безгегі ұстаған  адамдай дір-дір етеді.

            -Жүре  ғой, 
біздікіне, - деді  Жұмабай. Ілбіп  сыртқа  шықтық.

            -Өлмесең  өмірем 
қап! -
Кемпір  қос  бүйірін 
таянып  екіленіп  алған. - Ал, сен  балаларды 
бар  ғой, үлкен  кісіні 
боқтағандарың  үшін сотқа берем.
Көздеріңе көк шыбын үймелетем! Өңкей, қаңғыған жүлік!Жақсы болса, бұл қисайған
пәлені әке шешесі тастай ма?

            Ешнәрседен бейхабар, мамыражай
автоклуб ішіндегілер:

            Той
үстінде тәтті күндер, тәтті күндер

                        Жас жұбайлар, шат күліңдер, шат күліңдер, - деп
айра-жайра қалпы. Есігін ашқанда дүркіресе қалды:

            -Ал, келінді шығарамыз ба?

            -Көрімдігін апамнан өзім алам.

            -Қолтықта, жас келінді!

            -Құрметті бозбалалар мен
бойжеткендер! Шал-кемпірдің қонаққа кетіп, үйде жан баласы жоқ болуына орай
енді келінді бауырынікіне түсіреміз. Ал, кеттік!-деп Жұмабай есікті сыртынан
қайта жапты.

Енді
кабинада үшеуміз, үшеуміздің де жүйкеміз қатты тартылған қылдай шытынап әзер
отырмыз. Мінезі алып ұшпа, сезімі тілінің ұшында тұратын ақын емес пе, Жұмабай
былай шыға боқтап-боқтап жіберді.

            -Адам емес екен!...

Елдің
көңіліне қарап үйренген байғұс басым үндемедім, отыз екі тістің ар жағында
талай бораған сөздер лықсып тіреліп тұрып қалды.

            -Мені асырап алған ғой... Қу
жетім болмасам, әкең...- Автоклуб шайқалып кетті.

            -Әй, ақырын! Нарбек, Нарбек рульге
сен отыршы, ал сен ортамызға кел!

Шекесінде
№ 13 автоклуб деген жазуы бар машина тымау тиген жандай ауыр ыңқылдап, қарлы
көшені қақ жарып әрең жүріп келді.

            -Қу жетімдік-ау! - Қисан кеудесі айырылардай
күрсінді.

            -Ой, сенің атаң емес пе жаңағы
мақалшыл кісі?

            -Нағашы атам ғой, әкең... Мен...
жолдан табылған баламын. Шешем үйде отырып тауып апты ғой... Мына жаңағы
шал-кемпір баласы жоқ болған соң шешемнің өзін де асырып алған. Мені тапқан соң
бір жасқа жетпей, шешем алысқа күйеуге тиген. Одан басқа біреуге тиген дейді,
әйтеуір. Келмейді, тіпті...Өзіме жақын  бір бауырым тұрады. Мүмкін соған барармыз, а?

            -Ой, оның да бір нойыс боп
жүрер тағы?

            -Жоқ, мені ылғи өзіне жақын
тартып тұрады. "Тастанды", "Шата", "Жетімек",- деп қарғап, ұрып-ұрысқанда
ата-апамнан сол ажыратып алатын. Барайықшы саған, а?

            Жүгі ауған түйедей ыңыраған
машинаны қайта кері бұрдым. Ауыл шетіне жақындағанда Қисаным іштей мүжіліп тағы
қожырай бастасын.

            -Өздері пәтер жалдап тұрушы
еді, жалғыз бөлме...Міне, мынау...

            Машинаны өшіріп, біз сыртқа шыққанша
аласа бәкене үйден жігіт ағасы басын қылтитты.

            -Оу, бұл кім-ау?

            -Ал, аға, сүйініш! Қисан ініңіз
келін әкелді! - дедім запыс боп қалған басым "ініңіз" дегенге салмақты сала.

            -Мәриям, ау, Мәрияш тұр!
Төсекті жина, тез.Сүйіншің дайын, қарақтарым. Кел, келіңдер, айналайын, мен
киіне қояйын. Айналайын-ау, ә, құтты болсын!

Жұмабай
екеуміз баса көктеп кіріп бардық, төрде төрт бала пырылдап ұйықтап жатыр.

            -Жеңеше, төсек-жайды артынан
жинарсыз, орамалыңыз бар ма?

