ВЕРНУТЬСЯ

     Ән... Сенің  құдіретің неткен биік еді!

Міне, сен ән салып тұрсың.
Бірақ, жанымда  емес,  қалада. 
Телевизор  арқылы  көріп, 
өнеріңе тәнті болып,  сонау ауылдың  түпкірінде 
отырып саған  қол шапалақтаймын.
Ән әуелеп, биікке  шырқап барады. Менің
есіме ол күндердің  елесі  оралды. Еріксіз  ойға түседі, көз алдымнан тізбектеліп  өтеді...

...Сол жылы колхоз
орталығынан  мәдениет үйі салынып,  пайдалануға берілді.  Іші 
күмбірлеген кең. Бұрын болмайтын астаналық концерттер мен жақсы кинолар
да келе бастады. Кешке  қарай осы клубтың  алдында 
өзім  қатарлы  ауыл жастарымен  бірге темекі тартып, өткен-кеткенді  әңгімелеп біраз  тұрамыз да тараймыз. Кей күні  бір-екі қыз 
келе қалса, бәріміз 
жапатармағай  билет алып
жатқанымыз соларға.

Бірде клубта  үндінің жаңа киносы  өтіп жатқан. Залдың  артында, 
күпәйкенің  жағасын көтере,
бір-бір  папиросты  тістей 
қатып біз отырамыз.

- Жігіттер, мұнда  шылым 
шегуге  болмайды. Далаға  шығып 
тартыңыздар,- деген қыз даусы қызық 
фильмге  деген  ойымызды бұзып жіберді.

- Бұ, кім өзі? - деп біз
дауыс шыққан жаққа  адырая  қарастық. 
Басында  үлбіреген  ақ берет, 
үстіндегі  күздік  жасыл пальтосының  мойнының 
сыртынан  бөкебай  ораған 
бір қыз  бізге бұйырып тұр.
Басқалары аузындағы папиростарын еденге 
тастап, мыжғылай бастап еді, мен қасымдағы Сапарбайға:

- Жүр,  далаға шығайық,- дедім де тұрып кеттім. Ол
мойны  жар бермей  тұрса да, сүйретіле, менің соңымнан  ерді.

- Жаңа кішкентай қыз кім,ей?

- Е-е, "Мәдениет үйінің
меңгерушісі болып  бір оқыған қыз  келіпті" деген. Сол шығар да,- деді
Сапарбай  шырпысын  ұсынып жатып.

Фильм соңынан ауылдың  бір топ бойдақтары  бұл "жұлдыздың"  кімдікінде 
тұратынын  білмек болып,
соңынан  қалмай келеміз. Әдейі қыз
естісін дегендей қарқылдаса  күлісіп,
дарылдай  өлең айтамыз. Қыз  болса Шәріп ағай үйінің қақпасына кіріп
кетті.

Ертеңіне кешке  тракторымды 
паркке  қойып,  апам пісірген 
кеспені  енді іше  бастап едім, Сапарбай жүгіріп келіпті.

Әй, сен әлі жүрсің бе, ей? -
дейді маған.

Не болды сонша лепіріп?

Білмейді де екенсің ғой.
Бүгін клубта диспут болады, - деп дігірлеп тұр өзі.    

"Ә, сен қу Қапышқа  асығып тұрсың ғой баяғы"  деп 
ойладым. Қапыш деген осындағы 
медсестра қыз. Сапаштың соған ындыны құрып,  сөз айта алмай кеп жүргені.

             Апамның бойбермей
тізе бүктіріп берген тамағын  апыл-ғұпыл
іштік  те далаға атып шықтық.

             Біз келсек  клуб іші лықа 
толған. Көбісі мектеп оқушылары. Кішкентай балалар зыр жүгіріп, зал ішін
ызың  шуға   толтырып жіберген.

            Келе қабырғаға 
сүйене-сүйене тұра қалыстық. Комсомол хатшысы Әбіш диспутты ашты. Алдымен  ол залды 
тыныштанырып алды да,  қылғынған
дауыспен сөз бастады. Өз еріктерімен  шығып  сөйлеушілер аз. Біздер мынау мылжыңы тезірек
бітіп, би басталса екен деген ойдамыз. 
Бір сәтте кешегі ақ беретті қыз сөз 
алды.

