ВЕРНУТЬСЯ

     Түн тым қоюланып кетті.
Аласұрып, ұйтқып соққан жел күшіне енген. Жап-жаңа уазиктің іші жып-жылы.
Төлеудің көңілі тоқ, машинаға сенеді. Іштей ыңылдап та қояды. Ойы шартарапты
шарлап кеткен. Жуырда аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы болды.

            Қыс қысқанымен шөп жеткілікті
әйтеуір. Қой қыстатудың барысын көруге жолға шыққанына екінші күн, машинадан
түскен жоқ. Әзір мал күйі таймаған, 
дегенмен өлім-жітім де бар тұяқты малда. Бүгін түнделетіп болса да үйіне
жеткісі келген. Сәбираның аяғы ауыр, төрт жасар Жаннасын да сағынды.

            Боран ішін тартып ұли
бастағанын көріп, райынан қайтты. Енді амалсыз жақын маңдағы бір қойшынікіне
түнеп шықпақшы. Бір белдің үстіне шыға келгенде іргеден қарауытқан қыстаудың
көмескі жарығы көрінді. Мосқал шофер бұған бұрылып бір қарады да, үнсіздікті
келістіге жорып, машинаны солай бұрды. Көптен дөңгелек тимеген күртік қарда
уазик ышқына ызылдайды. Арыстандай ірі сабалақ жүнді екі ит шабалана үріп,
қарсы алды. Төбесін шифермен жапқан үйдің есігін лақ еткізе ашқан біреу бұларға
тесіле қарады. Гүжілдей келіп, көлденең тоқтаған машинаның есігі
ашылар-ашылмастан "Ассалаумағалейкум" деген даусы естілді.

            Бұл қонақтардың бастық екенін
жазбай танығаны. Енді қыс бойы саусылдаған өкілдер қаптап кеп жүргені.

Төлеу
ақ тонының түймесін сала бастады.

            -Бұл қай колхоздікі?

            - "Үлгілі" совхозы. Үйге кіріңіздер.

            Күртешесін желбегей жамыла
салған жігіт емпеңдей үйге бастады. Шофер машинаның суын төккелі капотты ашты.

            -Жамал, а, Жамал! Қонақтарды
қарсы ал! Төрлетіңіз,- деп жүріп бұларды шешіндіре бастады. Есігі жоқ төргі
бөлмеде жерге салынған төсектен әйел түрегеліп, қалқаға барып киіне бастады. Үй
иесі - отыздардың  мол ішіндегі жігіт аспалы шамның
білтесін көтеріп қойды. Бұл қай бастық дегендей біраз сынай қарады да,
танымаған соң:

            -Мен движокты от алдырып
келейін. Түнге қарай сөндіріп  тастаймыз,- деп, далаға шығып кетті.
Білтелі шам бұрыш-бұрыштағы ұйыған қараңғылықты толық қуа алмай тұр. Іргеден
пырылдаған двигатель даусы естілгенде, төбедегі электр шамы лып-лып етіп тұрды
да, жарқырай жанды.

            -Сәлеметсіз бе!

            Төлеу тани кетті. Иә, мынау
сол баяғы Жамал, дәп өзі!? Жүрегі сыздап, бетіне қаны теуіп, дегбірсізденіп,
сасқанынан тілін жұтқандай үндей алсашы! Міне, кездесу! Қобыраған шашын
орамалымен жинап, тарта салыпты. Кеуде тұсы ашықтау гүлді халат киген. Жалаңаш
тізелері жаурағанға ма, жоқ мына күтпеген кездесуге ме болымсыз дірілдейтін
сияқты.

Сырттан
шофер мен қойшы жігіт кірді.

            -Ау, Жамал, от жақ, қазан
көтер! - Шофердан жөн жосықты түгел сұрап, қанып алса керек. Жамал бұрыштағы
темір пештің алдына барды да, аласа орындыққа шүйкедей болып отырып алып,
пештің аузын ұзақ үрледі.

            Төрге бүйірі тоқ екі жастық
тасталыпты. Төлеу соған жантайды да, денесі бей-жай тартып, көңілі құлазыды.