            -Бар, бар қарағым. Баяғыда өзім
келін боп түскенде басыма салған орамалды ырым ғып сақтап қойып ем, келін
түсірсем басын ағартармын деп... Қазір соны...

Жайтаңдаған
сары келіншек толықтығына қарамай, тез-тез ылдым-жылдым қимылдап, сандықтан
шашақты үлкен көлдей орамалды ала, сүріне қабына далаға жүгірді көйлекшең.

                        Тойыңа гүл алып,

                        Келдік біз қуанып...

            Автоклуб ішіндегілер әлі у-ду.
Тілектің даусы әбден қарлығыпты жылқыны бауыздағандай қырылдайды тіпті.

-Ал, келінді түсіріңдер!

-Босағаны оң аяғыңмен атта!

-Жеңеше, отқа май салыңыз!..

            Машинадан  түсе-ақ, Әсемгүлдің  басына көлдей 
гүлді-гүлді, шашақты ақ орамалды 
салып,  жеңгесі бетінен  сүйді. Абыр-дұбыр  шуласқан топ жас  келінді толқыта қолтықтап,  жалғыз бөлмелі бәкене  үйге түп-түгел  ащы  ішегі  қалмай 
кіріп  кетті.

            Көзіме  бұрқ ете лықсып келген жасымды көрсеткім  келмей 
үй айнала  беріп ем,  тамға  бетін  сүйеп, 
екі иығы селкілдеп тұрған  Қисанды
көрдім.

            Көрдім де  көңілім 
одан әрмен  божып, сұп-суық  жас шылаған 
бетінен сүйіп алдым. Ол да мені тас қылып құшақтай  алып, 
ал кеп солқылдасын. Дәл бір туған әкемнен айырылғандай  іші бауырым езіліп сала  бергені бой-бойым шығып...

            -Айналайын, Қисанжан, сен
бордай  мүжілме, өз өзіңнен жүнжіме.
Атаң  мен апаң қу тағдырдың жазмышына
орай  "жетімек", "сүмелек" деп  қарғыс 
жаудырып, өкшеге сап тепкілеп өсірсе де, 
сен тасқа біткен қылшадай қисаймай ержеттің міне. Зұлмат  тағдыр сені жетім етті:  әкең де 
осы дөңгелек  қара  жердің 
бір пұшпағын басып жүр, шешең де жат бауыр боп  кетіпті. Ыстық  алақан табын, 
мейірім-шуақ  көрмей жетілсең
де  сенің жүрегіңе іңкәр  сағыныш 
ұя салған.  Ол - адамдарға  деген ұлы 
сезімің,  сен бұл ғұмырыңда
тек  ізгілік  үшін күресіп 
өтесің. Өйткені  қатыгездіктен
біржола қуарып, ақ сөңке болып кетпей, ширығып, жаныға түстің, күнге талпынған
балапан шыбықтай тұла бойыңа сағыныш жинадың. Сол сағыныш саған мына Әсемкүлді
жолықтырды. Құсың қолыңа қонды. Бекем бол енді, бауырым!Сен енді жаңа шаңырақ иесісің,
"жетім" атты жаман сөзді болашақ ұрпағың естімесін де, білмесін! Біз ғой, төрт
құбыласы түгел жандар тоқпейіл кекірік атып, мына сен сияқты жыртық-жамау
көңілдерге қамсау боп, дем беруіміз керек екен. Сен, құрдасым, мына боранды
түнде маған соны түсіндірдің, соны ұқтырдың.

Әрине,
мен бұларды тек ойыммен, мөлт-мөлт тамған көз жасыммен айтып тұрдым оған.

            Сенің де есіңе не келіп, нелер
кетпеді дерсің құрдасым. Келіншек түсірген сәтіңді мына тіршілікке жаратып,
жарық дүниеге әкелген жандар көрсе ғой, мейманасы асып қуанса ғой... Иә, бірақ,
бүйткен әке-шешенің барынан жоғы, әрине. Осынша қатыгездік малда да жоқ қой, олар
да өз төлін жат көзден қорғап, мүсіркеп, мейірленеді. А?... Бұл мұңлықта не жазық
бар? Ол адам ғой, адам!...Құла өмірі құлдырай бермес, енді, құлдыратпасын...

Екеуміз
мауқымыз басылған соң, ләм-мим деп, тіл қатыспастан бет-аузымызды даладан
жуып-шайдық. Қыз-қыз қайнаған үй іші аңқылдаған ән...