            - Құрбылар! Ауыл көркі- жастар өздеріміз емеспіз бе?
Неге  көкейдегі  көп ойларды 
ортаға салмаймыз?  Жастар неге  клубтан қашады? Мені  музыка училищесін  бітіргеннен соң Мәдениет  үйінің 
меңгерушісі етіп осында жіберді. Атым - Айымкүл. Енді бірігіп жұмыс
істейтін боламыз. Ал, сөйлеңіздерші, толғантып жүрген  ойларыңызды ортаға салыңыздар.

            Әйтеуір оның сөзінен 
кейін-ақ суырылып  сөйлеушілер
көбейіп кетті.  "Ауыл көңілсіз. Кеш
болса, қайда барарымызды білмейміз. Би деген болмайды. Комсомол ұйымы жөнді
жұмыс істемейді", - дейді бәрі. Тіпті, серейген Сапашым да  қарақошқылданған қолын сермеп, біреулерге
қарсы шығып жатыр (Сапарбайды мен Сапаш деп атаймын). Қапыштың алдында
көрінгісі келгені де.

            Диспут қорытындысында ертеңнен бастап, көркемөнерпаздар
үйірмесі жұмыс істейтін болады.

            Би басталды. Шашын шалқасынан тараған Әбіш қара
гармонды  безілдете ойнай жөнелді. Би
ауылда сирек болады. Мереке  күндері
даңғаза радиоламен би болғансиды, бірақ кейбір 
қызып  алғандар келіп, бидің  берекесін кетіріп, ақыры тарап тынады.  Мен өзім оған 
онша әуес емеспін, әйткенмен билеп жүрегендерді сынай қарап тұрғанды
ұнатамын.

            Демалысқа қарсы 
ауылға қаладағы  студенттер де
келген.  Ортадағы билеп жүргендердің  дені де солар. Үркердей боп  ауыл қыздары бір шетке жиналып алыпты. Біз
тұрмыз екінші шетте, күпәйкеміздің жағасына мойнымызды тығып. "Кит көлге келсе,
балықтар судан қашыпты". Сапарбай жүр Қапышты айналсоқтап. Қапышты бірде
студент жігіттер шақырып әкетеді, бірде Сапаш білмейтін би болып шығады. Не
істеймін дегендей, мен жаққа жаутаң-жаутаң қарайды.

            - Жүріңіз билейік, - деп алдыма  Айымкүл келе қалмасы бар ма! Қызыл
етігін  кере жұмыр толық балтырлары  бір-біріне жұптаса тиіп, тіп-тік тұра қалыпты.
Иә сізбен, - деді тағы да. Мен жан-жағымдағыларға  ыңғайсыздана 
көз тастап, күпәйкемнің жағасын түсіріп, 
тарақ тимеген шашымды жөндегенсіп жатырмын.

            Рабайсыз  келіп қыз
белінен ұстадым. Ел шыр көбелек айналып жатса, біз қаттық та қалдық. Ұрлана  қыз жүзіне 
көз жүгіртем. Қара шашын дәл маңдай тұсынан екіге бөліп, қабағын
жартылай бастырып қойыпты. Үлбіреген пәк шие ернінің үстіндегі түрек танауы
әлсіз ғана дір-дір. Қолым бірде  төмен,
бірде жоғары шығып, өзімнен-өзім қысылып барамын. Ол жүзін маған әнтек көтеріп,
қара көздерін жәудірете (әлде маған солай көрінді ме):

            - Айналайықшы, - деді. "Бұл вальсті білгенім қандай жақсы
болған. Сапаш қой мұны үйреткен. Әй, рахмет 
ұзын сирағым". Етігімді тарп-тарп еткізіп биледім де кеттім. Музыкаға  қарайтын мен жоқ. Жаңағы ыңғайсыздықтан
құтылуға  асыққандай айнала бердік,
айнала бердік.

            - Бітті ғой, тоқтайық.- Өте жақсы билейді екенсіз.- деді
де Әбіш жаққа кетті.

            Жіпсіген маңдайымды сүртіп жатырмын. Қасыма  аннан бір мыннан бір басып Сапаш келді.

Жақсылап таныстың ба?