            -Кім деген боласыздар?

            -Мұрат Мұхамедияров деген.

            Төлеу ары қазып сұрамады.
Бұл  фамилияны жақсы білетін болып шықты.
Аудан шопандарының слетінде "Үлгілі" совхозынан осы фамилияны
жеке мысал етіп алып, төлді аз алғаны үшін жатып кеп сынаған баяндамасында.
Былайша пысық-ақ жігіт сияқты көрінеді.

            Байқатпай Жамал жаққа көз
салып еді, пештің түтініне ме, әлде басқаға ма, жасаураған көзін етегімен
сүрткілеп отыр екен.

Далаға
шығып кеткен Мұрат әудем уақыттан соң есіктен дәу бір қойды сүйреп кіргізді де:

            -Ал, ағай бата беріңіз! -
деді. Төлеудің қарсылығына қарар емес. - Қырықтың бірі қызыр деген. Қазір қонақ
та үй таңдап қонады. Көрсеткіші жоқ, нашар қойшы деп, басшыларымыз біздікіне
өкілдерді ертіп әкелмейді де.

            Амалсыз келісті, ақ көңіл
жігіттің ниетіне риза болды, ата салтын да бұзғысы келмеді. Шофер екеуі
қойды қораның
ішіне союға алып шығып кетті.

            -Қайдан жүрсің?

Жамал
бұған көзін тіктей қарады. Манағы сасқан кейіп өзгерген, жайбарақат. Даусы сәл
тарғылданатын сияқты.

            -Адасып... - әзіл-шыны аралас
жауап қайтарды.

            -Сені біздің ауданға келді деп
естігенмін. - Жамал жеңіл күрсінді. - Қызық кездесу, ә? Мен тіпті ойламаған
едім.

Даладан
буы бұрқыраған етті көтеріп қойшы кірді.

            -Мына жігіт ГРП-ға барып келсем
деп тұр.

ГРП
дегені геологтар тұрған дүкені бар кішкене ауыл, бұлар араққа бармақшы.

            Төлеу "Қажеті жоқ" деп
ат-тонын ала қашты.

            -Ағасы, жыл он екі айда бір
бастық келсе, оны жөндеп күте алмасақ ұят емес пе?  Автолавка дегеніңді қыс бойы бір көрмедік,
әрі қант-шәй да ала келмекші... ГРП-ға баруға да қол тие бермейді, жалғызілік
дегендей...

            Ақыры көндірді. Дүр еткен
машина даусын азынаған жел сәлден кейін-ақ жұтып қойды.

            - Қанша жер еді?

- Он жеті шақырым. Қар қалың, қазір мүмкін Ащысуды айналып баратын шығар. Ет
піскенше келіп қалар,- деп Жамал мүшелеген етті қазанға сала бастады.

            Төлеу абыржыды, жеті түнде бір
отбасын  ұйқыдан қалдырды,

өздері
де шаршап әрең келіп еді. Осы қонақжайлықты кейде асыра сілтеп жібереміз-ау.
Бекер әуре қылдым-ау.

            - Төрт балам бар,- деді Жамал
қазан басында.

            - Менің де бір қызым бар.

            Келіншек мырс-мырс күлді.

            -Семіріп кеткенің болмаса, әлі
баяғыдайсың. Келіншегің де әдемі шығар!

            -Сенің көзің  сол қалпы. Арада он бес жыл өтті, ә? Қалай
тездесеңші?

            Екеуі әрнәрсені әңгіме етіп
отырып шәй ішті.

            Төлеудің кенет жүрегі
өрекпіді, баяғыда қолға түспей кеткен бұла сезім, бұлғаңдаған ерке қыз, міне он
бес жыл өткен соң екеуі жеке үйде. Екеуі ғана... Сумаң-сумаң еткен үркек ойды
бұзыңқы үміт үрлей жөнелді, қаны бетіне теуіп шыға келді. Жамал аппақ тістерін
көрсетіп, сылқ-сылқ күле берді, неге өйтеді ол. Қолынан тартты.