 

* * *

 

   Перзентханадан
асыға шығып келе жатсам, ту сыртымнан біреу қапсыра құшақтай алғаны. Қарасам - Қисан!...

            -Ой, қайдан жүрсің?

            -Өзің неғып жүрсің?

            -Келіншегім босанған!

            -Менікі де!

            -Бауы берік болсын!

            -Айтсын, өзіңдікі де!..

            Әдетімше басынан аяғына дейін
тінте көз жүгіртіп шықтым. Қайратты шашы әлі қап-қара, жүзі тотығыңқы, дегенмен
әрі таймаған бәз-баяғы қалпы. Тек ыржиғанда езуінің төңірегіне шілдің ізіндей
сызықшалар жиналатын болыпты, уақыт өз дегенін алып, есейткен бе, қалай?

            Ол да сынай қарайды:
шаңырақтай көзілдірік тағып, шоқпардай галстукті қылғына буынып, шашы
бурылданып, маңдайына қалың қыртыс-қыртыс әжім жүгірген, шырттай киінген,
шіренген пішінді жатсынып, жатырқап тұр-ау білсем. Ол тұла бойымнан баяғы,
бұрынғы Нарбекті іздейді.

            -Әсемкүл босанған кеше. Соған
тауықтың сорпасын әкелгем, - деді әп-сәтте төменшіктеп қалған кейіппен.
Бастан-аяқ  мені тағы шолып шықты да,
басын шайқады. - Өзгеріп кетіпсің. Сыртыңнан естимін үлкен бастық деп. Жұмабай
екеуіңді шақыра-шақыра шаршадық, ауылға келмейсің. Әне, тағы да қол тимейді
демексің ғой. Үйімізге бір келіңдерші тегі... Жылда соғым сойған сайын Әсемкүл
қарындасың сендерге арнап сыбаға сақтайды, ең құрыса бір мәрте келмей кеттіңдер
ғой. Ұмыттыңдар, ә?!

            Ол қалтасынан ақ күміс
подсигар шығарып, сырт еткізіп ашты да, "Қазақстан" сигаретінің біреуін езуіне
қыстырды. Темекісін тұтатып, түтінді құшырлана екі үш мәрте ішіне сорып,
лапылдап тұрған күнге сығырая қарады. Биыл кешігіп келген жаздың күні күрт
ысып, тіршілік иесі біткен көлеңке қуалап кеткен. Кіре беріс қақпа жанында
Қисан екеуміз ғана күнге қақталып, ары бергі әңгімеміз бітпей тұрып қалыппыз.
Оның басында шеті
май-май, кезінде әппақ болған шығар, бұл күндері күнге ақжем боп, оңып кеткен
мыжырайған кепкі; қоңыр жейдесінің екі жеңі шынтағына дейін түрулі, омырау
түймесі ағытулы. Мына өртеп тұрған күнге былқ етер емес, сигаретін үсті-үстіне
бұрқыратып, ананы-мынаны сұрайды.

Мені
тер қысып алып барады: ыздиып костюм-шалбар киініп жүргенім ылғи, шоқпардай
галстук қылғындырып, жағаға лақтырылған балықтай ауа жетпей, борша-боршам
шыққаны.

Жақын
маңда паналар ешнәрсе көрінбейді. Аурухана бұдан оншақты жыл бұрын салынса да,
әлі төңірегіне ағаш отырғызылмағаны несі? Жап-жалаңаш айналасына тас төсеп,
жалтыратып асфальттап тастаған, ол қызып, күйік иісі бас зеңітеді. Әлгі үлде
мен бүлдеге оранып, бір сөйлеуге ерінетін бас дәрігер сылқым келіншекке
айтайыншы мұны. Осы ара бұрындар қалың шілік ағаш өсетін жабайы тоғай болатын,
бос жатқан жер деп, быт-шытын шығарып, қиратып үй салды, бір шетіне осы
аурухананы орналастырды.

            У-шу боп жататын құс базары
бүгін тарқаған, түк белгі жоқ, қаңсыған бетон үй, сұрғылт аурухана, қара  майы еріген асфальт... Кешегі барымыздан, қолдағымызды
қадірлей алмағандықтан жұрдай тоналып, айырыла береміз бе?

Қисан
неге тұнжырай қалғанымды түсінбей, тез-тез сөйлей бастады.