Айымкүл жақты мезгеп қояды.
Өзіне-өзі  риза, қуанышты. Сирек жұмсақ
шашын жылмита тарап қойыпты. Күпәйкесін шешіп тастаған. Байқамаппын, аяғына
туфли, жаңа костюм шалбарын киіп алыпты. Май-май болған, өмірі шөтке тимеген
қонышын бел ортасынан қайқайта қайырып 
қойған етігіме көзі түсті. Олай-бұлай өткен болып,  шарайна алдына ұсқыныма қараймын. Жылы болсын
деп  киген қалың  ішкиімім жағасыз свитерден көрініп тұр.
"Ұят-ай, жаңа Айымкүлмен қораздана осы қалпыммен биледім-ау". Әне,  ол тағы келе жатыр.

Жүріңіз.

Ортаға шықтық. Еркін айнала
билеп жүрміз. Әншейінде шешенмін де қыз алдында мысым құрып сала берді.
"Ынжықтанба енді. Сұрақтар беріп, сөйлес мына қызбен", - деймін өз-өзімді
қамшылап.

Сіздің атыңыз Сейділ ме?

Сейділдә. Сейділ деп
қысқартып айтқаны ғой.

Осы колхозда істейсіз бе?

Иә.

Онда Сейділдә былай,
ертеңгі  дайындыққа  қатысасыз ғой.

...

Жап-жақсы дауысыңыз бар.
Спектакльде ойнайтын  боласыз.

Қайда-а, "әу"дей алмаймын.

Кеше ше? Көшеде "Аспан қызды"
шырқағанда тура  нағыз  әнші сияқты 
едің,- деді ол бірден  сен деуге  көшіп.

Мына қыз мені  "әртіс" деп 
мазақ  қылып тұрған  жоқ па 
деп бетіне  қараймын. Көрікті-ақ
қыз. Шынында да кеше  түнде  көшеде 
дарылдап  өлең  айтқанымыз 
ыңғайсыз  болған  екен.

Көрерміз,-дедім  екіұштылау

Басқа  жігіттерді де 
ерте келгін онда.

Алдымен қыздар келсінші.
Жігіттер  өздері-ақ  жиналады топ-тобымен.

Әбіш қара гармонын  қасындағы 
орындыққа қойып, жіпсіген 
маңдайын  сүртіп  отыр. 
Айымкүл  ортаға  шықты да:

- Ал, жолдастар бүгін  осымен 
аяқтайық. Ертең көркемөнерпаздар 
үйірмесіне  қатысамын  деушілер 
кешке  осында  келіңіздер,- деді. Мен  енді 
батылданқырап:

- Айымкүл-ау, ерте  бітті ғой тегі, - деп жатырмын.

- Ертеңгісін ұйықтап қалып,
апаң ұрсып жүрер,- деді әзілдей тағы да тізіліп тұрған  маржан 
тістерін көрсете.

Төсекке келіп жатқан соң қане
ұйқы келсе ше? Ақ үлбірек сезімге бөленіп, айтқан  сөздері 
есіме түседі. Көп ойдан 
толықсып  барып  ұйықтап кетіппін. Түс көрдім. Жасыл  желекке 
бөленген  көктемгі кез екен. Биік
таудың етегінде  айнала  алқызыл 
гүл жайқалып тұр. Жұпар иісі 
кеудені  жарады. Айымкүлмен  қол ұстаса, қуаныш құшағында  осы гүлдерді 
аралап  келеміз.  Қыз болса  
әлсін-әлсін  тоқтап, қауызы
ашылып, нұр шапақ беріп тұрған  гүлдерді
мәпелей сипалайды. Қарақат көзін төңкере маған бір нәрселерді күлімдеп айтып
жатыр. Сол сәтте қарсы алдымыздан  Әбіш
шыға келді де Айымкүлді қолтығынан алып, 
ұзап кете барады. Олармен бірге 
алқызыл гүлдер де көшіп  бара  жатқандай. Мені ашу буып,  кеудемде намыс оты тұтанып, соңдарынан  айқай саламын. Үнім шықпай тамағым
қырылдайды.  Өз даусымнан шошып оянып
кетіппін. «Туһ, түс деген де осындай болады екен-ау. Ертең Сапашқа айтсам», -
деп біраз отырдым да қайта қисайдым. Кешке епелектеп, тағы да Сапаш келіпті.
Танауы делдиіп кеткен.