            -Қой, әй, шешек,- жібек күлкі,
қарсылық емес, наз. Тез құшақтады, өбектей сүйді, келіншектің еріні кеберісіп шыт-шыт жарылып
кетіпті. Күн татыған жусан иісі, ауыл иісі мұрын жарады. Дәл он жетідегі
періште қыз кезіндей, денесі пүліштей мамық, кеудені күйдірерлік.

            Бауырына қысып ала бергенде, түпкі бөлмеден бала
шарылдап жылады. Екеуі де оқыс селк ете қалды, араларына біреу жылан тастап
жібергендей суып сала бергені.

            -Қой, Төлеу, ұят болар!
-Құшақтан босады да, ілбіп түпкі

бөлмеге
кіріп кетті, қобыраған шашын да жинамады.

            Көкірегі удай ашыды, үнемі
қолдан сусып кете беретін бал сезімін ұстай алмай өмір бойы өте бермек пе?!
Мүмкін бұл келіншек ертеңгі күні бұған күлер, іштей келемеж етер. Келесі
кездесу қашан, оңаша бола ала ма? Әй, енді оңаша кездесуден Жамалдың өзі де
қашатын шығар. Түпкі бөлмеге ақырын басып кіріп барып еді, Жамал баласын
емізген күйі жылап отыр. Мұны көріп ағыл-тегіл көз жасын төксін. Сәлден соң
өксіп-өксіп барып қойды. Төлеу сасып қалды.

            -Төлеу, кешір. Әйел халқы
осындай болады. Ешнәрсенің керегі жоқ. Арамыз тұнық қалпы болсын, есте де сол
мөлдір күйімізде қалайық.

            Келіншек баласын бесікке
жатқызды да, бет-аузын шайды. Сол арада гүрілдеген машина даусы естілді.

            Алдымен шәймен бір бөтелке
құйылды. Етпен де ішілді. Ішіп отырған үшеуі, шофері рульдемін деп татып
алмады.

Мұрат
тым ашық, ақжарқын екен.

            -Менің мінезім бастық біткенге
жақпады. Жиналыста электр жүйесі жоқ, құдық жұмыс істемейді деп турасын айтамын
деп пәлеге қалдым. Өткен жылы изолятор бақтым. Изолятор дегенді өзіңіз білесіз
өңкей ауру-сырқау саулықтар. Кәрі саулық қозы бере ме, берсе ағы жоқ, өзі
тіссіз, көтерем. Жоспарды орындай алмаған жаман қойшы атандық. Бастықтар бізге
қону тұрмақ, ат басын әрең бұрады. Онда да зіркілдеп, сынағыш-ақ...

            -Биылғы бағып отырғаныңыз не?

            -Тұсақ. Алғашқы тума
болғандықтан күйіне қатты көңіл бөлу керек. Жеміміз жоқ. Жемі болса жүн де,
қозы да болады ғой.

Екінші
бөтелке толық ішілмеді, ал мол салынған еттің шеті бұзылмады.

            Төлеудің қане ұйқысы келсеші.
Мана жол үстінде денесі ауыр тартып отырғандай еді, енді кірпігі айқаспай, ойды
ой қуалап барады. Шофердің әбден сілесі қатса керек, қорылға басты.

Мұраттың  тым ақ
көңілдігіне риза болды Төлеу. Өзі құралпас болса да, "сіз", "аға" деп отыр. Оның келіншегімен
баяғыда бірге оқығанын білмейді.

            Жігіттің көп сөзі дұрыс. Біз
біреуді дәріптесек аспанға шығарамыз да, даттасақ тіпті тұқыртып құрдымға
түсіріп жібереміз. Оның ішкі қалтарыс-сырын ашпаймыз. Әрине совхоздағы ең
арық-тұрақ саулықтар болса қайтіп жоспар орындасын.