            -Жазғандарыңның бірін қалдырмай
оқып тұрамыз. Әсемкүл ылғи мақтанып көрсетеді сен шыққан газет-журналды: "Міне, қарашы бауырым
қандай" деп. Сендер ғой ұмытып барасыңдар. Мына сорпа суып қалатын болды, тез
жүгіріп апарып бере қояйын, күте тұрасың ба? Қазір шығам.

            -Жоқ, Қисан, асығыспын.

Бір
танысымыздың мансабы жоғарылап, соны құттықтауға, қонаққа кетіп бара
жатқанымызды айта алмадым, алдай салдым. Анау жас сәбидей қапысыз сенді.

            -Мейлі онда. Бірақ біздікіне,
Қайназарға кел. Автобаздағы шопыр Қисанның үйі қайсы десең бәрі біледі. Айтпақшы қанша балаң бар, осы?

            -Екіншісіне босанды келіншегім.
Кеш үйлендім ғой. Өзіңде ше?

            -Бесеу. Үлкені шапқылап биыл
оныншы класқа барады. Өзі зерек, жақсы оқиды. Сендерді еске алып, бес алған сайын нағашы ағаларына
тартқан деп отырамыз. Мынау төрт ұлдан кейінгі-тұңғыш қызымыз. Түнде босаныпты...
Қисан аңқау кейіппен қуана күлді.

            -Айтпақшы, Жұмабайдың жағдайы
қалай?

            -Жақсы-жақсы...- Асыға бастадым.

            -Ойпырым-ай, есіңде ме,
қыздарға қырғидай еді-ау, оның не магниті бар екенің қайдам, қыздар өліп қалушы
еді шетінен.

Жұмабайды
соңғы рет қашан көріп едің десе не дермін, бала күнімнен тел қозыдай тебісіп өскен
оны да көрмегелі, міне, бәленбай жылдың жүзі ауды. Қайда жүр екенсің, қазір.
Сыртынан мына көрші облыста деп естимін, бірақ, не істейді, жағдайы қалай?
Білсем  бұйрмасын? Неге, ә? Мына қымқуыт
күнделікті мансап қуған тірліктің қалың шаңында қалып қойғанымыз ба? Қандай болдың
екен бүгін, қайда жүрсің сен аймаңдай  арқыраған асыл текті құрдасым?

Анадай
жердегі машина бипілдей жөнелді. Оның ішінде мені күтіп отырған бір үлкен қойлы
совхоздың директоры мен жөнінде не ойлап отыр екен? "Көрінген жанмен көшеде
сөйлесіп тұра қалатын осы көке мылжың емес пе?" - дейтін шығар.

            -Нарбек бүкіл бала-шағаңды
ертіп біздікіне кел! - Иә, Қисан баяғыдай емес, ашылған, аузын ашса жүрегі көрінетін
аңқылдақ мінез тапқан.

            -Көрерміз, Қисеке, көрерміз...

            -Әй, қойшы сендерді. Өтірік
айтасыңдар  ылғи. Ұмытып кеттіңдер  ғой. Әсемкүл әдейі екі барып шақырды,
ананы-мынаны сылтауратып келмедіңдер. Осы күзде өзің білесің тұп-тура жиырма
жыл болады ғой үйленгенімізге. Соған шақырамыз, сонда тағы да қолымыз тимейді
деп жүрмеңдер.

            Уазиктің ақырған есектей
сигналы баж-баж ете қалды, бұл мені асықтырып жатқаны.

            -Жақсы, Кисеке, Әсемкүлге сәлем
айт!       

            -Cен ренжіме,
Нарбек, өзімсініп... артық  айтты деп...

            Мына келте өмірде араласып-құраласып тұрғанға не жетсін,
шіркін. "Бармасаң, көрмесең жат боларсың, алмасаң, бермесең тас боларсың" демекші,
сыйласып тұрайық та. Былай қарасақ, ел ағасы жасына  да кеп қалдық емес пе?

            Асығыс қоштасып, бұрылып кете
бардым. Бес алты қадам  аттап үлгермедім,
ентелеңдеп, атымды  айқайлай  атап 
Қисан  қайта  қуып жетті.

            -Нарбек, бүгін  сені 
құдай  жолықтырған  шығар, мына

жаңа   туған 
сәбиге ат қойып беріп кет! - жата кеп жабыссын. Өмірі балаға ат қойып
көрген кім  бар?

            Жібек, Баян, десем  тағы жақпауым мүмкін. Не десем екен?