Сені Айымкүл шақырып жатыр.

Қай жерде?

Клубта. Қыздардың бәрі келді.

Бүрсеңдей басып клубқа
келдік. Бәрі қаңғырып бос тұратын  көп
бөлменің біріне жиналыпты. Жылу жүйелері жарылып,  жұмыс істемегендіктен іші суық.  Ұлдардан Әбіштен басқа ешкім жоқ. Әне,
медсестра Қапыш, мұғалім Қарлығаш, дүкенші қыз және басқалары бар. Айымкүл
бізді  алдағы жұмыстармен таныстырды.

- Өнер адамға рухани күш. Біз
әлі халық театры атағын аламыз,- деп жатыр. Қылқи мойын Әбіш те орнынан тұрып:

- Айымкүлдің айтқаны дұрыс.
Жетіспейтіні болса, колхоз басшыларының 
алдына мәселе етіп қоямыз да алып береміз,-  деп өзін көрсетіп қояды.

Суырылып шығып ән
айтушылар  табыла қоймаған соң,
Айымкүлдің өзі домбыра алды. Пернелерді біраз түзеп алды да,  термелерді шырқап сала берді. Тәтті  сезім шырмауынан айырыла алмай біз тұрмыз.

- Қой енді,  осы да жетер. Өздерің айтыңдар,- деп  бізге қарайды.

- Қойшы Айымкүл, тағы бір ән
айтып берші,- деген соң Әбішке қара гармонды 
ұстатты да  әндерді бірінен соң
бірін айта бастады.

 

                                   ***

Мамыр айының  тамылжыған  
мақпал түндерінің бірінде Сапарбай мен Қапыштың үйлену тойы болды. Иә,
кәдімгі ұзын сирақ «Дон - Кихот» серейген Сапаштың. Менің титтейімнен бірге
өскен досымның. Құрақ ұша дайындалып, жастарға бөлек той жасады.

Той үстінде «Бүгін қайтсем де
Айымкүлге жасырып жүрген сырымды білдірем» - деген ойдамын. Досымның қуанышына
қызмет істеуім керек. Бәріміз қосыла ән шырқасақ, Айымкүлдің таза да мөлдір
даусы ерекше қалқып шығады. Шашы жалбырап көзіне түсіп Әбіш отыр, гармонды
құлаштай керіп. Топырлай биге шыққанда 
Айымкүлге айтам-ау деген көкейімде жүрген жаттанды сөздер  тамағыма тығылады. Бірақ айта алар емеспін.
Үндеуден қалдым. Егер оны басқа біреу биге шақырып әкетсе, ешкіммен билеуге
зауқым соқпайды. Тойдың шаруашылық жұмыстарымен 
айналысып  кетемін.

- Таң атып қалыпты ғой,-
дейді Айымкүл би ырғағына беріле. Кел, бір ойын ұйымдастырайық.

- Жүр онда жас жұбайларға
айтайық,- деп іздей бастадық. Оларды жеке бөлмеден таптық. Мойнына  үлкен 
галстук  байлап алған Сапашым
Қапышты аймалап тұр. Бізді көріп қысылып қалды. Әй, шыдамсыз досым-ай.

- О, Сейдеке кел, сен де отыр
Айымкүл,- деп төртеумізге деген рюмкаларға көбігі бұрқыраған  шампан толтыра бастады. Ал, менің қымбатты
достарым,- бәрімізге жағалай қарап шықты. - Сендерге таусылмас бақыт
тілеп,  армандарыңа жете берулеріңе...
деп келе жатыр еді.- Біз Сапарбай екеуміз шын жүректен тілектеспіз. Армандарың
биік, ал махаббаттарың  мынадан да
мөлдір, кіршіксіз болсын, - деп іліп әкетіп, Қапыш бокал алды. Әй,  осылар-ақ бір нәрсені ұшықтырады да жүреді. -
Ойын ұйымдастырайық деп едік, - деп, Айымкүл жас жұбайлар жаққа қарады.