            Әр адам өмірінде жақсы болсын,
жаман болсын өзінше бір із қалдырады екен. Бұл Жамалды тура осындай сәтте
кездестірем деп ойлап па, жаңа пеш алдындағы кейпі қандай? Еңбектің өтінде
жүретін әр шопанға саңғырлаған үй, жылу жүйесі, газ болса. Онда ана келіншек
тезек тасып, бүкшең қақпайды. Көп нәрсені көңілден таса қалдырып, сыртына
сыдырта жалаң көрсетеміз ғой деймін. Шынында да, озат қойшыларда газ, жем бәрі
бар, ал бұларда жоқ. Неге? Тағы да жастарға қойға кел деп жар саламыз. Ең
бастысы жағдай жасау керектігін күн тәртібінен түсіріп аламыз да жалаң айқай,
құр даурықпаға әуестеніп кетеміз.

            Жиі-жиі кездесіп, көріп
тұрмаса, ойға алмаса, небір жарқын істер де күнделікті көп күйбеңнің
көлеңкесіне көміліп қала береді. Күндердің күнінде қарсы алдыңнан жайнап,
жарқырап шыға келгенде сол баяғыда ұмытылды деген сезім қаныңда жүргенін атой
салған жұдырықтай жүрегің жасыра алмайды екен.

            Осы Жамал мектепте оқып
жүргенде аса тәкаппар болатын. Талай хат жазды, біреуіне жауап қайырмады қыз. Аттестат
алысымен екеуі екі институттың есігін қақты.

            Дәл сол тамыздың май тоңғысыз жылы түні есінде.
Қарағайға сүйенген қыз Төлеуге "әлі баласың сен" деп жұмбақтана күле берген.
Жігіт тұтығып тұрып-тұрып:

            -Жамал, саған бірдеңе дейін
бе?- деген. Қыз сылқ-сылқ күлген қалпы.

            -Ештеңе демей-ақ қой. Менің
әскерде жігітім бар, күзде келеді,- деді. Өзі құлын мүшесіне жарастыра шалбар киіп, шашын қос өрім
етіп қоя беріпті. Мұны ынтық қылған сол дөңгелек жүз, кіршіксіз тіс...

            Жамал ерте түсіп жатқан
жапырақтардың біреуін ұстап алды да Төлеуге берді.

            -Мынаны конспектіңнің арасына
салып қой. Тура жүрек сияқты, ә?- деді де жатақханасына кетіп қалды. Ертеңіне
Жамал емтиханнан құлап, ауылға қайтып кетіпті... Төлеу студент атанды.

Қыста
Жамал күйеуге тиіп кетіпті дегенді естігенде кітабының арасындағы жазда өзі
берген жапырақты алып қарады. Жапырақ қызғылт тартып, кеуіп қурауға айналыпты.
Жігіт уысына сап үгіп жіберген еді сол жапырақты.

            Өмір құйын сияқты, дер кезінде
көп нәрсені бағалап, бағдарлай алмаймыз. Аңғармай аттап кеткен, қайырылмай
қатты кеткен істер қаншама! Кейін сол сәттерді қимастықпен еске аласың. Сағыныш
екен ғой бұл. Сағыныш...

            Жаңа Жамал да сол бір күндерін
сағынып жылаған шығар, әлде өткенге деген өкініш пе? Алғашқы балқаймақ сезімін
он бес жыл бойы ұясынан ұшыра алмай, мәпелеп әкеліп, енді сыртқа шығарғаны ма?
Әлде сол бала махаббатымен қоштасуынан кейін  күйеуін құбыжықша елестетіп жүруші еді, әп-әдемі жігерлі жігіт
екен. Осыған бір комсомол-жастар бригадасын басқартса қалай болар екен өзі.
Алып кететін түрі бар. Иә, Жамал екеуі бақытты болғай...

Ол
ұзақ дөңбекшіді.

            Таң жаңа сібірлеп келе жатқан
кезде бұлар жолға шықты. Мұрат шығарып салды, келіншек үйінен шықпады.Дала
моп-момақан, түнгі борасыннан соң сүлесоқ, сұлқ жатыр.

            Көзі қызарып, ісінген Төлеудің
ойы аласапыран. Жаңа уазик жас қарға алғашқы қос ішек із түсіріп, алға зымырап
барады. 

 1981.