Өзімнің  қызымның аты 
Аида, ұлымдікі Спартак. Екеуін де шешесі қойған. Бір жағынан  ана машинаның 
ішінде  күнсіп, быршып
отырған  директордан да қысылып барамын.
Мынау да жан  алқымнан  алып тұр. 
Періште  бөбекке есім  бермесем 
екі  дүниеде  өкпелеп 
кетері хақ, ауызға  жөпелдемеде
біреуі іліксеші?

            -Қисеке, қинадың ғой, әбден.

            -Ауызға келген біреуін  аташы, бүкіл елге  жаяиын. Міне, Нарбек нағашысы  ат қойған 
қызы деп.

            -Бұрынғы баларыңның аты қалай
еді?

            -Ерғозы, Телғозы, Тұрғозы,
Тілеулес.

Жоқ,
оларға ұйқастырып қоя салуға да келмейді, сонда не деген дұрыс? Мына жарық
дүниеге жаңа келген бөбектің бүкіл ғұмыры мөлдір де әсемдікке толып, жаны жаз,
көңілі дария болса...

Мөлдір!..
Осы бұрын кездеспеген ат болғаны жөн-ау.

            -Мөлдір болсын қызыңның аты.

            -Мөлдір! Жарайды. Ат қоярың -
менің мойнымда.

            Қисан бас сап мені құшақтады
да, шөп еткізіп бетімнен сүйе сап, қайта кері жүгіре жөнелді. Құдды жас бала
дерсің-ау.

Іші
күйіп тұрған машинама мінгенімде быршып, сағал-сағал терлеген семіз директор
оқты көзімен жақтырмай бір түйреп өтті.

            -Жаңа келіншегіңе өте асығыспын
деп дігірлеп едің, екі ауыз сөз айтуға ерініп. Мына желімше жабысқанмен сонша
тұрдың ғой. Кім өзі сонша?

            -Жәй... әшейін...

            Неге "жәй әшейін?" Қалай ғана
сүлесоқ, ещбір ықылас сезімсіз айта салам. Бұл - барыс жылы дүниеге келген ит
жейдемізді бірге тоздырған құрдасым емес пе? Баяғыда біріне тартса біріне
жетпей жүрген кезінде екі жарты бір бүтін жасап, өз қолымызбен үйлендірген
досым ғой. Неге сөйтіп ақиқатын айтып, жайып салмасақ? Неге осы бүкіл
ерік-жігерімізді, сана-сезімімізді тұсаулап жасырынбақ ойнағандай бұғыңқы
жүреміз. Қамшыдан запыс болған қойшының шобыр атындай біреу сұрақ берсе жалт
бұрылып, өзіңді де, өзгені де алдаудың шебері, айлакері болып кеткеніміз несі,
неге жасқаншақтаймыз? "Досым" десем, мына шіркін таң қалар. Бұл - мына қасымда
отырған білдей совхоздың дегенбай директоры менімен құшақ айқастырған мәңгілік
дос па? Ол, мына менің дырдай қызметім үшін ғана емпеңдеп жүрген көптің бірі ғана. Ал, Қисан қашан да болсын сол
қалпы, аспайды да, ортайып аласармайды да, бір қалыптан аумай, сол жаратылыс
берген күйі. Бұрылып қарауға мұрша бермес тіршіліктің сан-сапалық ауқымымен ең
ыстық кезеңдерді тұмшалап, тұншықтырып жүре беріппін ғой. Қайда, қайран сол
күндер? Өң мен түстің арасында қас қағым сәттей болмай өте шықтың? Енді бал
дәурен жастық шағым оралмаспысың мәңгілікке? Әне міне дегенше арада он бес жыл
өтіпті. Табандақтан он бес жыл! Осыншама мерзім ішінде бір ауданда, мына қарыс
жерде тұрсақ та, Әсемкүл мен Қисанның қара шаңырағына бірде болса бас
сұқпаппын. Неге ұмыттым, неге өткінші осы өмір, неге адам өзін-өзі тазыдан қашқан
түлкідей алдап, алдарқатып күн кешеді. Қайда асығамыз, жарандар, қайда? Барар
жеріміз анау қарақорымы жыл өткен сайын көбейіп бара жатқан жотадағы қос құлаш
жер емес пе? Тәтті өмірдің тәттілігін, мәнділігін қалай бағалаймыз? Таза,
таудың суындай табиғи сезімдер қайда баяғы? Осы Қисан немере ағасының үйіне
келіншегін түсіргенде қауынша жарыла қуанып, ботадай боздағаным қайда, көкірек
түйістіріп, еңкілдемеп пе едік?