- Екеуіңе бердік бар билікті.
Бастаңдар, - деді Сапаш көзін маған қысып қойып. Онысын  қыздар да байқап тұр. - Әй, бүлдірерсің-ау
бүйтіп жүріп, «Көрші-көрші» ойыны 
басталды. Әбіш отыр Айымкүлдің жанында. Екеуі  әлденеге 
мәз болып жарқын-жарқын күледі. Мен қасыма  Қарлығашты 
шақырғам. Именбей  үшінші  белгісін де көрсеткім келеді. Жас қыздың  жүзі қызарып, кеудесі дүрс-дүрс соғады.
Әбіштер отырған  жаққа қарап қоямын.
«Қайдан ғана  бұл ойынды ұйымдастырды
екенмін». Айымкүл Әбіштің құлағына әлденені сыбырлап жатыр.  Әбішім - кәдімгі  хатшы, күтпеген жерден  Қарлығашты 
сұрайды. Жанымдағы  қызға
қараймын. Намысқа тырыстым. Қолымды 
тызылдата  соққылаған  тоғыз ыстық 
дүреге  де төтеп  бердім. Басқарушы  тағы да  
айналып  қолындағы  ширатылған 
орамалын  иіріп Айымкүлден:

- Кімнің көршісі керек?-дейді

- Депутат жігітті...

Мені айтып  отыр. Биылғы сайлауда  ауылдық кеңеске  депутат сайланғам. Қарлығаш болса мен қимас
көзбен  ұзатып сала берді.  Айымкүлдің 
тізесінің  жанына келіп жайғастым.
Ол менің құлағыма сыбырлап:

- Егер мені басқа  біреуге берсең... Жігіт емессің, - дейді  естілер, естілмес. Үнсіз басымды  изедім. Талай-талай  армадаған 
қыз қасымда отыр.  Татулық
белгісін көрсетіп, қолын иығыма салды. Біреулер көршімді сұрап келіп еді,
маңыма  жолатпадым. Ән айт десе
қосыла  шырқаймыз. Маған соқпақ болған
дүреге  ол да қолын  созып, бөлісіп алмақ  болады. Әбіш болса шынымен  қызып 
қалыпты.  Біраз  отырған 
соң  гармонына  сүйене ұйықтап  кетті.

 

 

* * *

Таң бозарып атып келеді.
Айымкүлдің  қолтығынан  имене 
ұстап, «Не айтсам  екен, не деуім
керек»- деген ой шырмауында  келемін.
Батылдау  болам  ба 
деп  ішкен  манағы 
шараптың  күші  қайда 
кеткенін  қайдам. Міне,
Шәріптің  көк  қақпасының 
жанына  да келіп  жеттік. 
Мұндайда  бір  минутты 
босқа  жіберуге  болмайды. «Сорлы  Сейділ, тіл қат ең болмаса».

Айымкүл, осы  ағай 
қалай жақын саған?

 Шәріп ағаның әйелі біздің жақын туыс әкпеміз

Сен келесі жылы халық театры
атағын алғанға дейін боласың ғой?

Оны  көрерміз. Сейділ. Биыл оқуға барамын.
Егер  түсе алмасам, мүмкін  ауылыма кетермін.

Қай оқуға бармақшысың?

Консерваторияға. Музыка  училищесін бітірдім ғой. Саған  да оқу керек, Сейділ. Сырттай  оқуға 
бармайсың ба? Қой әне,  елдер  де келеді ұят болар. Жақсы,- деп  қолын 
ұсынды. Мен бас салып құшып:

Мен сені сүйем ғой, Айымкүл.
Алғашқы көргеннен -ақ  саған ғашықпын.
Шын махаббат бар жерде  адам сүйгенін
сағынады екен. Ерекше құмарлықпен аңсап, 
ой арманы да соның төңірегіне жүреді. Сенсің ғой, бақытым...

            Бұл менің қиялымдағы ғана сөздер. Көшеден  өріске малдарын қосқалы бара жатқандар  қараң-құраң көріне бастады. Айымкүл қолын бір
бұлғады да, өзіне ғана жарасымды 
жүрісімен  қақпа  ішіне 
кіріп  көрінбей кетті.

 

                                                                                  ***

            Сарыала  күз.
Ағаштардан  алтын  теңгелердей 
жалба-жұлба жапырақтар 
домалай  түсіп жатыр. Қала  көшесі 
әдеттегідей  ерсілі-қарсылы  ағылған 
машинаға толы.

            Көңілім  бүгін  көтеріңкі, шат. Жүрегімді  тербеген 
қуанышымды  жасыра алмай,  өз өзімнен 
еріксіз жымиып қоямын. 
Сыртай  оқуға түскен бетім. Бұған
да  сонау 
бір  таңдағы  Айымкүлдің 
сөзі қамшы  болды ғой деймін.
Жақсы-ақ дайындалған  едім,  конкурстан 
әрең өттім. Ендігі  бет  алысым - консерватория - Айымкүл. Ол менің
оқуға келгенімді білмейді. Түскенімді бір-ақ естіртіп, таңқалдырмақпын.
Көрмегелі  айға жуық  уақыт болып қалған. Айымкүл болса, жазда оқуға
кеткен. Содан  түсіпті  дегенді  
естігенбіз. Іздеп  келуге  колхоздың 
сан салалы  жұмысынан босамадық.
Көктемгі егіс,  орақ, сүдігер.

            Міне,  еңселі, биік
қызыл үй. Ішінен әр түрлі  музыка  аспаптарының 
әуезі  сыртқа төгіліп тұр. Есік
алдында топ-топ  болып жүрген қыз-
жігіттер. Бос тұрған  орындықтың  біріне 
келіп отырдым да, Айымкүлді көзбен іздей бастадым.

            - Сейділдә! - деген дауысқа  қарасам, бір шетте  Айымкүл 
тұр таңдана. Жымия  күліп,  амандасты. Қолында  бүйірі 
шыққан портфель. Ә, дегенде  не
дерімді білмей  тілімді  жұтып 
қойғандай  тұрып қалыппын.

            - Иә, Сейділ, қайдан жүрсің?

            - Құттықтаймын!

            - Өзіңді де,- деп 
оның оқуға түскені жаңа есіме түсті. 
Қыздың сүйкімді қолы уысымда тыпыршып қалды.

            - Айымка, жүр тамақтанып 
келмейміз бе?

            Ұзын бойлы, жағасыз пиджак киген, мойылдай  қара 
шашты жігіт  келіп  Айымкүлдің қолтығынан ұстады.

            - А-а, қазір, қазір міне, 
мынау Сейділда. Мен жұмыс 
істеген  колхоздан. Нағыз артист
болып келе жатыр еді, - деп мені 
таныстырып жатыр.

            - Сәдуақас,- деп жігіт қолын ұсынды. Атымды айттым.

            - Училищеде бірге оқығанбыз. Сәдуақас оқуға былтыр
түскен. Ал, Сейіл біз асығыспыз. Қазір сабаққа баруымыз керек. Оған дейін
тамақтанып алайық,- деді екеуі қолтықтаса басып,  бұрылып кетті. Әлде нені күбірлей сөйлеп,
ұзап барады. Мең-зең  тұрып қалдым.

            Аптыққан көңілім 
әп-сәтте  аударылып  түсіп, 
ыза мен ашуға ауысты. Үнемі спектакльде жақсы ойнасам, жеткен
жетістігіме, шыққан  биігіме
қуанатын  Айымкүлді  бүгін 
тағы  қуантайын  деп келдім-ау.

            Келген  ізіммен
қайтып барамын.

            ... Олардың үйленгенін кейін естідім. Сапаштар  барып 
келген тойларына.

            ...Арманымның ақ құсы,

            Жалғыз сен деп білемін,- деп  Айымкүл 
телевизордан  менің  айта алмаған 
сырымды  өзі айтып жатыр.

            Тұрып терезе алдына бардым. Манадан  бері 
төпей  жауған  жаздың 
нөсері  басылыпты. Терезе
көздері  егіле жылап тұр. Бір сәт  аспан 
төріне  айшықты  кемпірқосақ 
орнады да,  тұнған сәуле  тамшылар 
мың  түрге  бөленіп, құбылып  жүре берді...

            Ән әуезі тербеліп 
тұр.

            Иә, сол бір жыл 
есімде  мәңгі  қалып қойыпты.

            1976.