            Махаббат деген тек қыз бен
жігіт арасында ғана емес, бірін-бірі сыйлаған, түсінген, сағынған жандар
арасындағы алтын арқау емес пе жіпсіз байлап тұрған. Аққу әманда қосарлана
ұшады, жұп боп өмір сүреді екен. Әгәрәкім біреуі жазым боп жоғалып кетсе,
сыңары соны сарғайып сағынып, құсалықтан мерт болады деседі. Мүмкін, сондықтан
да оларды киелі құс деп балайтындығымыз. Адамдар да ұлылы-кішілі сағыныштармен
өмір сүреді, мейірмен шуақтанып, санасына сәуле жинайды. Бөкен желісті уақыт
шыр айналар, бірақ миына мырыштай сыналып қағылып тұрып қалған өткен күн
жаңғырығын қалай қуып шығарсың. Ол өле-өлгеніңше бұл фәниде жаныңмен, тәніңмен
бірге ғой.Ақ шымылдық арымның алдында қалтықсыз мойындайыншы табиғи қалпымызды,
таза жанымызды бүркемелеп, мүлде жат бейнені ойнап жүргеніміз рас қой
өмір атты сахнада. Мына Қисандар ғана таза өмір сүруде. Ал, мен... мен бөтенмін,
өзіме-өзім жатпын, басқамын мүлде. Басқа...     

            Қазір гүлді де  пластмассадан 
жасап  шығаратын  болды ғой. Елдің  көзін 
алдаусырату  үшін  вазаға 
салып  қойған  сол жасанды 
гүл сияқтымыз. Не иіс, не табиғилық жоқ.

            Мақсат қудық,  жұмыс дейміз, үй іші тауқыметі - әйтеуір  мың сылтау. Бәрі өткінші, бәрі... Мәңгілік  нәрсе - санада  тұнып қалған, тұрып қалған өткен өмір,
сапырылысып алма кезек  келетін естен  тандыратын 
сәттілік пен  алдан орап  кездесе 
кететін  мысықтілеу  сәтсіздіктер, ізгілік пен  қатыгездік...

            Мың сұрақ қамаулап, суға
түскен бордай  қаусап барам?

Қисандар  үйленген соң апта өтпей  мен 
аудандық газетке  корректорлыққа
шақырды,  одан  оқуға түстім дегеней. Келер  жылы 
сол алғаш біз бастаған  үйірме
халық театры  атағын  алды.  Сол жалғыз 
театр  ауданда әлі бар. Бірақ сол
театрда мұртты Қанағат режиссердан басқа 
баяғы  алғашқы  құрушылардың 
бірде-біреуі жоқ. Гүлзәкира 
еліне  кеткен.  Тілек 
қазір  совхозда  кассир, қызарған  мұрнын 
құшырлана ысқылап қойып, есеп шотты 
сарт-сұрт  қаққанда  көз ілеспейді. Әйелдің біреуін қоя беріп,
екіншісін алған, бәрін қосып есептегенде 
он шақты  баланың әкесі.

            Шайымхан да тұрмыста, алыс
облыста. Халық театры  атағын  алған соң көп ұзамай күйеуге  тиіпті, 
содан бері  бір  рет көрген 
жоқпын. Қандай  болды екен ол бұл
күні?

            Жұмабай ма, қыздардың
ортасында  гүлдей жайнап жүретін,  бүкіл қыздар шетінен ғашық болатын ақын досым
сенесіздер ме, қойшы болып шыға келді. Иә, иә кәрі әкесі қоярда-қоймай
өткен-кеткеннен  сәлем  айтып қоймаған соң, оның үстіне шешесі
науқастанып, әйтеуір  бәрін тастап,  қойға 
кетті. Келер қыста аяқ астынан үйленді.

            Қисанмен кездескен күні
баяғы  оқиғаны  тізбелей 
есіме алдым. Кешке  үйге келген
соң альбомды ақтарып отырып, қолына домбыра ұстап, басына  үкілі тақия 
киген Шайымханның  суретін
тауып  алдым. Оның  бар 
сұлулығы мен  жылылығы - алақандай
аялы  көзінде екен, көзінің  тұңғиығында 
жұмсақ мұң 
ұялап тұр.

            Қасыма  келген 
балам:

            -Әке, мынаны қарашы, қандай
сурет салдым, - деді қуана.

            Ақ шағала айдын көл
үстінде  қос аққу сыңқылдап  ұшып барады.